ТАСҚЫНҒА – ТОСҚЫН
ТАСҚЫНҒА – ТОСҚЫН
Биылғы су тасқыны алғашқыда Жайық жұртын састырды. Бiрақ жергiлiктi билiктiң байыпты да қатаң ұстанымы және республикалық басшылықтың тарапынан болған жанашырлық бiраздан соң халықтың қайраты мен жiгерiне дем берiп, тiлсiз жаумен күрес жаппай сипат алды. Төтенше жағдай министрi Божконың апат күндерi елмен бiрге жүруi де жерлестерiмiздiң тарапынан оған деген құрмет сезiмiн ерiксiз қалыптастырды. Ел басына төнген қатердi тойтаруда осы iске қатысты мекеме-кәсiпорындармен бiрге, жастар мен жергiлiктi тұрғындар жұмыла еңбек етiп, күнi-түнi ағын судың бетiн қайтаруда аянбай жұмыс iстедi.
– Мен – дедi өз сөзiнде облыстық соғыс және еңбек ардагерлерi кеңесiнiң төрағасы Мырзағали Мұхамбетов, – өткен ғасырда 1957 және 1985 жылдары болған су тасқынының куәгерiмiн. Алайда апатқа ұшырағандарға мемлекет пен жеке адамдар тарапынан болған көмектi көргенiм де, бiлгенiм де жоқ. 1957 жылы Жайық, Шаған, Деркөл өзендерiнiң тасуынан Орал қаласында және Тасқала, Зеленов аудандарында көп үй суға кеттi. Сол кезде бiз студент едiк, соған қарамастан кезекшiлiкке шығып, Шаған өзенiнiң жағалауын құм мен топырақ салынған қапшықтармен нығайтуға қатыстық. Ол кезде Шаған бойында айналма жол болмаған-ды. Бiздiң топта Георгий Хандохин деген жiгiт оқыды. Апаттың салдарынан оның үйi қирап, жазғы асханасы, сарайы пайдасыз болып қалды. Соның бәрiн еш ақысыз қалпына келтiруге бiздiң топтың студенттерi көмек көрсеттi. Бұдан басқа, сол жылы Тасқала ауылының Орал-Сарытау темiржолының оң жақ бетiндегi бөлiгi су астында қалды. Құдай оңдағанда, ол негiзiнен адам тұрмайтын бос жер едi. Арада көп уақыт өткен соң, 1985 жылы «Көктем» және «Родник» бау-бақша кооперативтерi, әуежай жағындағы саяжайлар су тасқынының астында қалды. Ол аз десеңiз, су кiлкiп, бiр ай бойы тұрды. Өзге жемiстi айтпағанның өзiнде, алма ағаштары шiрiп кеттi. Сол кезде не мемлекет, не жамағат мүмкiндiгi бола тұрса да, ешкiмге де көмектеспедi. Амалсыздан табиғат апатынан зардап шеккендер шығындарын өздерi өтеуге мәжбүр болды. Ал биыл жағдай мүлдем басқаша. Көктемде су тасқынының қаупi пайда болысымен, облыс әкiмi Бақтықожа Iзмұхамбетов, қала әкiмi Самиғолла Оразов және аудан әкiмдерi жағдайды тiкелей бақылауына алып, қатерлi аймақтардан адамдарды дер кезiнде көшiрудi жүзеге асырып, талай жанның өмiрiн сақтап қалды. Үй-күйi су астында қалғандар үш мезгiл тегiн тамақтандыратын паналау орындарына орналастырылды. Сөйтiп, зардап шеккен жандарға жедел және пәрмендi көмек көрсетiлдi.
Елбасымыз Н.Назарбаев та облыста сол кезде қалыптасқан төтенше жағдайды тiкелей бақылауына алды. Оның тiкелей тапсырмасымен ел Үкiметi ең әуелi көмекке 870 млн, кейiн 7 миллиард теңге қаржы бөлдi. Жерлестерiмiз апат кезiнде жалғыз қалған жоқ. Елдiң барлық жағынан көмек қолын созғандардың қатары тiптi де кемiген емес. Мәселен бiздiң бұрынғы обком комсомолдың, кейiн Тасқала ауданының бiрiншi хатшысы болған, қазiр Шымкент қаласындағы зейнеткер А.Сабыров көмек қорына өз есебiнен 1 млн. теңге аударды. Сол сияқты өңiрiмiздiң соғыс және еңбек ардагерлерi де мүмкiндiгiнше халыққа көмегiн бердi және берiп те келедi. Облыс орталығы және Тасқала, Зеленов аудандарында зардап шеккендерге арналған үйлер және әлеуметтiк нысандардың құрылысының қалай жүрiп жатқандығы жергiлiктi БАҚ-тарда жан жақты баяндалуда. Б.Тұманов басшылық ететiн «Ақжайық» қорының атқарған iс-шараларын ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Берiлген тапсырыстарға сәйкес, тұрмыстық техниканы (тоңазытқыштар, электроплиталар, кiр жуу аспаптары, т.б.) сатып алуға 1,5 млн. теңге бөлiнген. Паналау орындарындағы тамақтандыру iсiне 9 млн, төсек-орын алуға 6,6 млн. теңге жұмсалған. Бұдан басқа, күш трансформаторларын, сорғыш агрегаттар мен су құбырларын ауыстыруға, бау-бақша кооперативтерiнiң жолдарын жөндеуге 44 млн. теңге берiлдi.
