ҚАУIПСIЗДIК КЕҢЕСIН ДIНИ АХУАЛ АЛАҢДАТАДЫ
ҚАУIПСIЗДIК КЕҢЕСIН ДIНИ АХУАЛ АЛАҢДАТАДЫ
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ
22 шiлдеде Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қауiпсiздiк кеңесiнiң кезектi отырысы болып өттi. Бұл жолғы жиын елдегi дiни ахуалға арналды. Оның өзiндiк себебi де жоқ емес.
Бiрiншiден, елiмiздiң Батысында тұтанған от әлi басылмай тұр. Шұбаршидегi төтенше жағдайды билiк дiни экстремизммен байланыстырғысы келмейдi. Бiрақ дiни фактордың бар екенiн жоққа да шығармайды. Бүгiнде Ақтөбедегi Шұбарши ауылындағы мешiттердiң имамдары ауыстырылып, мемлекеттiк қадағалау күшейе түстi. Мемлекеттiк қадағалау бұнымен аяқталған жоқ, тек Астананың өзiне 250-дей адамды экстремистiк топтармен байланысы болуы мүмкiн деген күдiкпен қамап, барлығын тексеруден өткiздi. Әрине ол адамдардың көбi бостандыққа жiберiлдi. Бiрақ олардың әрекетi ендi қауiпсiздiк қызметiнiң назарында болады деген сөз.
Екiншiден, АҚШ Қауiпсiздiк департаментi Қазақстанды ерекше иммиграциядық елдер қатарына қосып отыр. Қазақстандағы АҚШ елшiлiгi бұл ақпаратты жоққа шығарғанымен, АҚШ үкiметi Қазақстанды аталымыш тiзiмнен шығармайтындығын айтады. Бұл да дабыл қақтырар, Қазақстанның сыртқы имиджiне нұқсан келтiрер оқиға.
Осы мәселелердi ескере отырып, алда қолданылар шаралар жайында Президент әкiмшiлiгiнiң басшысы Аслан Мусин баяндама жасады.
– Тәуелсiздiк жылдарында қазақстандықтардың бiрлiгiнiң арқасында, ұлтаралық және конфессияаралық келiсiмдi, саяси тұрақтылықты нығайта алуымыздың нәтижесiнде ел экономикасы сенiмдi дамуда, азаматтарымыздың өмiр сүру деңгейi артуда. Қазақстанның жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiмi – әлемдегi жаңа тәуелсiз мемлекеттерiнiң арасындағы ең жоғарғы көрсеткiштiң бiрi болып табылады!, – дедi Елбасы Н.Назарбаев
Бiрақ соғанқарамастан экстремизм тақырыбы аса өзектi мәселеге айналып отыр. Оның негiзгi себептерi түсiнiктi де.
Қазақстан Мұсылмандарының дiни басқармасы 13 шiлдеде Ақтөбедегi оқиғаға былай баға берген едi: "Салафиттiк ағым Қазақстанға тарады және қауiптi дiни ағымдардың бiрiне айналды, оған тыйым салу керек", деп мәлiмдеген ҚМДБ баспасөз хатшысы Оңғар Өмiрбек.
Қазақстанда жақында Дiн iстерi жөнiнде агенттiк құрылғаны мәлiм. Демек Қазақстанда дiн мемлекеттен бөлек болғанымен, оның iсiне мемлекет араласпай тұра алмайтындығы айқын болып отыр. Қауiпсiздiк кеңесiнде "Қазақстанның дiни наным-сенiм еркiндiгiн жариялаған зайырлы мемлекет екендiгi" атап өтiлдi. Бiрақ бұл "билiк органдары дiн саласындағы қатынастарды реттеуден бойын аулақ сала алады дегендi бiлдiрмейдi" делiндi жиында. Сондықтан құзырлы органдарға дiни-экстремистiк идеология элементтерiн елiмiзде таратуға, әсiресе, конституциялық құрылымды құлатуға, азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiруге бағытталған ашықтан-ашық әрекет-акцияларға қатаң тойтарыс беру жөнiнде мiндет жүктелдi.
Қазақстан Мұсылмандар дiни басқармасы бiраз жылдан берi дәстүрлi емес, қауiптi ағымдардың жұмыс iстеуiне заң жүзiнде тыйым салу жөнiнде ұсыныс енгiзiп келедi. "Бiз ондай заң биылғы жылы қабылданады деп үмiттенемiз", — дедi мүфтияттың бас хатшысы Оңғар Өмiрбек.
Алда тұрған басты мiндеттердiң бiрi – "Дiни наным-сенiм бостандығы" туралы заң жобасын қайта қарап, оны бүгiнгi туындап отырған талаптарға сай, қайта қабылдау.
Есенгүл Кәпқызы