ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫ – ИНТЕГРАЦИЯ БАСПАЛДАҒЫНДА
ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫ – ИНТЕГРАЦИЯ БАСПАЛДАҒЫНДА
Елiмiз аз күнде Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығын атап өтедi. Осыған байланысты қазiр көптеген экономикалық, мәдени, рухани шаралар жүзеге асуда. Соның бiрi ретiнде Қазақ Ұлттық Аграрлық университетiнде өткен «Халықаралық ғылыми және бiлiм қоғамдастығына серпiндi интеграциялау» атты халықаралық семинарды атап өтуге болады. Себебi оқу орны Қазақстандағы жоғары оқу орындарының iшiнде алғашқылардың бiрi болып халықаралық басқару жобалары бойынша жұмыс iстеп келедi.
Халықаралық семинарға әлемнің 70 елінің озық деген жоғары оқу орындарында дәріс оқитын білікті оқытушылар мен басшылары арнайы шақыртылған. Олар өздерінің баяндамаларында соңғы кезде тілге тиек етіліп келетін инновациялық бағдарламалар мен интеграциялау шаралары жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. Бұл тұрғыда екіжақты өзара байланыстардың аса қажеттігін баса айтқан шетелдік ғалымдар тәжірибе алмасу мәселесіне көңіл аударады. Қазақстан бүгінде халықаралық білім жүйесі көшкен Болон процесін қабылдап, студенттер кредиттік жүйе арқылы білім алуда. Бұл жүйеге көшу – Қазақстанның басқа елдермен қарым-қатынасының нығая түсуіне үлесін тигізбек.
Бүгінде Қазақ ұлттық Аграрлық университеті Еуропадағы жетекші университтермен тығыз байланыс орнатып, келісім-шартқа қол қойған. Олардың қатарында Венгрия, Германия, Австрия, Румыния, т.б. мемлекеттер бар. Мұндағы оқу орындарында біздің магистранттар мен докторлар білім алу мүмкіндігіне қол жеткізді. Университет ректоры Тілектес Есполовтың айтуынша, соңғы кезде студенттер басқа елдің зертханаларында үш, алты ай бойы білім алу мүмкіндігіне ие болған. «Бұрын бізде 45 кафедра болса, қазір 26 кафедра қалды. 7 факультеттің орнына 5 факультет маман дайындайды. Мұнымен қоса пилоттық кафедралар да анықталып отыр. Университетте заманауи деңгейдегі қазақ-жапон орталығы мен 31 ізденушілік зертхана жұмыс істейді», дейді Тілектес Есполов мырза. Мұнымен қоса, ректор былтыр ғылым саласы 200 млн. теңгеге қаржыландырылғанын, ал биыл 1 млрд. теңгеге сай жаңа жобалармен жұмыс істеп жатқандығын жеткізді.
Семинар барысында халықаралық ғылыми және білім кеңістігіне интеграциялану тетіктері, академиялық жеделдікті дамыту мәселелері мен міндеттері және ортақ білім беру жоспарын түзу инновациялық, ғылыми жобалардағы ынтымақтастықтың маңызы талқыланды. Еліміздің әлемдік қауымдастықтарға мүшелікке енуі білім мен ғылым саласында да интеграция үдерісінің дамуын қажет етеді. Сол себепті, қазақстандық білім беру жүйесінің әлемдік стандарттарға сәйкестендіріліп, өзге елдердегі жоғары оқу орындарымен байланыс орнату – Қазақстан үшін аса маңызды. Осы тұрғыда халықаралық семинарға қатысушылар студенттер мен магистранттар, Phd докторанттарға, сондай-ақ ұстаздар қауымына ортақ білім жоспарларын түзіп, әріптес жоғары оқу орындарының дамуына ықпал ету, алдыңғы қатарлы еуропалық университеттерде жас ғалымдар мен ЖОО ұстаздарының біліктілігін арттыру қажеттігін ерекше атап өтті. Осы орайда, Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінде академиялық ұтқырлықтың модельді орталығы ашылғанын айта кету керек. CASІA Erasmus Mundus жобасының үйлестірушісі, Нидерландының Вагенинген университетінің өкілі Ева Виетсма: «Біз әрқилы жобаларды жүзеге асырамыз. Біз студенттердің ұтқырлық орталығын Қазақстаннан ашу дұрыс деп шештік. Оған Қазақстан мемлекеті біраз қаржы да бөлуде. Бұдан былай қазақстандық студенттер Еуропаға шықса, еуропалық студенттер де Қазақстанға келіп, тәлім алу мүмкіндігіне ие болады», – деді.
Біз халықаралық семинарда пікірлерін ортаға салған бірқатар мамандарды әңгімеге тартқан едік.
