ӘЛI БIТКЕН ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКА

ӘЛI БIТКЕН ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКА

ӘЛI  БIТКЕН ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКА
ашық дереккөзі
185

Әлемдiк экономиканың жағдайы күн өткен сайын нашарлап барады. Кәрi құрлықтағы Греция, Италия, Испания мен Португалия секiлдi елдердiң мемлекеттiк борыштарының кесiрiнен тығырыққа тiрелген басқа батыстық мемлекеттер рецессия, стагнация қаупiмен күресiп әлек. Ал қазақ билiгi бiзге төнген қатердiң жоқтығын, тiптi, дағдарыс кезiнде де экономикалық көрсеткiштер өсе беретiнiн көлденең тартады.

Апта басында Берлинде кездескен Германия канцлерi Ангела Меркель мен Франция президентi Николя Саркози еуропалық аймақтың дамуын, экономикалық интеграцияны тереңдетудi қамтамасыз ететiн жаңа қағидалар мен жедел шараларды бекiттi. Кәрi құрлықты дамыту және тұрақтандыру мiндетi француздар мен немiстердiң мойнына жүктелгенiн айтқан Саркози сөзiн iлiп әкеткен Меркель еуропалық банктердi банкрот қаупiнен құтқарудың жолы қарастырылып жатқанын көлденең тартты. Жоспардың толық мәтiнi қазан айының соңына қарай Канн қаласында өтетiн Үлкен жиырмалықтың саммитiнде жарияланбақ. Экономистер мен қаржыгерлер мемлекеттiк қарызы қордаланып қалған Грецияның дефолтқа ұшырауы немесе оның борыштарын қайта құрылымдау Еуропалық Одақтағы басқа елдерге керi әсер етуi мүмкiн дейдi. Қазiр әсiресе гректердiң мемлекеттiк құнды қағаздарын сатып алған батыстық банктерге қиын. Бүгiнде тәуелсiз борыштардың алғашқы құрбаны саналатын Франция мен Бельгияның бiрiккен банкi – Dexia қаржылық қолдауға зәру. Жексенбi күнi шұғыл түрде бас қосқан Франция, Бельгия мен Люксембургтiң қаржы министрлерi кезiнде Греция, Италия мен Испанияның құнды қағаздарының кесiрiнен қаржылық қиындыққа ұшыраған банктi құтқарудың жоспарын бекiттi. Батыстық шенеунiктердiң бiрiгiп жасаған ресми мәлiмдемелерiнде: «Мүдделi тараптардың жүйелi әрi жиi кездесулерiнiң нәтижесiнде ортақ шешiмге келдiк. Оны қабылдау не қабылдамау құқығы – Dexia банкiнiң Директорлар кеңесiнiң құзырында» делiнген.

Халықаралық қаржы нарығындағы ахуалды сараптап отыратын рейтинг агенттiктерi еуропалық банктер жағдайы күн өткен сайын қиындап бара жатқанын айтады. Мысалы, өткен жұмада Fitch агенттiгi Италия мен Испанияның дербес көрсеткiшiн төмендетсе, Moody’s агенттiгi Ұлыбритания мен Португалияның 12 банкiнiң көрсеткiшiн құлдыратты. Ағылшындардың премьер-министрi Дэвид Кэмерон жағдайдың жақсаруына әлi тым көп уақыт қажет екенiн ескертсе, Англия банкiнiң басшысы Мервин Кингтiң: «Бұл 30-жылдардағыдан кейiнгi ең ауыр қаржылық дағдарыс. Тiптi, Англия тарихында бұрын-соңды кездеспеген қиындық болуы да мүмкiн» деп ақпарат құралдары арқылы ашық мойындауы тегiн емес. Өйткенi төрт жылдан берi әлемдiк экономика ес жия алмай келе жатқан қаржылық әрi экономикалық дағдарыс ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы Ұлы дағдарыстан да асып түсуi ғажап емес. Осы орайда, ағылшындардың банкi 75 млрд. фунт стерлингке (116 млрд. АҚШ доллары) тең жаңа ақшаның айналымға жiберiлетiнiн хабарлады. Ұлы Отан соғысынан кейiнгi кезеңде экономикадағы ақша көлемi тым көп болатын. Ал қазiргi жағдай керiсiнше, дүниежүзiлiк экономика қаржыға зәру. «Былтыр экономикадағы ақша көлемi едәуiр қысқарды. Экономиканы дамытуға керектi қаражаттың тапшылығына байланысты жаңа ақша шығаруға мәжбүрмiз» деген Кинг Англия мен әлемдiк экономика тығырықтан тез арада шығарылмаса, соңы опық жегiзетiн жайттарға ұласуы мүмкiн екендiгiн ескерттi. Өйткенi британдықтар экспортының 40 пайызы Еуроодақ елдерiне тиесiлi. Ұлыбритания Орталық банкiнiң басшысы жаңа ақшаның айналымға шығарылуы Бiрiккен Корольдiктегi инфляцияны өсiруге ыпқал етедi деген пiкiрлердi жоққа шығарады: «Жыл соңына дейiн 5 пайызға жететiн инфляция 2012 жылы өсуiн тоқтатып, күрт төмендей бастайды».

Дүниежүзiлiк банктiң болжамына сенсек, әлемдiк экономика 2011 жылы небары 3,2 пайызға өседi. Былтырғы көрсеткiш 3,8 пайыз болатын. Goldman Sachs сарапшылары еуроаймақтағы рецесияның ендiгi басталып кеткенiн айтады. Экономикалық қиындық әсiресе үстiмiздегi жылдың IV тоқсаны мен 2012 жылдың I тоқсанында ушыға түспек. Ал Германия мен Францияның экономикасы еуроаймақтағы стагнацияға байланысты рецессияға ұшырауы мүмкiн. Бiрақ Еуропалық Одаққа мүше елдердiң экономикасын қаржылық қиындықтардан құтқару шаралары жемiстi аяқталса, ахуал жеңiлдей түсерi анық. Сондықтан бiрде бiр сарапшы кесiп-пiшiп пiкiр айтуға батпайды. Есесiне, қазақ Үкiметi Қазақстан экономикасының жаңа қиындықтарға төтеп бере алатынын ашық мәлiмдедi. Жуырда Мәжiлiс депуттарымен өткiзген «Бiрыңғай экономикалық кеңiстiкке интеграциялау және әлемдiк экономиканың турбуленттiгi жағдайында орта мерзiмдiк экономикалық саясаттың негiзгi аспектiлерi» тақырыбындағы дөңгелек үстелде ҚР Экономикалық даму және сауда министрi Қайрат Келiмбетов пессимистiк сарындағы экономикалық даму көрсеткiшiнде ЖIӨ көлемi 3-4 пайызға тең болатынын жеткiздi. Оның айтуынша, арнайы әзiрлеген «Қосымша жоспарға» сәйкес, әлемдiк нарықтағы мұнай бағасы тiптi, 40 долларға дейiн төмендеген күннiң өзiнде экономикадағы өсiм сақталатын көрiнедi. Аталған шарада «Қазақстан ғаламдық тәуекелдер жүйесiнде: ықпал етуiн бағалау және макроэкономикалық саясат» тақырыбында баяндама жасаған Келiмбетов: «Жаһандық экономикалық құлдырау болуы мүмкiн. Бұл туралы көптеген экономистер айтып жатыр. Егер, шын мәнiсiнде әлемдiк экономикада құлдырау басталса, бiз оған дайын болуымыз керек. Бюджеттi жоспарлаған кезде, мұнай бағасының базалық сценариi 2012 жылы 80 доллар, 2013–1014 жылдары 70 доллар деп алдық. Бұл шешiм бiздi кез-келген қиындықта, одан әрi оңтайлы әрекет етуге мүмкiндiк бередi» дедi.

20.10.2011

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары