ЕНЖАРЛЫҚ — ЖҮРЕК КЕСЕЛI

ЕНЖАРЛЫҚ — ЖҮРЕК КЕСЕЛI

ЕНЖАРЛЫҚ — ЖҮРЕК КЕСЕЛI
ашық дереккөзі
504

Бисмиллахир – Рахманир – Рахим! Бiрде Жаратқан Алла тағала перiштесiн бiр пендеге жiбертiп, «Сен қанша Аллаға қызмет етсең де бәрiбiр тозаққа барасың» – деп айтқыздырған екен. Сонда ана адам мүдiрместен «Перiште, жұмақ, тозақ – Алла тағаланың iсi, ал менiң iсiм – Оған қызмет ету» – деген екен. Осындай жүректегi Аллаға деген жұпар иманымызбен барша мұсылман қауымы мына өтпелi дүниеден өтемiз деген үмiттемiз. Дегенмен, бұ жалғанның әр сәтiн таразыламасаң, Алланың таразысындағы тасымыздың бiр жағы ауырлауы мүмкiн. Ақылымызды арқау етсек, дүниеге иманды тұжырым жасаймыз. Ал ақылға жүгiнбесек, қандай өмiр кешкенiмiздiң себебiн бiлмей кетуiмiз де мүмкiн.

Жаратқанның құдiретiне әр мезет бас ием, себебi ондай керемет тылсым дүниенi сөзбен жеткiзу қиын, Жаратқанмен тiлдескендей оны тек сезiне бiлу керек. Ал оны сезетiн тек қана жүрек! Ардақты Пайғамбарымыз (с. ғ. с.) айтқанындай: «Шынында да, адамның денесiнде бiр тiлiм ет бар, ол жақсы болса, барлық дене жақсы болады. Ал жарамсыз болса, онда бүкiл дененi бүлдiредi. Расында да, бұл – жүрек»./аль – Бухари және Муслим/. Сондықтан, жүрегiмiздi тани бiлген жөн. Алланың дiнiн мықты ұстану үшiн жүрек өте қажет, өйткенi ол тек қана жүрекпен байланысты. Ал жүрек үнемi құбылыста, тұрақсыз. Жел айналдырған құстың жүнiндей әрдайым өзгерiп отырады. Бiр сағат бұрын басқа, бiр сағаттан кейiн мүлдем басқа. Бiр қызығы мезеттерi бiрбiрiне ұқсамайды. Сондығынан оны «Кальб» яғни араб тiлiнен аударғанда «Жүрек», «Такальлуб» арабша «Өзгерiс» деген мағынаны бiлдiредi. Ертеде атамыз «Адамның жинаған байлық қоры қайда болса, жүрегi сонда болады» – дейтiн едi. Қазiргi адамдардың жүрегi қандай не болмаса қайда екенiн бiле ме, жүрегiн тыңдай ма? Бүгiнде жүректердiң түрi көп. Тәннiң қалауымен мүсәпiр, ақшаның буымен бейбақ, Аллаға тiлi келмеген кекеш. Одан қорықпай адамнан ұялмайтын арсыз, жақсы мен жаманды айыра алмай қатая қарайған ауру жүректер бар. Ендi айта берсем толып жатыр, одан бейшара болған жүректi қорлағым келмейдi. Сол жүрегiн ойламаған пендеге Құранның: «Аллахым! Бiздi тура жолға салғаннан кейiн, бiздiң жүректерiмiздi басқа жаққа бұра көрме!»/Аль – имран, 8 – аят/деген аятынан кейiн, жаралған екi дүниенi танытқан ақыл мен күшi мықты қайрат жүректi алалағанда, екеуiн жүрекке жығып берген кемеңгер Абай атамыз емес пе едi? Сондықтан, баршамыз кеудемiздегi жүрегiмiздiң қандай екенiн өзiмiзден сұрап көрелiкшi. Жүрек өзiмiздiкi ме, не болмаса шынымен жүрегiмiз сондай ма?! Бұл сұраққа әркiм жауап бере бiлуi тиiс, әрi жауаптан қашпау керек.

