228
26 жас футболшы Бразилияда білім алмақ
26 жас футболшы Бразилияда білім алмақ
Қазақстандық 26 жасөспірім Бразилиядағы «Крузейро» футбол академиясына оқуға аттанды. Бұл туралы alaman.kz хабарлады.
Жасөспірімдер Белу-Оризонти қаласына барып, үш жыл бойы футболдың қыр-сырын үйренбек. Еліміздің футболшыларын Бразилияға оқуға жіберуге арналған «Оле Бразил» бағдарламасы 2009 жылы ашылған болатын. Аталмыш бағдарлама бойынша 5 жылдың ішінде 50-ден астам жасөспірім қарым-қабілетін шыңдап қайтты. Қазақстан футбол федерациясының дерегі бойынша, Бразилияда оқып келген сегіз футболшы Қазақстан премьер-лигасында, 13-і бірінші лигада ойнап жүр. Астанада «Оле Бразил» бағдарламасының түлектері үшін «Бәйтерек» футбол командасы ашылған. Бұл команда Қазақстан чемпионатының бірінші лигасында ойнайды.
Биылғы іріктеу ақпан айынан басталған болатын. Алғашқы кезең облыстарда өтіп, екінші сынақ Алматыда болды. Байқауды Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитеті мен Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) бірігіп ұйымдастырған. Комитет төрағасының орынбасары Малик Сапашов «Аламан» тілшісіне берген сұхбатында іріктеу ашық өткенін айтыпты. «Бірінші іріктеу кезеңіне БАҚ өкілдері шақырылды. Ал екінші іріктеу кезеңінде мәжіліс депутаттары бақылаушы болды. Дау тумас үшін осылай ұйымдастырдық», – дейді комитет өкілі.
Бразилиядағы «Крузейро» футбол академиясының менеджері Сильвейра Педро Энрике балаларды Белу-Оризонтиге алып кету үшін Алматыға арнайы келгенін айта кету керек. Бұл бағдарламаның мәні мен маңызының айрықша екенін көрсетеді. Іріктеліп алынған әр балаға «Оле Бразил» аясында ай сайын екі мың доллар бөлінеді. Яғни бір баланың үш жылдық оқуына мемлекет 72 мың доллар жұмсайды. Аз қаражат емес. Білімін жетілдіріп келген соң жеткіншектер еліміздің футболын өрістетуге үлес қосса болғаны!