НИКОЛАЙ Ежов: СТАЛИН ҮШIН ӨЛУГЕ ДАЙЫНМЫН

НИКОЛАЙ Ежов: СТАЛИН ҮШIН ӨЛУГЕ ДАЙЫНМЫН

НИКОЛАЙ Ежов: СТАЛИН ҮШIН ӨЛУГЕ ДАЙЫНМЫН
ашық дереккөзі
«Қанiшер Ежовтың №510 тергеу iсiнiң қорытындысында оның 1937-1938 жылдардағы жаппай репрессияға жауапкершiлiгi айтылады. Бұл томда оның өз халқына қарсы жүргiзген геноцидының жан түршiгерлiк мысалдары келтiрiледi. Ежовтың өте құпия түрде берген бұйрықтары өзiнiң тәкаппарлығы жағынан фашистердiң оккупацияланған елдердегi халықты қырып-жоюынан да асып түстi. Жарайды, олар фашист болды делiк. Ал Ежовтың қалтасында ВКП(б) мүшесiнiң қызыл билетi болды емес пе?! Ол өзiн Сталиннiң шәкiртiмiн деп санады және оның айтқандарын мүлтiксiз орындап отырды. Өзiнiң соңғы сөзiнде: «Сталин жолдасқа жалынды сәлем! Мен Сталин үшiн өлуге дайынмын!» – дедi.

1937 жылы «контрреволюциялық қылмыстары үшiн» – 936 мың 750 адам, 1938 жылы – 638 мың 509 адам тұтқындалған.

1937 жылы – 353 мың 74 адам, 1938 жылы – 328 мың 618 адам ату жазасына кесiлдi. 1937 жылы тұтқынға алынғандардың әрбiр үшiншiсi атылса, 1938 жылы олардың әрбiр екiншiсi атылған». «Известия» 1998, 4 маусым. Сталиндiк қуғын-сүргiн сойқаны 37 жылы аяқ астынан болған жоқ. Оған дейiн ойластырылған қанды жоспардың заңды жалғасы едi. «Төңкерiс рыцары» Феликс Дзержинский жұмбақ өлiммен көз жұмды. Сергей Миронович Кировты әлдекiм атып кетедi. Валериан Куйбышев аяқасты «өле» қалады. Сталиннiң әйелi Светлана Аллилуева өзiн-өзi өлiмге қияды. Кагановичтiң, Молотовтың, Калининнiң әйелдерi «халық жауы» болып сотталады. Миллиондаған тұтқын лагерьлерде азап шектi. Олардың бәрi де РСФСР Қылмыстық iстер кодексiнiң 58-бабы бойынша жазаланды. Қазақстандағы репрессияның аса қатыгездiкпен жүруi сол кездегi НКВД-ның бастығы Н.Ежовтың есiмiмен тығыз байланысты. Өйткенi «темiр нарком» 1923-1927 жылдары әуелi Семейде, одан кейiн Голощекинмен бiрге Казкрайкомда басшы қызметтерде болғаны мәлiм. 1937 жылғы «Большевик Казахстана» басылымында мынадай жолдар бар: «1924 жылдың қаңтарында өткен Бүкiлқазақстандық IV Советтер съезiнде халық жаулары Нұрмақов, Сейфуллин, Меңдешев және басқалары съезд жұмысын бүлдiруге тырысты. Бiрақ съезд жұмысын басқарған Ежов жолдас бұл топшыларды ауыздықтай бiлдi».
ЕЖОВ ҚАЗАҚСТАНДА

1924 жылы РКП(б) Бүкiлқырғыз (Қазақстан) облыстық 4-конференциясында сайланған РКП(б) Қырғыз (қазақ) (бұдан соң «қазақ» деп оқылғаны жөн) облыстық комитетiнiң 1924 жылғы 16 мамырдағы пленум президиумды мына құрамда бекiттi.

Мүшелерi: Г.А.Коростелев – Қазақ облыстық комитетiнiң хатшысы, I.М.Құрамысов – Қазақ облыстық комитетiнiң ұйымдық-нұсқаушылық бөлiмiнiң меңгерушiсi, Н.И.Ежов – Семей губерниялық комитетiнiң хатшысы, П.Б.Журевский – кәсiподақтардың қазақ бюросының төрағасы, С.М.Меңдешев – Қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң төрағасы, Н.Н.Нұрмақов – әдiлет халық комиссары, мүшелiкке кандидаттар: Н.Е.Мутнов – Орынбор губерниялық комитетiнiң хатшысы, А.Д.Оразбаева – Қазақ облыстық комитетi әйелдер бөлiмiнiң меңгерушiсi. Құжаттарға баса назар аударуымыздың бiрнеше тарихи себебi бар. Бiрiншiден, Семей губерниялық комитетiнiң хатшысы Николай Иванович Ежовтың президиумға кiруi болса, екiншiден, Алма Дiнмұхамедқызы Оразбаеваның қазақ облыстық комитетi әйелдер бөлiмiн басқаруы (кейiннен ол күйеуi, ОГПУ-дiң бастығы Иван Дмитриевич Кашириннiң қастандығымен өлтiрiлдi) үшiншiден, сол кездегi Орынбор қаласы астанамыз болғандықтан, Н.Е.Мутновтың – Орынбор губерниялық комитетiнiң хатшысы ретiнде президиум мүшелiгiне қабылданғаны. 1924 жылғы қыркүйек айының 26-28-iнде РКП(б) Қазақ облыстық комитетiнiң президиумы өзiнiң құрамын кеңейту мақсатында президиум мүшелiгiне төмендегiлердi қабылдады. К.Күлетов – Түркiстан Компартиясы облыстық комитетi үгiт-насихат бөлiмiнiң нұсқаушысы. С.Қожанов – Түркiстан Республикасының Жер халық комиссары, И.Д.Каширин – Бiрiккен мемлекеттiк саяси басқарманың (ОГПУ) өкiлеттi өкiлi, А.Д.Оразбаева – Қырғыз облыстық комитетi әйелдер бөлiмiнiң меңгерушiсi. Бұл құжатқа тағы бiр назар аударуымыздың себебi, Ф.И.Голощекиннiң болашақ қарсыласы Сұлтанбек Қожановтың саяси сахнаға шығуы болса, мүшелiкке өткен Алма Оразбаеваның күйеуi Иван Кашириннiң қазақ халқына шүйлiгуi дегiмiз келедi. Саяси аренадағы тарихи соқтығыс, тартыс-талас күннен-күнге шиеленiсе түстi. Осы кезеңдi орыс тарихшысы А.Павлюков өзiнiң «Ежов. Биография» деген кiтабында былай суреттейдi:v«…1924 жылы мамыр айында қазақ өлкесiнде қалыптасқан саяси жағдайға келiспеушiлiк бiлдiрiп «шығыс тобының» 20 өкiлi И.В.Сталинге хат жолдады. Олар Қазақстаннан С.Меңдешевтi және облыстық партия бюросының құрамындағы бес орыс ұлтының өкiлiн керi қайтарып алуын өтiндi. Осы тұста облбюро басшылығында маңызды өзгерiстер болып жатқан едi. Облбюроның бiрiншi хатшысы Г.А.Корестелев басқа жұмысқа ауыстырылды. Оның орнына келген В.И.Нанейшвили саяси тартыс-таласқа түсiп, бiр-бiрiмен келiсе алмай жатқан барлық топтар мен жiктерге қарсы шықты. Осындай саяси теке-тiрестiң шиеленiсiп тұрған жағдайында қыркүйектiң басында еңбек демалысынан келген Н.Ежов өлкелiк комитетiнiң бюро мүшелiгiне сайланады да кадрлар жөнiндегi хатшысы болады. 1924 жылдың 4 қарашасында Ежов бастаған арнайы комиссия орталықтағы қазақ басшы қызметкерлерiн шет аймақтардағы төменгi қызметтерге жiберу жөнiндегi қаулының жобасын дайындап, бюрода бекiттi. Ұлты қазақ тәжiрибелi коммунистер, партия, кеңес, кәсiподақ және комсомол ұйымдарының басшы қызметкерлерi жаппай орындарынан алынып, уездерге, ауылдарға аттандырылып жатты. Тiптi еңбек демалысында жүрген қызметкерлер де орындарынан алынды. Ежовтың ойлап тапқан кадрлар арасындағы арандатушылық ойраны «батыс», «шығыс» және «оңтүстiк» топтарының арасындағы күрестi одан әрi шиеленiстiре түстi. 1925 жылы наурыздың соңында Қазақ өлкелiк партия комитетiнiң екiншi хатшысы болып С.Қожанов сайланды да, ол бастаған «оңтүстiк топтың» iс-әрекетi В.Нанейшвили мен Е.Ежовты қатты алаңдатты. С.Қожанов сәуiр айының басында Сталинге жолдаған хатында: «…Нанейшвили жолдас, байырғы партия мүшесi екендiгiне қарамастан өлкелiк партия комитетiн басқаруға ешқандай дайындығы мен қабiлетi жоқ болып шықты, өлкенi үшiншi хатшы Н.Ежов басқарып отыр. Менiң ойымша, Ежов жолдасты бiрiншi хатшы етiп тағайындау қажет. Сонда ғана ол қазақ елiнде жасап жатқан заңсыз iс-әрекеттерiне жалғыз өзi толық жауап берер едi…». Ал «батыс тобының» басшысы С.Меңдешев мамыр айында Сталинге жазған хатында: «…Нанейшвили жолдас өлкелiк партия комитетiн басқаруға ешқандай қабiлетi жоқ, ерiкiсiз, дәрменсiз адам. Ал Ежов жолдас болса, қазақ коммунистерiнiң арасындағы жiкшiлдiк, топшылықты пайдалана отырып, оларды бiр-бiрiне айдап салып, алауыздық туғызып отыр. Бюроның орыс ұлтты мүшелерi Ежовты өздерiнiң көсемi ретiнде санайды…». С.Меңдешев Сталин жолдастан Нанейшвилидi де, Ежовты да Қазақстаннан тезiрек алып кетудi сұрайды. Дегенмен де Сталин С.Қожанов пен С.Меңдешевтiң ұсыныстарына құлақ аспады. Өйткенi уақыт әлi келген жоқ едi. Ежов Сталиннiң сенiмдi адамы: ол қазақ коммунистерiн жақсы бiледi, олардың бәрiн бiр шыбықпен айдайды. Ал бiрiншi хатшы болуға әрi ертерек… 1925 жылғы 31 маусымда БК (б)П ОК-нiң шешiмi бойынша В.И.Нанейшвили орнынан алынды да, Қазақ өлкелiк партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып Самар губкомының хатшысы болған, Ресейдiң соңғы патшасы II Николайды отбасымен бiрге атуға қатысқан сенiмдi большевик Ф.И.Голощекин тағайындалды. Ал Ежов болса сол жылдың тамызында Қазақстанды қолына алу әрекетiнiң iске аспағанына көзi жетiп В.Молотовтың қабылдауында болып, Комакадемияға оқуға түсу үшiн арыз бередi. Қазақстанға қайтып келген Ежов Голощекиннiң келуiн тосып, Молотовқа Қазақстандағы саяси ахуалға жан-жақты тоқталып хат жазады. Хатының соңында: «…Соңғы мәселе өзiм жайлы, Вячеслав Михайлович! Мен Қазақстанда екi жарым жыл өте қиын жағдайда жұмыс iстедiм. Ал бұған дейiн мен екi жыл Татарстанда және бiр жыл ұлттық шет аймақта – Мари облысында жұмыс iстегенiмдi ескерсек, менiң ойымша, жұмыс орнын ауыстыруға құқығым бар сияқты. Голощекин жолдастың келуiне байланысты, менiң өтiнiшiмдi шешу аса қиын емес болар… Мен Мәскеуде, Сiздiң қабылдауыңызда болғанда Комакадемияға сұранып едiм. Бұл мүмкiн болмаса, Мәскеуде жұмыс iстегiм келедi. Орталық комитеттiң аппаратында қандай да бiр нұсқаушылық, ұйымдастырушылық жұмыс болса, үйренiп, шынығар едiм…», – деп жазды. Ежовтың теориялық дайындығын көтеруге деген ынтасына Молотов қарсы болған жоқ. 1925 жылы қазанның 25-де Ежов марксизм-ленинизм курсының тыңдаушысы болып қабылданды. Болашақ «темiр наркоммен» Молотовтың әйелi П.С.Жемчужина, Сталиннiң көмекшiсi Л.З.