ҚАЗАҚША «ҚИСЫҚ» АУДАРМА

ҚАЗАҚША «ҚИСЫҚ» АУДАРМА

ҚАЗАҚША «ҚИСЫҚ» АУДАРМА
ашық дереккөзі
606

ҚР «Жарнама туралы» Заңына қайшы

Алматы қаласы әкiмiнiң назарына!<br>

Бабамыздан қалған тәмсiл бар: «Түрлi-түрлi заман болар, қарағай басын шортан шалар» деген. Замана желi керi тұрды. Ендi қоғамның құрылымы да, таным-түсiнiгi де өзгеруде, әрi бұл ешкiм тоқтау сала алар үдерiс емес. Адамзат баласының тiршiлiк-тауқыметiнiң заңды құбылыстары ғана. Бiз өмiр сүрiп отырған заман бөлiгiне нарық заңдарының өз талаптарын жүргiзуi де кезегiмен жеткен қалыпты құбылыс. Нарықтық қатынастарға негiзделген соң, кәсiбiн дөңгеленткiсi келген жеке немесе заңды тұлғалар өздерi ұсынар өнiмдерi мен қызметтерiн жарнамалайды. Жарнамалаудың тәртiбi мен нормативтiк құқықтық қалыптары жөнiнде әр елдiң, мемлекеттiң қабылдаған заңдары бар. Бiздiң әңгiмемiз 2003 жылдың 19 желтоқсанында қабылданған ҚР «Жарнама туралы» № 508 Заңының Алматы қаласы бойынша орындалуы жайында…

Әлқисса, қызмет бабымен де, тiршiлiк қамымен де қаланы олай да, былай да шарлап жүремiз. Сонда көше бойындағы ғимараттар маңдайшаларында болсын, жол жиектерiндегi болсын жарнамалардың мемлекеттiк тiлге аударылған нұсқаларына қарайсың да, ерiксiз бас шайқайсың. Мамандығым журналист болған соң, бiр күнi қолыма фотоаппаратты алып, қаланы аралауға шықтым. Әуелi Тимирязев көшесiне бет бұрдым. И.Байзақов көшесiне таяу бұрышта бiр дүкен бар, атауы – «Ассорти». Қақ маңдайына iлiнген нұсқасында «дукен» деп жазылған. Ал көше жақ бетiндегi жазу емлесi – дұрыс. Кәдуiлгi немкеттiлiк пе, не? Одан әрi «Атакент» көрме орталығына, яғни Әуезов көшесiне жақын жерде тағы бiр дүкен тұр. Маңдайшасындағы орысша жазылғанынан бажайлағаным – Үндiстаннан әкелiнетiн тоқыма бұйымдарды сататын сияқты. Яғни «индийский трикотаж». Ал қазақшасына қарап «сиқырлы дүниелер сатады ма?» деп ойлап қалуға болады. Неге десеңiз, онда «Үндi тоқыма» деп жазылған. Ғажап-ай, тоқыманың дауысы бар болғаны ма? Әйгiлi Мюнгхаузеннiң үнi «тоңып» қалған сырнайындағыдай. Дұрысы, бұл жерде қазақ тiлiнiң ережесi бойынша «тәуелдiк жалғау» деген нәрсе ұмыт қалған, яғни дұрыс аударғанда, ол – «Үндi тоқымасы» болуға тиiс.

Түрлi мекемелер мен дүкендер жиi орналасқан көше ғой деп, ендi Тимирязевтен Әуезов көшесiне бұрылдым. Алдымнан iрi көшiрме орталығы көрiндi. Көшенiң оң жағында. «Копицентр» деп iрi әрiптермен орысша нұсқасы «айғайлап-ақ» тұр. «Қазақшасы сәл төмендеу, шағын әрiптермен тұр еке-ен» деп ойлағанымша, көргiш көз ондағы «ө» әрпiнiң белдiксiз тұрғанын байқап үлгердiм. Сөйтiп, «Кошiрме орталығы» де-еп қасқайып тұр, сабазың. Суретке сол қасқайған қалпында түсiрiп алдым.

