ҚАЗАҚСТАНДЫҚ "ФОРБС" қазақша емес
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ "ФОРБС" қазақша емес
Жүз жылға жуық тарихы бар "Форбс" журналы осы айдан бастап Қазақстанда да шығатын болды. Медиа нарықтың майын iшкен Арманжан Байтасов Америкадағы Стив Форбспен келiсiп, осы журналдың жергiлiктi нұсқасын жасауды бекiнiптi. Обалы нешiк, алғашқы қадамы осал емес. Қазақстандық "Форбс" америкалық нұсқаға ұқсас: жылтыр қағазды қара түстi мұқаба, баюдың сыры туралы түрлi ақыл-кеңестер…
Журналдың алғашқы нөмiрiнде америкалық миллиардер Уоррен Баффет пен кәсiпкер музыкант Джей-Зимен журналдың бас редакторы Стив Форбстың сұхбаты жарияланған. Голливудтың қарабайыр дәмханасында өрбiген әңгiме-сұхбаттан өмiрде жетiстiкке жету үшiн не керек деген сұраққа жауап табуға болар. Бұл америкалық "Форбстан" алынған дайджест. Басылымның алғашқы санында Қазақстанның инвестициялық мүмкiндiктерiне байланысты "Лукойл" компаниясының преиздентi Вагит Алекперов, РУСАЛ компаниясы бас директорының бiрiншi орынбасары Владислав Соловьев ой қозғайды.
Алайда, қазақстандық нұсқа қазақша емес. Журналды шығарушылар жергiлiктi басылым орыс тiлiнде әлдеқайда өтiмдi болады деп есептесе керек.
"Форбсты" шығарушылар есепке жүйрiк болғаны абзал, әрине. Өйткенi бүкiл әлем бойынша барлық бай-манаптарды мұрнынан жiпке тiзгендей етiп есепке алу – осы басылымның бейресми мiндетiне айналғалы көптеген жылдар болды. Қаржылық әлемде кiмнiң қанша доллары бар екенi, қай компанияның акциясы қаншаға сатылғаны жайлы деректердiң денi осы журналдан табылады. Ал қазақстандық "Форбс" елдегi барлық сауда-саттықтың сырын ашып, жергiлiктi байлардың қалтасындағы ақшаны есептей ала, ма жоқ па – уақыт көрсетедi.
Журналды шығарушылардың айтуынша, Қазақтандағы ең бай жүз адамның тiзiмi дайындалып жатқан көрiнедi. Тұсаукесер рәсiмiнде "Сiздiң аты-жөнiңiз осы тiзiмнiң қай тұсында болуы мүмкiн?" деген сұраққа Нұрлан Смағұлов аз-маз ойланып: "Шамасы, екiншi елулiктiң iшiнде тұратын шығар" деп жауап бердi. Қазақстандағы бай адамдардың бiрi осылай десе, онда елде шылқыған байлардың бiршама екенi анық қой?
22.09.2011