Ұлттық қордағы қаражат – $73,1 млрд.
Ұлттық қордағы қаражат – $73,1 млрд.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ
Президент Н.Назарбаев үстiмiздегi жылдың 17 сәуiрi күнi өткiзiлген Үкiметтiң кеңейтiлген отырысында Министрлер кабинетiне бiрқатар мiндеттемелер жүктеген болатын. Осы тапсырмаларды орындау барысын қорытындылауға қатысты ҚР Экономикалық даму және сауда министрi Қайрат Келiмбетов Үкiмет мүшелерi алдында баяндама дайындады.
Бүгiнде басымдық берiлетiн басты бағыттардың қатарында экономиканы әртараптандыруды жеделдету мәселесi тұр. Министрдiң мәлiмдеуiнше, Үкiмет 2011-2015 жылдары экономиканың 7 пайызға артуын қамтамасыз ету жөнiндегi әлеуметтiк-экономикалық саясаттың негiзгi бағыттарын қабылдаған. Биылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша сыртқы тауар айналымының экспорты өткен жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда, 44,3%-ға ұлғайып, 34,9 млрд. АҚШ долларын құрады. Қазiр министрлiктiң алдында тұрған басты мақсаттардың бiрi – Индустрияландыру картасын iске асыру. Осыған байланысты, 2011 жылы 700 млрд. теңгеге жуық қаржыға 200 жобаны игеру жоспарланып отыр. Былтыр Индустрияландыру картасында 23 мың тұрақты жұмыс орнын құра отырып, 803,4 млрд. теңгеге 152 жоба iске қосылған. Қазақстанның экономикасы ашық болғандықтан биржалық тауарларға бағаның құлдырауына және экспорт өнiмдерiне сұраныстың қысқаруына әкеп соққан әлемдiк экономикалық дағдарыс ел экономикасының даму қарқынының баяулауына ықпал етуi мүмкiн. Сондықтан Экономикалық саясат жөнiндегi кеңестiң отырысында әлемдiк экономикадағы жағдай нашарлаған сәтте отандық экономиканың ахуалы ушығып кетпес үшiн оны тұрақтандыруға қатысты бiрнеше ұсыныс дайындалып, бекiтiлдi. Сондай-ақ, Ұлттық қордағы қаражаттың (73,1 млрд. АҚШ доллары) оңтайлы мөлшерi мен бюджет тапшылығын айқындай отырып, ұзақ мерзiмдi кезеңде Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану жөнiнде ұсыныстар әзiрленген. Ал 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясының жобасында заманауи қауiп-қатерлер мен қоқан-лоққыларға қажеттi деңгейде көңiл аударуды қамтамасыз етедi.
Қ.Келiмбетовтiң хабарлауынша, Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасындағы Кедендiк одақ шеңберiнде де аймақтық интеграцияны күшейту барысында бiрқатар шаралар атқарылып жатқан көрiнедi. Осының нәтижесiнде, биыл қаңтар-мамыр аралығында Қазақстанның Ресейге экспорты – 59,6%-ға, ал Беларуське 2,3 есеге өссе, импорт Ресейден – 2,6 есеге, Беларусьтен 6 %-ға артыпты. Сондай-ақ, 9,4 млрд. АҚШ долларына дейiн (2,1 есеге) көтерiлген тауар айналымының арқасында Одақ шеңберiндегi көрсеткiш Қазақстанның жалпы тауар айналымының 19,6%-ына тең болған. Сыртқы экономикалық қатынастарға келсек, Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүшелiкке өту мәселесi жан-жақты талқыланып, АҚШ пен Еуроодақ елдерiнде өндiрiлген тауарларды отандық нарыққа енгiзуге қатысты шарттарды бекiту келiссөздерi аяқталған. Күн сайын күшейiп бара жатқан қымбатшылықпен күрес – Үкiметтiң күн тәртiбiне шығарған мәселесi. Ресми деректерге сүйенсек, инфляцияның деңгейi биылғы жылдың басынан берi 5,1%-ға тең. Келiмбетовтiң мәлiмдеуiнше, мемлекеттiк органдар инфляциямен күрес шеңберiнде бағаның өсуiне ықпал ететiн факторлардың әсерiн