Мехлис және басқа да белгiлi партия сарбаздары оқыды. Оқу келесi жылдың ақпанынан басталатын едi. Ежов болса Қазақстанға келген Голощекинге қазақ партия ұйымының ерекшелiктерiн түсiндiрiп, жiктер мен топтарды айқындап, кiмдердi қызметтен аластатып, кiмдердi жауапқа тарту жөнiнде толық мәлiмет бердi. Сондай-ақ бiрiншi кезекте бұрынғы Алашорда партиясының мүшелерiне өте сақ болуын ескертiп, олардың тiзiмiн де бердi. 1925 жылы желтоқсан айында республикалық партия конференциясы болып, онда Ежов партияның ХIV съезiне Қазақстаннан делегат болып сайланды. Съезден қайтып келiсiмен ол Голощекинге барлық iстерiн тапсырып, 1926 жылы 26 қаңтарда Мәскеуге оқуға аттанады. Оның қалған он төрт жыл өмiрi осы қаламен тығыз байланысты болады. (А.Павлюков. Ежов. Биография. Москва, 2007, стр.67-70).ВКП(б) Қазақ өлкелiк комитетiнiң бiрiншi хатшысы ретiнде Ф.И.Голощекин басқарған 1925 жылдан 1933 жылға дейiнгi сегiз жылда қазақтар «ауылдарды кеңестендiру», байлардың шаруашылықтарын жою, ұжымдастыру, көшпелi шаруашылықтарды күштеп отырықшылыққа көшiру саясаты, малдарды сыпырып тартып алу, аштық пен геноцид сияқты азапты тозақтан өттi. Голощекиндiк «Кiшi Қазанның» қорытындысы өте қайғылы болды. Қазақстанда қазақ ұлтының тең жартысы аштықтан қырылды. Голощекин мен Ежовтың жымысқы, зымыстан жұбы ұлттың С.Сәдуақасов, М.Мырзағалиев, А.Кенжин, Ы.Мұстамбаев, С.Қожанов, Ә.Досов, Ә.Әйтиев, Ж.Сәдуақасов, С.Сұлтанбеков және басқалар сияқты көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерлерiнiң Қазақстаннан қуылуы үшiн бар амалдарын iстеп бақты. Ежов өзiнiң Сталинге жолдаған астыртын арызында «барлық ұлттық мамандар, қазақ коммунистерiнiң бәрi ұлттық ауытқушылықпен және топтық күреспен уланған, олардың iшiнде денi сау партиялық күш жоқ», – деп көрсеттi. Партия және мемлекет қайраткерi, 15 жыл «Ежовтың түрмесiнде» отырып шыққан Бекболат Мұстафин: «Ежов жауыз – менiң жерлесiм едi. Өскемен маңында туып-өскен. Бұрын Өскемен де Семей губерниясына қараған едi. Кезiнде Н.И.Ежов әуелi Семей губкомын басқарды, кейiн Казкрайкомның хатшысы болды. Өсе-өсе Сталиннiң оң қолы болған. Ежовтың бiр қасиетi – қазақ тiлiнде таза сөйлейтiн. Қазақтың салт дәстүрiн, әдет-ғұрпын жақсы бiлетiн. Қандыбалақ, қужақ Голощекин Қазақстанға келгенде қазақтар жөнiнде, оның зиялылары туралы мәлiмет берiп, құйма құлағына алтын сырға тағып жiберген сол Ежов. Әлгi «Рысқұловщина», «Меңдешевщина», «Сейфуллинщина», «Сәдуақасовщина», тағы басқа «шиналарды» үйреткен де сол жауыз. Мұнда келген соң Голощекин қазақ зиялыларынан өзiне жақтастарды iздедi. Әрине, олардың да «шиналарға» әр берiп, Голощекиндi сендiргенiн түсiнуге болар едi. Қарамағындағы қазақ зиялыларына Голощекин өте қатаң қарады. Сәл ұнамаса болды, жұмыстан босата салатын. Голощекиннiң жасқанатын төрт адамы болды. Олар: Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов және Мансұр Ғатауллин. Ал ол азаматтардың тағдыры не болғаны жұртқа мәлiм…,» – деп еске алды. (Репрессия – зұлмат, 1988, №1). Шын мәнiнде, Голощекин қазақ жұртын басқара тұра, қазақтарды жек көрдi. Мәселен Батыс Сiбiр өлкелiк комитетi, Едiл бойы, Өзбекстан, Қырғызстаннан жеткен «елiнен ауған босқын қазақтар қырылып жатыр» деген суыт хабарларға оның бүйрегi бүлк етпедi. Ол қашқындардың бәрiн мемлекеттiк тапсырманы орындағысы келмейтiн, тап күресiн қоздырушы байлар мен бағландардың санатына жатқыза салды. Жаппай қуғын-сүргiн ол уақытта троцкистермен күрестiң туы астында жүргiзiлдi. Әсiресе 1936 жылдың аяғында қудалау кенеттен күшейiп кеттi. 