АТАЖҰРТҚА ҚАНДАСТАР НЕ ӘКЕЛДI?

АТАЖҰРТҚА ҚАНДАСТАР НЕ ӘКЕЛДI?

АТАЖҰРТҚА ҚАНДАСТАР НЕ ӘКЕЛДI?
ашық дереккөзі
242

Қазақ диаспорасы – Қазақстаннан тысқары елдерде өмiр сүрiп отырған этникалық қазақтар. Қазақ диаспорасы тарихи саяси өзгерiстердiң салдарынан пайда болған қоғамдық құбылыс.

Қазақ халқы таяу заманға (жаңа заманға) дейiн өзiнiң кең-байтақ этнотерриториясында өркен жайып келген бiртұтас ұлт болатын. ХIХ ғасырда патшалық Ресейдiң Қазақ хандығын жойып, қазақ даласын отарлап, Қытайдың Цин империясымен Қазақстан жерiнен мемлекеттiк шекарасын белгiлеуiне байланысты, қазақтар өз атажұртында отырып-ақ Ресей мен Қытайдың құрамындағы этникалық топтардың бiрiне айналды.

ХХ ғасырда Кеңес Одағында жүргiзiлген одақтас республикалардың әкiмшiлiк территориясын айыруға байланысты, қазақ халқының бiраз бөлiгi Қазақстанның төңiрегiндегi Ресей мен Өзбекстан Республикаларының территориясында қалды.

ХХ ғасырдың 30-40 жылдары Кеңес Одағында және Қытайда жүргiзiлген саяси қуғын-сүргiн мен қолдан жасалған аштықтың салдарынан бой тасалап, жан сауғалап шет мемлекеттерге босып кеткен қазақтар бүгiнгi күнi әлемнiң қырықтан аса елiнде өмiр сүрiп отыр. Мiне, бұлар қазақ диаспорасының қалыптасуының тарихи себептерi. Қазақ диаспорасы мейлi қандай жағдайда қалыптассын, олардың барлығы қазақ ұлтының құрамдас бөлiктерi болып табылады. Сондықтан Қазақстан Республикасының "Халықтың көшi-қоны туралы Заңы" (2001 жылы 22 шiлде күнi жарияланған) шетелдерде өмiр сүрiп жатқан қазақтарды – "этникалық қатар" – деп атауын өте дұрыс деп санаймыз. Бұл атау қазақ ұлты өкiлдерiнiң қайда тұрса да бiр халық екендiгiн аңғартады.

Қазақстан үкiметi тәуелсiздiк алудың қарсаңында, болашақ дербес мемлекеттiң iргетасын бекемдеуде, ұлттық бiртұтастықты жүзеге асыруда қазақ диаспорасының немесе этникалық қазақтардың атқарар рөлiнiң маңыздылығын терең түсiнген. Сондықтан қазақ диаспорасын тарихи Отанына оралтудың заңдық-құқықтық негiздерiн жасауды қолға алған болатын. Оларды атап айтар болсақ:

1991 жылы 18 қарашада Қазақ Кеңес Социалистiк Республикасы Министрлер Кабинетi "Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс iстеуге тiлек бiлдiрушi байырғы ұлт адамдарының ҚКСР-ға қоныстану тәртiбi мен шарттары туралы" қаулы қабылдады. 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған "Мемлекеттiк тәуелсiздiк туралы" Конституциялық заңның 7-бабында "Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргiн, күштеп ұйымдастыру кезеңдерiнде, адамгершiлiкке жат өзге де саяси шаралар нәтижесiнде республика аумағын тастап кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар аумағында тұратын қазақтардың өз территориясына оралу үшiн жағдай жасайды" деп көрсеттi. 1992 жылы 26 маусымда қабылданған "Қазақстан Республикасы Көшiп келу заңының" 1-бабында "Шетелдерде тұратын отандастар өздерiнiң атақонысы Қазақстанға еркiн орала алады" деп белгiленген. 1992 жылы 23 қыркүйекте Министрлер Кабинетi "Шетелдердегi қазақ диаспорасы өкiлдерiн Қазақстан Республикасында болған кезiндегi әлеуметтiк-экономикалық жеңiлдiктермен қамтамасыз ету туралы" № 791 қаулы қабылдады. Қазақстан Республикасы үкiметi "Шетелдердегi ағайындарға қолдау көрсету туралы" мемлекеттiк бағдарлама және 1997 жылы "2000 жылға дейiнгi көшi-қон саясатының негiзгi бағыттары туралы" шешiм шығарды. 1997 жылы 13 желтоқсанда "Қазақстан Республикасы Халықтың көшi-қоны туралы Заң" қабылданды. Сондай-ақ осы заңның 29-шы бабында оралмандарға берiлетiн 14 түрлi жеңiлдiктер, өтемақы мен басқа да атаулы көмек түрлерi көрсетiлдi.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi 2009 жылы 30 желтоқсанда Парламент мәжiлiсiне "Халықтың Көшi-қоны туралы Заңның" жаңа нұсқасын ұсынды. Бұл заң жобасы көп талқыланып, оған толықтырулар мен түзетулер енгiзлiп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қоюымен 2011 жылы 22 шiлде күнi жарияланды. Бұл Заңды Қазақстандағы көшi-қонның жиырма жылдық тәжiрибесi мен қазiргi сұранысы негiзiнде жасалған, бiршама кемелдi заң деп санаймыз.

Қазақстан Республикасының жаңа "Халықтың көшi-қоны Заңы" қазақ диаспорасының немесе этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуына көп мүмкiндiктер берген. Аталмыш Заңның 3-бабында Қазақстан Республикасы аумағына оралу мақсатында "Көшiп келудiң негiзгi түрлерi" көрстiлген. Сол көрсетiлген бес түрiнiң төртеуi – қазақ диаспорасына немесе этникалық қазақтардың елге оралуына арналған деуге болады. Олар: 1) тарихи Отанына оралу мақсатында; 2) отбасын бiрiктiру мақсатында; 3) бiлiм алу мақсатында; 4) еңбек қызметiн жүзеге асыру мақсатында – делiнген түрлерi негiзiнен этникалық қазақтарға бағытталған. Заңның 5-бабында көшiп келушiлердiң құқықтары мен мiндеттерiн де анықтаған. Мұнда көшiп келушiлерге 6 түрлi құқық берiлген және 2 түрлi мiндет жүктелген. Сол мiндеттердiң бiрiншiсiнде:"Егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн белгiленген мiндеттердi атқарады" деп жазылған.

Демек ендiгi жерде тарихи Отанына оралған этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасында заңда көрсетiлген мiндеттер мен борыштарды орындауы – олардың ұлттық бiртұтастануға бет алғандығы болып табылады.

Бұл арада бiз, 1991 жылдан берi Қазақстан Үкiметi мен Парламентi қабылдаған Көшi-қон туралы қарарлар, заңдар және оны атқару шешiмдерiнiң өз нәтижелерiн бергендiгiн атап айтқымыз келедi. Ол қандай нәтиже десеңiз, оған қазiрге дейiн төрткiл дүниеден Отанға оралған миллионға жуық этникалық қазақтарды мысалға келтiруге болады. Жиырма жылда бiр миллионға тарта қазақ өкiлдерiнiң тарихи Отанына оралуы, iс жүзiнде тұңғыш Президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы ұлттық саясатының қомақты жемiстерiнiң бiрi. Сөйтiп елге елдiң қосылуымен Қазақстанда ұлттық бiртұтастану процесiнiң басталып кеткен-дi.

Олай болса, этникалық қазақтардың саналы түрде тарихи Отанға оралып, ұлттық бiртұтастану процесiне түсуiнiң идеологиялық негiзiн – қазақ халқындағы ортақ ұлттық таным мен тәуелсiздiк санасында деуге болады. Әлемдегi этникалық қазақтарда өздерiн қазақ ұлтының құрамдас бөлiгiмiз, Қазақстан – жалпы қазақ халқының қара шаңырағы немесе бiрден-бiр тәуелсiз мемлекетi – деген таным болғандықтан, сондай-ақ олардағы тәуелсiздiк санасының әмiрiмен Қазақстан өз тәуелсiздiгiн жариялаған алғашқы жылдан-ақ тарихи Отанына қарай көше бастады. Оларды тарихи Отанға итермелеген құдiреттi күш – олардағы ұлттық таным мен сана, әсiресе Қазақстанның тәуелсiздiгi болды.

Қазақстанға қазақ диаспорасының көшi Моңғолиядағы қазақтардан басталып, қытай қазақтарымен жалғасып, посткеңестiк республикалардағы қазақтардың көшiмен көбейе түстi. Сонымен қатар Ауғанстан, Иран және Түркиядағы қазақтар да көшiп келдi. Сөйтiп Қазақстан қоғамында "оралман" деген қоғамдық құбылыс пайда болды да, "оралмандар" деген ұғымдар мен терминдер заңдық қолданыстарға ендi. Бұл заңдылық, өйткенi тәуелсiз Қазақстан Республикасы қазақ диаспорасына немес этникалық қазақтарға арнаулы саясат қолдануының тарихи негiзi мен моральдық жауапкершiлiгi бар. Өйткенi қазақ халқы тарихта еврейлерден кейiн көп зиянкестiкке ұшыраған, қағажу көрген халық. Дегенмен ондай тарихи жауапкершiлiктi өз мойнына алу кез келген мемлекеттiң қолынан келе бермейдi. Осы тұрғыдан айтқанда, Қазақстан Республикасы – әлемдегi өз ұлтының тарихы мен тағдырына жауапкершiлiкпен қарайтын саусақпен санарлық мемлекеттердiң санатына жататын ел. Сондықтан да тәуелсiздiк жылдары алыс-жақын шетелдерден елге 1 миллиондай қандастарымыз оралып отыр. Бұл Қазақстанға қосылған адам ресурстары ғана емес, сонымен қатар елiмiзге құйылып жатқан мәдени, ғылыми-техникалық және экономикалық байлық бұлақтары болып табылады. Өйткенi оралмандар Отанға қазақтың дәстүрлi мәдениетiмен қоса, өздерi өмiр сүрген елдердiң кейбiр озық мәдениеттерiн де ала келдi.

Қазақстанға оралған қазақ диаспорасының туып өскен мемлекеттерiнiң мәдени ортасын (саяси – әлеуметтiк мәдениет негiзiнде) төрт үлкен типке бөлуге болады. Олар: моңғолдық мәдени орта; қытайлық мәдени орта; кеңестiк мәдени орта және исламдық мәдени орта (бұған Ауғанстан, Иран және Түркиядан келген қазақтар жатады). Олар осындай әртүрлi мәдени ортада өмiр сүрсе де, қазақ халқының ортақ дәстүрлi мәдениетi мен құндылық көзқарастарын жақсы сақтады. Бұл олардағы ортақтық болып табылады. Осындай ортақ түсiнiк пен сана-сезiм, оларды ұлттық ұлы бiртұтастыққа бастап келедi. Өйткенi тәуелсiз Қазақстанға көшiп келiп, мұндағы қалың қазақ халқымен тоғысып, бiрегей ұлтқа айналып, қазақы болмыста өмiр сүру – қазақ диаспорасының немесе этникалық қазақтардың ортақ арманы. Содықтан Қазақстан тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары төңiректен Қазақстанға әртүрлi жолдармен келушiлердiң қатары көп болды, әсiресе ұлттық сана-сезiмi күштi жастар мен орта жастағы ұлтжанды зиялылардың (интеллигенттер) көшiп келу белсендiлiгi жоғары болды.

Қазақстаннан тысқары елдерде өмiр сүретiн қазақтар, қашан да өздерiнiң ұлттық болмысын сақтауға баса назар аударады. Олар өздерiнiң ұлттық тiл, дiн, дiлдерiн (менталитет) жақсы сақтаумен қатар, дәстүрлi тұрмыс салты мен қолөнер кәсiптерiн де айтарлықтай жалғастырып, дамытып отырады. Сондай-ақ өздерi тұрған елдiң заманауи бiлiм-ғылымы мен сауда-индустрия саласының менеджменттiк өнерiн де игерген. Әсiресе, этникалық қазақтар шоғырлы қоныстанған Моңғолия мен Қытай қазақтарында ұлттық дәстүрлi мәдениет айтарлықтай жақсы сақталған және дамыған. Осындай мәдени ортадан Отанға оралған қандастарымыз Қазақстан қоғамына тың күш жаңа мәдени леп әкелдi.

Оралмандармен елге енген мәдениеттi, дәстүрлi мәдениет және заманауи мәдениет деп екiге бөлiп айтуға болады.

Дәстүрлi мәдениет бойынша айтқанда: бiрiншiден, қазақтың қаймағы бұзылмаған тiлiн, дәстүрлi дiнiн және тұрмыс салтын әкелдi; екiншiден, қазақтың ұлттық рухын, мiнез-құлқын, ақылақ – моральдық қасиеттерiн әкелдi; үшiншiден, дәстүрлi қолөнеркәсiптiң түрлi үлгiлерiн әкелдi; төртiншiден, қазақтың дәстүрлi емшiлiк өнерiн әкелдi; бесiншiден, қазақтың дәстүрлi ән-би, музыкасын жеткiздi.

