БОЛОН ҮДЕРІСІН БІЛЕМІЗ БЕ?

БОЛОН ҮДЕРІСІН БІЛЕМІЗ БЕ?

БОЛОН ҮДЕРІСІН БІЛЕМІЗ БЕ?
ашық дереккөзі
230

Тәу етер тәуелсiздiгiмiзге қол жеткiзiп, төрткүл дүниемен тереземiздi теңестiргенiмiзге 20 жыл болды. Қазақ елi осы бiр ширек ғасырға да жетпес азғантай уақыт iшiнде әлем елдерiне дамушы мемлекет ретiнде танылды. Айбарлы шығыс та, айбатты батыс та қазақтың бiрлiгi бекем ел екенiн бiлдi. Ел басқарар ұлдарының көреген көсемдiгiн, данагөй шешендiгiн аңғарды. Әу баста тәуелсiздiкке қол жеткiзген жас мемлекеттiң болашағын болжаған бәзбiреулер «Қазақстан құрдымға кетедi» дескен де болатын. Бiрақ «мың өлiп, мың тiрiлген» қазақ бұл сыннан да сүрiнбедi. Яғни өзiнiң бекемдiгiн, қайсарлығын танытты. Жылдар бойы аңсаған егемендiк елдiң еңсесiн көтерiп қана қоймай, ұлттық рухын оятты, өзiнiң ұлттық құндылықтарын, мәдениетiн, тiлiн, дiлiн тарих қойнауынан аршып алып, ұлттық тарихын қалпына келтiрдi. Қазақ елi тек өзiнiң ұлттық құндылықтарын жандандырып қоймай, әлемдi шарпыған жаһанданудың жалынына төтеп бере алатын экономикасы еңселi елге айналуға бет бұрды. Әлемдiк тәжiрибелердi саралай отырып, өзiнiң берiк экономикасын қалыптастырды. Қазақстанның әлеммен терезе теңестiруi үшiн тағы бiр қажеттiлiк бiлiм, ғылым саласын жандандыру едi. Жас ұрпаққа тәлiмдi тәрбиемен қатар, заманауи бiлiктi бiлiм беру мәселесi жас мемлекет үшiн ауадай қажет болды. Сол себептi бұл тұрғыда да қыруар iстер қолға алынып, көптеген жұмыстар атқарылды.

Білім, ғылым саласы консерваторлы сала екендігі белгілі жайт. Бірақ қоғам оны қолдамайды. Себебі қоғам жаңарып, жаңғырып отыру үшін білім саласының да жаңарып отыруы қажеттілік. Осының нәтижесінде тәуелсіздік алған соң, сәтті реформалар жүзеге асырылып, білім жүйесі күрделі өзгерістерге ұшырады. Нәтижесінде қазақстандық орта білім беру жүйесі халықаралық талаптарға сай келіп, жоғары оқу орындарының дипломдары дүниежүзі елдерінде мойындалып, біздегі білім беру ұйымдары шетелдік жобаларды еркін жүзеге асыра алатын деңгейге жетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты халыққа арналған биылғы Жолдауында «Еліміз білім беру ісін дамытуда 129 елдің арасында көш бастаушылар қатарында келеді. Өткен онжылдықта білімге бөлінетін қаражат 10 есеге көбейді. Осы жылдары 750 жаңа мектеп салынды. Сонымен қатар 5302 мектепке дейінгі мекемелер, 1117 балабақша мен 4185 орталық ашылды. Астанада ғылым мен білім индустриясының жаңа ғасырдағы орталығы болатын университет ашылды. Біз осылайша аз жылда айбынды елге, қуатты ұлтқа айналдық», – деп атап көрсетті. Бұл, әрине, бір күндік немесе бір жылдық еңбектің емес, 20 жылдық ізденістің, талап-ниеттің жемісі.

Білім саласы – еліміздегі реформаға «бай» бірден-бір сала. Мәселе олардың көптігінде емес, нәтижелі болуында. Ендеше өткен күнге шолу жасап көрелік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан үшін аса сындарлы уақыт болды. 1991 жылдан бастап елімізде жаңа үлгідегі мектептер мен арнаулы орта білім беретін оқу орындарының тұсауы кесіліп, Қазақстан жаңа ғылыми-техникалық үдеріске бет бұрғанын байқатты. Ал 1994 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалып, еліміздің жастарына шетелде білім алуына мүмкіндік туды. Алғашқы он жылда мыңнан аса қазақстандық жастар шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алса, 2005 жылдан бас­тап «Болашақтық» жастар саны еселеп артты. Осыған дейін қазақстандық жас­тар үшін арман болып келген шетелдік университеттердің есігі енді айқара ашылып, біздің қаракөздеріміз шетелде білім алып келіп, бүгінде өз елінің өркендеуі жолында еңбек етуде. 1996 жылдары еліміздің түкпір-түкпіріндегі дарынды балаларды қолдау мақсатында арнайы мектептер ашылып, қабілетті жасөспірімдерге қолдау көрсетіле бастады. Сонымен қатар жалпы білім беретін мектептер үшін жаңа үлгідегі оқулықтар мен оқу әдістемелік құралдарын шығару да осы кезеңнен бас­тау алды. 1999 жылы «Білім туралы» жаңа заң қабылданып, осының нәтижесінде жаңа ғасырда Қазақстанның білім саласы өз алдына жаңа, тың мақсаттар жүктеді. Көптеген өзгерістер болды. Атап айтсақ, 2004 жылы мектеп бітірушілердің бас­ты білім сынағына айналған ұлттық бірыңғай тест жүйесі қолданысқа енді және дәл осы жылы 12 жылдық білім жүйесіне көшу мәселесі қолға алынды. 2007 жылы қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының да нәтижесі жемісті болды. Осы бағдарлама аясында еліміздегі білім саласындағы мамандарға қолдау көрсетіліп, білім ошақтарындағы материалдық-техникалық база қарқынды дамыды. Осы уақытта Қазақстан әлемдік жүйе болып табылатын кредиттік білім беру технологиясына көшті. Ал 2010 жылы Қазақстан 47 елдің басын біріктірген «Болон» үдерісіне қосылды. Бұл Қазақстан үшін білім саласында бағындырған тағы бір белес іспетті болды. Болон үдерісі – Еуропа елдерінің білім жүйесін еуропалық кеңістік құру мақсатында жақындастырудың бірден-бір жолы. Бұл процеске көшу нәтижесінде отандық білім жүйесі бірқатар жетістіктерге қол жеткізеді. Атап айтсақ, отандық оқу бағдарламалары мен оқу жоспарлары еуропалық стандартқа сәйкестендіріледі, отандық мамандықтар әлемде танылады, қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері шетелдік университеттерге қабылданады, т.б. Елбасы өзінің биылғы халыққа Жолдауында «Бұдан былай магистрлар мен PhD докторлары дайындалатын болады. Біз университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге міндеттіміз» деген болатын. Еліміздегі жетекші оқу орындарының бірі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті осы үдеден шыға алып отыр деуге толық негіз бар. Биыл өзін зерттеу университеті ретінде қалыптастыруға қадам басқан оқу ордасы шетелдік жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста. Атап айтсақ, университеттің шығыстану факультеті Қиыр Шығыс, Таяу Шығыс елдерінің алдыңғы қатарлы университеттерімен халықаралық байланыстар ұстанып, студенттерді алмастырып, оқытуды жүзеге асырып отыр. Факультетіміздің мұндай жетістіктерге жетуі де тәуелсіздіктің жемісі деуге болады. Мұнда студенттер Қытай, Жапон, Кәріс, Араб, Парсы, Түрік, Үнді тілдерін меңгеріп қана қоймай, осы елдердің мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен танысады. Сонымен қатар факультетіміздің бірден-бір жетістігі ретінде атап өтер жайт, біз­де білім алушылар осы шығыс елдеріне тілдік тәжірибе мақсатында барып, ондағы халықтың мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін өз көздерімен көріп, білімдерін шыңдап қайтады. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары бұл елдерге баруды армандаған студенттер үшін шығыс елдеріне барып, білім алу бүгінде қолжетімді болған. Тіпті олардың кейбірі сол елдердің елшіліктерінде қызмет те атқарып жүр. Бұл – еліміздің басқа университеттеріне де үлгі боларлық дүние.

ХІХ ғасырда АҚШ-тың Президенті болған Авраам Линкольн: «Адамның болмыс-сипаты – ағаш, беделі – сол ағаштың көлеңкесі. Біз сол көлеңке үшін шыр-пыр боламыз. Шындығында ағаш туралы ойлау керек», – депті. Ендеше «сыпыра мақтанды» ысырып қойып, санға емес, сапаға мән беріп, жастардың білімі мен білігін арттыруды мақсат етіп, білім, ғылым саласын жандандыруды жалғастыру – болашақтың басты мұрат-міндеті бола бермек.

08.12.2011

Шынар САУДАНБЕКОВА,

ҚазҰУ-дiң

Шығыстану факультетi

«Корейтану және жапонтану» кафедрасының оқытушысы

Серіктес жаңалықтары