1936 жылдың 25 қыркүйегiнде Сталин мен Жданов Сочиден Саяси бюро мүшелерiне төмендегiше мазмұнда жеделхат жолдады. Онда: «Ежов жолдастың Iшкi iстер наркомы қызметiне тағайындалуын аса қажеттi және кезек күттiрмейтiн шұғыл iс деп санаймыз. Ягода шын мәнiнде өз мiндетiн мүлтiксiз орындау биiгiнен табыла алмады. Оның троцкистiк-зиновьевтiк топты талқандауда бейжайлық танытқанының кесiрiнен ОГПУ бұл iсте 4 жылға кешiктi. Бұл туралы барлық НКВД партиялық жұмысшылары мен облыстық өкiлдерi айтады», – делiнген. (Российский государственный архив социально-политической истории – РГАСПИ, ф.558, оп.1, д.754, л.102). Николай Ежов НКВД аппаратын мейлiнше кеңейтiп, бiр мезгiлде «тазартып», келе сала кiм келгенiн дәлелдеп тастады. Органнан 5 мыңнан астам адам босатылды, 1200-ден аса тәжiрибелi чекистер тұтқындалып, атылды. Тап осы алмағайып уақытта органға «таза да, күштi пролетарлық түйсiгi бар» мыңдаған жас қызметкерлер шақырылды, бiрақ олардың не жалпы, не арнаулы дайындықтары жоқ едi. «КСРО НКВД мемлекеттiк қауiпсiздiк басқармаларының 24 мың жедел қызмет атқарушы мамандарының 301-iнiң (1,3 пайыз) ғана жоғары бiлiмi, ал 18 мың 219 адамның, яғни барлық құрамның 76,3 пайызының төменгi (бастауыш) бiлiмi болды. (РГАСПИ, ф.558, оп.1, д.755, л.12). Көз көргендер Мәскеудегi Смоленск алаңындағы бiр терезеде алып плакат тұрғанын еске түсiредi. Орыстың мәшһүр ертегiсiнiң желiсiмен салынған туынды «Үш баһадүр» деп аталады. Жалы жерге төгiлген үш сәйгүлiктiң үстiнде даңқты халық комиссарлары. Бас сарбаз – Ворошилов, бас дипломат – Литвинов, бас чекист – Ежов. Соңғысы алақанын маңдайына тақап, қырағы көзiмен көкжиектi шолып тұр. «Қарға бойлы (бойы –151 см) большевик сырттай қараған адамға аяныш туғызатын» деп жазады тағы бiр зерттеушi Николай Ямской. Мемлекеттiк қауiпсiздiк бас комиссары атанғанға дейiн қызметтестерi оны үстiнен түспейтiн мыж-мыж костюммен көретiн. Сосын аузын буған өгiздей үндеместiң дәл өзi. Есесiне, отырыстарда орыстың халық әндерiн әуелете шырқайды. Лениннiң сенiмдi серiктерiнiң бiрi Николай Бухарин 30-жылдардың басында Ежовты «мейiрiмдi жан» деп суреттептi. Сол «ақжүрек» кiсi өлең жазуға да талаптанған көрiнедi. Әйтсе де болашақ қызыл комиссар зерде мен шығармашылық қабiлетке келгенде қаражаяу. Бiлiмi туралы сұрағанда, өз қолымен «бастауыш мектептi бiтiрмеген» деп жазады. Анкетаға сенсек, талай төңкерiсшiге жолдама берген Путилов зауытының жұмысшысы. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа жаяу әскер сапында қатысады. Сосын революция. Сталиннiң арқасында «шынайы пролетарий» билiкке келедi. Кейiнiрек Кремльдiң аяусыз құрығы мұның мойнына түскенде, талай шындықтың бетi ашылады. Ең алдымен пролетариат әулетiнен емес екендiгi әшкерелендi. «Батырдың» әкесi маңдайшаға «асхана» деген жазуды iлiп, жеңiл жүрiстi бикештердiң тәнiн саудалаған екен. Тексере келгенде, Николай Ежов ешқашан Путилов зауытында iстемеген боп шығады. Соғысқа да от пен оқтың өтiнде емес, тылда, зеңбiрек жөндейтiн шеберханада жүрiп қатысады. Бойы бәкене болғандықтан, майданға шақырмайды. Көбiне кеңсенi төңiректейдi. Хат жазу немесе каллиграфияның хас шеберi ретiнде көзге түседi. Айтқанды екi етпейтiн, тiптi асыра орындайтын ол 1925 жылы ВКП(б) Орталық Комитетi ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi, лениншiл большевик Иван Москвиннiң назарына iлiгедi. Сөйтiп ешкiм бiлмейтiн Ежовтың жұлдызы жарқырап жанады. Сорақысы сол, кейiн Ежовтың бұйрығымен қарт большевик Москвин де тұтқындалып, ату жазасына кесiледi. «Контрреволюциялық массон ұйымына қатысы болғаны үшiн» деген айыппен. Ашқұрсақ жүргенде жылы-жұмсағын аузына тосқан Москвиннiң әйелiн де абақтыға қамайды. Айтпақшы, Ежовтың қосағы, Евгения Соломоновна Ханютина-Гладун да ажалын күйеуiнен табады. Тарихшылар бұған Сталиннiң «сыбырлауы» себеп болды деген пiкiрде. Қанiшер комиссар Сталиннiң құлақкестi құлы сияқты болған. «Кез-келген әмiрiн екi етпей, тiптi шаш ал десе, бас алудан тайынбаған. Тiптi өзiн де о дүниеге жiберетiн үкiм орындалар сәтте де «сүйiктi қожайынға адалдығын бiлдiрiп, пәнимен қоштасқан едi. Сөйте тұра, көсемнiң берiк коммунистiгiне күдiк келтiретiн Тифлистегi тiрлiгiн қазбалап, небiр құпия мәлiметтi жасырын түрде жинап отырған
КСРО Iшкi iстер, халық комиссарының байырғы бай-кулактарды, қылмыскерлер мен басқа да кеңеске қарсы жауларды қудалау шаралары туралы
Мәскеу қаласы, 1937 жылдың 30 шiлдесi

Антикеңестiк құрылымдардың iстерi жөнiндегi тергеу материалынан мәселелердi анықтады: ауылдық жерлерде, деревняда байырғы бай-кулактардың, бұрын қудаланғандардың, қуғыннан бой тасалағандардың, лагерьлерден, жер аударулардан және жазаларын өтейтiн еңбек поселкелерiнен қашқандардың бiршама саны қоныстанған. Бұрын қудаланған шiркеулер мен секташылардың, бұрынғы антикеңестiк қарулы бас көтерушiлердiң белсендi қатысушылары да осындай елеусiз елдi мекендерде көп тұрақтаған. Деревнядағы антикеңестiк саяси партиялардың (эсерлер, грузмектер, дашнактар, мусаваттар, иттихадистер және т.б.) маңызды мамандарды, сондай-ақ бандылық көтерiлiстердiң бұрынғы белсендi қатысушыларының, ақтардың, жазалаушылардың, репатрианттардың және т.б. мамандары ешкiмнiң қолы тимеген күйiнде қозғалыссыз қалған. Осыған сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

1. 1937 жылдың тамызынан бастап барлық республикаларда, өлкелер мен облыстарда байырғы бай-кулактарды, белсендi антикеңестiк нышандарды және қылмыскерлердi қудалау шаралары басталсын. Қудалау шараларын Өзбек, Түркiмен, Тәжiк және Қырғыз КСР-ында осы жылдың 10 тамызынан бастау, Қиыр Шығыс және Краснояр өлкелерiнде және Шығыс—Сiбiр облыстарында үстiмiздегi жылдың 15 тамызынан бастау белгiленсiн. 2. Республикалық НКВД наркомдары мен өлкелiк және облыстық НКВД бастықтары ұсынған есептiк мәлiметтерге сәйкес репрессияларға жататындардың саны төмендегiше бекiтiледi:
ҚАЗАҚ КСР-I БОЙЫНША

Ахуалға қарай бекiтiлген сандардың арттырылуы талап етiлген жағдайларда республикалық НКВД наркомдары мен облыстық және өлкелiк НКВД басқармаларының бастықтары маған мақсатқа сай мазмұндалған ұсыныс-хаттарын жолдауға мiндеттi.