Ал заманауи мәдениет тұрғысынан айтар болсақ: бiрiншiден, олар жаңа спорт өнерiн әкелдi, яғни Шығыстың тайкуандоу өнерiн таратты (Мұстафа Өзтүрiк); гунфу өнерiн таратты (Жәмали Диханұлы және басқалар); екiншiден, заманауи және дәстүрлi ән-би өнерiн әкелдi (Майра Мұхамедқызы, Шұғыла Сапарғалиқызы және басқалар Қазақстан ән-би өнерiн биiк деңгейге көтердi; Жәмали Диханұлы, Арыстан қажы қатарлылар қазақтың "Қара жорға" биiн елге таратты); үшiншiден, отандық тарих ғылымына жаңа ғылыми күш әкелдi. Олар Шығыстың ескi қолжазбаларын түпнұсқадан тiкелей оқып пайдалана алатын тарихшы лингвист мамандар: Зардыхан Қинаятұлы, Сартқожа Қаржаубайұлы, Нәпiл Пазiлханұлы (ескi моңғол, манчжур және түркi руникалық жазуларды оқитын тарихшы, филологтар); Ислам Жеменей (ескi парсы жазбаларын оқитын филолог), Бақыт Еженханұлы, Сағынтай Сұғатайұлы, Жәнiмхан Ошан және Нұрлан Кенжеахмет (мақала авторы да солардың қатарында, ескi қытай жазбаларын оқитын тарихшылар); төртiншi, Қытай-Тибет медицинасын әкелдi (Ерлан Ғазезұлы, Жасан Зекейұлы және басқалар); бесiншiден, Шығыстың сервис мәдениетiн әкелдi; алтыншыдан, Қытайдың агротехникалары мен басқа да қолданбалы технологияларын елге әкелiп қолданысқа енгiздi; жетiншiден, өздерiнiң жиған-терген қаржылары мен зейнетақсын да елге ала келдi.

Жалпы алып айтқанда, оралмандардың өздерiмен бiрге елге ала келген әртүрлi мәдениеттер мен қаржы-волюталары тәуелсiз Қазақстан қоғамының дамуына айтарлықтай үлес қосты. Бұл туралы нақтылы фактi мәлiметтердi Мұратхан Шоқанұлының құрастыруымен жақында ғана баспадан шыққан "Тәуелсiздiк жемiсi"атты үлкен анықтамалық еңбектен көруге болады. Оралмандардың отанға қосқан үлесi бұл ғана емес, бұдан да маңыздысы – олардың келуiмен елiмiзде баяулау болса да ұлттық бiртұтастану үдерiсiнiң басталуы деп санаймыз. Бұл процесс жақын жылдары ғана басталды. Өйткенi алғашқы жылдары оралмандардың қазақстандық қоғамдық ортаға үйлесуi оңай болған жоқ. Оның басты себебi – олардағы мәдени айырмашылықтарда болды. Өйткенi Қазақстан қоғамы – кешегi Кеңестiк қоғамнан шыққан кеңестiк социалистiк, орыстық мәдениеттегi қоғам едi. Бұдан Қазақстанда ұлттық мәдениет пен құндылықтар түбегейлi жойылып кеткен дейтiн түсiнiк тумауы керек. Ал оралман қазақтар болса, жоғарыда атап айтқанымыздай әртүрлi саяси-әлеуметтiк мәдениеттегi елдерде қалыптасқан жайы бар. Сондықтан бәрi бiр қазақ ұлтының өкiлдерi болғанымен қазақстандық ортада мәдени сәйкессiздiктер байқалды. Бұл бiр жағынан заңды. Оның үстiне кеңестiк жүйе күйреп, жаңа тәуелсiз мемлекет жүйесiн құру сынды өтпелi кезеңдегi Қазақстан қоғамының әлеуметтiк жағдайына оралмандар емес, жергiлiктi тұрғындардың өздерi де бiр мезгiл үйлеспей абдырап қалған болатын.

Қазақстандық қазақтар мен оралман қазақтар бiр ұлттың мүшелерi болғанымен олардың ойлау жүйесiнде және iс-қимыл әрекеттерiнде кейбiр айырмашылықтар да байқалып жатты. Бұл олардың өскен ортасының мәдени әсерiнiң көрiнiсi. Бұны тым асыра дәрiптеудiң қажетi жоқ. Ал баса дәрiптеуге тиiстiсi – жалпы қазақ халқындағы ұлттық немесе қазақтық ортақ таным мен тәуелсiздiк санасы. Тек ұлттық таным мен тәуелсiздiк сана ғана қазақ халқының, сондай-ақ Қазақстандағы халықтардың бiртұтастануының ұйтқысы бола алады.

Бiр мемлекеттегi бiртұтастықтар – мемлекеттiң территориялық бiртұтастығы мен саяси билiктiң бiртұтастығынан басқа, мемлекеттiк идеологияның бiртұтастығы, мемлекеттiк тiл мен дiлдiң бiртұтастығы және мемлекеттiк – ұлттық құндылықтардың бiртұтастығын қамтиды. Мемлекетiмiзде осындай бiртұтастық жүйе мызғымастай орнағанда ғана тәуелсiздiгiмiз баянды болады. Сондықтан ел iшiнiң ұлы бiртұтастық процесiн дамытуға күш салуымыз керек.

Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

29.09.2011

Серіктес жаңалықтары