ЖАЗУШЫ ҚИЯЛЫНДА НЕГIЗ БАР МА?

ЖАЗУШЫ ҚИЯЛЫНДА НЕГIЗ БАР МА?

ЖАЗУШЫ ҚИЯЛЫНДА НЕГIЗ БАР МА?
ашық дереккөзі

Ғылыми-техникалық негiзге сүйенiп шы­ғар­ма жазудың хас ше­берi, атақты қиялгер жазушы Жюль Верн ХIХ ғасырда жазған жиырма шақты романында жүзден астам бол­жам ұсынған. Оның қиялдары­ның көп бөлiгi ХХ ғасырда жүзеге асырылғаны тарихтан мәлiм. Әлем оқырмандарына аты мәшһүр Жюль Верннен соң араға қырық жылдай уақыт салып ағылшын жерiнде дүние есiгiн ашқан Герберт Уэльс оның тiкелей мұрагерi iспеттi iзiн басты.

Уэльс ХХ ғасырдың екiн­шi жартысына дейiнгi аралықта қа­лың оқырманын там­сандырған 20 ро­ман жазды. Соның iшiндегi ең әйгiлiсi осыдан тұп-тура 112 жыл бұрын жарық­қа шыққан «Ға­ламшарлар соғысы» деген кiтабы бо­ла­тын. Герберт Уэльс те дәл Жюль Верн секiлдi әр романында қиял-ғажайып ойларды ортаға салды. Онысының көбi сол кезеңде шын­дыққа айналған болса, кейбiрi ХХI ғасырдың еншiсiне қалып, бүгiнде жүзеге асып жатқан көрiнедi.

Алайда екi жазушының ұқсас­ты­­ғымен қатар шығармаларының ныса­нында елеулi айырмашылықтар да кездеседi. Айталық, Жюль Верн мұхит, теңiз, алыс жолсапарлар мен саяхаттар тақырыбына аса ден қойып, қалам тартса, Герберт Уэльс қақты­ғыс­тар­ды, соғыс техникаларының болашағын көбiрек бейнеледi. Әлем оқырмандары бүгiнде Герберт Уэльс туындыларын “Көрiнбейтiн адам” (1897), “Ғалым Мороның аралы” (1896) романдары арқылы көбiрек таниды.

Ал оның тақырыбының ау­мағы шын мәнiнде өте кең болға­нын атап айту ләзiм. Уэльс көбiнесе, автокөлiк, шынжыр табан танкiлер, сүңгуiр қайықтар, ұшақтар, велосипед, телефон, әуе шарлары секiлдi техникалық құрыл­ғылардың бола­ша­ғын болжады. Сонымен қатар әлемдi шарпуы ықтимал соғыс өрттерiн, тiптi өзге ғаламшарлармен арада өтуi мүмкiн шайқастарды да қиял елегiнен өткiзiп, қалам тербедi. Тағы бiр қызығы, шаңсорғыш, ас үй құралдары секiлдi әдеттегi тұрмыс­тық заттардың да болашақта қандай болатындығын алдын ала болжап, жазып кеттi.

Америкалық тарихшы Пол Краб­т­ридiң мәлiмдеуiнше, Уэльстiң шығарма­лары жарыққа шыққан тұста заты тұрмақ аты беймәлiм болған көп дүниелердiң кейiн 80 пайызы орындалуға мүмкiндiк тапса, дәл 60 пайызы жүзеге асы­рылған көрiнедi. Пол Крабтридiң зерт­теуiнiң нәти­же­сiнен сенсек, жазушы қиялы­ның 20 пайызы мүлде негiзсiз орын­далмас арман ретiнде қарастырылған.

Алайда оны орындалмайды дегеннен гөрi әзiрше уақыты келмеген, алдағы уақыттың еншiсiндегi дүниелер десе болатын секiлдi. Себебi, аталмыш 20 пайыз негiзiнен гуманитарлық ғылым­дарға арналған екен. Пол Крабтри өз зерт­теуiнде Уэльстiң ұсынған «бүкiл­әлемдiк бiртұтас мемлекет құру туралы» қиялын орындалмайтын еш негiзсiз пайым деп таныған. Алайда, ұлы жазушы көз жұмарынан бiр жыл бұрын (1946) БҰҰ-ның құрылуы келешектегi «Бү­кiл адамзат­қа ортақ үкiмет ор­ны­ның» құрсақта пайда болған «бiр тамшы суы» емес пе екен?