Сергей МЕЛЬНИЧУК,
Украинадағы Биоресурстар және табиғатты пайдалану ұлттық университетінің профессоры:
ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ АРАСЫНДА ШЕКАРА БОЛМАУ КЕРЕК
– Біз өзіміздің бауырлас университет – Қазақ Ұлттық Аграрлық университетімен байланыс орнатқанымызға қуаныштымыз. Бұл оқу орны біз таңдаған жолмен келеді. Меніңше, аграрлық университеттің атын «Биоресурстар және табиғатты пайдалану» деп өзгерту керек сияқты. Неге десеңіз, бүгінгі таңда аграрлық ғылым мен білім саласы әлдеқайда ауқымдырақ. Мұнда биотехнология, экология, энергия үнемдеу технологиясы, т.б. қамтылады. Бұлар қазір аграрлық саланың сыртында қалды. Сондықтан да дүниежүзінде аграрлық университеттердің ауқымы айтарлықтай өсе түсті. Біз дәстүрлі түрде әріптестік орнатып, көп мәселелер бойынша жұмыс істеп келеміз. Өзім Украинада агроөнеркәсіптік кешенде азық-түлік қауіпсіздік сапасын арттыру лабораториясының директорымын. Бізден төрт профессор келіп, магистрлер мен докторанттарға дәріс беруде. Жақында магистрлер тобы тағы да Украинаға келіп, лабораториялық тәжірибе дәрістеріне қатысады. Одан бөлек қазақ-жапон орталығында да бірлесіп жұмыс істеп, бір-бірімізге білмегенімізді үйретіп келеміз. Қазақстан мен Украина ежелден бауырлас мемлекет. Егер бір-бірімізге көмектеспесек, бізге кім жәрдем береді?
– Әсіресе, әңгіме аграрлық ғылым мен білім жайында болғанда мақсат-мұратымыз бір дейсіз ғой…
– Әрине, бұл өте маңызды. Біздің университет бір жыл бұрын зерттеу университеті мәртебесін алды. Қазақстандық әріптестеріміз біздің бұл жолға қалай жеткенімізге таңғалып, біраз нәрсе үйреніп жатыр. Біз көбінесе өзіміз жетік білетін тәжірибемен бөлісеміз. Өйткені біз бұған оңай жеткен жоқпыз, бақандай үш жыл дайындалдық. Мәселе бәрімізде бар ғой. Ғылым мен білім арасында шекара болмау керек. Әрі оған саясат араласпаса жақсы. Саясат араласса кедергі келтіруі мүмкін.
– Өзіңіз осы университеттің студент теріне, магистрларына дәріс оқыдыңыз ба? Қазақстан жастарының білім деңгейін қалай бағалар едіңіз?
– Былтыр да, бұрнағы жылы да дәріс бердім. Білім деңгейі өте жоғары деңгейде деп айта аламын. Маған мұнда жұмыс істеген өте қызық. Кейде қиындығы да кездесіп жатады. Бір қызығы, дәріс аяқталғанда магистрлер, аспиранттар, студенттер тарамай, отырып алады. Олардың білімге шөліркегені байқалады. Сосын екі сағаттай сұрақ-жауап ретінде пікірталас өрбітеміз. Жастардың білім алуға деген талпынысы, ғылымды сіңіруге деген ұмтылысы қызықтырады. Кеңестік одақ тарағаннан кейін біздің республикалар әр салада жоғалтып алғанын қайта тауып, тез арада қуып жетіп жатыр. Сондай-ақ біз қазақ-жапон орталығында жапондармен бірлесіп жұмыс істедік. Жапондықтар құрал-жабдық жағынан көмек берсе, біз қазақстандық әріптестерімізге жұмыс істеу әдіс-тәсілін көрсеттік. Құрал-жабдықтың болғаны бір бөлек те, онымен жұмыс істей алатын мамандар қажет. Және соған лайықты жағдай жасалу керек.
– Украинада ғылым саласын дамытуға, ғылыми жобаларды жүзеге асыруға қомақты қаржы бөлінеді екен. Сол туралы айтып беріңізші…
– Әрине, біздің орталық үлкен сараптама жасайтын орталық. Онда 200-дей маман жұмыс істейді. Тек лабораторияның аумағы 10 мың шаршы метр. Ал жалпы аумағы 4,5 гектарға созылып жатыр. Жобаның жалпы құны 120 млн. гривен (15-20 млн. АҚШ доллары). Біз ғылымға қатты көңіл бөліп келеміз. Жобаның көбі мемлекеттің қаражатымен жүзеге асуда. Тіпті жақында 300 мың АҚШ доллары жұмсалған жоба бойынша жұмыс істедік.
Ирина ПЕРЕВЕРЗЕВА,
Алматыдағы Ресей федерациясы Бас консулдығының Консулы:
ӘЛИЯ МЕН МӘНШҮККЕ АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ ҚАТТЫ ҰНАЙДЫ
– Ресейде ғылым және білім саласын интеграциялауға байланысты жаңа заң қабылданғанынан хабарымыз бар. Сіздіңше, ресейлік тәжірибені Қазақстанға енгізудің маңызы қандай?
