ШЕКТЕН ШЫҚПАУ – ДIНГЕ ДЕ ҚАТЫСТЫ

ШЕКТЕН ШЫҚПАУ – ДIНГЕ ДЕ ҚАТЫСТЫ

ШЕКТЕН ШЫҚПАУ – ДIНГЕ ДЕ ҚАТЫСТЫ
ашық дереккөзі
185

Дiн – күйiп тұрған тақырып. Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсi "Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне дiни қызмет және дiни бiрлестiктер мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңдарының жобаларын мақұлдап, Сенатқа жiбердi. Бiз осы заң жобалары бойынша қорытынды әзiрлеуге құрылған жұмысшы тобының жетекшiсi, Мәжiлiс депутаты Рамазан Сәрпековтi әңгiмеге тартқан едiк.

– Әңгiмемiздi осы заң жобаларының дәл қазiр Мәжiлiске келiп түсуiне не себептер болды дегеннен бастағанымыз орынды болар…

– Соңғы жылдары дiн мен дiни бiрлестiктердiң қызметi туралы әңгiме әртүрлi сипатта айтылып жүр. Шындығын айтсақ, бұл мәселенiң төңiрегiнде проблемалық жайттар көбейiп бара жатқаны жиi естiлуде. Себебi дiн азаматтық қоғамдағы орны ерекше бiр қозғаушы күш ретiнде және адамның iшкi сезiмi мен нанымына тiкелей әсер ететiн құндылық екендiгi күннен-күнге мойындалып келедi. Сондықтан да болар қазiргi қолданыста жүрген "Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы" Заң 1992 жылдың 15 қаңтарында, яғни елiмiз тәуелсiздiгiн ресми жария еткеннен соң, алғашқылардың бiрi болып қабылданған болатын.

Тiптi Ата Заңымыздың өзi 1995 жылдың тамызында бүкiлхалықтық референдумда қабылданғаны белгiлi. Қазiргiдей үрдiстi даму кезеңiнде қоғамдық қатынастар күнделiктi өзгерiске ұшырауда. Төрткүл дүниедегi орын алып отырған жаңалықтардан кем қалмау үшiн халықтың игiлiгiне қажеттi мемлекеттiк құрылысты қалыптастыру, мемлекеттiк билiктiң үш тармағының мәртебесi мен қызметiн айқындау мен үйлестiру, сол сияқты ауылшаруашылық, экономика, салық, банк жүйесi, әлеуметтiк, денсаулық құқық қорғау органдары және де басқа салалардың қызметiн реттейтiн ұлттық заңнама мейлiнше жетiлдiрiлiп үлгердi. Бiрақ та рухани тiкелей әсер ететiн дiн қызметiне қатысты заңды жетiлдiру кешеуiлдеп қалды. Нәтижесiнде қоғамға жат әрекеттердiң белең алуына жол берiлдi. Дiнге қатысты қолданыстағы заңнаманың олқы жерлерiн тиiмдi пайдалана бiлгендер оңтайлы жолмен күмәндi дiни бiрлестiктердi құрып алғанымен қоймай, азаматтардың, әсiресе жастардың сенiмiне қиянат жасау жолымен бiзге жат әрекеттердiң орын алуына себебiн тигiздi. Дiни уағыздары ағайынның арасына жiк түсiретiн, жасөспiрiмнiң тәлiм-тәрбиесiне керi әсер ететiн, өмiрлiк танымға залалын тигiзетiн ата-бабамызға беймәлiм болған дiни бiрлестiктер пайда болып кеттi. Ағайынды араздастырып, көршiнi жат етiп, дос-жаранды дұшпаныңа теңейтiн терiс пиғылды адамдар пайда болды. Осының бәрi ескерiле отырып, Ата Заңымызда жазылған Қазақстан Республикасы демократиялы, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әрбiр адамның ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, ел азаматтарының дiни нанымына қарамастан тең құқығына кепiлдiк беретiнiн, халықтың мәдениетi мен дiни өмiрiн дамытуда дәстүрлi дiндердiң тарихи рөлiн танитынын, конфессияаралық келiсiмiн, дiни төзiмдiлiкпен және азаматтардың дiни нанымдарын құрметтеудiң маңыздылығын жан-жақты бекiтетiн, яғни бүгiнгi күннiң талабына сай жаңа заң қабылдау қажеттiгi туындады.

– Рамазан аға, өзiңiз айтқан миссионерлiк ағымды насихаттап жүрген дiни бiрлестiктердiң қызметiне қалай тосқауыл қоямыз? Қандай тетiктер қажет?

– Бұл көпшiлiктiң көкейiнде жүрген дүние. Миссионерлiк қызмет дегенiмiз – бiздiң елдiң аумағында дiни iлiмдi таратуға бағытталған қызмет. Миссионерлiк қызметпен өзiмiздiң азаматтарымызбен қатар, шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдардың да айналысуына жол берiледi. Бiрақ олар Қазақстан жерiнде мiндеттi түрде бiздiң елдiң ұлттық заңнамасына бағына отырып, олардың талаптарын сақтай отырып қызмет етуге мiндеттi. Егер де миссионерлердi дiн мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган – Дiн iстерi агенттiгi және оның облыстар мен Астана және Алматы қалаларындағы өкiлдiктерi мiндеттi түрде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiп, заңда көрсетiлген тәртiптермен дер кезiнде тексерiп отырса, қоғамда айтылып жүрген келеңсiздiктердi жоюға болады. Сондықтан да талқыланып жатқан заң жобасына миссионер боламын деген азаматқа да ерекше талаптар қарастырылған. Атап айтқанда, миссионер адам мiндеттi түрде мемлекеттiк тiркеуден өтуi қажет. Паспортын, миссионерлiк қызмет аумағы мен мерзiмi көрсетiлген өтiнiшiн, миссионерлiк қызметiн жүзеге асыру құқығына дiни бiрлестiк берген құжатын, жарғысының көшiрмесiн, миссионерлiк қызметiнде пайдаланатын әдебиетiн, аудио-бейнетасымалдарын және дiни мақсатта пайдаланатын өзге де заттарын өкiлеттi органға ұсынуы мiндеттi талап деп көрсеттiк. Бұның сыртында шетелден келетiн миссионердiң Қазақстан Республикасында ресми тiркелген дiни бiрлестiктiң шақыру қағазы мен шетелде ресми тiркелген ұйымның бар екендiгiн растайтын заңдастырылған немесе апостиль қойылған құжаттарын Қазақстанның өкiлеттi органына тапсыруы мiндеттi. Бұлардан тыс заң жобасында миссионер ұсынған материалдар бойынша қорытынды алу үшiн дiнтану сараптамасын өткiзу мiндетi өкiлеттi органға жүктелген. Осы аталған шарттардың бiреуi орындалмаған жағдайда миссионер ретiнде тiркеуге жол берiлмейдi, ал оны бұзған жағдайда шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылып, сот арқылы елден аластатылуы қажет. Елi мен жерiне, ел iшiнде қалыптасқан дәстүрлi дiнiне жаны ашитын лауазымды маман осы қағидаттарды сақтап, талаптарын мүлтiксiз орындаса, тәртiпке қол жеткiземiз.

– Кезiнде Қалтай Мұхамеджанов сияқты ұлт тұлғалары дiни миссионерлiк ағымдарды еркiне жiбермеу туралы талай ескерту жасаған едi. Неге мәселенi дер кезiнде ауыздықтамай, асқындырып жiбердiк?

– Заңды сақтамай, iздерiнен ешкiмнiң қадағалап жүрмегенiн сезген және кейбiр жауапты қызметкерлердiң салақтығын тиiмдi пайдалана бiлген миссионерлердiң әрекеттерi жақсылыққа апармайтынын көреген ұлтжанды адамдар ескертiп жүргенi рас. Табалдырығыңды аттамай жатып, төр менiкi деген келiмсектердiң пайдасынан залалы мол екендiгi қазiргi күндерде де жазылып та, айтылып та жүр. Қаралып отырған заң қабылданып, уәкiлеттi Агенттiк жұмысын жандандырса, елде жүрген барлық миссионерлердi тәртiпке шақыруға мүмкiндiк туады. Бұл бағытта жұмыстың бәрiн бiр ғана Агенттiкке артып қоймай, құқық қорғау органдары боп, қоғам болып атсалысуымыз қажет. Заң талаптарын қатаң пайдаланған жөн, бұндай мәселеде мәмiлеге келуге жол берiлмеуi тиiс. Бiздiң елге тыныштық пен бейбiт өмiр қажет екендiгiн оларға ақылмен түсiндiрiп, ал ол жеткiлiксiз болып жатса заң аясында мiндеттi түрде шара қолданған абзал болар едi. Тал бесiктен жер бесiкке дейiн тек қана парасаттылығы мен дарқандығын, бауырмалдығы мен адалдығын төңiрегiне нұр етiп жайып жүрген қазаққа қарсы қиянат жасау, кiмге болса да кешiрiлмейтiн күнә екендiгiн мойындатуымыз керек.

Мәжiлiсте қаралған заңдар дiни бiрлестiктердiң қызметiн реттеуге бағытталған. Жоғарыда атап өткен жәйттерден басқа заң жобасында пайдаланылатын негiзгi ұғымдар пысықталған. Мемлекет пен дiн және дiни бiрлестiктердiң белгiлерi, уәкiлеттi орган мен жергiлiктi атқарушы органдардың құзыретi, дiнтану сараптамасы және дiни жоралар мен рәсiмдер өткiзу тәртiбi, дiни бiрлестiктердi құру, мемлекеттiк тiркеу, қайырымдық қызмет пен дiни бiрлестiктердiң меншiгiне қатысты мәселелер қамтылған. Ал екiншi iлеспе заң жобасында дiни заңнаманы бұзған жағдайда қандай әкiмшiлiк жауапкершiлiк туындайтыны пысықталған. Қылмыстық әрекеттер топтамасы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көрсетiлген баптарда көрiнiс тапқан. Егер алдын-ала тергеу органдары кiнәлi адамдарың қылмыстық әрекетiн дәлелдеп берсе, аталған кодекстегi белгiлi бiр баппен сипатталуы тиiс.

– Қазiр кейбiр секталардың адамдары қаруланып алған деген лақап тарап жүр. Бұл жұртты шошындыруда. Осыған байланысты Заң аясында қандай пункттер қосылып, қандай пункттер алынып тасталады?

– Егер сенсеңiз, қолына қару алған сектанттар жайында менде нақты мәлiмет жоқ. Ал Сiзге белгiлi болса, тиiстi құқық органдарына хабарлауға мiндеттiсiз. Себебi Қазақстан Республикасы көлемiнде заңсыз ешкiм де қолына қару алып жүруiне немесе қаруланып отыруына жол берiлмейдi. Бұл қылмыс болып танылады. Ал егер ондай адамдар қару пайдаланған жағдайда қылмыс жасағандағы ниетiне және келтiрiлген залалына байланысты қылмыстық заңда көрсетiлген баппен жауаптылыққа тартылуы тиiс. Өзiнiң отбасының немесе көршi-қолаңның, ауылдың, халықтың бейбiт өмiрiне, тыныштығына, денсаулығы мен меншiгiне немесе басқа да мүддесiне бағытталған қылмыстық әрекеттер белгiлi болса, ауыр зардаптарға жеткiзбей алдын алған абзал. Өмiр көрсетiп отырғандай, терiс пиғылды секталардың басым көпшiлiгi өз жұмыстарын қаруланбай-ақ, адамдардың көңiл-күйiне, көзқарасы мен нанымына әсер ететiн өнерлерiн, ақша қаражаттарын пайдаланып немесе басқа да материалдық қызығушылыққа табындыра отырып, үгiт-насихат жұмыстарын өткiзедi. Өмiрде ненiң жақсы, ненiң жаман екендiгiн айыруға әрi толық қабiлетi жетiле қоймаған жастарымыз осыған сенiп, дүниедегi ең дұрыс дiни ағым осы деген пiкiрiн қалыптастырады. Терiс ағымға енiп кеткен адамның жүрегiне жол таңдап, қайта түзеудiң қаншалықты қиын екенi айтпаса да түсiнiктi. Осындай кесiрлi секталардың жұмысынан сүттей ұйып отырған бiр отбасының (отағасы, аналары, балалары жоғары бiлiмдi) ойраны шығып, ұлы өлген уақытта анасының қуанғанын өткен жылы "Жас алаш" газетi жазғанын оқыған боларсыздар. "Сенiм деген құдiреттi күш, ол сеңгiр тауды да қозғайды" деген халық даналығы текке айтылмаған.

