ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ СОҒЫС» ОЙЫНЫНДА КIМ ЖЕҢЕДI?

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ СОҒЫС» ОЙЫНЫНДА КIМ ЖЕҢЕДI?

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ СОҒЫС» ОЙЫНЫНДА КIМ ЖЕҢЕДI?
ашық дереккөзі
321

"Олар адам өлтiрдi. Бiрақ олар кiнәлi емес". Бiз мақаламызды қорқынышты әңгiмемен бастадық. Отандық арналардың жаңа маусымда көрсететiн фильмдерiн "ең қорқынышты, ең қызықты" деп жиi жарнамалауы әсер етсе керек. Гүлдi таспен ұруға болмайды. Ал адамның нәзiк жүйкесiмен "психологиялық соғыс" ойынын ойнауға бола ма? Ойнауға болады екен.

"ОЛАР КIНӘЛI ЕМЕС"
Әлемде жүйке ауруымен қаншама адамның ауыратынын бiлесiз бе? Миллиондаған!.. Жүйкесi сыр берсе де психолог-дәрiгерлердiң көмегiне сүйенбейтiн арамызда қаншама адам жүр. Бiз олармен күнделiктi қарым-қатынастамыз. Олар бiздi, бiз оларды түсiнбеймiз. Бiз оларға, олар бiзге сенбейдi. Себебi бiз өзiмiздi өзiмiз "емдей" аламыз. Бәлкiм, олардан "ақылдырақ" шығармыз, жоқ әлде, ақымақтаумыз ба? Психолог мамандар ақыл-ой еңбегiмен, яғни шығармашылықпен айналысатын адамдардың депрессияға көп түсетiнiн, алайда олардың көбiне өздерiн өздерi "емдеп" шығатынын айтады. Жүйке ауруына шалдыққан адамға ең бiрiншi психолог емес, өзi ғана көмектесе алады. Жазушы жазылмай қалған әңгiмесiн аяқтауды мақсат етедi, журналист ойда жүрген мақаласын жазуға тиiс, актердiң жаңа рөлi бар. Ал шығармашылықтан алыс адамдардың мақсаты жоқ деп айтуға бола ма? Үлкендердiң депрессияға түсуiне көбiне-көп өздерiн жалғыз сезiнуi себеп болады. Қасында ата-анасы бар сәбилер өздерiн өздерi жалғыз сезiне ме? Олардың жүйкесiнiң бұзылуына не себеп? … Ойнап жүрiп, сiңлiсiн атасының мылтығымен атып қойған кiшкентай қыз қылмыскер ме? Дос баласын әкесiнiң қаруымен атып салған кiшкентай бала ше? Бала қылмыскер ме? Бәрiнiң жауабы бiреу: "Олар адам өлтiрдi. Бiрақ олар кiнәлi емес". Сонда кiнәлi кiм? Ата-анасы. Ересектер. Бала киноны өмiр деп қабылдайды. Өмiрдi киноға ұқсатады. Бала түгiлi киноға ересектер де сенiп қаламыз ғой. Бала естiгенiн өтiрiк қоспай, сол күйiнде жеткiзедi. Көргенiн де сол қалпында айтады. Себебi ол жалғандықты бiлмейдi. Ол көргенiн сол қалпында жасаса ше?.. Iнiсiн жiппен қылқындырып жатқан ағасын "қылмыс" үстiнде ұстап алған әке-шешесi "Мұның не? Туған бауырыңды өлтiрмек болдың ба?", – десе, "Кинода iнiсiн жiппен қылқындырды ғой", – деп жыламсырап жауап бередi. Кiшкентай ұлдарының көзiнше содан соң ата-ана атыс-шабыс, қантөгiс фильмдер көрмейтiн болыпты. Бала тез есеюдi ғана армандамайды, сол жасында-ақ өздерiнше ересектерше "өмiр" сүре бастайды. Өзiнiң туған қарындасымен құшақтасып, ернiнен сүйiп тұрған ағасын шапалақпен тартып жiберген әжейдiң соққысын ауырсынып жылаған "аға": "Неге ұрасыз менi. Кинода да ағасы қарындасымен дәл осылай сүйiстi ғой", – деп "ақталыпты". Бала ақтала алады, ал ата-ана ақтала ала ма? Ата-ананың қылмысы үшiн баласы жауап бермейдi, бiрақ баланың қылмысы үшiн ата-ана жауап бередi. Балалар фильмiн түсiру ересектерге арнап кино таспалаудан әлдеқайда қиын. Хикая – жазушы шығармашылығының жемiсi болса, кино – ұжымдық өнер. Сөз жоқ, Мәскеуде бiлiм алған "жаңа толқын" қазақ кино өнерiнде "эксперимент" жасады. Дегенмен олар балалардың психологиясына "эксперимент" жасаудың қылмыс екенiн түсiнген секiлдi. "Қазақфильм" түсiрген фильмдер ересектердiң рухани қажеттiлiгiн қанағаттандыра алмаса, оларда таңдау құқы бар. Бiздiң отандық арналар Голливуд пен Ресейдiң киноларын бiр-бiрiмен жарысып көрсетедi. Одан қалса, кинотеатрларға барады. "Жабайы саудада" шетелдiң киноөндiрiсiн кеңiнен таратуға күш салып жатыр. 200-300 теңгеге кез-келген жанрдағы фильмнiң дискiсiн сатып ала аласыз. Бiрақ өз қолыңызбен балаңыздың жүйкесiн бұзатын "психологиялық соғыс" ойынын сатып ала көрмеңiз. Бiрде құрбым екеумiз "Көк базарда" жолығып қалдық. Ол баласына "Жабайы саудадан" фильмдер таңдап тұр екен. Бiр күнi үйiне қонаққа барғанымда баласы теледидарға қарай алмай, анасынан өшiруiн сұрады. Өзi ашуланшақ. Тұйықталып кеткен. Ойнамайды. Ешкiммен сөйлескiсi келмейдi. Себебiн сұрағанымда: "Есiңде ме, бiрде сегiз балалар фильмi топтасқан дискi сатып алып едiм ғой. Сол фильмнiң бiр де бiрi балалар киносы болып шықпады. Қандай фильмдер екенiн алдымен өзiм көруiм керек едi. Жұмыстан қолым босамай, ұмытып кетiппiн. Кейiпкерлерi балалар. Қанiшер балалар. Бiр-бiрiн өлтiрiп, қандарын теңiз суындай ағызады. Тiптi бiр фильмде өлгендердiң үстiнде балалар секiрiп жүр. Сол фильмдер жүйкесiне қатты әсер еттi. Теледидарға мүлдем қарағысы келмейдi. Баяғыдай компьютерлiк ойындарды да ойнағысы келмейдi. Дискiнi жағып жiбердiм. Бастапқыда ұйқысынан шошып оянып жүрдi. Дәрiгерге көрсеттiм, қазiр жақсарып келедi", – деп мұңайды. Сол сәтте интернет-клубтардағы компьютерлiк ойындардағы "дұшпандарын" "Өлтiрдiм, өлтiрдiм", – деп қуанып, қол шапалақтайтын, бiр-бiрiне "Өлтiр! Өлтiрсеңшi! Неге ойланып отырсың, өлтiр", – деп кiжiнетiн жасөспiрiмдер туралы ойладым.
ҚАЗАҚ МУЛЬТФИЛЬМI ТАСАДА ҚАЛДЫ
Өкiнiшке қарай, балалар киносы түгiлi мультфильмнен де мөлдiрлiк пен тазалақты таппайсыз. Батыстың эстетикалық талғамға "тас лақтырған" аниматорларының балаларға жасаған "сыйынан" сәби түгiлi ересектер шошиды. Бала кезiмiзде бiз көретiн "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?", "Ақсақ құлан", "Қырық өтiрiк" атты мультфильмдердi әкелерiмiз бiзбен бiрге тамашалайтын. Ал бүгiнгi балалармен бiрге