«Сен тiрегiм, сен кеудемде жүрексiң!»

«Сен тiрегiм, сен кеудемде жүрексiң!»

«Сен тiрегiм, сен кеудемде жүрексiң!»
ашық дереккөзі
295

«Сен тiрегiм, сен кеудемде жүрексiң!»

«Кең дүние, төсiңдi аш, мен келемiн,

Алынбаған ақым бар, сенде менiң.

Бұйрат құмдар бұйығып шөлдегенiм,

Бура бұлттар бусанып терлегенiм.

Аспанындай кей сәтте күрсiнемiн,

Жас талындай жауқазын бүршiк едiм.

Кең дүние керемет қалпыңменен,

Жүрек болып кеудеме кiршi менiң» деп жырлаған мұзбалақ ақынның тойы басталды. Алаш жұрты бөркiн аспанға атып, бәйгеге қосар жүйрiгiн баптап, кебежеде сақтаған құрт-майын шығарып, ұлан-асыр той жасағалы жатыр. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекшi, бұл тойдың бұрынғы тойлардан жөнi де, жолы да бөлек. Бұл той – қазақтың ақиық ақыны Мұқағалидың тойы. Поэзияны сүйер барша Алаш жұртының тойы. Ақынның 80 жылдығын өткiзу үшiн Жетiсу өлкесi қабылып, тiршiлiк етiп жатса, ақын мұрасын қайта бiр жаңғыртып, жаңалау үшiн жанұшырып жүгiрiп жүрген келiнi, ұлы Жұлдыздың жары Бақыткүл Айдарованың да ата тойына қосар үлесi аз емес. Ақын мұрасына селкеу түсiрмей, тыңдарманына қаз-қалпында жеткiзу үшiн жүгiрiп жүр. Ақынның жоқтаушысы да, iздеушiсi де қазiр Бақыткүл апай. Ол кiсi сонымен бiрге Мұқағали Мақатаев атындағы Қорды да басқарып отыр. Бақыткүл апаймен мерейтойлық қарбаластың арасында аз ғана уақыт тауып, тiлдестiк.

– Бақыткүл апай, сiз Мақатаевтар отбасына келiн болатыныңызды бiлгенде қандай сезiмде болдыңыз? Оған дейiн сiзге Мұқағали атаңыздың есiмi таңсық болмаған шығар…

– «Қалқам!

Мен

Лермонтов, Пушкин де емен.

Есенинмiн демедiм ешкiмге мен.

Қазақтың қара өлеңi – құдiретiм,

Онда бiр сұмдық сыр бар естiлмеген.

Жат жердi жастанғанда жазатайым,

Қанымен жазды мүмкiн ағатайым,

…Қасиетiңнен, қара өлең айналайын,

Қазақтың дәл өзiндей қарапайым.

немесе

Ойлы жас!

өлең менiң бар тынысым,

жақсы сезiм – жаны игi халқым үшiн,

Атақ қуып, бақ қуып, даңқ қуып:

Бiреулерден жүргем жоқ арту үшiн», – деп жазған шынайы талант иесiнiң, ақиық ақынның өлеңдерi сол кездегi студент жастардың ауызында жатқа айтылып жүрдi. Сондықтан да мен үшiн ақын есiмi таңсық болған жоқ. Қорқынышпен бiрге, менде үлкен жауапкершiлiк тұрды сол сәтте. Бойымда қуанышпен қатар, сүйiспеншiлiк сезiмi де болды. Өзiм өлеңдерiн сүйген, өлеңдерiне табынған ақынға келiн болу – екiнiң бiрiнiң бақытына бұйыра бермейдi. Мен осыған тәубә деймiн.

– Елге танымал отбасына келiн болуға қорықпадыңыз ба? Қарапайым отбасы емес, халықтың сүйiспеншiлiгiне айналған айтулы мұзбалақ ақынның келiнi болғаныңыз үлкен жауапкершiлiк жүктедi ме сiзге?

– «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейдi ғой атам қазақ. Бұл өмiр жолындағы үлкен жауапкершiлiктi талап ететiн қадам, ал ендi халықтың аузында жүрген, сүйiктiсiне айналған ақынның жанұясына келiн болу, ол жауапкершiлiктi одан әрi күшейте түседi екен.

– Анаңыз Лашын апай туралы не айтар едiңiз?

«Ақынның жары болу оңай дейсiң бе, қарағым, аузында жүру сыздаған ауыр жараның» деп Қадыр ақын жырлағандай, Лашын апай Мұқағали ақынға қандай жар бола бiлген жан? Жалпы, енеңiзбен бұл туралы жиi сырласатын ба едiңiз?

– Анамыз мiнезi өте ауыр, артық сөзi жоқ, ер мiнездi, ешкiмге жалпылдап онша ашыла бермейтiн, көп тыңдап, аз сөйлейтiн адам едi, жарықтық! Алғаш келiн болып түскенiмде мiнезiн түсiне бермейтiнмiн, кей кезде ренжiп те қалатынмын. Кейiн уақыт өте келе ол кiсiнiң өмiр жолына ден қойсам, әйел ретiнде «мен бақыттымын» деп ауыз толтырып айта алатындай емес екен. Ақынның, оның iшiнде бiздiң атамыздай ақынның жары болу оңай шаруа емес. Атамыз өзi жазып кеткен:

«Ей, ақындардың жарлары!

Бақыт деген қастарыңнан кете алмай жүр айналып,

Кете алмай жүр, қона алмай жүр бастарыңа байланып.

Әне, ақының келе жатыр ұланғайыр пайда алып,

Ұлан-асыр ойланып, ұлан-асыр қайғы алып,

Кешiрiңдер, ақын деген, мiне, осындай бай халық» деп. Анамыз 28 жыл бiрге өмiр сүрiп, мың жылда бiр туатын ғажайып ақынның жары болу бақытына ие болды. Араларындағы шынайы махаббат үшiн өмiрдiң барлық қиыншылығына төзуге тырысты. Он екi жасқа толған, бойжеткен, сүйiктi Майгүлiнен айрылды. Ата-ана үшiн баладан айрылудан артық қасiрет жоқ. Жас күнiнде жарынан айрылып жесiр қалды, төрт баланы бағып-қағып, оқытып, ер жеткiзу оңай болған жоқ. Осының бәрi ана үшiн iштей жанын жеген үлкен қайғы. Лашын мамамыз адал жар, үлгiлi ене, сүйiктi ана бола бiлдi деп толық айта аламын. Атамыздың кезiнде жазған:

«Мен түн болсам,

Сен таң болдың жаңа атқан!

Менi қола, сенi шойын жаратқан,

Мен – ашу да, сен – ақылсың нәр аққан

Сен – адамсың, мен – аждаһа зәр атқан» – деген өлең жолдарынан-ақ анамыздың өмiрдiң қызығы мен шыжығы, қуанышы мен қайғысы қатар жүретiн кезеңдерiн нардың жүгiндей қайыспай көтере бiлгенiн анық көремiз. Ал жоғарыдағы өлең жолдары атамыздың мамамызға берiп кеткен анкетасы iспеттi. Лашын мамам маған өткен өмiрi туралы жылы естелiктерiн жиi айтушы едi. Атам туралы естелiктердi айтқанда биiкке ұшатын қаршығадай қомданып, әсерленiп кететiн. Анамыз әңгiме айтып отырғанда, ол кiсiнiң түрiнен жұбайына деген мөлдiр сағынышын байқайтынмын. Анамыз атаммен Шибутта танысқан екен. Екеуi бiрге талай айлы түндi көз iлмей, үлкен қара тастың үстiнде өткiзiптi. «Атаң маған жаңа жазылған өлеңдерiн оқып беретiн. Маған үнемi өлеңмен хат жазушы едi. Өлеңдерi отты, әсерлi едi, сол оттың әсерi болар, бiз көп ұзамай шаңырақ көтердiк» дейтiн. Лашын мамам күнделiк жазған екен. Анамыз қайтыс болғаннан кейiн қолжазбаларды қарап отырып, ескi көк дәптер – мамамның күнделiгiн тауып алдым. Сол күнделiктiң соңғы бетiне атамыз былай деп жазып қойыпты:

«Сен де өмiрден көп жағдайды өткердiң,

Бiзге бақыт әкелер-ау тек бiр күн.

Жүрегiмдi жылытар да, жұбатар,

Үмiт еткен тентегiм бар деп бiлгiн.

Мейлi ғасыр, айлар өтсiн, жыл өтсiн,

Тек өмiрiм сенiменен бiр өтсiн.

Сен – байлығым, сен бақытым, сен досым,

Сен тiрегiм, сен кеудемде жүрексiң!»

Атамыздың анамызды қалай құрметтегенi, қалай бағалағаны өлеңдерiнiң көбiнен байқалады. Екеуiнiң арасындағы шынайы сезiм, рухани түсiнiстiктi атамыздың өлеңдерi дәлелдеп тұр.

– Жұлдыз аға әкесiнiң өлеңдерiн жатқа бiле ме? Жалпы ағаның поэзияға деген құмарлығы қандай?

– Жұлдыздың да мiнезi Лашын мамама келедi. Мiнезi ауыр, артық сөзi жоқ. Ол кiтап, газет-журналдарды көп оқиды. Өлең жазатын да қабiлетi бар. «Мен өзiмдi ақынмын деп санамаймын, тек қанға бiткен әдет ғой» деп отырады үнемi. Атамыздың өлеңдерiн жақсы бiледi.

– Мұқағали мұрасын Лашын апайдың жинап-тергенiнен хабардармыз. Ақын мұрасына бүгiнде Сiздiң бас-көз болып отырғаныңыз да көзiқарақты оқырманға жақсы таныс. Ақын шығармашылығына, ақын мұрасына ие болу дегенiмiз не?

– Атамыз қайтыс болғаннан кейiн анамыз атамыздың артында қалған мұрасын шетiн шығармай халықтың қолына жеткiздi. 50 жылдық мерейтойында атамыздың екi томдық жинағы жарық көрсе, 60 жылдығында 3 томдық шығармалар жинағы, 70 жылдығында төрт томдығын шығарды. Кейiн денсаулығы сыр бере бастағаннан кейiн, менi шақырып алып: «Бақытай! (Атымды тура атамайтын). Мен Мақатаевтар эстафетасын өмiр бойы алып жүрдiм. Отыз жыл бойы артында қалған мұрасын шашау шығармай, халыққа жеткiздiм. Ендi осы эстафетаны өзiңе тапсырғалы отырмын. Әрi қарай жалғастырады деп саған сенемiн» – деп кiтаптарын, қолжазбаларын, суреттерiн бiр апта отырып, маған өткiзiп бердi. Бұл – өмiрден озған аяулы анамыздың тапсырған аманаты, атамыздың халқына арнап жазып кеткен асыл мұрасы. Оны шашау шығармай халық игiлiгiне жарату мен үшiн үлкен жауапкершiлiк!

– Мұқағали ағаның шаңырағында қанша ұл-қыз өрбiген?

– Ақын шаңырағында төрт бала бар. Тұңғышы Жұлдыз – заңгер, Алмагүл – кәсiпкер, Шолпан – ҚазҰУ-дың оқытушысы, Айбар – кiшкене дiмкәстеу.

– Ақын мұрасында әлi де жариялана қоймаған, жарық көрмеген дүниелер бар ма?

– Атамыз дүниеден өткелi 35 жыл уақыт өтiптi. Артында қалған қолжазбаларының барлығы дерлiк жарияланды. Күнделiктерi, естелiктерi, өлеңдерi, барлығы дерлiк жинақтарына енгiзiлген.

– Өлеңдерi әнге айналған ақындардың арасында Мұқағали ақынның орны бөлек. Қазiр ақынның бүткiл поэзиясы дерлiк, әнге айналып, жұртшылықтың арасында жиi шырқалып жүр. Сол әндердiң арасында сiздiң көңiлiңiзден шықпайтындары бар ма? Жалпы ақын поэзиясының әнге айналуына деген көзқарасыңыз қалай?

– Халық сүйiспеншiлiгiне бөленген ақиық ақынның бiр өлеңiне бiрнеше сазгердiң шығарған әндерi бар. Ақынның өлеңдерi әнге сұранып тұрады, сондықтан да шығар, әуесқой және кәсiби композиторлар да атамыздың өлеңдерiне ән шығаруға құмар. Ал оның iшiндегi жақсысы қайсы, нашары қандай, жалпы әндердi сұрыптау халықтың еншiсiндегi дүние. «Жүректен шыққан ән жүрекке жетедi» дегендей, жақсы ән халық арасына кең таралады, ал нашарлары сыннан өздерi-ақ өтпей қалады. Оған бағаны беретiн тыңдарманның өзi.

