ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖАҢА ЖОБАЛАРЫ
ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖАҢА ЖОБАЛАРЫ
Жуырда "Эйр Астана" әуе компаниясы Алматы қаласының әуе кемелерiнiң құрылымдық бөлiктерi мен конструкцияларын жөндеу бойынша орталығының тұсауын кестi. Аталмыш орталық авиациялық дөңгелектер мен батареяларды техникалық жөндеуден өткiзiп, ұшақтардың құрылымын жөндеуге бағытталған. Сондай-ақ, техникалық бақылау қызметi күшейтiлген авиатехникалық зертхана iске қосылды.
"Эйр Астана" әуе компаниясы iске қосқан ұшақтардың құрылымдық бөлiктерiне қызмет көрсету зертханасы мен металл өңдейтiн цех, ұшақтар конструкцияларының композиттiк элементтерiн жаңарту және авиациялық тежегiштердi жөндеу цехы заманауи құралдармен жабдықталған. Цехтарда ұшақ дөңгелектерi, батареялары жөнделiп, оның құрылысын жөндеу мен техникалық жiтi бақылауды жүзеге асыратын зертханалық жұмыстар жүргiзiледi. Бұл орталық бүкiл ТМД аумағындағы алғашқы өндiрiс орны. Келешекте әуе компаниясы калибрлiк және гидростатикалық сынақтар зертханасын салып, 2012 жылдың аяғына дейiн (C-chek) ұшақтарға техникалық қызмет көрсетудiң алғашқы аса iрi және күрделi формасын iске асыруды көздеп отыр. Ол жөнiнде "Эйр Астана" әуекомпаниясының инженерлiк-техникалық қамтамасыз ету бөлiмiнiң директоры Тимур Якупов: "Ұшақтарға жедел жөндеу жұмыстарын жүргiзу – авиация саласындағы шешiлмей келе жатқан проблема. Оның себебi, бiздiң елiмiзде бұрын-соңды әуе кемелерiн және оның күрделi және ұсақ бөлшектерiн жөндейтiн техникалық орталықтың болмауы. Осыдан екi жыл бұрын қолға алынған жөндеу цехтары бүгiн өз жұмыстарын бастап кеттi. Орталықты барынша халықаралық стандарттарға сәйкестендiру үшiн көп күш жұмсадық. Бiз ендi жолаушыларды тасымалдап қана қоймай, технологиялық деңгейде жоғары дәрежеге қол жеткiзiп, салмақты инженерлiк-техникалық орталыққа айналып отырмыз. Бұл бiздiң әуе компанияның ғана емес, күллi Қазақстанның жетiстiгi деуге болады", – дедi. Оның айтуынша, елiмiздегi негiзгi үш техникалық желiлiк база Алматы, Астана, Атырау қалаларының әуежайындағы ұшақтарға техникалық қолдау көрсетуге негiзделген. 2012 жылдың соңына қарай, аса күрделi жөндеу жұмыстарымен айналысу жоспарлануда. Қазiргi таңда елiмiзде инженер-техник мамандар тапшы. Осы мәселелердi жедел және тиiмдi шешу үшiн ұзақ мерзiмдi бағдарлама бойынша маман дайындау мақсатында Ұлыбританияға 4 маман оқуға жiберiлген. Олар бiр, бiр жарым жылдың iшiнде Еуропалық авиациялық инженер лицензиясының иегерi атанып, қайта елге оралды. Сондай-ақ, маман дайындауда елiмiздiң авиация саласындағы басты оқу орны – Қазақстанның Азаматтық авиациялық Академиясымен келiсiм-шартқа отырып, алдағы он-он бес жылдың iшiнде аталмыш оқу орнының студенттерiне тәжiрибелiк жағынан қолдау көрсетудi жолға қойып отырмыз. Жаңа бағдарлама бойынша аталған оқу орнының он баласы таңдалып алынып, қазiр олар оқып жатыр", – деп мәлiмдедi.
"Эйр Астана" АҚ президентi Питер Фостер: "2003-2015 жылдарына Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму стратегиясына сәйкес Қазақстанның мемлекеттiк экономикалық саясаты экономика салаларын дербестендiру мен дамудың шикiзат бағдарынан ауытқу арқылы елдiң тұрақты дамуына жету көзделген. Ұшақтарды жөндеу жоғары технологиялық өндiрiс болып табылды. Қазақстанда заманауи авиациялық-техникалық базасын дамытуға және авиациялық инженерлер мен механиктердiң жаңа буынын тәрбиелеуге мүмкiндiк туғызады", – дедi.
29.09.2011