КСР Одағы Iшкi iстер халық комиссары Бас мемлекеттiк қауiпсiздiк комиссары Н.ЕЖОВ (РГАСПИ, ф.558, оп.1, д.754, лл.128-129). Ежовтың мейлiнше қызыл сөз көпiрткен, қызыл қан сасыған кестесi осы! Бiрiншiден, бiр қарағаннан-ақ оның атүстi, ойдан шығарылып, құрастырылғаны түсiнiкт жайт: барлық сандар нольмен аяқталады. Кез-келген мектеп оқушысына түсiнiктi нольмен аяқталатын сандар – жуықталып алынған, дөңгелектелген. Екiншiден, нелiктен Орал өңiрi криминалдық қауiпi ең аз сипатта көрсетiлген? Басты себеп – Оралдың Ресейге жақын орналасуында. Ежовтың өз қандастарына бүйрегiнiң бұруында болса керек. Ал Оңтүстiк Қазақстан – еркiн қазақтардың ордасы, оларды жағалай қырып тастаған дұрыс. Бұйрықтың мәтiнiне үңiле отырып, ерiксiз өзiңе сауал қоясың: Сталин сонау 1933 жылдан бастап шүйлiккен осынау «бұрынғы адамдар» 1917 жылдың қазанынан ВЧК, ОГПУ, НКВД, трибуналдар мен соттар сияқты толып жатқан жазалаушы органдар жүргiзуiмен келе жатқан қатал да үзiлiссiз қуғындар мен сүргiндер жағдайында шын мәнiнде қандай белсендi антикеңестiк қызметтi жүргiзе алуы мүмкiн?! Тарихқа көз жүгiртсек, осы кезеңде белсендi, соның iшiнде жаппай антикеңестiк қызметтi жүзеге асыру үшiн ешқандай оңтайлы жағдайлар болған емес, болуы да мүмкiн емес едi. Аяусыз жүргiзiлген қатал қуғын-сүргiннiң түп мәнi – Сталиннiң жеке билiгi мен режимiн нығайту мақсатында кеңес халқын кезектi мәрте қорқытып-үркiтiп алу болатын. Күштi соққы бәрiнен бұрын аталмыш тiзiмде мүлде көрсетiлмеген, түрлi жұмыстарға жетекшiлiк жасаған және әралуан салаларда басшылықты жүзеге асырушы партиялық, мемлекеттiк және басқа да кеңестiк мамандарға тидi. Бұл бұйрықтың тағылық сипатын айтып жеткiзу мүмкiн емес. Әсiресе, «Қудаланғандарға берiлетiн жазалар шаралары және қудалауға жататындардың саны туралы» деген бөлiм жан түршiктiредi. Қудаланушылар мұнда екi топқа бөлiнген. Бiрiншi топқа тiзбеленгендердiң iшiнде мейлiнше жау саналатын күштердiң барлығы жатқызылады. Олар шұғыл тұтқындалуға және үштiктер тергеулерiнен өткеннен кейiн атылуға жатады. Екiншi топқа қалған барлық белсендiлiгi бәсең, бiрақта бәрiбiр жау ниеттегi деп саналғандар кiредi. Олар да қамауға алынады, сонан соң лагерьлерде 8 жылдан 10 жылға мерзiмдерiн өтейдi. Ал олардың ең наразылары мен қатерлiлерi үштiктердiң әмiрiмен тура сол мерзiмдерiн өтеу үшiн түрмелерге қамалады. Әрi қарай бұйрықта «үштiктер» арқылы қуғындалатындарды қадағалау сандары туралы ереже бекiтiлген. Ең аз дегенде 75 мың 900 адамды тұтқындау мен ату және 187 мың 050 адамды бас бостандығынан айыру үшiн соттау қажет деп көрсетiлген. Барлығы 268 мың 950 адамды қуғын-сүргiн сарсаңына салу алдын ала жоспарланған. Қуғындау лимитi әр одақтас республикаға, өлке мен облысқа үлестiрiлген. Лагерьлерде жазаларын өтеп жатқан және қуғын науқанына iлiккен 10.000 сотталушыға қатысты тек ату жазасы қарастырылған. Қазақ КСР бойынша бастапқыда 17 мың 500 адамды қуғындау, оның 12.500-iн, яғни әрбiр үшiншiсiн ату жоспарланған. Бұл НКВД мен оның қандықол «үштiгi» үшiн ең таяуда және ең аз көлемде жүзеге асырылатын жоспар болатын. Бұлармен бiр мезгiлде 1934 жылдың 1 желтоқсанындағы заңның және құпия (жоспарлардың) нұсқаулардың негiзiнде прокуратураның қолдауымен жазалау саясатын жүзеге асырған НКВД-ның Ерекше кеңесiмен көптеген сот органдарының белсендi iс-әрекет еткенiн де ескеруiмiз керек. Олар үшiн репрессиялық лимит мүлде шектелген жоқ. Осылайша, алдын ала және сырттай күнәсiз жүздеген мың кеңес адамдарының тағдыры оңай шешiлдi. Олардың жалғыз айыбы – әу бастан-ақ «бұрынғы адамдар» және жаулық күштер» санатына жатқызылғаны. (РГАСПИ, ф.17, оп.1, д.754, л.82). 