"АНА ТIЛIМ – АРДАҒЫМ"

"АНА ТIЛIМ – АРДАҒЫМ"

"АНА ТIЛIМ – АРДАҒЫМ"
ашық дереккөзі
207

"Ана тiлiм – ардағым". Дәл осы атпен өткен аптада Алматы қаласында үлкен мерекелiк шара өттi. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттiк академиялық драма театрында өткен аталмыш фестивальде қалалық байқаулардың жеңiмпаздары да арнайы марапаттарға ие болған.

Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына орай ұйымдастырылған фестивальдiң басты мақсаты – қаладағы барлық ұйымдар мен түрлi әлеуметтiк топтардың күшiн мемлекеттiк тiл саясатын жүргiзуге, ынтымақтастықты, рухани тұтастықты, елдiк патриотизмдi нығайтуға арналды.

Бүгiнде Алматы қаласы әкiмдiгiнiң тапсырысымен әрқайсысы 16 сағаттық "Асыл сөз", "Шәкiрттерге шашу" атты қазақ әдебиетiнiң үздiк үлгiлерiнен құралған аудиокiтаптар, әрқайсысы он минуттан тұратын 35 сериялы "Алдар Көсенiң көңiлдi оқиғалары" атты анимациялық мультфильмдер көпшiлiк назарына ұсынылып отыр. Аталмыш фильмнiң жалғасы бар. Жыл соңына дейiн мультфильмнiң 50 сериясын шығару жоспарлануда. "Алдар көсенiң көңiлдi оқиғалары" жас жеткiншектерiмiздiң ой-танымын дамытады, көңiл көкжиегiн кеңейтедi. Әрбiр жас жеткiншек "Асыл сөзбен" қанаттанып, "Шәкiрттерге шашу" аудиокiтабымен тәрбиеленетiн болады. Бұл аудиокiтаптарда қазақ фольклорының көнермес туындылары, елiмiздегi белгiлi қаламгерлерiмiздiң сарабдал шығармалары сұрыпталып жазылған.

"Алдар Көсенiң көңiлдi оқиғалары" анимациялық мультфильмi бүлдiршiндердiң мемлекеттiк тiлдi үйренуiне де үлкен септiгiн тигiзетiн игiлiктi дүние. Бұл өнiмдердiң барлығы дерлiк, Алматы қаласының барлық мектептерi мен балабақшаларына тегiн таратылып, "Алматы, "Мир", "Балапан" телеарналары арқылы балаларға арналған бағдарламаларда көрiнiс тауып жүр.

Фестивальдi Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов ашты. Қала жұртшылығын тiлдер күнiмен құттықтаған әкiм өз сөзiн: "Бүгiнгi таңда әлемде 7 мыңдай тiл бар екен. Солардың 114-i ғана ресми мәртебеге ие. Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мәртебеге ие болуы – бiздiң рухани тәуелсiздiгiмiздiң айғағы. Сонымен қатар, ол баршамызға келешек алдында аса үлкен жауапкершiлiк жүктейдi", – деп бастады.

Ахметжан Есiмов: "Бүгiнгi күнi Алматыдағы 216 балабақшаның 81-i қазақ тiлiнде, 82-сi аралас. Оларда тәрбиеленушiлердiң 15 мыңы қазақ, 7 мыңы орысша тәлiм алуда. Бұған қоса, 18 мың сәби аралас топтарға барып жүр. Бiр қуанарлығы, өзге ұлт өкiлдерiнiң қазақша тәрбие беруге деген ықыласы жыл сайын артып келедi. Қаламызда 3692 өзге ұлт өкiлдерi қазақша тәрбиеленуде. Соның 2266-сы орыс, 1426-сы өзге ұлт бүлдiршiндерi. Тұтастай алғанда, қазiр Алматы қаласы бойынша қазақ балабақшаларындағы сәбилер саны 60 пайыздан асты. Бұл – Елбасының "Қазақстанның болашағы – қазақ тiлiнде" деген сөзiнiң дәлелi.

Екiншiден, тiл болашағының басты буыны мектеп екендiгiн бiлесiздер.

Бүгiнгi таңда Алматы қаласында таза қазақ тiлiнде оқытатын мектептердiң саны 50-ге жеттi. Өткен ғасырдың 70-шi жылдары Алматыда жалғыз ғана қазақ мектебi болғанын баршаңыз бiлесiз. Ал 1989 жылы олардың саны – 7-еу, 1999 жылы – 32 болған. Соңғы үш жылдың iшiнде ғана онға жуық қазақ мектебi ашылды. Олардың барлығы жаңадан салынған, типтiк жобадағы ғимараттар. Таяу жылдары тағы да 7 қазақ мектебi шаңырақ көтередi. Аралас мектептердi жеке бөлiп шығарудың да жүйелi жоспары бар.

Осыдан жиырма жыл бұрын Алматыда қазақ мектептерiнде оқитын балалар саны 8 мыңдай ғана болса, биылғы оқу жылында олардың саны 70 мыңнан асты. Яғни он есеге жуық өскен.

Қазақ тiлiнде бiлiм беру сандық жағынан ғана емес, сапалық жағынан да жетiлiп келедi. Биыл "Алтын белгi" алған түлектердiң 69,7 пайызы қазақ мектептерiн тәмамдаған. Халықаралық олимпиадаларда жүлделi орын алып, өз бiлiмдерiн әлемдiк бәсекеде таныта бiлгендердiң 73 пайызы – қазақ мектебiнiң оқушылары. Биылғы Ұлттық бiрыңғай тестiлеу бойынша орташа көрсеткiш – 87 балл болды. Қазақ тiлдi шәкiрттердiң орташа көрсеткiшi орыс мектептерiне қарағанда екi балға жоғары болды. Демек "Қазақ мектептерiнiң бiлiм деңгейi төмен" деген бiр кездерi қалыптасқан қағиданың бүгiнгi таңда түбiрiнен өзгергенiн көруге болады. Қазiр қаладағы қазақ мектептерiнде 1533 түрлi ұлт өкiлдерiнiң балалары қазақша тәлiм-тәрбие алуда. Бұл – барынша қолдап, үлгi-өнеге етiп көрсететiн құбылыс.

Үшiншiден, елiмiздiң ең белсендi жастары оқитын жоғары бiлiмдегi жағдай да көп өзгердi. Алматыдағы 53 жоғары оқу орнындағы 186 мыңнан астам студенттiң жартысынан астамы ана тiлiмiзде оқиды. Салыстырып көрелiк. 1990-1991 оқу жылдары жоғары оқу орындарында қазақ тiлiнде оқытатын топтар саны 13,6 пайыз болса, 2000-2001 жылдары 30,1 пайызды құраған. Ал өткен оқу жылында қазақша топтардың саны 51,6 пайызға жетiп отыр. Бұл құбылыс өзiнiң заңды жалғасын табады деп ойлаймын.

Алматы қаласында тiлдi оқып, үйренуге, мемлекеттiк тiлде iс жүргiзуге, сонымен қатар, ұлттық мәдени орталықтардың өз ана тiлдерiн үйренуiне толық жағдай жасалған. Оған жергiлiктi бюджеттен жеткiлiктi қаражат та бөлiнiп отыр. Алматы қаласы әкiмдiгiнiң жанындағы "Тiл" оқу-әдiстемелiк орталығында мемлекеттiк тiлмен қатар күрд, корей, түрiк, венгер, поляк, ауған, осетин т.б. барлығы 19 ұлт тiлдерiн оқытуды қолға алдық. Қазiр осындай жексенбiлiк мектептерде 868 түрлi ұлт өкiлдерi өз ана тiлдерiн үйренуде.

Бесiншiден, тiл шаруасы оқытумен, үйретумен ғана шектелмейдi. Оны өмiрiмiздiң барлық саласына енгiзiп, күнделiктi тiршiлiктiң құралына айналдыру керек. Сондай маңызды шаруаның бiрi – қаладағы атаулар мен көрнекi ақпараттар. Қазiр Алматыдағы көше атаулары адам танымастай өзгердi. Ол жүйелi түрде жалғасып келедi. Мәселен өткен жылы ғана Алатау ауданындағы 178 көшеге ұлттық идеологиямызға сай жаңа атаулар берiлдi.

Қазақ халқының рухани өркендеуiне еңбегi сiңген айтулы тұлғалардың барлығы дерлiк Алматы қаласында еңбек еттi. Олардың көзi тiрiлерiнiң мерейтойлары өткiзiлiп, өнегелi еңбектерi мен шығармашылықтары насихатталып отырады. Арамызда жоқтарының атын ардақтап, ескерткiштерiн тұрғызып, есiмдерiн көшелерге берiп, құрмет көрсетiп жатырмыз. Қазiр қала бойынша қоғам және мемлекет қайраткерлерiне орнатылған ескерткiш тақталар саны 409-дан асты.

Бұл аз ба, көп пе? Ол жағын бiз әлемдiк тәжiрибеге және қаланың бүгiнгi жағдайына сәйкес бағалауымыз керек. Бiр анық мәселе, көшелерге атын беретiн, ескерткiш тақта қоятын тұлғалардың есiмдерi соған лайық болуы керек. Ал келiп жатқан ұсыныстарда шек жоқ. Сондықтан жауапты құрылымдар мен қалалық ономастикалық комиссияға бұған қатты мән берудi тапсырамын.

Соңғы жылдары мемлекеттiк тiл саясатында үлкен бетбұрыстың басталғаны анық. Ол ел өмiрiнiң барлық салаларында байқалып отыр. Тек соны көре бiлетiн, iске жанашырлықпен қарайтын, ақиқатын айтатын ақ ниет керек. Қазақта: "Жоқ десең, жоғаласың" дейтiн де ғибратты сөз бар. "Жоқ" деп алақан жайып айғайлай бергеннен, оны келiп бiзге ешкiм де iстеп бермейдi. Ел де, тiл де бiздiкi, оған бiзден басқа бiлек сыбанып қызмет ететiн күш жоқ. Ұлтқа еңбек етуге қазiр барлық жағдай бар. Олай болса, Тәуелсiз Отанымыздың киелi шаруасына әр азамат өзiнен, отбасынан, еңбек етiп жүрген ұжымынан, қоғамдық қызметiнен бастап өз үлесiн қосуы керек",– дедi.

Одан ары қарай, әкiм қалалық байқаулардың жеңiмпаздарына сыйлықтарын табыс еттi. Олар "Мемлекеттiк тiл және бұқаралық ақпарат құралдары", "Мемлекеттiк тiл – менiң тiлiм", "Үздiк аудармашы", "Қазақ тiлiнiң үздiк оқытушысы" атты байқаулардың жүлдегерлерi. Олардың арасында: үздiк тiлшiлер Ермек Зәңгiров, Серiк Ерғали, Назым Стамбекова, Нұржамал Янгибаева, үздiк аудармашы – Гүлжаһан Бұржымбаева, үздiк оқытушы – Рауия Искакова бар.

Фестивальдiң соңы ән мен жырдың кешiне ұласты. Қазақ эстрадасында жүрген белгiлi әншiлер, өзге ұлт өкiлдерi тiл мерекесiне арнап, патриоттық әндерiн шырқады.

29.09.2011

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары