Мемлекеттiк тiл: ДҮМПУ МЕН ДҮРЛIГУ
Мемлекеттiк тiл: ДҮМПУ МЕН ДҮРЛIГУ
Тағы да мемлекеттiк тiлге байланысты дау шықты. Зиялы қауым өкiлдерiнен 138 азамат қол қойған Ашық хат Президенттiң, Премьер-министрдiң, Парламент Сенаты мен Мәжiлiсi төрағаларының атына жолданды. Хатқа қол қойған кiсiлердiң арасында халыққа аты мәлiм ақын-жазушылар, саяси партия басшылары, қоғам және өнер қайраткерлерi бар. Бiрақ дау хаттың мазмұнына ғана емес, "қол қойған кiмдер?" деген сұрақ төңiрегiнде шықты.
Хатта не жазылған? Хаттың "Дайрабайдың көк сиырына" айналған тұсы төмендегiдей: "Конституцияның 7-бабында "Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi" деп бадырайып жазылып тұрса да, екiншi тармағындағы "орыс тiлi ресми түрде мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады" деген сөз – "ресми тiл" дегендi бiлдiрмейтiнiн және орыс тiлi екiншi мемлекеттiк тiл бола алмайтынын Конституциялық Кеңес дәлелдеп берсе де, сол бiр 7-баптың екiншi тармағы жұртты әлi шатастырып, орыс тiлi заңсыз мемлекеттiк тiл рөлiн атқарып келе жатыр. Сондықтан Конституцияның
7-бабының екiншi тармағын алып тастау керек".
Бұдан соң хат иелерi Қазақстан Үкiметiне төрт талап қоятынын мәлiмдеген:
1. "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк тiл саясаты мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заң жобасына "2012 жылдан бастап бiрте-бiрте мемлекеттiк органдарда тек мемлекеттiк тiл пайдаланылып, iс-қағаздарды қазақ тiлiнде жүргiзiлсiн" деген норма қосылсын;
2. ҚР Конституциясының 7-бабының орыс тiлiне байланысты екiншi тармағы алынып тасталсын;
3. Қазақстанның кейбiр саяси күштерi мен қоғамдық ұйымдарының қатыстырылуымен жасалып жатқан Мемлекеттiк тiл туралы заң жобасы Парламенттiң биылғы күзгi сессиясында қаралып, 2012 жылға дейiн қабылдануы тиiс;
4. Бөгде ел және отандық ақпарат құралдарының арандатушылық мақалалары Тәуелсiз Қазақстанның iшкi iсiне нұқсан келтiрушiлiк деп танылсын. Мемлекеттiк жоғарғы билiк органдары (Үкiмет) тарапынан мұндай басылымдар қаржыландырылмасын. Қазақстанның Ұлттық ақпарат қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн шаралар тез арада iске қосылсын.
Бұл хат тамыз айында Мәдениет министрлiгiнiң сайтында жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк тiл саясаты мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заң жобасына байланысты туындаған қоғамдық пiкiрге жауап ретiнде дайындалған сияқты. Бұл жоба интернет-тұтынушылар арасында қызу пiкiрталасқа себепкер болғанын газетiмiздiң өткен нөмiрлерiнде жазғанбыз. Ақыры Мәдениет министрлiгi жобадағы "Мемлекеттiк органдарға мемлекеттiк тiлде жүгiнуге мiндеттi" деген нормадан бас тартуға мәжбүр болды. Осыған орай, хат иелерi наразылық бiлдiрген.
Сөзбе-сөз келтiрсек: "Мәдениет министрлiгi заң жобасындағы Мемлекеттiк қызметкерлердiң мемлекеттiк тiлдi бiлуiн мiндеттеген нормаға қарсы Ресейлiк ақпарат құралдарының өре түрегелуi – Қазақстанның Тәуелсiздiгiн мойындамау" делiнген хатта. "Осы жерде Қазақстанның ұлттық ақпарат қауiпсiздiгiн сақтау мақсатында тиiстi шаралар жасайтын уақыт әлдеқашан келгенiн айтуға тиiспiз! Мемлекеттiк тiл туралы заң қабылдау елiмiздiң 22 жылдан берi асқан төзiмдiлiкпен күтiп келе жатқан арманы едi" дейдi хат авторлары.