– «Ресейдегі мемлекеттік және муниципалдық қызметшілерді қайта даярлау бағдарламасы мысалында қазіргі коммуникациялық жүйелердің дамуы жағдайындағы заманауи маманды тәрбиелеу» атты баяндамамда осы жайтты тереңірек айттым. Меніңше, Ресей федерациясы қабылдаған сол бағдарламаның тиімді жағы көп. Әр мемлекет кадрлық әлеует жағынан бәсекеге қабілетті болу керек. Қазір заман біз ойлағандай емес, өте тез зымырап жатыр. Міне, уақыт ештеңені күтпейді. Біз заман ағымымен ілесіп отыруымыз керек. Мұндай оқу орындарын Украинада, Қазақстанда, Белоруссияда да ашу керек. Өйткені біз жақында бәріміз бірыңғай экономикалық кеңістікте жұмыс істейтін боламыз. Бұл тұрғыда құжаттар талқыға салынуда. Енді алда тұрған мақсаттарға ұмтылу керек. Еңбек ресурстары мемлекетке жаңа жобалар енгізу үшін барлық қолайлы жағдайды жасап, бірлесіп білім беру бағдарламасын жасақтап, кадрларды қайта дайындау қажет. Зейнетақы бағдарламасын да қайта қарап, экономикада, саясатта, агрокәсіпте жұмыс істейтін мамандарды қолдап, жаңа технологияның тілін білетіндерге жол ашу керек.
– Сіздіңше, интеграция мен инновацияны білім саласына енгізуде қандай да бір мәселелер бар ма?
– Мәселе барлық елде кездеседі. Германия, Францияны алсаң да, бұл мәселе бар. Бұл қалыпты жағдай. Интеграциялық процесті дамыту үшін Ресейдің мектептерінде арнайы бағдарлама қолға алынған. Бұл бағдарлама тіпті кішкентай ауылды мектептерде де жүзеге асуда. Ол үшін интернет, интерактивті оқулықтар пайдаланылуда. Қазір бізде барлық жастағы адамдарға интернетпен, интерактивті тақтамен жұмыс істеуді үйрететін арнайы курстар көп.
– Бірақ интернеттің зиянын да ескеріп жатқан шығарсыздар…
– Әрине, кез-келген нәрсенің екі жағы бар. Интернет – адамның бір-бірімен байланысына қылау түсірмеуі керек. Адам бір-біріне көмек беруі керек. Адам факторы білім саласында жалғасуы керек. Интернет арқылы дәріс оқудың пайдасы да, зияны да бар сияқты. Пайдасы – алыс шетелдегі қолың жете бермейтін атақты академик, профессордың дәрісін тікелей эфир арқылы тыңдай аласың. Ал зиянды жағы – адамның бір-бірімен тікелей қарым-қатынасы үзіліп қалады. Бір кездері өзім интернет арқылы ресейліктерге дәріс оқыдым. Оны Ресейдің біраз қаласындағы студенттер бір мезгілде тыңдай алды. Сол кезде түсінгенім, көптеген тыңдаушылар оқытушыны өздері таңдай алады екен. Әрі кез-келген тыңдаушы кез келген аудиторияға барып қалаған дәрісін тыңдай береді. Міне бұл жаңа заманауи технологияның пайдасы.
– Қазақстандық әріптестеріңіздің жұмыс істеуіне көңіліңіз тола ма?
– Бәріміз бір-бірімізбен бірлікте жұмыс істесек деймін. Осы тектес семинарлар басқа мемлекеттердің ғылымдағы жетістіктерімен тәжірибе алмасуға септігін тигізеді. Онсыз болмайды. Мұндай басқосулар мен пікіралысулар Қазақстанда жиі болып тұрады. Бұл қазақ халқының ғылымға деген оң бетбұрысын аңғартады. Биыл Қазақстан Тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуын атап өту үстінде. Осы уақыт ішінде Қазақстан даму сатысына көтеріліп, қаншама жобаларды батыл түрде жүзеге асырып келеді. Өндірістік кәсіпорындар мен өндіріс ошақтары қарқынды түрде жұмыс істеуде. Мұның бәрі кәсіби біліктілік пен болашаққа деген ұмтылыстан бастау алып отыр.
– Бір әңгімеңізден Қазақстан мемлекетіне, қазақ халқына деген ыстық ықыласыңыздың зор екендігін байқап едік.
– Қазақстанды өте жақсы көрем. Әсіресе Алматы қаласын сүйемін. Егер менен «Сіздің Қазақстанда ең жақсы көретін жеріңіз қайсы?» деп сұраса, сөзсіз Алматы дер едім. Маған мұндағы Әлия мен Мәншүкке арналған ескерткіш қатты ұнайды. Өзім талай жерде болдым. Бірақ дәл осындай ескерткіш көрген емеспін. Сосын Алматының «Көк базарына» барғым кеп тұрады. Еңбексүйгіш халыққа дән ризамын. Ең бастысы, жұмыс көзі бар. Халық өзі еңбектеніп, нәпақасын тауып жүр. Әсіресе тәтті наны мен апорт алмасын айтсаңызшы. Бұрын бала кезімде әкем Алматыдан апорт алмасын жиі әкелетін. Ол өте тәтті еді. Сол балалық шақтағы көрініс Алматыға жетелейді де тұрады.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