Бұдан әрi Ғабдуллин көшесiне жақындаған тұста тағы бiр шалағайлыққа тап болдық. «Жарнама туралы» Заңның 2-тарауының «Жарнамаға қойылатын жалпы талаптар» деген 6-бабының 2-тармағында «Жарнама мазмұнының бiр тiлден екiншi тiлге аудармасы оның негiзгi мағынасын бұрмаламауға тиiс» деп атап көрсетiлген. Нотариус тарапынан көрсетiлер заңдық қызметтердiң түрлерi көрсетiлген тақтадағы қатеден көз ғана сүрiнiп қоймайды, ойыңыз да шiдерленген ат сияқты, бiр орнында айналшықтайды. Түсiнiктi болуы үшiн орысша мәтiнiне назар салайық: «Нотариус: регистрация и перерегистрация юридических лиц, оформление наследства и завещаний, договора дарения и купли-продажи, переводы и апостилирование, автострахование». Ендi қазақшасын оқып, түсiнуге тырысып көрелiк: «Заңды тiркеу және қайта тiркеу, ЖК муралық қужаттарды әсемдеу және өсиет жазу, сыйға тарту туралы және сауда-сатты шарттар, аудармалар және апостиль, автосақтандыру». Алғашқысы, яғни орысшасы, түсiнiктi. Бiрақ немкеттiлiк пен немқұрайдылықтың сорақысын осы жерден көрдiм. «Заңды тұлғаларды» деген бөлiк аударылмай, мүлдем ұмыт қалған. Сондай-ақ, «ЖК» деп тұрғаны не нәрсе екенiн де түсiну үшiн құмалақшының немесе балгердiң көмегiне жүгiну керек болар, сiрә? Әлде, бәлкiм аудармашы осы «ЖК» деген екi әрiппен заңды тұлғалардың кiм екенiн меңзегiсi келдi ме екен? «Ұ» әрпiн таба алмағандай, яки бiлмегендей, «У-дың» белiне көлденеңiнен қысқа ғана бiр таяқты қыстыра салыпты. «Ұ» әрпi келуге тиiстi тұстың барлығында сондай «жүрдiм-бардымдық» «аттан» салып тұр. Ал, ендi «оформлениенi – әсемдеу» деп қойғандары мүлдем айтар сөзiңдi тауысады. Кез келген тiлде белгiлi бiр формадағы жеке сөздердiң қосарлы, яки ауыспалы мағына беретiнiн тiлден хабары бар, ал соның iшiнде аудармамен айналысқан адам екiбастан, бiлуге тиiстi. Егер ол жерде «оформление торжеств» деп тұрса, онда «әсемдеу» дегендi түсiнуге болар едi. Ал мұнда «құжатты рәсiмдеу» деген мағынада жазылып тұрғаны бесiншi сынып оқушысына да түсiнiктi емес пе? «Сауда-сатты» деген тұста «қ» әрпi басы артық бөлшектiң кебiн киген.

Жүре келе академик Қ. Сәтпаев көшесiне де жеттiм. Бұл көшеден де олпы-солпы аударма кездестi. Жоғарыда мысалға келтiрiлген 6-баптың 1-тармағында «Жарнама таратылу, орналастырылу нысанына немесе пайдаланылатын құралына қарамастан, тiкелей ұсынылу сәтiнде арнаулы бiлiмсiз немесе арнаулы құралдарды қолданбай ұғатындай дәйектi, әрi түсiнiктi болуға тиiс» делiнген. Жарнама берушiлер тарапынан осы бап талабы қалай орындалып жатыр екен, қарайық. Дүкеннiң шекесiне: «әрлендiру авторлық салоны – салон авторского дизайна» деп әдемi әрiптермен жазып қойған. Жөн ғой. Тек қазақша аудармасындағы «авторлық» деген сөздi бiрiншi қойса, аудармасында мiн болмас едi. Неге десеңiз, сөйлемдегi сөздердiң орын тәртiбiнiң сақталып, дұрыс жазылуының да айтылар ойдың мағынасын бұрмаламай, дәл беруде елеулi рөл атқаратынын басқа-басқа, аудармашы ескеруге тиiс емес пе? Осы салонның ендiгi қате жарнамасы мынау: «жана түсiм». Бұл жердегi «ң» әрпiнiң етегiнiң қиылып қалғанын шұқып көрсетудiң қажетi бола қоймас.

Көшенi жағалап, әрi қарай тарттым. «Акснаб» ЖШС-i орналасқан Сәтпаев көшесi, 32-үйге де жеттiм. Артық эмоциясыз, жай ғана тiзбелеп қана қойсақ, «тiлiм – елiмнiң ертеңi» деген қазақ қатенi бiрден аңғарып, аудармашының сауатсыздығына қынжылатыны, айтпаса да түсiнiктi. Мысалы «строительные оборудование, малые механизмы – құрылыс қол саймандары», осыны «құрылыс жабдықтары, шағын механизмдер» деп аударса, әлдеқайда дәлiрек болған болар едi. Сондай-ақ, «электросаимандар», «құрлыс саймандары және ұсақ-түиекттер» дегендерiнен де бiрнеше қате тауып, қарнымыз ашты. Ал Сәтпаевтың Бұқар жырау бульварымен түйiсер тұсында орналасқан «АС Травел» агенттiгiнiң өз атауларын жазуда жiберген қатесi де көңiл аударарлық жайт. «Туроператорлiк агенттiгi» деп жаздырып қойған бұлардың да жетiстiргендерi шамалы.

