ОРАЛМАН ЖАСТАРДЫ ЕЛГЕ ӘКЕЛУДIҢ ОҢТАЙЛЫ ЖОЛЫ

ОРАЛМАН ЖАСТАРДЫ ЕЛГЕ ӘКЕЛУДIҢ ОҢТАЙЛЫ ЖОЛЫ

ОРАЛМАН ЖАСТАРДЫ  ЕЛГЕ ӘКЕЛУДIҢ ОҢТАЙЛЫ ЖОЛЫ
ашық дереккөзі
380

Қазақстанның 93 жоғары оқу орнында шетелден келген қандастарымыз бiлiм алып жүр. Олардың барлығы жатақханамен, шәкiртақымен және жылына екi рет тегiн жол жүру билетiмен қамтамасыз етiлген. Десек те бұл бағытта әлі де болса түйіні тарқатылмаған мәселелер жетерлік. Мәселен оралмандар қалың қоныстанған көршілес Қытай үлгерімі жоғары, қабілетті қазақ жастарын өздерiндегi оқу орындарына қабылдап, Қазақстанға бiлiмi орташаларды жiбереді. Қытай, Моңғолия, Өзбекстаннан өзге елдерде қазақ мектептерiнiң жоқ екендiгi де қынжыларлық жәйт. Ресейдегi Алтай өлкесiнде небәрi 60 оқушы оқитын қазақ мектебi бар. Қазақ мектебiнде оқымағандықтан Еуропаның оншақты елiндегi қазақ жастары ана тiлiнен мүлдем хабарсыз. Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының Шымкентте өткізген «Шетелдегi отандастарымыздың Қазақстанда бiлiм алуын ұйымдастырудың бүгiнi мен болашағы» атты республикалық семинарында аталған министрліктің жоғары және жоғарыдан кейiнгi бiлiм беру департаментi директорының орынбасары Фатима Жақыпова осындай мәліметтерді жария етті. Сондай-ақ ол соңғы үш жылда елiмiзге келiп бiлiм алып жүрген жастар санының жыл өткен сайын кемiп кеткеніне, соның салдарынан мемлекеттiк тапсырыстың орындалмай отырғанына тоқталды.

Ал Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы төра­ғасының бiрiншi орынбасары Талғат Мамашев:

Республикадағы 15 ке жуық жоғары оқу орнында дайындық бөлiмдерi ашылған. Шетелден келген жас­тар бiр жыл бойы сол дайындық бөлiмiнде оқып, жазу-сызуды үйренiп, елiмiздiң тарихы мен мәдениетiнен мәлiмет алып, содан кейiн ғана таңдаған оқу орнына түсу үшiн бiздiң балалармен бiрге тест тапсырады. Солардың жартысына жуығы оқуға түсе алмай қалады. Бiз сол жастардың колледждер мен лицейлерде кәсiби бiлiм алуына, әрмен қарай таңдаған мамандығы бойынша Қазақстанда жұмысқа орналасуына жағдай жасауымыз керек. Өйткенi олар өздерi орналасып алған соң өзiнен кейiнгi бауырларын елге әкелсе, тамырын тереңге жiбередi. Бiздiң көздегенiмiз де осы емес пе?!– дедi.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық бiлiм беру департаментiнiң директоры Жазира Молдағалиеваның айтуынша, аталмыш оқу орнында он жылдың iшiнде 10300 ден астам шетелдiк қандастарымыз бiлiм алыпты. Жыл сайын 150 тыңдаушы оқып келгенiмен соңғы кезде олардың атамекенде оқуға ынтасы күрт кемiген. Мәселен 2010 жылы – 67, ағымдағы жылы 54 бала оқуға қабылданған. Бiр тәуiрi, екi ел арасындағы келiсiмге байланысты Ауғанстаннан келетiн балалар көбейген. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің факультет деканы Сейдехан Әлiбектiң мәлiмдеуiнше, оқу орнында шетел студенттерiмен жұмыс жүргiзу жөнiндегi факультет ашылып, бүгiнгi таңда 12 елден келген 339 студент бiлiм алуда. Биыл дайындық курсына 200 тыңдаушы қабылданса, Өзбекстаннан келетiндер саны еселей өсiптi. Мұның себебi сол елдегi оқу жүйесiнiң латын әлiпбиiне көшуi болып отыр. Сондай-ақ, бауырлас елде Қазақстан тарихы, қазақ тiлi мен әдебиетi оқытылмайтындықтан жас­тар ҰБТ-да тиiстi балды жинай алмауда. Осы орайда ол жақтағы қандастарды түрлi әдеби кiтаптар мен оқу-әдiстемелiк құралдармен қамтамасыз ету қажет. СӘлiбек олқылықтардың алдын алу үшiн көршi елдермен шекаралас аудандарда даярлау бөлiмшелерi мен колледждер ашу қажет деп есептейдi.

Алқалы жиында шетелдегi қазақ жастарын елiмiзде оқытудың түйткiлдi түйiндерiн тарқату мақсатымен ұсыныстар мен шешiмдер қабылданды. Олардың ішінде Астанадағы Еуразия университетiне шетел жастарын көптеп оқыту, интернет-ресурстарды қолдана отырып қазақ тiлiн қашықтықтан оқыту, кәсiптiк бағдар жүргiзу арқылы жинаған дайындық бөлiмi тыңдаушыларын басқа оқу орындарына бөлiп жiбермей, сол оқу орнының өзiнде қалдыру, қазақ диаспорасы өкiлдерiне арналған дайындық курсына қабылдаудың ережесiн жетiлдiру, шетелде тұратын жастардың жоғары бiлiм алуына бөлiнетiн квотаны ұлғайту және тағы басқа да мәселелер бар.

Үмiтхан РЗУАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары