АЙЛЫҚ ПЕН ШАЙЛЫҚ
АЙЛЫҚ ПЕН ШАЙЛЫҚ
Өткенде Республикалық статистикалық агенттігі жақында елiміздегі мамандықтар бойынша жалақы деңгейі туралы мәлімет жариялады. Ресми деректердің өзі елімізде жалақы деңгейінде қызмет сатысы бойынша үлкен айырма бар екенін көрсетіп берді. Мысалы басшылық қызметтердегі азаматтар жоғары білікті жоғары мамандардың жалақысына қарағанда 1,9 есе, ал орташа біліктігі бар мамандарға қарағанда 2,2 есе, ал ешқандай біліктілігі жоқ жұмысшыларға қарағанда 4,1 есе артық табыс табады екен.
Алдыңғы жылдардағыдай, ең жоғары жалақы алатын азаматтар мұнай мен табиғи газ өндіру саласында жұмыс істейді. Бұл салада басшылық ететін азаматтар айына 1 млн. 212 мың теңгеге жуық айлық алады. Салыстырмалы түрде алғанда, республикадағы басқа салалардағы басшылықтың жалақысынан орташа есеппен 5,7 есе көп. Осы саладағы біліктілігі жоғарғы және орташа мамандардың жалақысы 218-349 мың теңге шамасында.
Қазақстан бойынша табысы көп мамандық иелері ұшқыштар, бұрғылау және көлік жұмыстары бойынша инженерлер саналады. Олар айына 468-497 мыңға дейін айлық алады екен.
Алайда мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс ауылшаруашылығы саласында ең көп жалақының көлемі 86 мың теңгеден аспайды.
Қазақстандықтардың айлық табысы көлемінде аймақтар бойынша да ерекшелік бар: мысалы 2011 жылдың қыркүйек айында Алматы мен Астана қалаларында басшылық орында қызмет ететін азаматтардың айлығы 444 мың – 482 мың теңге көлемінде болған. Ал Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы мен Жамбыл облыстарындағы басшылық қызметкерлер 129 мың – 136 мың теңге көлемінде жалақы алады екен. Атырау облысындағы экономист айына 239 мың теңге жалақы алса, Солтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысында экономистерге 60 мың теңгеден сәл-ақ асатын жалақы төленеді. Батыс Қазақстанда дәрігерлер 128 мың теңге, ал Маңғыстау облысындағы дәрігерлер 94 мың теңге алады.
Жалпы, республика бойынша жоғарғы білім беру саласындағы оқытушылар жалақысы орташа есеппен 77 мың теңге, балабақша тәрбиешісі 54 мың теңге, агроном 69 мың теңге, жүргізуші 72 мың теңге айлықпен күн көріп жүр.
Жоғарыда келтірілген мәліметтерге қарағанда, қазақстандықтардың тұрмысы орта дәулетке жетеғабыл көрінеді. Алайда іс жүзінде азаматтардың табысымен қатар елде өмір сүру бағасы да өсіп келе жатқаны жасырын емес. Қаңтар айының соңында кейбір сарапшылар Қазақстан азық-түлік бағасының қымбаттауынан рекордтық көрсеткіштерге жетті деген хабар таратты. Былтырғы жылы Қазақстан азық-түліктің бағасы өте жылдам өсіп келе жатқан елдердің тізіміндегі алғашқы төрттіктің қатарына енген. Белоруссия, Түркия мен Кипрдың жағдайы бізбен шамалас. Ал көршілес Ресей бұл тізімде 3-ші орында тұр. Еуропалық мамандардың есептеуінше, Қазақстандағы азық-түлік былтырғы жылдың ішінде 10 пайызға қымбаттаған.
Ресми статистикалық көрсеткіштер де елімізде жыл басынан бері азық-түліктің күрт қымбаттағанын жоққа шығармайды. Статистикалық агенттік өткен айда азық-түлік 0,5 пайыз, басқа тауарлар 0,3 пайызға қымбаттағаны туралы мәлімдеме жасады.
Ал былтырғы жылдың қаңтарымен салыстырғанда азық-түлік бағасы 5,9 пайызға, басқа тауарлар 6,5 пайызға қымбаттаған. 2010 жылғы көрсеткіштерден 7,7 және басқа таурларда 9,7 пайыз айырма бар.
Жылдан жылға қымбатшылық құрсауға ала бастады деген сөз. Әсіресе, былтырдан бері дәнді дақылдар бағасы 20 пайыздан астам, сүт өнімдерінің бағасы 7,6 пайызға, ұн өнімдері 6,7 пайызға өскен. Ет пен ет өнімдерінің бағасы да жыл он екі айдың ішінде 2,5 пайызға қымбаттаған.
Әсіресе, еттің бағасы құрық салдырмай келеді. Сиыр еті 30 пайыздан астам, қой еті 30 пайызға жуық, жылқы еті 20,5 пайызға қымбаттаған. Өткен бір айдың ішінде ғана ет пен ет өнімдері тағы 1,4 пайызға өскен.Тағы да ресми мәліметке жүгінетін болсақ, Қазақстандағы қазіргі таңдағы ең төменгі өмір сүру деңгейі 15817 теңгені құрайды. Экономист мамандар Қазақстандағы өмір сүру деңгейінің төменгі көрсеткіші бұдан әлдеқайда жоғары болуы керек деп санайды. Егер бұл көрсеткіш өзгерер болса, онда әлеуметтік сала мамандарының, жәрдемақы мен төлемақылардың көлемі күрт өсер еді. Ал Мәсімов командасында экономист мамандар мұндай қадамға бара ма, жоқ па – басқа мәселе.