– Ал қазiр мектептерде, жоғары оқу орындарында жастардың орамал тартуына тыйым салу керек дейтiндер көбейiп келедi. Оның үстiне қазiр қоғамда жұмыс орындарында бес уақыт намаз оқуға тыйым салу жөнiнде пiкiрлер айтылуда. Бұған сiз не айтасыз?

– Қыз балалардың басына орамал тартып жүруiне ешкiм де тыйым сала алмайды. Көпшiлiктiң ортасында әңгiме болып жүрген мәселе – қыз балалардың хиджаб киюiнде болып отыр. Бұлардың қатары көбейiп келе жатқаны ешкiмге жасырын емес. Заң жобасының iшiнде хиджаб мәселесi қаралған жоқ. Бiрақ дiни iстерi жөнiндегi Агенттiк төрағасының айтуынша, бұл мәселе бойынша Бiлiм және денсаулық министрлiгiмен бiрлесе отырып кең көлемдегi жиналыс жоспарланып отырған көрiнедi. Мүмкiн сонда қоғамға тиiмдi, ешкiмнiң құқығын бұзбайтын шешiм қабылданып қалар деген үмiт бар. Ал қоғамдық орындарда бес уақыт намаз оқуға тыйым салынады екен деген пiкiр жаңсақ. Әңгiменiң төркiнiне жетпей жатып, бiреуден естiген лақап әңгiме. Әдетте бұндайлар тез тарайтын әдетi емес пе?! Мейлi мемлекеттiк қызметкер болсын, мейлi студент болсын, мейлi әскери адам болсын, мейлi құқық қорғау саласында қызмет iстейтiн адам болсын оның дiни сенiмiне ешкiм қиянат жасауға жол берiлмейдi. Бұл Конституцияда жазылған норма. Бұл дiни қызмет туралы арнайы заң жобасы болғандықтан заң жобасының 7-бабында дiни бiрлестiктер құлшылық ету орындарын ұстауға құқылы және Құдайға құлшылық ету, дiни жоралар мен рәсiмдер ғибадат үйлерiнде (ғимараттарында) және оларға бөлiнген аумақта, құлшылық ету орындарында, дiни бiрлестiктер мекемелерiнде, зираттарда, үйлерде, асханаларда, мейрамханаларда, базарларда, бекеттерде, қонақүйлерде тағы басқа қоғамдық орындарда бөгетсiз жүргiзiледi деп ашық жазылған. Бұл дегенiмiз мемлекет дiн ұстанымы жолындағы адамдардың сенiмiне кепiлдiгiн заң жүзiнде бекiтiп бергенi болып танылады.

Бұның сыртында заң жобасында азаматтардың дiни көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, дiни қызметiне заңсыз кедергi келтiруге немесе олардың дiни сезiмдерiн қорлауға, қандай да бiр дiндi ұстаушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарын қорлауға жол берiлмейтiнi қаралды. Ал бұл талаптарды бұзған адамдар әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылады деп шегелеп тұрып заңда бекiттiк. Және де көпшiлiктiң талабы бойынша қамауда ұстайтын және жазаны өтеу орындарындағы азаматтарға, ауруханалардың, қарттар мен мүгедектер үйлерiнiң емделушiлерiне тiлегi бойынша немесе олардың туыстарының салттық қажеттiлiктерi жағдайында ресми тiркеуден өткен дiни бiрлестiктiң дiни қызметшiлерi шақырылады деген норма қаралды.