Өкiнiштiсi сол, кейбiреулер тәуелсiз БАҚ-тың көмегiмен және түрлi өсек-аяңдар таратып, осындай жанашыр көмек пен қолғабыстың өңiн терiс айналдырып көрсетуде. Бiреулер болса, көмектiң қолма-қол ақшамен берiлмейтiнiне наразы. Бiр мәселеге баса назар аудару керек, ешкiмге де қолма-қол ақша берiлмейдi. Ол тек қана мердiгерлердiң есепшоттарына, орталықтандырылған бау-бақша кооперативiне және басқа да су тасқынының зардаптарын жоюмен тiкелей айналысатын ұйымдарға аударылуда.
Мiне, арада үш айдан астам уақыт өттi. Қазiр өңiрiмiзде апат зардаптарын жою жұмысы өте қарқынды жүруде. Оған дәлел – облыс әкiмi Б.Iзмұхамбетовтiң Орал қаласында және су тасқынынан зардап шеккен Тасқала және Зеленов аудандарында салынып жатқан нысандармен танысу iссапары. Ең әуелi Бақтықожа Салахатдинұлы облыс орталығына ат басын тiредi. Мұнда бесiншi шағынаудандағы 90 пәтерлiк үйдi салып жатқан «СВ+1» ЖШС-нiң жұмысымен танысты. Құрылыс қарқынды жүруде. Құрылыс материалдарының әлсiн әлi қымбаттауына және өзге де ағымдағы кедергiлерге қарамастан, серiктестiк iс қарқынын төмендетер емес. Қазiр үшiншi қабат бiтуге таяу. Iшкi әрлеу, электр қуатын тарту, тағы басқа жұмыстар тас қалау, плита төсеумен қатар жүргiзiлуде. Ал осы нысанға iргелес орналасқан, дәл осындай үйдiң құрылысын «Жайықсельстрой» компаниясы жүргiзiп келедi. Рас, мұндағы жұмыс қарқыны әзiрге ойдағыдай емес. Облыс әкiмi мердiгер компанияға iс қарқынын жеделдетудi тапсырды. Бұдан басқа, осы шағынаудандағы ең үлкен үйдiң құрылысын «Альтаир» ЖШС-i жүргiзуде. 240 пәтерлiк бұл үйдiң алтыншы қабаты аяқталды. Екi жүзге жуық құрылысшы уақытпен санаспауда. Жұмысқа студенттiк құрылыс жасақтары да тартылыпты. Серiктестiк басшылары үйдiң алдағы жылыту маусымына дейiн аяқталатындығын тiлге тиек еттi.
Су тасқынынан көп зардап шеккен екi ауданның бiрi – облысымыздың батысындағы Тасқала ауданы. Бұл күндерi ауданда 72 тұрғын үй салынуда. Соның сегiзi – бiр пәтерлiк, қалғаны екi пәтерлiк үйлер. Құрылыс жұмыстарын «Утеш», «ЕрСтройЖайық», «Стройинвест плюс», «Жайықгидрогеология» ЖШС және басқа мердiгерлiк ұжымдар жүргiзiп отыр. Аудан әкiмi Өтемiс Мырзағалиевтiң айтуынша, су тасқынынан зардап шеккендерге арналған үйлерге су құбыры тартылған. 60 метрлiк 2 ұңғыма қондырғысы орнатылған. Газ құбырлары мен электр жүйелерi де жүргiзiлуде. Тұрғын жайлардың айналасы қоршалған соң, жол салу жұмыстары басталмақ.
Тағы бiр зардап шеккен аймақ — облыс орталығының iргесiндегi Зеленов ауданы. Облыс әкiмi осы ауданның Переметный және Зеленый ауылдарын аралап, жағдаймен нақты орнында танысты. Мәселен Переметный ауылында бой көтерген 92 пәтерлiк 49 тұрғын үйдiң 36-сының төбесi жабылды. Кейбiр үйлердiң негiзгi жұмысы бiтiп, еденi төселiп жатыр. Құрылыс алаңында «Жером», «Балтемен», «Авиакомпани», «АБДиЛ», «Нира» ЖШС-нiң құрылысшылары бел шешпей еңбек етуде. Зеленов ауылындағы 14 пәтерлiк 7 үйдiң құрылысы қарқынды жүруде.
– Тамыздың аяғында үйлер пайдалануға берiлмек. Күрделi жөндеуден өтетiн тұрғын үйлерге материалдық көмек берiлуi тиiс. Қазiр ауданға 225 млн. теңге бөлiндi. Сонымен бiрге жаңа үй иелерiнiң балаларын мектепке, өздерiн жұмысқа орналастыру – басты назарымызда, – дедi аудан әкiмi Ғайса Қапақов. Аудандық комиссияның шешiмi бойынша 447 үйге күрделi жөндеу жүргiзiлiп, қалпына келтiру жұмысы жүргiзiлуi керек. Оларға таяу күндерi материалдық көмек берiледi. Үкiметтен көмек күтпей, өздерi үй-жайын қалпына келтiрiп жатқандар да аз емес.
Бiр сөзбен табиғи апаттың зардаптарының биыл қар түскенше жойылып, көптеген жерлестерiмiздiң күптi көңiлдерi орнына түсiп, Елбасымыз Н.Назарбаев пен облыс әкiмшiлiгi тарапынан көрсетiлiп жатқан қамқорлықтың аясында боларына сенiм артамыз.
Орал қаласы