БАНКТЕР БӨЖЕЙ ЕМЕС

БАНКТЕР БӨЖЕЙ ЕМЕС

БАНКТЕР БӨЖЕЙ ЕМЕС
ашық дереккөзі
278

Бүгiнде Қазақстан республикасындағы несие жүйесi жаңа да, сапалы даму кезеңiне аяқ басты. Оның бұдан кейiнгi уақытта да жемiстi қызмет етуiне бағытталған реформалардың басым бөлiгi жүзеге асырылып, оңды нәтижесiн бере бастады деп айтуға толық негiз бар. Қазақстанның бұл саладағы беделiнiң әлемдiк деңгейге көтерiлуi, елiмiздегi қаражат секторының қарқынды түрде дамып келе жатқандығының айғағы болып табылады. Ал республикамыздағы несие жүйесiнiң тиiмдi түрде дамуына бағытталған iс-шаралардың нәтижесi бiздi ТМД кеңiстiгiндегi елдердiң алдына шығарып, көпке үлгi еткендiгi анық.

Солай бола тұра, Қазақстан респуб­ликасының Үкіметі мен Ұлттық банкі бұл жетістіктермен шектеліп қалмай, келесі кезеңдегі алға қойған мақсаттарды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, макроэкономикалық үрдістерді есепке ала отырып, орта мерзімдік және ұзақ мерзімдік даму бағыттарын анықтау, валюталық және қаржылық заңдарға тиісті өзгерістер енгізу қажеттілігі жан-жақты қарастырылуы қажет мәселелер екендігі даусыз.

Әрине, банктер қаржы шаруашылығының біртұтас бөлшегі болып табылады және олардың қызметі өнім өндіруге байланысты талаптармен тығыз байланысты. Экономикалық тіршіліктің нақ ортасында өнім өндірушілердің мүддесі үшін қызмет жасайтын банктер – өнеркәсіп пен сауданың, ауыл шаруашылығы мен ел тұрғындарының арасындағы байланыстың дәнекері.

Банктер – белгілі бір экономикалық аймақтың немесе елдің ғана қажеттілігі емес, шын мәнінде олардың қызметі аумақтық та, ұлттық та шекаралармен шектелмейді. Сондықтан да оларды аса зор қаржылық қуаты, капиталы бар әлемдік деңгейдегі құбылыс ретінде түсінген абзал.

Банк мекемелері қызметінің ауқым­дылығы сондай, оған нақты бір анықтама берудің өзі қиын. Дәл қазіргі қоғамда банк­тер әр түрлі, сан қырлы операцияларды іске асыра алады. Олар тек қана ақша айналымы мен несие беруге қатысты жұмыстарды ғана ұйымдастырып қоймайды, сонымен бірге, банктер арқылы халық шаруашылығын қаржыландыру, сақтандыру операцияларын жүргізу, бағалы қағаздарды сатып алу және сату, кей жағдайларда делдалдық қызмет пен мүлікке басшылық жасауды да жүзеге асырады. Ал несиелік мекемелер кеңесші ретінде қызмет етеді, халық шаруашылығы бағдарламаларын талқылауға қатысады, есеп жүргізеді, сондай-ақ олардың өзіне қарасты қосалқы мекемелері болады.

Тағы да бір айта кетерлік жәйт, банктердің әрқайсысы жеке-жеке тіршілік жасамайды, олар сан түрлі ішкі және сыртқы байланыс­тары арқылы күрделі бір жүйені құрайды. Ол жүйе – мемлекеттік банк жүйесі деп аталады.

Несие жүйесі екі бөлікке бөлінеді; біріншісі – банк мекемелері, яғни банктер, екіншісі – парабанктік мекемелер.

Банктер – негізінен несиелік-қаржылық қызмет түрлерін орындайтын несиелік мекемелер болғандықтан, әмбебап мекеме болып саналады (коммерциялық, инвестициялық, сақтандыру, ипотекалық және жер қатынастары банктері т. б.).

Парабанктік жүйе мамандандырылған несиелік-қаржылық және пошталық-сақтандыру жүйелері арқылы құрылады. Олар қаржылық қызмет шеңберіндегі жұмыстарды атқаруға немесе клиенттердің белгілі бір тобына қызмет көрсетуге (ломбардтар, сақтандыру және инвестициялық компаниялар, лизингтік, факторингтік фирмалар, мемлекеттік емес зейнетақы қорлары, клирингтік қорлар) бағытталады. Несиелік жүйенің негізі – банк жүйесі болып табылады. Өйткені барлық шаруашылық айналымдарын несиелік-қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етуге байланысты басты салмақ осы жүйеге түсетіні белгілі.

10.11.2011

Нәзира САПАРБАЕВА,

«Алатау» қазақ университетiнiң

магистранты

Серіктес жаңалықтары