Бiрақ "Тәуелсiздiктi қорғау" және Республикалық "Мемлекеттiк тiл" қоғамдық қозғалыстарының төрағасы Мұхтар Шахановтың өзi баспасөз беттерiнде хаттың осы тұсына түсiнiктеме бергенде былай деген: "1989 жылы 22 қыркүйекте екi тiл бiрдей мемлекеттiк мәртебе иеленiп кеткен тұста, бiз оған қарсы дауыс көтерiп, қазақ тiлiнiң мемлекеттiк дәреже алуына септiгiмiз тиiп едi. Содан берi 22 жыл бойы тiлiмiз бiрнеше мәрте заң жүзiнде күзелдi. Тiптi, оған "орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады" деген тармақ енгiзiлдi. Сонда қазақ тiлiмен қатар орыс тiлiнiң де мемлекеттiк тiл болғаны ма? Бiрақ заңда қазақ тiлiнiң жеке-дара мемлекеттiк тiл екендiгi қадап көрсетiлген. Әйтсе де күнi бүгiнге дейiн қазақ тiлiнде бiр де бiр заң қабылданған емес. Билiк өткiзген жиналыстардың бәрi дерлiк мемлекеттiк тiлдi қолдау емес, қорлауға жасалған қадам сияқты. Халық қазiр екi тiлдi мемлекеттiк тiл деп шатастыруда. Сондықтан ҚР Конституцияның 7-бабының 2-тармағын алып тастауды талап еттiк. Ал орыс тiлiнiң халықаралық тiл екендiгiн, елiмiзде үлкен қуатқа ие екендiгiн жұрттың бәрi бiледi. Ол ресми тiл болып қала бередi. Оның бедел-парқына ешкiм нұқсан келтiре алмайды".
Хат соңында аты-жөндерi көрсетiлсе де, кейiннен "Мен хаттың соңғы нұсқасын көрген жоқпын, қол қойған жоқпын" деп мәлiмдеген азаматтар мемлекеттiк тiлге мемлекеттiк қолдау керектiгiн, оның насихатын әлде де күшейту қажеттiгiн айтады. Бiрақ Конституцияны өзгертуге деген қарсылықтарын бiлдiрiп жатыр.
Қазақша айтқанда, "өгiздi де өлтiрмес, арбаны да сындырмас" ұстаным.
Бiрақ тiл мәселесiнде бұл қағида жүзеге аса қояр ма екен?
Хош, сонымен, осы мақалаға өзек болған Ашық хат және оның төңiрегiндегi әңгiме-пiкiрталас қандай тұжырым жасауға түрткi болды?
Бiрiншiден, Мемлекеттiк тiлге байланысты қоғамда бiрыңғай ортақ көзқарастың жоқтығын бұрмалаусыз, ашық көрсетiп бердi.
Екiншiден, қоғамдағы орыстiлдi топқа жататын қауымға қазақтiлдi, ұлтжанды топтың iшкi мұң-зарын бүркемелеусiз анық аңғартты.
Үшiншiден, "Конституцияның 7-бабындағы "Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi" деп көрсетiлген норманы толыққанды жүзеге асыруға билiктiң дәрменсiздiгiн байқатты…
Төртiншiден, мемлекеттiк тiлге қатысты iшкi ұстанымын бұған дейiн анық бiлдiртпей жүрген кейбiр белгiлi азаматтардың "шындығын" аяусыз әшкереледi.
Бесiншiден, бүгiнгi қоғамдағы тiл мәселесiнiң "аңдамағанды – аяқтан шалдыратын" күрделi мәселе екенiн тұспалдатты.
Алтыншыдан, мемлекеттiк тiлге деген көзқарас Қазақстандық қоғамда мемлекетшiлдiк сана-сезiмнiң әлi төмен екенiн анық байқатты.
Өйткенi мемлекеттiк тiлдi құрметтеу, оны бiлуге үйрену – дамыған мемлекеттерде өмiрлiк қажеттiлiк, тұрмыс талабы. Оған қоса, әрине, өз мемлекетiңе деген мақтаныш, оның болашағына сенiм.
Бұл мәселеге орай ақпарат құралдарында жарияланған пiкiрлердiң бiр парасын назарларыңызға ұсынамыз:
КСРО халық әртiсi Бибiгүл Төлегенова "Интерфакс-Қазақстан" агнеттiгiнiң тiлшiсiне былай деп жауап берген: "Мен көптеген республикаларада болдым. Мысалы Грузияда жастар орыс тiлiн мүлде бiлмейдi. Аш-жалаңаш, суық болған бiр заманда қазақтар қоныс аударып келгендердiң бәрiн қанатының астына алмады ма, бәрiн орнықтырды. Сонда қазақ тiлiн қазақтарға алғыс ретiнде болса да үйренiп алуға болмай ма?".
Кейбiр саясаткерлер жүрегi дауалап айта алмаған сөздi өнер қайраткерiнiң аузынан естiгенiмiзге де шүкiр!
"Азат" партиясының тең төрағаларының бiрi Болат Әбiлев былай деген: "Бiз партияда хаттың басқа нұсқасын талқылағанбыз. Алғашқы нұсқа бойынша да бiрқатар ескертпелерiмiз болды, бiрақ олар енгiзiлмей қалды. Ал орыс тiлiнiң мәртебесiне байланысты тармақша бiз талқылаған нұсқада болған жоқ".
Ғазиз Алдамжаров хатқа байланысты журналистердiң сұрағына "Мен қол қойған жоқпын" деп құтылды.
Белгiлi жазушы Герольд Бельгер хатқа қол қоймағанын мақтаныш көретiн сияқты. "Маған оған (хатты – авт.) қол қоюды ұсынған. Бiрнеше рет жан-жақтан ұсыныс түстi, ал мен қол қоюға түбегейлi, сенiмдi түрде қарсылық бiлдiрдiм, қол қоя алмаймын да, өйткенi дәл қазiр бұл идеяға сенбеймiн", – дейдi қаламгер.
"Қазақтың жазушысы" атанған Бельгер қазақ тiлiнiң болашағына сенбейтiн болса, өкiнiштi-ақ.
Оның үстiне, Герольд Бельгердiң "Хатқа қол қойғандардың артында қазақ тiлiнiң қамын күйттегеннен гөрi билiкке таласуды көздейтiн күштер бар" деген сөздерi ненi меңзейдi? Шамасы, жазушы "Ақ жол" мен "Азат" партиялары өкiлдерi туралы айтқысы келсе керек. Бiрақ олар өз ұстанымын бiлдiруде табандылық танытқан жоқ…
Ендi ақсақалдың сөзiн аудармасыз берiп көрелiк: "Так что это письмо – дохлый номер: время этой идеи еще не настало, надо быть терпимыми, толерантными и выдержанными и не раздваивать наше и без того неблагополучное общество", – дейдi Бельгер мырза.
Хатқа қолын қойса да, соңынан партияластарынан "таяқ жеген" "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев "Орыс тiлiнiң ресми мәртебесi жөнiндегi норманы Конституциядан алып тастау – мезгiлсiз", – деп мәлiмдедi.
Солтүстiкқазақстандық Павел Афанасьевтiң хатқа қол қойған азаматтар туралы "Видимо, у них кризисный возраст, выродившийся в печальное "горе от ума" (әдейi аудармасыз берiлдi– авт.) деген мәлiмдемесi Перуашевтiң "жанды жерiне" тиген болуы керек…
Ал "Эврика" газетiнде Әзiмбай Асаров Ашық хатқа қол қойғандарды "нан табудың жолында жүргендер" деп атады. Сөзбе-сөз келтiрсек: "Есть люди, которые проблему языка сделали хлебом. Они больше ничего не могут делать, чем поднимать эту проблему" (әдейi аудармасыз берiлiп отыр – авт.), – дейдi ол.
Мұндай пiкiр бiлдiрушiлердiң Конституцияның мемлекеттiк тiлге қатысты 7-тармағына қарсы шыға алмайтыны түсiнiктi, сондықтан да мемлекеттiк тiлге қатысты өз ұстанымын бiлдiргендердiң жеке басына тиiсудi оңай олжа көредi. "Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа" деген қыңыр көзқарастың кебi.