– Ақиық ақынның 80 жылдығын Алаш жұртының дүрiлдетiп атап өтер күнi де алыс емес. Тойға деген дайындық қалай болып жатыр? Мерейтой қарсаңында ақын шығармашылығына қатысты қандай iс-шаралар атқарылды?

– «Табиғат!

Жанымды алсаң,

Алшы менiң,

Бiр түйiр жерге түскен тамшың едiм.

Мұқағали жоғалса, қайтер дейсiң,

Артымда қалсын жерiм, қалсын елiм» – деп өмiрiнiң соңына дейiн елiнiң, жерiнiң амандығын тiлеп өткен ақынның 80 жылдық мерейтойы 29 шiлдеде туған жерi Қарасазда, Шалкөде жайлауында өткелi жатыр.

Ақынның 80 жылдық мерейтойын тойлауға бүткiл Алаш жұрты атсалысып, құрметiн, қошеметiн көрсетуде. Бiр жыл көлемiнде дайындықтар өттi. Ақынның мұражайы күрделi жөндеуден өттi. Қосымша конференц-зал салынды. Мұражайдың iшi қазiргi заман талабына сай жабдықталды, жолдар жөнделдi. Мәдениет үйi де күрделi жөндеуден өттi. Қарасаз маңындағы қорымда жатқан ақынның анасы – Нағиман әжемiздiң кесенесiн көтердi, одан да басқа көптеген iс-шаралар жасалынды. Алаштың ақыны болғанымен Жетiсудiң төл перзентi. «Тас түскен жерiне ауыр», – дейдi, ендеше бар салмақты да көтерiп жатқан Жетiсу өлкесi. Ал ендi шығармаларына келетiн болсақ, атамыз кезiнде өзiнiң күнделiгiнде: «Менiң жазғаным бiр бүтiн поэма. Адамның өмiрi мен өлiмi, қасiретi мен қуанышы туралы поэма. Бар өлеңiмдi жинап бiр жинаққа топтастырыңызшы, әрбiр өлең өз орнында болсын, яғни жылыма және бойыма қарай, сонан соң көз алмай оқыңдар, сюжетiне көңiл аудармай-ақ қойыңдар, ал композициясы мен архитектоникасына зер салыңдаршы, менi содан таппасаңдар, онда ақын болмағаным» – дегенiн ескере отырып, мерейтой қарсаңында хронологиялық тәртiбiне қарай топтастырылған үлкен көлемдi таңдамалысы Бiрiншi президентiмiздiң қоғамдық қорының тiкелей көмегiмен шыққалы отыр. Екiншi таңдамалы кiтабы және орыс тiлiндегi аудармасы, сондай-ақ осыдан 16 жыл бұрын шыққан «Естелiктер» кiтабының толықтырылған нұсқасы қайтадан шығып жатыр. Бұлардың бәрi атамыздың атындағы халықаралық қордан шығып жатыр.

«Жаздым үлгi жастарға бермек үшiн,

Абай жаққан бiр сәуле сөнбес үшiн» – деген ақынның өлеңдерiн келер ұрпаққа табыстау, халқымен қауыштыру – бұл бiздiң мiндетiмiз. Ақынның екi өмiрi бар десек, ақынның екiншi өмiрi – мәңгi өмiрi, өзi жазып қалдырған қолтаңбасында, туған халқының жүрегiнде, жырсүйер қауымның ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған асыл мұралар қатарында жарқырап өмiр сүре бермек.

29 шiлдеде өтетiн ақынның тойы – халықтың тойы. Демек тойымыз құтты болсын! Осы тойды ұйымдастыруға тiкелей атсалысқан Алматы облысының бұрынғы әкiмi Серiк Әбiкенұлына, қазiргi әкiмi Аңсар Мұсаханұлына, аудан әкiмi Аян Айтжанұлына және облыс әкiмшiлiгi аппаратына, өзiнiң сүйiспеншiлiгiмен атамызды поэзия шыңына көтерген халыққа үлкен рахметiмiздi айтамыз!

28 шiлде 2011 жыл

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары