«Сенде тудым, сенде өстiм, сенде өлсем...»
«Сенде тудым, сенде өстiм, сенде өлсем...»
Ақын Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ шығармашылығы хақында
1955 жылы 18 қаңтарға қараған түнi, сағат бiрдiң кезiнде Қасым мәңгiге көзiн жұмды. 19 қаңтар күнi Алматы жұртшылығы зор құрметпен Қасымды жерледi. Кейiн Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi мен Министрлер Советiнiң нұсқауы бойынша Қасымның басына арнайы ескерткiш қойылды. Оның үш томдық шығармалар жинағы жарияланды. Содан берi, мiне, 56 жыл өтiптi. Қасым Аманжоловтың туған халқы үшiн атқарған iсiн түсiну үшiн оның бай мұраларын оқып, түсiну қажет.
Ақын өлеңдерiнде әдейi көркемдiк мәнер iздеген жасандылық сезiлмейдi. Ол өзi өскен ауылдан бастап, қоғамдық ортаның, туған жердiң, өзi болған өңiрлер мен елдiң сыр-сипатын дәлдiк тұрғыдан жеткiзiп суреттейдi. Ерекше жылылық сезiммен жазылған мына өлең жолдарын оқиық:
«…Ой жетер жерге көз жеттi,
Арғысын және сеземiн.
Жатырсың алып жер-көктi,
Советтiк менiң, өз елiм!»
Өстiп ақын Қасым кең байтақ Қазақстанды көркем бейнесiн айрықша жылылық сезiммен жырға қосып елестете бiлдi. Толғанып отырып жазған мына өмiршең жолдарын қайталап оқыған үстiне оқи бергiң келедi. Ол:
«Уа, дариға, алтын бесiк туған жер,
Қадiрiңдi келсем бiлмей кеше гөр!
Жаталмас ем топырағыңда тебiренбей,
Ақын болмай тасың болсам мен егер.
Неткен байтақ, неткен ұлы жер едiң,
Нендей күйге жүрегiмдi бөледiң!
Сенде тудым, сенде өстiм, сенде өлсем
Арманым жоқ, бұл дүниеде дер едiм…»
– дептi. Мұнда туған жер мен елiне деген адами сүйiспеншiлiк, тәттi сезiм шеберлiкпен сипатталады. Осынау ыстық жүрек сезiмiн төмендегi өлең жолдары арқылы да жалғастырады:
«…Оралым, сенiң қойныңда,
Ойнақтап өткен жылдарым.
Жарқылдап Жайық бойында,
Достармен сайран құрғаным…»
Ақынның осындай шығармалары оқырманды өршiл де өктем, турашыл да батыл ойға бастап отырады. Қазақ ақыны кейiнгiлерге өзiнiң құнды өлең жырлары арқылы өзiндiк өлмес пiкiрлер қалдырды. Олай болса, Қасым ел таныған, ортасы мойындаған дәрежеде болды. Оның себебi неде деген сұрақ тұрады. Ол алдымен өзiн-өзi тануға, өзiн-өзi түсiнуге бейiмдейдi. Сөйтiп арманының орнына көркем өлең жырларын қойды. Сондықтан Қасым ақын:
«Кең жайдым құлашымды дүниеге,
Бiлдiм мен қайғыра да, сүйсiне де,
Әйтеуiр әрi-сәрi болғаным жоқ,
Ұқтым мен көңiлiмнiң күйiне де»
деп, өзiне-өзi орынды сынымен ойын түйiндей қорытынды жасады. Мұны кейiнгi жастар үшiн тағылым демей көрiңiз! Мiне, сондықтан да ақын Қасым есiмi мен өмiрi әрбiр қазақ баласы үшiн тағылым негiзiнде таныс болуы тиiс. Өз халқының сүйiктiлерiнiң бiрi болған Қасымның өмiрi мен қызметiнiң жан-жақты ашылып, жазылуы кейiнгi ұрпаққа үлкен үлгi деп бiлген жөн.
Қасым Аманжолов 1911 жылы Қарағанды (Қарқаралы) өңiрiнiң Қызыл Көшен тауының етегiнде, Сарыобалы ауылында дүниеге келедi. Қазақ ұғымында бұл орын – Қосбұлақ және Қарадөң қыстаулары. Екеуiнiң ортасындағы Қызыл Көшен қыстауы Қасымның әкесi Рахымжанның қонысы болған. Рахымжан өңiрге саятшы ретiнде кеңiнен танылған адам. Бiрақ, өкiнiшке қарай, ол Қасымның жас кезiнде о дүниелiк болады да, қаршадай бала лажсыздан Семейдегi жетiм балалар үйiнде тәрбиеленедi. Одан соң Семейдiң мал дәрiгерлiк техникумына түседi. Кейiнде Қасым өзiнiң алаулаған жастық шағының, талантының жарқырап көрiнiс берген кезеңi Оралдың пединститутында оқыған тұсы едi деп жазады ақын Ғафу Қайырбеков. Қасымның студент шағы өнердiң бар саласына деген оның құштарлығын шыңдай түсуге бастайды. Ол iзденiсте жүрiп, дамыл таппайды. Жас ақын жыр жазумен қатар музыка аспаптарында ойнауды үйренiп, жақсы меңгере бiледi. Оның бүгiнде бәрiмiз айтатын «Жас дәурен» әнi сөзiмен де, әуенiмен де ерекше туынды екенi даусыз. Өлең жазуды басты мақсат етiп қойған ол қазақ әдебиетiнiң ұйысқан ортасын аңсайды да, бiр күндерi әсем қала Алматыдан бiр-ақ шығады. Алматы шаһарында газет, жорнал ұжымдарымен қоян-қолтық араласып, дидарласып, үлгi-өнеге, тәлiм-тәрбие көрiп, шыңдала түседi. Ақын орыс және әлем әдебиетiнiң туындыларын оқып, танысу арқылы кешегiсiнен де iлгерi кеттi. Сол кезеңде халыққа танымал ақын-жазушылардың ықпалымен үлкен өнер майданының нақ ортасында өзiн сынап көрудi мақсат етедi. Атақты да, белгiлi ақындар жолын қуады.
Адам парасатынан басталатын өлең қуаты қаншама лептi демеске шараң жоқ. Көркем сөз өнерiнiң сиқыр күшiн дүние құбылыстары мәнiне бұрып, өзiндiк үнiмен бағындыруға жұмылдырады. Бұл ретте, Қасым орыс ақындары (Пушкин, Лермонтов) және шетелдiк белгiлi ақын- жазушылардың тарихи философиялық мәндегi дүниелерiне ат басын бұрып, шығыс халықтары поэзиясының ұлылықтарына тәнтi болады, оларды үлгi етiп қабылдайды. Мәселен айтулы шығыс поэзиясы көрнектi өкiлдерiнiң бiрiнен саналған Низами мұраларын оқып, ардақтап өз тiлiне түсiрiп аударады. Қасым ақын өмiрге көз сала келiп, шынайы болмысқа негiздеп, қоғамдық ой қалыптастыру қажет екенiн сезiнедi және солай болатынын өзiнше байқайды, ұғынады.
Ендi Қасым 1941-1945 жылдардағы Отан соғысының жауынгерi, жыршысы және бейбiт өмiрдiң шынайы жаршысы болғандығы турасында ойды жалғастырайық. Қасым ақын кешегi қан-құйлы, сұрапыл соғыстың ауыр жылдарын басынан өткерген қазақ халқының ұлдары мен қыздарының қатарында от кешкендердiң бiрi болды.
Оның мына өлең жолдарына ой тоқтатып оқиық:
«Талпынып шыққандар көп,
Көз жiберсем тарихтың саласына.
Бұл майданға ту алып мен де шықтым,
Жиырмасыншы ғасырдың шамасында.
Дариядан тайқымай еркiн өтем,
Жұртша қарап тұрмайын жағасында».
Ақын қаламынан туындаған өлеңдерiн оқып, айрықша адами терең сезiмдi аңғарасың да қуанасың, ерекше шаттанасың. Өйткенi онда алдымен туған жер мен жеке өңiрлердi шынайы махаббат арқылы суреттеудi байқайсың. Ол – ерекше сезiм ақыны.
«Патша, құдай, дiн үшiн» қырылды жұрт.
Қан ағызып, қоныстан сырылды жұрт.
Бiрiн-бiрi тырнадай түтуменен
Жерден, судан айрылып, шұбырды жұрт.
Бүлiк кiрiп халықтың арасына,
Жармасты бiр-бiрiнiң жағасына,
Ұлт пен ұлт, ел мен ел қырылысты,
Жұлысты бiр атаның баласы да».
Мiне, Қасым ақын кешегi мен бүгiнгi қоғам сипаттамасын осылайша бередi.
Одан әрi ақын Қасым:
«Ондайлардың «ерлiгi», «адамдығы»
Сол құбылған заманның жамандығы.
Елдi езiп, ерлiкке тырысқандық –
Арамдардың ол да айуандығы.
Ерлiк емес, қудалап «оянғанды»…
Қолға түскен, ерлерiн жойғандығы
Бәрi айқын, сөзiмнiң жоқ бұрысы.
Тыңда дүние, ерлiк жырын тыңдай бер,
Қанғанынша құлағының құрышы» – дейдi.
Қасым Аманжолов соғыста жүрiп, бiр сәт те өзiнiң қазақ халқының перзентi екенiн ешқашан естен шығармаған. Туған жерi мен елiнiң патриоты екенiн сезiне бiлген ыстық жүректi ақын. Ол тарихи таным, тарихи сана-сезiммен айналасында болып жатқан құбылыстарға әлеуметтiк көзқарас тұрғысынан сараптама жасай бiлдi.
Сөйтiп, ол соғыс жылдарындағы қазақ және орыс жауынгерлерiнiң ерлiк тарихын жырмен жазып шыққан тұлға. Соны алдымен өзiмiз көре жүрiп, көсiлте жазып, ауыз толтырып айта алмадық. Өкiнiштi-ақ! Қасым Аманжолов – сондай-ақ ерлiктi, елдiктi ту еткен дауылпаз ақын. Оның төрт томдық шығармалар жинағы ел мен жер бай тарихынан хабар беретiн танымдық материалдарға толы. Өскелең жас буынға өз Отанын сүйген адамның, ыстық жүректi ақынның қандай болу керектiгiн үйрететiн толық қанды еңбек деп түйiндеген жөн.
Қасым Аманжолов өлеңдерiнде соғыс тақырыбына кiрiспенi бiз мына жолдарды оқу арқылы аңғарамыз.
«Қош бол, досым, жақыным,
Уақыт тығыз, сөз қысқа,
Кетiп бара жатырмын,
Сұрапыл бiр соғысқа!»
Мұнда сол бiр қиын-қыспақ кезеңде сұрапыл соғыс басталысымен Қызыл Армия қатарына шақырылып, аттанып бара жатқан барша қазақ жастарының ойындағысы, көңiл-жайы аз сөзбен, қысқаша қош айтысу сәтi суреттелген. Оның жырларында қазақ жауынгерлерiнiң соғыстағы ерлiктерiн сипаттап, паш етудi байқамау мүмкiн емес. Отан соғысында қазақ жауынгерлерi қалай соғысқаны, оның жан-жағдайы, ұрысқа түскен солдат бейнесi кеңiнен қамтылады.
Ендi ақын жырға қосқан, туған жер сипаттамасын тебiренбей оқу тiптен де мүмкiн емес:
«Қазақстан – дейтiн бар елiм,
Жатыр алып жарты дүние әлемiн.
Бұл далада атам қолға ту алған,
Бұл даланы анам жаспен суарған.
Бұл далаға жылап келiп, уанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!»
деген тарихи мәндегi жолдар бүгiнгi тәуелсiз Қазақстанның сипаттамасы, оның нақ суреттемесi сияқты көрiнедi. Мiне, қазiргi жас ұрпақты отансүйгiш сезiмге тәрбиелейтiн де, оқуға, өнегелiкке бастайтын да өмiршең жыр жолдары. Ақын жыр жолдарында қандай әсерлi де мәндi теңеулерге орын бередi. Мынау: «Дариға», «Туған жер», «Өзiм туралы», «Оралым» атты өлең жолдары қазақ аспанында ән болып шырқалғалы қашан! Алда, әлi шырқала беретiнiнде күмән бар ма!
Қасым Қызыл Армия жауынгерi, ерлiк жырларын сол майдан даласында жүрiп жазған. Мәселен «Елге хат» өлеңi мен «Абдолла» поэмасын айрықша атап айтпасқа болмайды. Бұлар сөз жоқ, майдан даласындағы қазақ жауынгерлерiнiң ерлiгiн мәңгiлiкке паш еткен, жырлаған, тарихи сезiмдi ұмыттырмайтын шығармалар. Иә, осынау жыр жолдарын барша қазақ болып оқыған абзал.
Алыс майдан даласында жүрген қазақ жауынгерiнiң сағынышы туған елiне, ата-әжесiне, жалпы перзенттiк борыш, ыстық жүрек сезiмi жыр арқауы болған. Сондағы өлең жолдарын бiрге оқиық:
«…Туған жер қимағандай менi сонда,
Жалтақтап, жалпақ дала қарай бердiң –
Жүгiрiп, ерiп зорға эшелонға».
Нақ басып, Қасымдай ешбiр ақын айта алмаған ғой! Мына тамаша жырдың жөнi тiптен өзгеше. Ол – атақты «Абдолла» поэмасы.
«…Аты оның едi Абдолла,
Алшы жаттап, балғын бөбек.
Алтын қалам алшы қолға,
Ағаң құсап жазшы өлең!
…Соқсын дауыл даусымыздан
Жырлайықшы қосылып бiр.
Көрдiң бе, әне, сонау құздан,
Күлiп қарап Абдолла тұр! – деп, Қасым ақын, барша қазақ жауынгерiне жыр арнап, тарихи ескерткiш орнатқанын бiз мақтанышпен айтуға, қазiр де оны тұшынып, адами сезiммен қабылдауға тиiстiмiз.
Қасым ақын қаламынан туындаған «Абдолла» – тарихи мәнi зор шығарма. Кеңестiк орыс ақыны Н.Тихонов, белгiлi жазушы Л.Соболев, қазақ жазушылары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсiрепов Қасым Аманжоловтың әйгiлi «Ақын өлiмi туралы жыр» поэмасын жоғары бағалап, оны «қазақ поэзиясының iнжу-маржаны» деген болатын. Оның тарихи құдыретi қазақ халқының ұлы мен қыздарының ата дәстүрiнде ерлiк жасағанын барша әлемге паш еттi. Жырда қазақ жауынгерiнiң ерлiгiн мүлде сонылық, жаңалық кескiнiн сол сұрапыл жылдар оқиғасын көркем сөзбен таңбалауында.
Ақтық оғы қалғанша берiспеген, ерлiкпен майданда қаза тапқан жауынгер «Абдолла» туралы тарихи жырында ақын Қасым немiс фашистерi әкелген қырғын соғыстың апатын, сол зұлым жауға қарсы айрықша табандылықпен соғысқан қазақ халқының ұл-қыздарының таңғажайып ерлiгiн өлең жолдарымен жеткiзедi. Қазақ жауынгерлерi өздерiн қоршаған күшi басым жауға қарсы күресте бас иген емес. Мәселен сол жауынгер Абдолланың жауға берiлмей, Отан намысын қорғап ерлiкпен қан төккен өмiрiн бүгiнгi Қазақстандық халық жастарына, барша қауымға жеткiзе баяндау, үлгi етiп, кеңiнен насихаттау парыз десек, ақын Қасым шығармаларын оқып, бiлген абзал.
Қасымның соғыс тақырыбына жазылған тамаша өлеңдерiнiң ең биiк шоқтығы осы «Абдолла» немесе «Ақын өлiмi туралы аңыз» деген тарихи мәндегi өлмес жыры. Ақиқатын айтар болсақ, бұл қазақ поэзиясындағы сол қилы кезеңдi шынайы суреттеген өлмес туынды.
Ақын-жазушылардың ортасына оралған Қасым дамылсыз шығармашылық үстiндегi рухани өмiрiн о дүниелiк болғанға дейiн тоқтаусыз жалғастырады. Мұның жемiсi Қасым ақын тарапынан қасiретке толы – ХХ ғасырдағы аса ұлы саяси әлеуметтiк мәндегi көптеген шығармалары болды. Қасым капиталистiк елдер жүргiзген қитұрқы саясатының мәнi мен зиянды күрделi құбылыстарына ден қоя бiлдi. Өзiнше талдау, сараптама жұмысымен айналысты, оларды өлең жырларында сипаттады. Атап айтқанда, «Дүние дұшпандарына», «Бактерия королi», «Трумэнге», «Трумэн достарымен» және «Аденауэр ұсқыны» атты тарихи жырларын жазады. Бұл өлеңдерi ақын Қасым ащы да болса, әлем елдерi бейбiт өмiрдi аңсаған және халықтары тартқан ауыр азабын ашып көрсететiн мейлiнше шындық және жан түршiгетiн сипаттамалық суреттерге толы. Олар тартымды етiп жазылған тарихи мәндегi еңбектер деуге әбден болады.
Дауылпаз ақын Қасымның еркiн ойы халықтың тарихымен, мәдениет ұғымдарымен тамаша ұштасып жатыр. Саналы түрде өз халқын сүю үшiн қаншалықты ойшыл, сезiмтал ақын болуы керек екен десеңiзшi! Қасым жырлары – жеңiл оқуға емес, толғанысы мол, терең философиялық мәндегi туындылар. Ол соғыс жылдарындағы және бейбiт өмiр жағдайындағы қазақ қоғамының шынайы болмысын, тарихы мен мәдениетiн зерттеуге айрықша мән бердi.
Қасым Аманжолов – өткен ғасырдың 30-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргiн жағдайында ауыр кезеңiнде өмiр сүрген тағдырлы тұлға. Сол жөнiнде мәлiметтер кеңiнен берiлсе деген ойдамыз. Қиын-қыстау кезеңде бойын ауыр кесел мен кедейшiлiк билеген, баспанасыз тұрмыс кешкен ақын олардың бәрiн жеңе жүрiп, өзiнiң адами биiк рухын паш еткен азамат деп түйiндеген дұрыс болады.