ХХ ға­сыр­дың екiншi жарты­сынан бастап күшейе түскен жаһан­дану үдерiсi бүгiнде тiптi кәрiне мiнiп алғаны сон­шалық, кеше ғана қаперсiз жатқан қазақ даласын да дүр сiл­кiн­дiрiп жатқан жоқ па. Саясаткер­лерiмiздiң өзi жаһандану сөзiн ауыздан таста­майтын жағдайға келдi. Өстiп жүр­генде, күндердiң бiр күнiнде «Әлем парламентi» жер-жиһанға жар салып, жер шарындағы әр ел бiр-бiр округке айналып, «депутаттарын» ұсына бастамасына кiм кепiл. Жаһанданудың бiр қырына үңiлiп көрсек, соны көргендей боламыз.

Қалай десек те, Герберт Уэльстiң қиялы тығырыққа тiрелген жоқ, керiсiнше, жүзеге асу уақытын күтiп тұр ма екен деген күмәндi ой санам­да сумаңдай бередi. Сондай-ақ, ұлы жазушының қиялдаған «демокра­тиядан технократияға ауысу» жай­ын­дағы ойларын жүзеге аспайтын дүниеге балайтындар өте көп. Қай­дам. Бұл тұрғыдан келгенде, басқа­ны айтпа­ғанның өзiнде, қазақ ака­де­­мигi Асқар Жұмадiлдаевтi тыңда­сақ та жетiп жатыр.

Алайда қателеспейтiн пенде бол­майтындығын Уэльс нақты көрсе­тiп кеттi. Қанша дана қиялшыл бол­са да оның кейбiр ойларының ор­ын­дал­маған тұстары да баршылық. Айталық, оның «әйелдердiң үй шаруасынан аспай қалатындығы турасындағы» қиялы орындалмады. Ол ХХ ғасырда өмiр сүрген бри­тандық азамат, ұлы қиялгер болса да – Маргарет Тэтчер деген «темiр әйелдiң» өз елiн басқа­ра­тындығын, ғасырлар тоғысында әлемдiк саясатқа елеулi ықпал ететiндiгiн түсiнде де көрген жоқ. Германия сынды батыс демокра­­тиясы дамыған елдердi айтпағанның өзiнде Үндiстан, Цей­лон, Түркия, Пәкстан сын­ды шы­ғыс мемлекеттерiнiң жо­ғары билiгiне төменетектiлердiң қол жеткiзетiнiн сол кезде бiреу айтса, оған тiптi Уэльстiң өзi де сенбеген болар едi.

Гэрберт Уэльс 1920 жылы Кеңес Одағына сапарлап, ұлы төңкерiсшiл тұлға Владимир Ленинмен кездесiп, «Алакөлеңкедегi Ресей» атты кiтап жазған. Онда да ол кеңестiк қоғамның ұзақ тұратындығына сенбедi. Ресейдi түн қараңғылығы жауып келе жатқандай елес­теткен жазушы Ленин жайындағы эссесiн «Кремль қиялгерi» деп атаған. Қоғамдық дамудың заңды­лығы тұрғысынан келгенде, Ленин­нiң арманы жазушыны сендiре алмады. Жалпы фантаст жазу­шылар ғылым, техника, технология сала­сында қамшы салдырмаса да қоғамдық ғылымның дамуы жағына келгенде мардымды ештеңе ұсына қоймайды. Уэльс те сол iзбен жүрдi. Бүгiнге дейiн гуманитар­лық салада Сен Симон, Шарль Фурье немесе Томмазо Кампанел­ладан озған утопист шыға қойған жоқ.

Ресей жайындағы Уэльстiң көп ойлары шындықты дөп баса алмапты. «Таяудағы он жылда Кеңес Одағы қытай жерiнде саяси билiгiн орна­та­ды» дегенiнiң орындалмас қиял екенiн бүгiн көрiп отырмыз. «Ресей қазiргi қатаң режимiнiң салдарынан батыс елдерiнiң көшiнен көп артта қалады» деп санады.

Алайда кеңес елi әлемде алғаш рет ғарышқа адам баласын ұшырып, олардың алдына шығып кет­тi. Мұны ұлы қиялгер болжай алмады. Сөйте тұра ғалам­шарлар арасындағы соғыс жайында бүтiндей бiр роман жазғанын қайтерсiз. Ондай соғыстың бетiн әрi қылсын, әзiр бола қойған жоқ. Дегенмен, ғарышты игеру сала­сын­дағы адам баласының iрi жетiс­тiк­терiнiң нәтижесiнде Ай немесе Марста өз иелiгiн құрмаққа бәсеке баршы­лық. Кейiн қыза келе түрлi қайшы­лықтар туындауы мүмкiн. Ондай жағдайда ғаламшарлар ара­лық соғыс болмаса да, жер шарын­дағылар айды бөлiсе алмай өзара тайталасуы әбден ықтимал.

Соны­мен қатар «ХХ ғасыр­да алып Ресей батыс және шығыс деген екi жiкке бөлiнедi, славяндардың бүйрегi Батыс Еуропаға қарай бұрады» дегенi қазiргi Ресейдiң ахуалына сәл де болса келiңкiрейтiн секiлдi.

«Қиялдар» кiтабында Уэльс дамы­ған елдердiң болашағы жайын баяндаған. Олардың тұрғындарын төрт iрi топқа бөледi. Бiрiншiсi, байлар, акция пакет иелерi, банк қожайындары. Олар саясатқа ара­ласпайды, ел ал­дын­да ешбiр жау­апкершiлiктi мой­ын­дарына алмай­ды. Екiншiсi, өндiрушi топтар, олар бiлiктi мамандар. Бiлiм­дарлық­тарының арқасында әлеуметтiң игiлiгi үшiн ғылыми жаңалықтар аша­ды, жаңа құралдар жасайды. Үшiншiсi, өнiм өндiрмейтiн, менед­жментпен, қаржыны бөлумен ғана шұғыл­дана­тын­дар. Олар сауда-саттықпен, саясат­пен айналыспайды. Төртiншiсi, төмен­гi топ, яғни, бiлiм­сiз надан тобырлар. Ме­ханика­ландыру мен автоматтан­ды­рудың салдарынан жұмыссыз қалған­дар. Осы топтағылардың арасынан ұры-қарылар, қылмыстық элементтер туады деп болжаған.

Ұлы қиялгер адам баласын гендiк, тектiк жағынан тазартуды армандады. Тұқым қуалайтын науқасқа шалдық­қан­дар, ақыл-есi кемiстер, маскүнем­дер, нашақор­лардың қоғамда бола­тындығын мойындаған Уэльс егер ондайлар әлеуметтiк қамқорлықтарды көтере алмай қылмыстық жолға түссе аямай жазалауды, тiптi көздерiн құрту арқылы өмiрдi тазартуды өз туынды­ларында ұсынды.

Болашақ мемлекет­тер қылмыскерлердi асырау үшiн еш кiнәсiз адал адамдарды түрменiң күзетiне, бақылаушысына, қызмет көрсетушiге айналдыруға неге мүдделi болуы керек деген болатын автор. Уэльс те өзге мың­даған жазушылар секiлдi моральдық тазалықты қастер­ледi. Алайда, әлi күнге дейiн, өкiнiшке қарай, адам баласы ар тазалығын сақ­та­май ке­ледi. Генетика мен евгеника саласы қарқынды дамып, iрi ғылыми жаңалықтар ашылып жатса да әр жеке адамның тектi, ақылды бала та­бу жайындағы армандарының орын­далуы қиынға соғып тұр.

Бәрiбiр, «жазмыштан озмыш жоқ­қа» келiп тiреледi. Баяғыда ата- бабаларымыз «Я Алла, бала бер, бала берсең сана бер», – деп тегiн зарламаса ке­рек. Адамзатқа аты әйгiлi Бетховеннiң өзi науқас ата-анадан жаралған. Бiр отбасын­дағы бес баланың төртеуi жарымес болып туылғанда ең кенжесi Людвиг Ван Бетховендi Құдай ерекше жа­ратқан, әлемге аты мәшһүр компо­зитор болатындай дарын мен қабi­лет берген. Герберт Уэльстiң фан­тас­тикалық шығармаларында жары­мес балалар туралы, әкесiн танымай­тын есерсоқтар жайында да көп айтылады.

Герберт Уэльс – атомның бө­лi­нуi, ядролық қарулар, лазер сәулесi сын­ды ғылыми жаңалықтарды бол­жай бiлген технологияның iрi қиялгерi болғанымен қоғамдық-саяси өмiрдiң болашағын дәл тұспалдай алмаған жазушы. Оның адамзат өмiрiнде ерекше орын алатын көптеген тосын жаңалықтарды алдын ала көре бiлуi әлемде теңдессiз қиялгер екендiгiн дәлелдей түскендей болады да тұрады.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