Алла тағала пендесiн жаратқанда небiр жақұт қасиеттер, яғни адалдық, шынайылық, iзгiлiк, парасаттылық тәрiздi иманға толы асылдармен бөлейдi. Жер – жаһанды жайната әрбiр биiк шыңдарға көтере көрсететiн алтын қасиеттегi иман. Алайда имансыздың аяғының астындағы шөп те тiтiркенетiнiн бiлесiздер ме? Негiзiнде, адамды хайуаннан ажырататын iзгi амалдар. Сондықтан, Алла өзiнiң сұлу қасиеттерiн әдемiлеп, айшықтап жүрек қалтамызға салып бередi. Оны ақтарып, тауып алған адамның жүзiнде нұр, ал кейбiрiнiң жүрек тұңғиығында шiрiп қала бередi. Жақсылықты айтып жеткiзушi Әмiр – Мағруф, жамандықтан тыюшы Нахий – Мүңкәр. Дегенмен, қазақ айтқандай саудың тамағын iшiп, аурудың iсiн iстейтiндер бар. Бүгiнде сұлулықты көзге iлмейтiн, сезiмiн оятпайтын, iсiне баға бере алмайтын ел жүрегiн жайлаған қауiптi ауыр дерт бар. Ол – енжар жүрек. Қорқыныштысы, жасақталған қас дұшпанның айласынан гөрi адамға енжарлықтың амалы өте күштi жүретiндiгi. Себебi, кiшiгiрiм отбасында әйелi мен балаларының күнделiктi әрекетi отағасыны толғандырмаса немесе от анасы ошағының түтiнiн түзетпесе, онда олардың немқұрайлығы, бүтiндей парықсыздығы, жүректерiнiң енжарлығы. Іштен шыққан жаудан бұрын енжар үй иесiнiң немқұрайлығынан жанұя былығады әрi бүлiне бастайды. Бiрде мектептегi жалпы атааналар жиналысында «Қарақтарымау, бiр үйдегi күйеуi мен әйелi бiрбiрiнiң қайда жүргендерiн бiлмейдi, баласының тәрбиесiн сұрауға бола ма» деген мектеп басшысының жанайқай сөзiн естiген едiм. Сондықтан, мұсылман адамы үшiн отбасының қамын кәусар жүрегiмен таза әрекет жасағаны – өте үлкен сауапты iс. Бiрiмiз жақсылық әрекетiмiзде яғни құлшылығымызбен мүмкiн заманнан қалыс қалған шығармыз. Мүмкiн заманды қуып жетiп, озып жатқандар да бар шығар. Алайда, қандай жағдайда да жүректе қамығу мен қайғыру болған жөн, әйтпесе мына әлемдi кiм сақтап қалады? Бiрнеше пайғамбарлардан, оның iшiнде Дәуiт (ғ. с.) Пайғамбардан «Мен үшiн не iстедiң?» – деп, Жаратқан Алла сұраған екен. «Мен намаз оқыдым, садақа бердiм» – деп, санай бастағанда: «Жожоқ, бұл iстерiңдi мен үшiн емес, өзiң үшiн ғана, себебi намазды өзiң үшiн оқыдың, берген садақаң өзiңе қорған. Одан кейiнгi әрбiр iсiң – ол өзiңнiң амалың. Сен мен үшiн не iстедiң?» – деп, қайталап сұраған екен. Сонда Дәуiт (ғ. с.): «О, Алла тағала! Онда Сен үшiн iстелiнетiн амалды айтып берсеңiз» – деген екен. Сонда Жаратқан: «Мен үшiн шынайы бiреудi жақсы көрiп немесе жек көрдiң бе?» – деген екен.

