«ҰЛЫ КӨШ» – далалықтардың тарихы

«ҰЛЫ КӨШ» – далалықтардың тарихы

«ҰЛЫ КӨШ» – далалықтардың тарихы
ашық дереккөзі

Кеше Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғимаратында жаңа бiр кiтаптың тұсауы кесiлдi. «Ұлы көш» деп аталатын кiтаптың авторы – белгiлi публицист Бигелдi Ғабдуллин.

«Ұлы көш» – ұлттық мемлекет құру дәуiрiндегi тарихты авторлық талдауға, зерделеуге құрылған эсселер жинағы. Кiтапта автор белгiлi тарихи тұлғалардың – хандардың, сұлтандардың, батырлардың, халық комиссарларының, кеңестiк кезеңдегi ел басшыларының тағдырлары арқылы елiмiздiң алты ғасырлық тарихына ой жүгiртуге тырысқан. «Ұлы көштiң» iшiнде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың бейнесi де ерекше көрiнiс табады.

«Өткенсiз бүгiн жоқ. Бұл – дәлелдеудi қажет етпейтiн аксиома. Бiз көп жағдайда осы ақиқатты ұмытып кете беремiз. Кез келген мектеп бiтiрушi түлектен: «Сiз Станислав Пестковский немесе Сейiтқали Меңдешев туралы не бiлесiз?» – деп сұрап көрiңiзшi, бiле ме екен олар. Бұл тұлғалар Кеңестiк Қазақстанның алғашқы жетекшiлерi едi ғой», – дейдi «Ұлы көштiң» авторы Бигелдi Ғабдуллин.

Қазақтың тарихы бүгiнге дейiн әртарапты, сан қилы болып жазылып жүргенi белгiлi. Солай бола тұра, кiтап авторы мұрағаттардағы аз болса да, тарихи құжаттарды пайдалана отырып, елiмiздiң тарихында өткен айтулы тұлғалардың әрқайсысына оң баға беруге тырысады. Олардың мемлекеттiк қызметтегi елеулi жетiстiктерiн сараптайды.

Бигелдi Ғабдуллин: «көп жағдайда шешушi мемлекттiк қызметтерге балалық және жастық шағы таза қазақы ортада, ауылдарда, шағын поселкелерде өткен адамдар қол жеткiзген. Олар өз бойына өз халқының ең жақсы қасиеттерi мен ерекшелiктерiн сiңiре бiлген. Дәл осы өмiрлiк тәжiрибелерiнiң арқасында кеңестiк кезеңдегi ел басшылары қазақ халқының мүддесiн қорғай алды және репрессияға, өз өмiрi мен отбасына қауiп төнгенiне қарамастан, тәуелсiздiкке жол салды» деген ой түйедi.

«Ұлы көш» — кешегi кеңестiк кезеңдегi Қазақстанның басшылары жайлы әңгiме қозғамайды. Бұл кiтаптан мемлекетiмiздiң iргетасына алғашқы кiрпiш қалаған ұлы хандарымыздың да, билерiмiз бен батырларымыздың да тағдырларын кездестiруге болады. Ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай жарық көрiп отырған «Ұлы көштi» қазақтың рухани қазынасына қосылған жаңа, тың дерек деп қабылдауымыз ләзiм.

Гүлзина Бектасова