281
БАНАН ЖАЙҚАЛЫП, ЛИМОН ӨСIРIП...
БАНАН ЖАЙҚАЛЫП, ЛИМОН ӨСIРIП...
Күнгейде тропикалық жемiстердi өсiруге деген қызығушылық артып келедi
Шыбық қадасаң, шынар өсетiн Оңтүстiк Қазақстан облысы жемiс-жидек пен көкөнiске деген қажеттiлiгiн өзi қамтамасыз ете алады. Бұған өңiрдiң жылы табиғаты, халқының диқаншылық кәсiпке жақындығы молынан мүмкiндiк бередi. Облыс қазiрдiң өзiнде көкөнiстiң кейбiр түрлерiнен өз сұранысын толығымен қанағаттандырып отыр. Бiрақ iшкi нарықтағы бағаның төмендiгiнен өнiм негiзiнен сыртқа тасымалданады екен. Соның салдарынан мамыр-қараша айларында картоп, алма, сәбiз тапшылығы байқалады. Сондықтан аталған ауыл шаруашылығы өнiмдерi өзге облыстардан, Қырғызстан, Пәкiстан, Иран мен Қытайдан тасымалданады. Мамандардың пiкiрiнше, өзiн-өзi азық-түлiкпен жыл бойы қамтамасыз ету үшiн көкөнiс өсiретiн алқаптардың көлемiн арттырып, көкөнiс сақтау қоймаларын көбейту қажет. Сонымен бiрге облыста көкөнiс пен жемiс-жидектiң кейбiр түрлерiн көптеп егуге көңiл бөлiне бастады. Мәселен биыл сәбiз бен картоптың кеш пiсетiн түрлерiнiң егiстiк көлемi ұлғайтылып, қосымша 375,4 гектарға картоп, 143 гектарға сәбiз егiлдi. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қанатбек Оспанбековтiң берген мәлiметтерiне қарағанда, облыстың агроөнеркәсiптiк кешенiнiң Даму бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егiс көлемi жылдан-жылға өсiп келедi. 2009 жылы ол 637 мың гектарды, 2010 жылы 697 мың гектарды, ал 2011 жылы 745,4 мың гектарды құрап, былтырғы мен салыстырғанда 48,4 мың гектарға артып отыр. – 2009 жылы түгендеу жұмыстарының нәтижесiнде айналымнан шығып қалған 100 мың гектар жер анықталған болатын. Оның 2009 жылы 44,4 мың гектары, 2010 жылы 32,7 мың гектары, 2011 жылы 26,6 мың гектары қайта айналымға қосылды. Нәтижесiнде бүгiнгi таңда суармалы жерлер толығымен игерiлуде. Айналымға қосылған жерлерден 2010 жылы қосымша 20 мың тонна дәндi дақыл, 13 мың тонна мақта, 84,2 мың тонна бақша өнiмдерi, 69,2 мың тонна көкөнiс, 19,4 мың тонна нақты өнiм артық алынды, – дейдi басқарма бастығы. Тиiмдiлiгi жоғары, тың әдiс саналатын тамшылатып суаруды өндiрiске енгiзуден және жылыжай кәсiбiн игеру жағынан оңтүстiктiң диқандары республикада алда келедi. Тамшылатып суару 2009 жылы 1010 гектарға, 2010 жылы 7235 гектарға ендiрiлдi. Ал 2011 жылы 12100 гектарға ендiру жөнiнде тапсырма берiлiп, оның қазiр 39 пайызы орындалған. 2009 жылы облыстағы жылыжайдың көлемi 124 гектарды құраса, 2010 жылы ол 200 гектарға жеттi. 2011 жылы 170 гектарға жеткiзу тапсырмасының 60 пайызы орындалып отыр. Жыл соңына дейiн жылыжай көлемi 370 га. жеткiзiлетiн болады. Жылыжайларда бiр айналымда 16,2 мың тонна, 2 айналымда 32,4 мың тонна қызанақ пен қияр өнiмi алынуда. Былтырдан берi қарай диқандар арасында осы жылыжай кәсiбiне ден қойғандардың саны күрт артып келедi. Олардың iшiнде тропикалық жемiстердi өсiруге қызығушылық танытып отырғандар да бар. Мәселен Төле би ауданы, Кемеқалған ауылдық округiне қарасты Әңгiр ата елдi мекенiнде аумағы 4 гектарды құрайтын жылыжай бой көтерiп, оған лимон көшеттерi отырғызылды. – Қазiр лимон ағашының 240 түбiн отырғыздық. Алдағы уақытта 2 гектарға егiлетiн көшеттер санын 1600-ге жеткiземiз деген жоспарымыз бар. Бұйыртса, қондырған көшеттерiмiз желтоқсан айында алғашқы жемiсiн бередi, – дейдi жылыжай иесi, жеке кәсiпкер Әлiшер Толыбаев. Оның айтуынша, жақсы күтiм көрген лимон ағашының әр түбiнен 70 келiге дейiн өнiм алуға болады екен. Лимонның тағы бiр ерекшелiгi ол жылына екi рет жемiс бередi. Жеке кәсiпкердiң жоспары бойынша 4 гектарды құрайтын жылыжайдың тең жартысында лимон ағашы өсiрiлсе, қалған бөлiгiнде пальма, шырша секiлдi декоративтiк ағаштардың көшеттерi егiлетiн болады. Бүгiнде бұл жылыжайда 11 диқан еңбек етуде. Ал Сайрам ауданы, Манкент ауылында тұратын, отставкадағы майор Авазхан Хандалиев есiгiнiң алдында банан ағашын жайқалтып отыр. Зейнеткерлiкке шыққан соң тропикалық жемiс өсiруге деген қызығушылығы оянған ол алғашқыда бананның тек бiр түбiн егiптi. Ол өткен жылы қазан айында гүлдеп, бiрiншi жемiсiн берген. Осы бiр көшеттен алынған өнiмнiң өзi Авазхан ағаның өткiзген екi тойына жетiптi. Тойға келген көпшiлiк есiк алдында өсiп тұрған бананды көрiп, таңданыстан бастарын шайқағанға ұқсайды. – Бiр түп ағаштан әрқайсысы 10-15 сантиметрлiк 2205 банан алдық. Бiздiң өсiрген жемiсiмiздiң сорты да дәл қазiргi уақытта базарда сатылып тұрғандағыдай. Егер базар бағасы осылай сақталып тұратын болса, бiр түптен 100 мың теңгенiң үстiнде пайда табуға болады, – дейдi бағбан. Оның алдағы уақытта 100 шаршы метр жылыжай салып, онда 400 түп банан өсiру ойында бар. Күнi ертең осындай кәсiпке ден қойған диқандар банан, лимон, құрма сияқты тропикалық жемiстермен бүкiл нарықты қамтамасыз етiп жатса, таңғалуға болмайтын шығар. Тек еткен еңбекке береке берсiн дейiк.Бақыт ЕРНАЗАР