ИСЛАМ БАНКИНГIНIҢ IЗГIЛIКТЕРI ӨСIМСIЗ ӨРКЕНИЕТ

ИСЛАМ БАНКИНГIНIҢ IЗГIЛIКТЕРI ӨСIМСIЗ ӨРКЕНИЕТ

ИСЛАМ БАНКИНГIНIҢ IЗГIЛIКТЕРI ӨСIМСIЗ ӨРКЕНИЕТ
ашық дереккөзі

Әлемдiк қаржы дағдарысы бiлдей банктердiң басына бұлт үйiрiлдi. Ал ислам қаржы жүйесi дағдарыс соққысына оңай төтеп бердi. Оның бiрден бiр дәлелi – әлем назары ислам банктерiне ауа бастағанында. Ислам қаржы жүйесiнiң ең басты қағидасының бiрi – пайыздың (риба) болмауында, ысырапқа жол берiлмеуiнде. «Fattah Finance» АҚ басқарма мүшесi Асқар Иманбаевтың пайымдауынша, пайыз қатерлi iсiк секiлдi. Күн сайын асқынады. Ақыр аяғында ол қаржы жүйесiнiң «ағзасын» шiрiтедi. Дендеп бара жатқан дерттi тек Ислам қаржыландыруы арқылы ғана емдеуге болады.

Несиенiң залалын мынадай мысалмен түсiндiруге болады. Қадым заманда шахмат ойынын ойлап тапқан данышпан математикке риза болған парсы патшасы тапқырдың кез келген қалауын орындауға сөз бередi. Мұндай мүмкiндiктi математик мүлт жiберсiн бе? Миы математикаға «негiзделген» әлгi тапқыр патшаға шахмат тақтасының бiрiншi торына бiр бидай дәнiн, ал келесiлерiне алдыңғысынан екi есе етiп салуды өтiнедi. Данышпанның өте қарапайым көрiнген қалауына патша қуанады. Есiн жиып, есептеп көрсе, «қарапайым» өтiнiштi орындау «қияметке» айналады. Патшалықтың қарамағындағы қамбадағы бүкiл бидайдың жетпейтiнiн түсiнiп, тiлiн тiстесе керек. Келiсiм бойынша, яғни шахмат тақтасына қойылуы тиiс бидайдың дәнiн санап көрсе… Әлемнiң 440 жылдық бидай өнiмiнiң қорын құрайды екен. Несиеге ақша беру де дәл дән сияқты. Күн өткен сайын көбейедi. Мұндай жағдайда несие алушының қарыздан құтылу мүмкiндiгi де азаяды. Мерзiмi өткен соң бұл мүмкiндiк нөлге теңеледi.

«КЕМЕДЕГIНIҢ ЖАНЫ БIР»

Шариғатқа негiзделген ислам қаржы жүйесi iшiмдiк, темекi, есiрткi, қару-жарақ, порноөндiрiс, және т.б. адамзатқа зиян тигiзетiн өнiмдердi қаржыландыруға үзiлдi-кесiлдi қарсы. Себебi, Ислам дiнi әрқашан адам өмiрiнiң құндылығын жоғары қояды. Ислам арам пайда табуға, айлакерлiкке, өсiмқорлыққа, монополияға, әдiлетсiздiкке, жемқорлыққа тыйым салады. Құранның Бақара сүресi 275 аятында: «Алла сауданы халал етiп, өсiмқорлықты харам қылды», – делiнген.

Ислам қаржы жүйесi бойынша банк кәсiпкерлердiң өндiрiстiк немесе коммерциялық мақсаттарды орындау үшiн олармен пайданы бiрге бөлiседi һәм ықтимал шығындарды да бiрге көтередi. Кәсiпкерлiк шараға қатысушылардың барлығы әрiптес ретiнде танылады (мүшарака). «Кемедегiнiң жаны бiр» деген қанатты сөздi басшылыққа алатын Ислам банктерi пайда мен шығынды бизнеске қосқан бастапқы капиталға барабар деңгейде бөлiседi. Сонымен қатар қызмет мерзiмi мен шартын келiсiп отырады. Сондай-ақ арнайы әрiптестiк (мұдараба) әдiсiмен қоса, тауарларды арнайы бағамен сату туралы банк пен клиент арасында шарт (мұрабаха) жасауды да қарастырады. Тағы бiрi қызметi – қарыз, яғни ұл-Хасана (қайырымдылық несие) – жеке тұлғаға немесе ұйымға пайызсыз несие беру дегендi бiлдiредi. Ол келiсiлген мерзiмде қайтарылуы тиiс. Егер тұлғаның несиенi қайтара алмайтыны әуелден белгiлi болса, ақша мiндеттi немесе ерiктi қайырымдылық түрiнде берiледi.

Қаржыгер Мұрат Байсыновтың айтуынша, исламдық қаржыландыру ұстанымы негiзiнде жұмыс iстейтiн қаржылық ұйымдар әлемдiк дағдарыстың әсерiн қатты сезiне қойған жоқ. Банктер несиенi үстеме ақысыз бередi, бiрақ кәсiпкерлерге тиесiлi табысқа ортақтасады. Ислам қаржы жүйесiнiң пайда көзi – жалға беру мен дивидендтерде.

Ислам қаржы жүйесiнiң дәстүрлi банктерден айырмашылығы мен артықшылықтары мынадай:

Инвестор мен қарыз алушы арасында тәуекел мен шығынды әдiлеттi түрде бөлiсу;

Қаржы институттар жүйесiнiң тұрақтылығы;

Қарыздык мiндеттемелердiң үдемелi нарығының (пайыз) болмауы;

Мiндеттi қайырымдылық (зекет) қызметiнiң болуы;

Қарыз қайтарымының мөлшерiнiң тұрақтылығы (қайтарым – шарт бойынша бекiтiлген сома);

Инвестицияның экономиканың нақты секторына бағытталуы;

Қатысушылардың қызметтерiнiң әлеуметтiк сипаты.

ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ ИГIЛIГI

Қазақстан ТМД мен Орта Азия елдерiнiң арасында Ислам қаржы жүйесiн дамытуды бiрiншi болып қолға алды. 2009 жылдың 12 ақпанында Қазақстан Республикасының «Ислам банктерiнiң қызметi мен ислам қаржы жүйесiн ұйымдастыру мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңы қабылданды. Ислам қаржы жүйесiн дамытудың басты тетiгi ретiнде «ҚР Банктер мен банк қызметi» туралы Заң және Ислам құнды қағаздарын шығару мен айналымын реттейтiн «Құнды қағаздар нарығы туралы» Заңның қолданысқа енгiзiлгенiн айтуға болады. Адал ақшаға құрылған банк жүйесiн дамыту мынадай мақсаттарға негiзделген: бiрiншiден, индустриалды даму жоспарларын жүзеге асыру мақсатында ұзақ мерзiмдi сыртқы тұрақты инвестиция көзiн табу. Екiншiден, бiр қаржы көзiне тәуелдi болуды болдырмау. Үшiншiден, Ислам қаржыландыру жүйесiнiң жоғарыда аталған реттеу қызметтерiнiң көмегiмен экономикалық тұрақтылыққа қол жеткiзу.

Әлемдiк экономика сарапшылары елiмiздегi Ислам қаржы жүйесiнiң дамуына оң баға беруде. Соңғы екi жыл iшiнде ислам қаржылық өнiмдерiн ұсынған бiрнеше компания пайда болды. Олар – «Al Hilal» банкi, «Fattah Finance» брокерлiк компаниясы, «Такафул» өзара халал сақтандыру қоғамы, «Қазақстан қажылық қоры» акционерлiк инвестициялық қоры, сондай-ақ бiрнеше консалтингтiк компаниялар.

Елiмiзде Ислам қаржы жүйесiн дамыту бойынша 2010-2012 жылдарға арналған «Жол картасы» қабылданды. Тағы бiр елеулi оқиға – екiншi Ислам банкiн құру. Ислам банкiнiң 55 пайыз үлесiн Amanah Raya Berhard (малайзиялық компания), 40 пайызын «Қазақстан даму банкi» АҚ, қалған 5 пайыз акциясын қазақстандық брокерлiк компания – Fattah Finance иеленедi деген жоспар бар. Аталмыш банктiң жұмысы жеке тұлғаларға қызмет көрсету мен бизнестi қаржыландыруға бағытталмақ.

Ұлттық Банктiң Алматы қаласындағы өңiрлiк қаржы орталығын дамыту комитетiнiң төрағасы Дархан Нүрпейiсовтiң сөзiне қарағанда, бiздiң ел үкiметаралық екi келiсiмге қол қойды. Алайда, бiрiншi жоба әзiрге тоқтатылған. Ал екiншiсi iске асырылды. Атап айтқанда, Аl Hilal 2010 жылғы наурыздан бастап жұмыс iстейдi. Небәрi бiр жылдың iшiнде ол 23 млн. АҚШ доллармен телекоммуникациялар, сауда, құрылыс және басқа салалардағы жобаларды қаржыландырды. Қазiргi уақытта «Самұрық-Қазына» қоры Al Hilal-мен бiрлесiп бiрнеше жобаны қаржыландыру мәселелерiн қарастыруда.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙIН

«Байлыққа қосар үлесiң болмаса, байлықтан алар үлесiң де жоқ», – деген екен Ғабит Мүсiрепов. Пайданы да, тықыр таянғанда шығынды да бiрге бөлiсетiн ислам банкингi жұмысын Үкiмет мүшелерi, экономика сарапшылары қолдауда. Экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшановтың айтуынша, қаржы дағдарысынан шығу үшiн шұғыл қимылдап, ислам қаржы жүйесiн дамытуды қолға алуымыз қажет.

Ислам банкингi қызметi дәстүрлi банктердiң пайыздық мөлшерлеменi төмендетуге ықпал етедi. Сондай-ақ ислам қаржы құралдарының пайда болуы елiмiздiң қор нарығының дамуына үлес қосады.

Жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, қай iстiң болсын өнуiне үш шарт бар: ең әуелi – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртiп керек. Бiзде үшеуi де бар. Жүйелеп жүзеге асырсақ болғаны.

Салтанат МЕДЕТҚЫЗЫ,

халықаралық қатынастар маманы

20.10.2011