төмендету бойынша шаралар қабылдап жатыр. Мәселен Ұлттық Банк ақша-несие саясатын күшейтiп, 2011 жылғы 9 наурыздан бастап 50 базалық пункте қаржыландырудың ресми мөлшерлемесiн 7,5%-ға дейiн көтеруге шешiм қабылдаған. Сондай-ақ ең аз резервтiк талаптар нормативтерi өсiрiлiптi. Азық-түлiк тауарларына қойылатын iшкi бағалардың өсуiн болдырмау үшiн тоқсан сайын Үкiметтiң қаулысымен әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларының шектi мәнi мен оларға шектi жол берiлетiн бөлшек сауда бағалары белгiленедi. Iшкi азық-түлiк нарығында тұрақтылықты сақтау үшiн сауда инфрақұрылымын дамыту, көтерме және бөлшек нарықтар желiлерiн дамыту бойынша жұмыстар жүргiзiлуде. Апта сайын азық-түлiк жәрмеңкелерi ұйымдастырылады, онда өнiмдi өндiрушiлер үшiн кедергiсiз қол жетiмдiлiк қамтамасыз етiледi және алыпсатарлыққа жол беретiн делдалдар жәрмеңкелерден шеттетiлген. Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң ұйымдастыруымен, аймақтар мен өңiрлер деңгейiнде азық-түлiк тауарларының тұрақты қорын қалыптастыруды, астық және майлы дәндi дақылдардың, көкөнiстердiң егiстiк алаңдарын ұлғайту, жылыжайлар мен көкөнiс қоймаларын салу, қолданыстағыларды жаңғыртуды көздейдi. Осы орайда, Әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорацияларды тарту шарасы жүзеге асырылды. Кеден одағы Комиссиясының шеңберiнде алыс шет елдерден импортталатын азық-түлiк тауарларының кейбiр түрлерiне (картоп, орам жапырақ, қарақұмық, сәбiз, қызылша, пияз, астықтың жекелеген түрлерi мен ұн-жарма өнiмдерi, қант, қызанақ, қияр т.б.) қатысты әкелiнетiн кеден салықтарының мөлшерлемелерi төмендетiлдi.
Бүгiнде ең басты мәселелердiң бiрi кәсiпкерлiк ортаға мемлекеттiк деңгейде жағдай жасау болып табылады. Сондықтан 2011 шiлдесiнде «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне рұқсат беру жүйесiн жетiлдiру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң қабылданып, 1015 рұқсат беру құжатының 348 қысқартылған. Келiмбетовтiң хабарлауынша, мемлекеттiк басқару жүйесiн дамыту мақсатында, жаңғырту Тұжырымдамасы әзiрленiп, онда мемлекеттiк жоспарлауды енгiзуге бойынша реформаларды тереңдету, мемлекеттiк қызмет көрсету сапасын жақсарту және оның кәсiби бiлiктiлiгiн арттыру, бюджет жүйесiн жетiлдiру, бәсекеге төтеп беру деңгейiн көтеру т.б. қарастырылған. 2011 жылдың екiншi жартыжылдығында атқарылуы тиiс шаралар iшiнде 6 мәселеге, атап айтқанда, тиiстi салалар мен өңiрлердiң оларға берiлген дамудың индикативтiк параметрлерiне қол жеткiзу бойынша барлық шараларды қабылдау, индустриаландыру бағдарламасын iске асыру, өңiрлерде «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасында көзделген шаралардың iске асырылуын қамтамасыз ету, iшкi нарықта бағалардың, әсiресе, азық-түлiкке және ЖЖМ-ге елеулi өсуiне жол бермеу шараларын қабылдау, «Халықтық IPO» бағдарламасын әзiрлеу мақсатында мемлекеттiк органдарға тиiстi мiндеттемелер жүктеу, экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiн одан әрi арттыру мақсатында индустриалық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау жөнiндегi заңнамалық базаны қалыптастыру, бизнес-климатты жақсарту, әлеуметтiк жаңғырту, тұрғын-үй коммуналдық саланы реформалаумен бiрге жүйелiк реформа жүргiзудi жалғастыру мәселелерiне жете көңiл бөлiнбек.