Егер де айналамызда күнә iстер, көңiлге қонымсыз жайттар болса, иманды жүрегiмiз ауырып, асқа тәбетiмiз болмай, еш дүниеге зауқымыз соқпай, ұйқымыз қашады. Сөйтiп, кейбiрiмiз қара уайымға салынамыз. Ал егер айналамызда жақсылық әрi ол жақсылық басқаларға қуаныш әкелiп жатса, онда қуанамыз. Мiне, бұл дегенiмiз Алла тағала үшiн пенденiң қуанышы! Сондықтан, қайғының дәмiн, қуаныштың әнiн бiлмейтiн жүректi немқұрайлылық немесе енжарлық деп бiлемiн. Ол адам жүрегiнiң кеселi. Мәселен, ардақты Мұхаммед (с. ғ. с.) Пайғамбарымыз бiзге ненiң жақсы, ненiң жаман екендiгiн айтып қана, өз алдына өмiр сүрсе де болар едi ғой. Жоқ, Ол өзiн аямастан, ешнәрседен аянбастан, үмметiне яғни бiздерге өмiрлiк шындықты жеткiздi. Қаншама көз жасын төктi, қаншама қиындықтарды басынан өткердi, тiптi өмiрiнiң соңында: «Не әкелдiң?» – деп, Әзiрейiл (ғ. с.) Перiштеден сұрағанда, Перiште: «Сен үшiн жетi қат аспан қақпасы ашылды, Сенi перiштелер күтiп тұр» – деген екен. Сонда «Жожоқ, мен үшiн емес, менiң үмметiме не берiледi?» – деп өткен екен. Сондықтан, бiз мұсылман қауымы Мұхаммед (с. ғ. с.) Пайғамбарымыздың үмметiнен бола тұрып, жүрегiмiзде титiмдей рақымды аяныш сезiм болса, онда бiздер ешқашан өзiмшiл не болмаса айналамызға енжар жүректегi немқұрайлы болмауымыз керек!

Көптеген адамдар намаз оқып, ораза тұтатын, қажылық парызын өткерген, iшiмдiк қолданбайтын, темекi шекпейтiн адамды дұрыс жолда яғни «Жақсы адам үшiн осы жеткiлiктi» деп ойлайды. Жо – жоқ, егер сiздер мен бiздер күнә жасамаған күннiң өзiнде, тiптi бөтен не болмаса бiрнеше мұсылманның күнә iстерiне енжарлық танытсақ, түптiң түбiнде бәрiмiз мол күнәға келерiмiз сөзсiз хақ. Бiр күнәһар пенде Алла тағаладан: «Аллаһым, мен зұлымдық пен күнә iстер жасадым, бiрақ мұндайды iстемейтiн әрi iстемеген пенделердi сүйiп, қалап өттiм» – деп, дүниеден өтер шағында ақталған екен. Әлбетте, ол пенде Алла тағала тарапынан кешiрiмге ие болады. Неге, өйткенi қанша жерден зұлымдық көрген жүрек тазалықты қалады, әрi оны Жаратушысына жеткiзе бiлдi. Егер жүрегiмiз игiлiкке қуанса, ол иманымыздан. Мұхаммед (с. ғ. с.) Пайғамбарымызға: «Алла тағала бiр перiштеге жер бетiнен бiр қаланы жерменжексен етуiн бұйырды. Сонда перiште жаңағы жердi түптамырымен көтерiп алып, айналдыра бiр – ақ төңкердi. – О, Аллаһым, бұл жерде бiр сәт болса да тiлiңдi алып, күнә iстемеген құлың бар едi» – деген перiштелердiң сөзiне Алла тағала тағы бұйырады: «Мiне, мен үшiн бетжүзi бiрдебiр рет қызармаған бiрiншi сол адамнан баста, сосын баршасын жой» – дегендi Жебiрейiл (ғ. с.) перiште жеткiзген болатын. Сондықтан, бiз толыққанды мұсылман болғанымыз жөн. Пайғамбарымыз (с. ғ. с.): «Егер адамдар болып жатқан жамандықты көре тұра одан тыймаса, онда Алла тағала тарапынан жiберiлетiн қасiрет баршаңызға тиесiлi әрi баршасы жазаланатын болады» – деген.

Мәселен, бүгiнде қазақ отбасында өз балаларының тәрбиесiне, киiмкиiсi мен жүрiстұрысына енжар қарайтын атааналар бар. Мектепке дайындық барысында оқу құралдарын сатып алып бередi. Бiрақ бiр қиыны, оның сыртқы мұқабасындағы суретке не болмаса жазуына қарамайды. Онымен қоса, түсiнiгiне көңiл бөлмей, әр тiлде ұятты сөздердi жарнамалаған әрқилы дәптерлердi баласының қолына ұстата салады. Ал қазiргi қазақ мұсылман жастарының киiм киiсi ше? Бұл дегенiмiз – шайтанның iсi. Оған қоса атаана баласының қандай жұлдызды кумирлар қызықтыратынын қадағаламайды. Көбiнесе баласының бөлмесi спортшылар, футбол ойынының жұлдызы және тағы басқа толып жатқан портреттi бейнелермен безендiрiлген. Ал қыз балаларының бөлмесi әрқилы мультсериалдар мен топтама кино жанрларының әртiстерiне толы. Осындай жарқжұрқ еткен жұлдыздар баланың жүйкесiне әсер етiп, бiлдiрмей бұзады, күнә iстерге итермелейдi. Өз қалауындағы жалған әртiс жұлдыздарына елiктегенi соншалықты, уақтылы тамақтануды доғарады. Осылайша атаана өзiнiң баласының бөлмесiнен бастап, келешек өмiрiне көңiл бөлмейдi. Сондықтан, шама жеткенше мұның бәрiн ауыстыру қажет, яғни неге және қалай? Бұл жағдайда жақсы адамдардың портреттерi немесе бала жанын Отанына деген сүйiспеншiлiгiн арттыратын Елтаңба мен тудың суретiн қойса болады. Әсiресе атабабаларының сурет қаттамасы болғаны дұрыс. Негiзiнде, бөлмелерге атабаба шежiресiнен жетi атасына дейiнгi әкешешелерiнiң суреттерi тұрса, өте жақсы. Балаға олар туралы жиi әңгiмелеп, тiптi бейiттерiне алып барып отырған дұрысырақ. Ал бүгiнде оның орнында әкелер отбасы дастарханында футбол командасы, саясат, әр түрлi президенттер мен олардың қалта қаржыларын әңгiмелеп отырғанын көремiз. Қазiрде арақшарап, мөлдiреген сыра, денсаулық шартына жәрдем беретiн/ұятты/заттар мен тағы басқа жөнжосықсыз баланың санасын улайтын дүниелердi жарнамалау үйреншiктi болды. Атабабаларымыз телевизорды «Шайтан жәшiк» деп тегiннен айтпаған болуы керек. Әрiден балаларымыз радио, құлаққап, плейер арқылы харамды тыңдауда. Онымен қоса ұялы телефондарында әр түрлi бейнедегi суреттер, анимация, валентинка, махаббат раушандары, құстар және тағы басқа мұсылманға тыйым етiлген дүниелермен жүректерiн қоршауда. Бұл үлкен күнә, енжарлық дегенiмiз осы. Егер де әсiресе мұсылман адамдар Алланың тыйымына көнiп, ақылға келмесе, онда Мұхаммед (с. ғ. с.) Пайғамбарымыз сақтандырғандай, түбiнде жер сiлкiнiсi, табиғи катаклизм, адамдардың бетжүзiнiң қисаюы, нақтыланған не нақтыланбаған әр түрлi аурулар күтетiн болады. Ол бүгiнде белгiсiн беруде. Сондықтан, егер де жер бетiндегi әр адамды аналарымыздай қайғыратын болсақ, онда өмiрiмiздiң соңында Алла тағаланың мейiрiмiмен жәннеттiң рақатына бөленетiнiмiз хақ. Жаратқан Алланың мейiрiмi әрқашан бiзбен болсын, жүректерiмiздi енжарлық жайламасын деймiн. Әумин, Аллаһу Акбар!

Нұрлан АСАНОВ,

Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының

Өскемен аймақтық өкiл имамы

13.10.2011

Серіктес жаңалықтары