Бiрақ ҚР Президентiнiң саяси кеңесшiсi Ермұхамбет Ертiсбаевтың да осындай көзқарас бiлдiруi қайран қалдырды. Осы оқиғаға қатысты пiкiр бiлдiрген Ертiсбаев "Интерфакс-Қазақстан" агенттiгiне былай деген: "Өз оқырмандарыңызға айтыңыздар, бәрi орнында, елде жағдай тұрақты және саясаткерсымақтардың ойсыз мәлiмдемелерiнiң ешқандай терiс ықпалы болмайды".
Сонда саяси кеңесшi мырза Конституция арқылы мәртебесi айқындалған мемлекеттiк тiл туралы жергiлiктi қайраткерлердiң мәлiмдемесi "ұлтараздық жанжал тудырады" деп есептей ме? Керiсiнше, кәнiгi саясаткер ретiнде ол Конституцияны құрметтеу керектiгiн, мемлекеттiлiктi сақтау қажеттiгiн, ал мемлекеттiк тiл – мемлекеттiк нышандардың бiрi екендiгiн тағы бiр рет түсiндiруi керек емес пе?
Алайда Ертiсбаев мырзаның ойы басқа. Одан әрi ол: "Бұл – Конституцияға қайшы үндеу. Заңсыз. Бұл үндеу қоғамды екiге жаруы мүмкiн", – дейдi. Конституцияның мемлекеттiк тiлге қатысты талабын орындамау да – Конституцияға қайшы екенiн Ертiсбаев бiлмей ме?
Бiздiңше, Ертiсбаев мырза мемлекеттiк тiлдiң мәртебесi туралы мәселе көтергендердiң талабы түптiң түбiнде орынды екенiн бiледi, бiрақ оны ашық бiлдiруден тайсақтайды. Оның үстiне, саяси кеңесшiге сұрақ қойып отырған тiлшi – ресейлiк агенттiктiң Қазақстандағы өкiлдiгiнiң қызметкерi. Яғни оның сөздерi Қазақстанға ғана емес, Ресейде таралып кету ықтималдығы жоғары. Егер осы хатқа байланысты қазақтiлдi газеттiң тiлшiсi сұрақ қойса, бәлкiм қазақтiлдi аудиторияның алдында саяси кеңесшi басқаша жауап берер ме едi?
Өкiнiшке қарай, Ертiсбаев мырза көбiне орыстiлдi газеттерге ғана сұхбат бередi. (Саяси кеңесшiнiң мемлекеттiк тiлге деген көзқарасын осыдан-ақ аңғаруға болмай ма?)
Ешкiм арнайы барып пiкiрiн сұрамаса да, кейбiр саясаткерлер өзiн "жарнамалау" мүмкiндiгiн бұл жолы құр жiберген жоқ. Мәжiлiс депутаты Бақыт Сыздықова Twitter парақшасында; "Конституцияның 7-бабы 2 тармақшасына өзгерту енгiзiп, орыс тiлiмен қатар ағылшын тiлiне де ресим мәртебе беру керек" деп жазған.
Осылайша, "айды аспанға шығарған" депутат өзiне "керi пиар" жасағанын түсiне ме екен?
Сонымен, "олар", яғни Ашық хатқа қол қойғандар кiмдер? Ертiсбаев айтпақшы, "саясаткерсымақтар" ма, Бельгер айтпақшы, "билiкке жетудi көздегендер" ме, Асаров айтпақшы, "жеке басын күйттегендер ме" … әлде қайткенде де мемлекеттiк тiлдi қорғауға бел буған ұлтжандылар ма?
Асылы, шын мәнiнде олардың кiм екенi маңызды емес. Өйткенi қоғамдық деңгейде мемлекеттiк тiл туралы пiкiрталастың Конституциялық заң нормалары, мемлекетшiлдiк сана туралы, патриотизм туралы, мемлекеттiлiктi нығайту туралы, ұлттың болашағы туралы емес, жеке адамдардың ар-намысына қарай ойысуы қарын аштырады. Осының өзi бұл қоғамның мемлекеттiк тiл туралы салиқалы әңгiме айтуға әлi де дайын еместiгiнiң көрiнiсi ме …
…деген қауiп бар…
Гүлбиғаш Омарова