ЭКСТРЕМИЗМ – ҚОҒАМҒА ҚАРСЫЛЫҚТЫҢ ЖОҒАРҒЫ ШЕГІ
ЭКСТРЕМИЗМ – ҚОҒАМҒА ҚАРСЫЛЫҚТЫҢ ЖОҒАРҒЫ ШЕГІ
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ
«Айтпарктің» бұл жолғы қонағы – «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшiсi, саясаттанушы Дос Көшiм. Дос Көшiмге жалпыұлттық, мемлекеттiк тiл және басқа да саяси мәселелер төңiрегiнде сауал қойылды.
– Біз қазір негізінен орыстілді өңірлерде үгіт-насихаттар жүргізумен айналысып келеміз. Елдегі орыстілді қауым егер болашағын Қазақстанмен байланыстыратын болса, онда балаларын қазақша оқытуы керек. Өйткені Қазақстан қоғамы ерте ме, кеш пе қазақтілді, моноұлтты қоғамға айналады. Сол кезде олардың балалары ата-аналарының бүгінгі қылығына ренжитін болады.
– Қазір жарылыстар жайлы жиі еститін болдық. Былай қарасаң, Қазақстан ең бейбіт, ең тыныш ел секілді. Бірақ соңғы кездері экстремизм мен терроризм элементтері бізге жетті. Әрі қарай не істеуіміз керек?
– 90 жылдардың басында «Діни наным-сенім бостандығы туралы» Заңды қабылдаған кезде біздің билік аса бір демократиялы, либералды мемлекет болып көрінуге тырысты. Ол кезде заңның солқылдақтығы жайында қоғам өз көзқарасын танытты. Демек бұған ең әуелі мемлекеттің діни саясаты кінәлі. Өзінің негізгі діни наным-сенімінен жырақтаған жұрт жаңа бірдеңе іздейді. Бұның соңы сектаға барып ұрынумен тынады.
Қазір «Діни наным-сенім бостандығы туралы» жаңа заң алдыңғы заңға мүлдем қарама-қайшы. Тоқсаныншы жылдары – ең либералды заңды қабылдасақ, қазір өте қатал түрдегі заңды қабылдап отырмыз. Демек сол кездегі қателігін билік қайталап отыр. Өйткені одан бері жиырма жыл өтті ғой. Олардың арасында қаншама фанаттар өсіп шықты.
Экстремизм – билікке, қоғамға қарсы әрекеттің ең жоғарғы шегі. Бұл – ұлтқа төнген, елге төнген апат. Бұл ретте қоғам террористерден қорықпайтындығын білдіру керек. Егер қоғам қорқатын болса, бұл террористердің жеңісі. Оған жол бермеген абзал. Билік – қоғамдық күштердің барлығын бір үстелдің басына жинап, елге төнген бұл апаттың алдын қалай алуға болатындығын талқыға салғаны жөн. Демек қоғам мен биліктің өзара жұмыла күш көрсетуі – экстремистерге соққы болар еді.
Залдан сауал:
– Біз тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына жеттік. Осы кезеңде ұлттың үстінен қарайтын органдардың пайда болуы – тәуелсіздігімізге қауіп төндіреді деп ойламайсыз ба? Мен Еуразиялық интеграция туралы айтып отырмын.
Дос Көшім:
– Меніңше, Еуразиялық одақтың экономикалық деп аталуы – тек қана алдау секілді. Өйткені таяу жылдарда Еуразиялық интеграцияның жүзеге асатыны неғайбыл. Айталық, Қытай, Түркия секілді алып мемлекеттердің бұл одаққа енуі туралы әңгіме болып та жатқан жоқ. Біз Еуразиялық одақ жайлы айтқанда, Кеңестік одаққа қайта оралу жайлы әңгіме көтеріп отырғанымызды түсінеміз. Экономикалық одаққа мүше елдердің барлығы тең дәрежелі болуы тиіс. Біз Кедендік одақта дауыстардың қалай бөлінгенін көріп отырмыз. 21,21 және 56. Үшіншіден, біз ең басты мәселені ұмытып кеттік. Ол – адамдардың психологиясы. Біз Патшалық Ресейден, кеңестік Ресейден босап шықтық. Біз осы елдің боданы болдық. Құлдық – біздің қанымызға, миымызға сіңіп кетті. Енді осы ұраға қайта барып түсуге адамдар келісе қояр ма екен?!
– Бұған қандай да бір қарсылық таныттыңыздар ма?