Сонымен қатар бiздiң республиканың зайырлы мемлекет екендiгi ескерiле отырып, дiни жоралар мен рәсiмдердi, сондай-ақ миссионерлiк қызметтi мемлекеттiк органдар мен мекемелерде, қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда, сот және құқық қорғау органдарында, азаматтардың өмiрi мен денсаулығын қорғау мен қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етумен байланысты қызметтерде және бiлiм беру ұйымдарының ғимараттарында және оларға бөлiнген аумақтарда өткiзуге жол берiлмейдi деген норма қаралған. Өзiнiң дiнiн, мемлекетiн, өзiн сыйлайтын азамат намазын бұзбай, құлшылығын арнайы орындарда өткiзуiне ешқандай шектеу қойылмаған.

– Сiздер жасақтаған жұмысшы тобының құрамында дiн өкiлдерiнен кiмдер бар?

– Мәжiлiстiң жұмыс тәртiбiне сәйкес, жұмысшы тобына тұрақты комитеттерден депутаттар бөлiнедi. Оның сыртында заң жобасын әзiрлеген уәкiлеттi органның басшылары, Мәжiлiстiң заңнама және аударма бөлiмдерiнiң мамандары, Парламенттегi Қазақстан Республикасы Президентi өкiлiнiң және Үкiметтiң жауапты қызметкерлерi, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, бiлiм және ғылым, сыртқы iстер, қорғаныс, денсаулық сақтау, әдiлет, iшкi iстер, мәдениет, ақпарат және байланыс министрлiктерiнiң жауапты қызметкерлерi тартылды.

Талқыланып отырған заң жобаларының аса зор маңыздылығы ескерiле отырып, жұмысшы тобының барлық отырыстарына дiн саласын зерттеушi ғалымдар, Астана қаласындағы Садуақас Қажы Ғылмани мешiтiнiң бас имамы Бақтыбай Қыдырбайұлы Бейсенбаев, Астана қаласындағы орыс православие шiркеуiнiң епископы М.Б. Гоголев, "Терiс пиғылды дiни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталықтарының қауымдастығы бiрлестiгiнiң" жетекшiсi Е. Сайт мырза қатысты. Бұның сыртында заң жобасы бойынша кейбiр пiкiрталас туғызған баптар бойынша Астана қаласындағы "Нұр Астана" мешiтiнiң бас имамы Қалижан Заңқоев, "Руханият" мұсылман университетiнiң ректоры, профессор Мұрат Мыңбаев, белгiлi қоғам қайраткерi, заң ғылымдарының докторы, профессор М.Нәрiкбаев сынды мырзалар мен қатар дiни бiлiмдерiн шет мемлекеттен алған басқа дiн саласының мамандары қатысып, өз пiкiрлерiн айтты. Жалпы, жұмысшы тобының отырыстары ашық есiк жағдайында өтiп, осы заңға қызығушылық танытқан барлық адамдардың қатысып, өз пiкiрлерiн жеткiзуiне толық мүмкiндiк жасалды. Заң жобасын талқылау мейлiнше қазақ тiлiнде өттi.

– Дiн мәселесiн неге саясатқа айналдыратын болдық?

– Өте орынды сұрақ. Дiн мәселесiн пайдалана отырып өз мүдделерiне жетудi көздеген кейбiр топтар дiндi саясатқа бұрмалауды әдетке айналдырып алған. Өркениеттi пiкiрталас жолымен уағыздарын жеткiзе алмаған жағдайда, қоғамдағы қайбiр әлеуметтiк жағдайларды немесе көпшiлiкке мәлiм кемшiлiктердi тiлдерiне тиек етiп, түймедей нәрсенi түйедей етiп бейнелеп, даурықпалыққа салынып, аяғын саясатқа бұрмалап құтылудың жолын iздейдi. Жаңадан құрылған Дiн iстерi жөнiндегi агенттiк жергiлiктi дәстүрлi дiни ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс жасай отырып, осындайларға тыйым салуы қажет. Талқыланып жатқан заң жобалары қабылданған жағдайда бүгiнгi күнi дiн қызметi төңiрегiнде қордаланып қалған бiршама проблемаларды дұрыстауға мүмкiндiк болатынына сенiмiм мол.

Сұхбаттасқан Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

29.09.2011

Серіктес жаңалықтары