Бұлардың барлығының да өз маңдайшаларындағы атаулары мен көрсетiлер қызмет пен ұсынылар өнiмдерiн жарнамалаушы мәтiндерiн қол еңбегiнiң ақысын төлеп, бiреуге жаздыратыны белгiлi. Десек те оларды мұндай жайт жауапкершiлiктен босатпайтынын аталған мекемелер басшылары бiлуге тиiс емес пе? Жаздырған дүниесiнiң сауатты да сапалы шығуын қадағаламаған қазақстандық бизнесмендердiң басқа-басқа, өз шаруасына деген немкеттiлiгiне ерiксiз қайран қаласың. Оның үстiне, оларды «күн көрiсiн қамдаған қарапайым жандар ғой, айыптау қиын» деп жалпақшешейлiкке салына берсек, ана тiлiңдi кiмге ардақтатасың?

Ал осы мәселелерге қала басшылығының қатысы жоқ деп айта аламыз ба?

Сонымен… Қаланы аралау барысында өзiмiздi ашындырған бiр жайтты айтпай кету мүмкiн емес. Өмiр болған соң бiреу кемтар, бiреу мүгедек болып мүмкiндiгi шектелiп қалып жатады. Сондай жандардың iшiнде жанарлары түрлi себептерден суалып, жарық жалғанның жарқын қызықтарынан тiрiсiнде қош айтысқан зағип жандар да баршылық. Бiр қарағанда, солардың қамын ойлағандық түр танытқан, бiрақ қарапайым этикалық нормаға сай келмейтiн көрсеткiштер қаланың көптеген жерлерiнде, көшелердiң қиылыстарында орнатылған. Негiзiнен автожолдардың қиылыстарына орнатылған сол ескертпелерге зер салып көрдiңiз бе? «Назар аударыңыз! Соқыр жаяу жүргiншiлер!». Қаламыздың бiраз жерлерiнде осындай мәтiндегi ескертпе-тақталар iлiнген. Бiрақ… Қазақ баласы жанарынан айырылған адамды, бiр-бiрiмен ұрсысып, яки жек көрiп қалған жеке адамдар арасында болмаса, «соқыр» деп маңдайдан ұрмаушы едi. Осылай деп мүсәпiр жандарды қорлап, мазақтағандары аздай, ана тiлiмiздi де аяққа таптап жатқандарға қала басшылығы тарапынан шынымен де бiр тосқауыл болмағаны ма? Әңгiме арқауы болып отырған ескертпе-тақталардың қазақшасы да таяқ ұстап, түртiнектеген кейiпте елестейдi. Неге дейсiз бе? Қараңыз. Аяғымыз жеткен бiрнеше жерден «Назар аударыңыз! Соқыр жаяу жургiншiлер!» деп жазылған тақтаны көрдiк. Мұндағы «Ү» әрпiн «У» әрпi алмастырып тұрғандығы қатенiң ең шағыны деп есептеңiз. Бiздiң айтпағымыз – осы ескертпе-тақталардағы «Соқыр» сөзiн «Зағип» сөзiмен ауыстырса, сонан соң жүргiншiнiң жаяу адам екендiгiн қазақ тiлiн бiлетiн адамның барлығы бiледi. Соны алып тастаса. Ең бастысы, тiлдiк, емлелiк қателерiне айрықша назар аударылса! Жалпы, осы бiр мақалаға жүк болған жайттар үшiн қаланы аралау барысында аңғарып, тағы бiр түйiп қойған ойымыз – көптеген дүкендер, кеңселер, тағы басқа да өз қызметтерi мен өнiмдерiн ұсынушы шағын мекемелер өздерiнiң атауларын, ұсынар қызметтерi мен тауарларының атауларын мүмкiндiгiнше аудармай-ақ, орысша қалдыра салады екен. Яки болмаса, қазақша аудармасын кiшкентай әрiптермен, елеусiз ғана түрде, төменгi жағына, не бiр шекесiне жаза салатынын аңғардық. Қазақ тiлi Мемлекеттiк тiл болғандықтан да, оған басымдылық берiлуi тиiс емес пе? Бiрiншi орынға қазақ тiлiндегiсi жазылып, өзгелер қажет етуi мүмкiн өзге тiлдегiсiн қасына жазып қойса, егемен мемлекеттiң мемлекеттiк амбициясына да, мемлекет құраушы негiзгi ұлттың амбициясына да нұқсан келмес едi.

Бiз бұл жерде Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» Заңының «Жарнама туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық» деп аталатын 20-бабының талаптарын ту ғып көтерiп, ешкiмнiң мазасын алмай-ақ қоялық. Бұл жағына құзыретi бар орындар аталған заңда көрсетiлген құзыреттерiнiң шеңберiнде игi iс атқаратынына сенiмiмiз кәмiл. Десе де Алматы қаласының әкiмшiлiгi осы айтылған жайттардан бiр қорытынды шығарып, қате кеткен тұстарды ретке келтiрсе, нұр үстiне нұр болар едi деймiз.

Б

ейбiт МЕКЕЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi

Серіктес жаңалықтары