– Қандай да бір мемлекет қандай да бір интеграцияға қосылатын болса, олардың өз талаптары болады. Соның ең бастысы – мемлекеттің егемендігіне қол сұқпау. Кедендік одақ құрылған кзеде іс жүргізу шаралары қай тілде өтетіндігі туралы нақты мәлімет қолымда жоқ. Дегенмен алғашқы құжаттардың барлығы орыс тілінде рәсімделді. Осыдан екі жыл бұрын Еуропалық Одақта үлкен талқы болғандығын білемін. Онда бүкіл құжат Одаққа мүше 27 елдің тілінде жазылып, сосын ортақ тілге аударылады екен. Еуроодаққа мүше мемлекеттер бұндай қағазбастылықтан шаршағандығын айтып, құжат айналымын азайту мақсатында іс қағаздарын тек бір тілде жазуды ұсынады. Бірақ ұзақ пікірталастан кейін, бұл Одаққа мүше мемлекеттердің егемендігіне, ұлттық құндылығына нұқсан келтіретін болғандықтан, 27 тілде іс жүргізуді жалғастыра беретін болды. Ал біз бірінші қадамда-ақ қазақ тілін жоғалтып алдық. Егер ортақ валютаға көшетін болсақ, тәуелсіздігіміздің символы – төл теңгемізден айрыламыз. Біз бұл интеграцияға қарсы екендігімізді сол кездің өзінде-ақ танытқанбыз. Бірақ оған ешқандай реакция болмады.
– Сіздің болжамыңызша, алдағы Мәжіліс сайлауы қарсаңында қандай да бір күтпеген жайттар орын алуы мүмкін бе?
– Меніңше, «Ақ жол» мен «Руханияттар» партиясының ұлттық құндылықтарды ту етіп шығуының өзі күтпеген жағдай. Бұлардан кейін ұлттық бағытты ұстаным ететін партия – «Әділет».
Сайлаудан тыс уақытта ешқандай іс-қимыл жасамаған «Ауыл» мен «Патриоттар» партиясының жеңіске жетуі неғайбыл.
– Сіздің саяси қызметіңізді бақылағаныма біраз жыл. Мені бір нәрсе таң қалдырады. Ол сіздің саяси көзқарасыңыздың тарлығы, жиырма жыл бойы тек қана тіл жайында ғана мәселе көтеріп келесіз. Бірақ тілден өзге де күйіп тұрған проблемалар бар ғой. Сіз тым болмағанда, қазақ ауылдарының әлеуметтік жағдайын көтермейсіз. Неге?
– Менің саяси қызметімнің екі бағыты бар. Бірі – демократиялық құндылықтарды қоғамға жеткізу. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осы тақырыпта жеті кітап жаздым. Екінші бағыты – ұлттық. Оның ішінде ауыл проблемасы, оралмандар проблемасы қамтылған. Орыстілді ақпарат маған көбінде тілге қатысты сауалдар қояды. Өйткені мәселенің өзі осыған әкеп тірейді. Біз «біртұтас ұлтты» жасақтай алмай отырмыз. Біз екі әлемде, екітілді әлемде өмір сүріп отырмыз. Ондай мемлекетте даму, алға ілгерілеу деген болмайды. Біз бір-бірімізге қарап қана отырмыз. Біздің оқитын газеттеріміз, көретін телебағдарламаларымыз, тіпті саяси қайраткерлердің рейтингісі де әртүрлі. Сіз «Жас қазақты» оқымауыңыз мүмкін. Мен «Панораманы» оқимын, бірақ ойларымыз, идеяларымыз екі түрлі. Мен осыдан екі жыл бұрын Германияға барғанымда, сондағы түрік диаспорасының жетекшісімен жолықтым. Оған «Германияда 3 миллионнан астам түрік бар. Сендер неге түрік мектебін ашуға ат салыспайсыңдар?» деген күлкілі сауал қойғаным бар. Сонда ол «біз мұнда түрік мектебін бітіріп, Стамбулға жұмыс істейтін боламыз ба? Жоқ, біз Германияның азаматымыз. Осында немісше білім алып, неміс мемлекетіне қызмет етеміз» деген еді. Мен де Павлодар мен Қостанай тұрғындарының орыс мектебі жабылсын, балаларымызды қазақша оқытайық деп ұрандағанын күтіп отырмын. Демек, бізде біртұтас ұлттық идея жоқ. Бізде қазақтілділердің проблемасы, орыстілділердің қорқынышы, прибалтикалық синдром бар. Жиырма жылда бұдан өтуіміз керек еді.