1935 жылдың 27 мамырында Сталиннiң өкiмiне сәйкес Н.Ежовтың бұйрығымен жергiлiктi жерлердегi Iшкi iстер халық комиссариатының басқармаларында «үштiк» құрылады. Қандықол «үштiктiң» жұмыс тәртiбi төмендегiдей болған едi. Шақыру қағазы немесе «альбом» жасалып, оның әр парағында аты, тегi, әкесiнiң аты, туған жылы және қамауға алынған адамның жасаған қылмысы жазылып, осыдан соң Iшкi iстер халық комиссариатының облыстық басқармасының бастығы қызыл қаламмен әр параққа үлкен «Р» әрпiн жазып, қол қойып отырған. Бұл атылсын деген үкiм. Бар жоғы 3-4 парақтан тұратын үкiм сол күнi кешке немесе түнде орындалып, жазықсыз жан атылып кете барған. 1937-1938 жылдары бейкүнә адамдарды осылай сот үкiмiнсiз ату Ежов басқарған чекистердiң арасында кеңiнен тарап, кейiн ол «альбом бойынша соттау» деген атқа ие болған. Қазақ КСР-i бойынша облыстардағы қанды жорыққа шығатын «үштiктердiң» жеке құрамы былайша бекiтiлдi: Солтүстiк Қазақстан облысы – Панов, Степанов, Сегiзбаев; Оңтүстiк Қазақстан облысы – Пинтель, Досов, Случак; Батыс Қазақстан облысы – Ромейко, Сапарбеков, Спиров; Қостанай облысы – Павлов, Кузнецов, Байдаков; Ақтөбе облысы – Демидов, Мусин, Стецура; Қарағанды облысы – Адамович, Духович, Пинхасик; Алматы облысы – Шабанбеков, Сәдуақасов, Қожанов. (РГАСПИ, ф.558, оп.1, д.755, лл.29-30) 1938 жылдың басында «үштiк» мүшелерiнiң өздерi де – Степанов, Сегiзбаев, Досов, Случак, Сапарбеков, Спиров, Пинтель, Мусин, Пинхасик, Сәдуақасов 631 «халық жауларымен» бiрге атылып кеттi. Сөйтiп ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы Сталиннiң жендетi Ежов басқарған НКВД бейкүнә халықты зар жылатқан қандықол «үштiк», «екiлiк» «ерекше кеңес», «жаппай конвейер» сияқты сот қызметiн жүйеге асырған органдардың әрекеттерi 20 жыл бойы, яғни 1953 жылға дейiн тоқталмаған. Жаппай қуғын-сүргiн жылдары мен жаналғыш жендеттер, соның iшiнде Ежов жөнiнде аз жазылған жоқ. Қала бердi, орыс тiлiнде «в ежовых рукавицах» дейтiн тұрақты тiркес пайда болды. Зерттеушi Никита Петров өзiнiң «Николай Ежов – Сталиннiң қолбаласы» атты кiтабында 37-нiң шiлдесi мен 38 жылдың қарашасы аралығында 1,5 миллион адамның қамауға алынғанын жазады. Сол кезде Сталин, Молотов және Каганович сол тiзiмдi бекiткен едi. Ежов Iшкi iстер халкомы қызметiнен 1938 жылдың қарашасында босатылды. Содан кейiн су көлiгi халкомдығына тағайындалды. 1939 жылдың 10 сәуiрiнде НКВД органдарының iшiне iрiткi салды, шетел барлауының пайдасына жансыздық жасады, партия және үкiмет жетекшiлерiне қарсы террорлық актiлер дайындады, Кеңес өкiметiне қарсы қарулы көтерiлiс ұйымдастырылмақшы болды деген айыптармен тұтқынға алынды. КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының 1940 жылдың 3 ақпанындағы үкiмiмен 4 ақпанда АТЫЛДЫ. Атауының өзi үрей тудыратын НКВД-ның тiзгiнiн 1936-1938 жылдар аралығында ұстаған, қандыбалақ жолын Семейден бастаған, Сталиннiң басты жендетi Николай Ежовтың өмiр жолы осылайша аяқталған едi.
Тiлеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы 25.08.2011