отырып, "Niсkeledeon" арнасындағы мультфильмдердi соңына дейiн көру мүмкiн емес. Сорақысы, кабельдi жүйеге қосылған арналардан эротикалық анимациялық фильмдер де көрсетiледi. …Бiр мультфильмде төсекте аяғын көтерiп, сыра iшiп жатқан семiз отағасы жүктi әйелiн бiр теуiп, терезеден лақтырып, машинаға "отырғызады". Ендi бiр анимациялық фильмде екi қыз сыра iшуден жарысады. Ендi бiр мультфильмдi көру де, айту да қиын. Шелек-шелек құсқан құбыжық кейiпкер кiмге үлгi бола алады? Бұл мультфильмнен iшiмдiк iшу мен құсудан басқа ештеңе көрмейсiң. Сонда аниматорлардың мақсаты не? Балаларға iшiмдiк iшу мен құсуды үйрету ме? Тiптi оларды аниматор деп айтуға да ауыз бармайды. Түнгi клубтарда масайып, секеңдеген қыз-жiгiт, "iшпеймiн" деген қарсылығына қарамастан арақ iшкiзу, бiрiн-бiрi жiгiттi қалай алдап түсiруге болатынын үйреткен қыздар, қыздардың "жалаңаш әлемi" туралы жiгiттердiң әңгiмесi… Әмен Қайдаровтың "Кезiнде Мәскеуге бағынсақ та түсiрген әр мультфильмiмiзге ұлттық нақыштарымызды сынадай қағып отырдық. Солардың бәрiнде де бiздiң еш ұлтқа ұқсамайтын ерекше қасиетiмiз бар. "Қай баланың жылағаны есiмде" дегендей үкiмет мультфильм өнерiне көңiл бөлудi ұмыт қалдырды. Балаларымыздың талап-тiлегi ескерiлусiз қалды. Бiз ауыз әдебиетiне ең бай халықпыз. Өкiнiшке қарай, бүгiнгi балалар аңыз-ертегiлердi оқымайды. Бiрақ олардың мультфильмге деген қызығушылықтары ешқашан жоғалмайды. Анимациялық фильмдердi көрсететiн кинотеатр жоқ. Кинотеатрлар мультфильм түгiлi қазақ киноларын көрсетпейдi", – деген пiкiрiнде шындық бар. Иә, бiз балалардың талап-тiлегiн ұмыт қалдырдық. Байқайсыз ба, олар ересектерше киiнедi, ересектерше күледi, ересектерше жылайды, ересектерше мұңаяды. Орыстар балалар фильмiндегi олқылықтардың орнын "Ералашпен" жауып, жанталасуда. Бiз ше? Бiз қандай әрекет жасап жатырмыз. Бiздiң зерттеуiмiзше, көптеген телеарналарда жетi сайын берiлетiн әзiл-сықақ бағдарламасының көрiнiстерi көрерменнiң қарсылығын тудыруда. Бәлкiм, ересектердi осылай-ақ алдауға болатын шығар, бiрақ бала алдауға оңай көнбейдi. "Парасат" журналына сұхбат берген америкалық ғалым Уильям Фиерман: "Сiздердегi телеарналарда, газет-журналдарда балаларға арналған қызықты бағдарламалар жоқтың қасы. Өздерiңiздiң "Алдар көселерiңiз" қайда кеткен? Үлкендердiң жұмысын бала жасай алмайтыны сияқты, ересектер көретiн дүниелердi балалар дұрыс қабылдай алмайды ғой. Осы тұрғыдан қарап Қазақстанның болашағын елестету мүмкiн емес, тап басып айтуға ешкiмнiң де шамасы келмейдi", – дейдi. Ойлантады… Батыс әлдеқашан мұсылман әлемiне "психологиялық соғыс" ойынын бастап кеттi. Нысанада — балалар. Қалай ойлайсыз, бұл соғыста кiм жеңiске жетедi?
15 қыркүйек
Аягүл МАНТАЕВА

Серіктес жаңалықтары