Тэйлор БЕРК: АҚШ-ТЫҢ 15 МИЛЛИОН ТҰРҒЫНЫНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚҰЖАТЫ ЖОҚ

Тэйлор БЕРК: АҚШ-ТЫҢ 15 МИЛЛИОН ТҰРҒЫНЫНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚҰЖАТЫ ЖОҚ

Тэйлор БЕРК: АҚШ-ТЫҢ 15 МИЛЛИОН ТҰРҒЫНЫНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ  САҚТАНДЫРУ  ҚҰЖАТЫ  ЖОҚ
ашық дереккөзі
224

Тэйлор Берк – АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетiнiң денсаулық сақтау саясаты факультетiнiң профессоры. Денсаулық сақтау саласындағы саясат пен құқық мәселелерiмен айналысатын маман – көптеген зерттеу мақалалар мен баяндаманың авторы. АҚШ-тағы денсаулық сақтау реформасы, фармацевтикалық дәрi-дәрмек, науқасты күту және мүгедек жандардың құқығы жөнiнде айтары көп Берк мырза "Түркiстан" газетiне эксклюзивтi сұхбат бердi.

– Қазақстанға қош келдiңiз, Берк мырза! Бiзде кезiнде адам денсаулығын сақтандыруға байланысты мәселе көтерiлiп, арнайы сақтандыру полисiн де берiп едi. Алайда бұл науқандық шара ұзаққа созыла қойған жоқ. Осы жөнiнде хабарыңыз бар ма?

– Қонақ ретiнде келгендiктен, не айтсам да, АҚШ үкiметi атынан айтып отыр деп есептемеңiз. Сондай-ақ The George Washington университетi атынан емес, өз атымнан сөйлейтiнiмдi ескертiп қояйын.

Қазақстандағы медициналық сақтандыру нарығы жөнiнде естiгенiм бар. Бiлуiмше, бұл қазiргi уақытта дамып келедi. Медициналық сақтандыруды ұсынатын бiрқатар компания өкiлдерiмен, профессорлармен кездескенiмде, кейбiрi өздерiнiң дәрiгерлер штаты мен жекеменшiк емханасы бар екенiн айтқан болатын. Бүгiнгi таңда бiздiң елшiлiк осы компанияның қызметiне көшкенiн жеткiздi. Сұрақ түсiнiктi болса да, бұл менi аздап шатастырып отыр. Себебi сақтандыру шарасы күннен-күнге өсiп жатыр. Олай емес пе?!

– Бәлкiм солай да шығар. Жаңылыспасам, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы мiндеттi медициналық сақтандыру қоры 1997-1998 жылдары базалық бағдарлама жасақтаған едi. Бастама аяқсыз қалған сияқты…

– Бұл мемлекеттiк бағдарлама ма? Менiңше, мемлекеттiк сақтандыру мен жекеменшiк сақтандырудың айырмашылығы жер мен көктей сияқты.

– Тiптi студент кезiмiзде бiзге ақысыз медициналық көмек алу үшiн арнайы сақтандыру полисiн де берген болатын. Алайда оның пайдасын көрген жоқпыз.

– Сiз сол үшiн ақша төледiңiз бе?

– Жоқ.

– Онда бұл мемлекеттiк бағдарлама болды ғой. Бұл тура АҚШ-тағы "Медикэр" (Medicare) бағдарламасы сияқты. АҚШ-та медициналық сақтандыруды сату мен сатып алу – коммерциялық қызмет. Әлеуметтiк жағынан нашар тұратын отбасыларға қызмет көрсету мен күту жағынан кепiлдiк берiледi. Бұған кедейшiлiкте өмiр сүретiн барлық отбасы, балалар, ана мен әке кiредi. Сондай-ақ 60 жастан асқан қарт адамдарға арналған мемлекеттiк бағдарлама бар. Бiрақ мiндеттi медициналық сақтандыру нарығы қалай жұмыс iстейдi? Тұрғындардың көпшiлiгi өзiнiң сақтандыру құжатын жұмыс арқылы алады. Жұмыс берушi сiзге сақтандыру қызметiн ұсынады. Егер оны алсаңыз, ол әйелiңiз бен балаларыңызды қоса қорғайды.

АҚШ президентi Барак Обама балаларды 26 жасқа дейiн медициналық сақтандыру көмегiмен қорғауға байланысты пiкiрiн айтқан болатын. АҚШ-тың 15 миллион тұрғынында медициналық сақтандыру құжаты жоқ. Бiрақ медициналық сақтандыруын алған барлық отбасыны ғана қамтамасыз ететiн мемлекеттiк бағдарлама бар.

– Статистика агенттiгiнiң мәлiметтерiне сүйенсек, Қазақстанда 14 жасқа дейiнгi балалар арасында сырқаттың түр-түрi өсу үстiнде. Мәселен аталған жас ерекшелiгi арасында негiзгi дерт топтары бойынша ауырғандардың саны 100 мың балаға шаққанда 2003 жылы – 87, ал 2009 жылы 103 пайызға өсiптi. Бұл көрсеткiш АҚШ-пен салыстырғанда қандай?

– Шынын айтсам, бұл парадокске ұқсайды. Әлемдегi басқа елдерге қарағанда, АҚШ үкiметi медициналық қызмет түрiне көп ақша бөлiп жатса да, бiз балалар өлiмi жағынан индустриалды мемлекеттер iшiнде 28-орында, ал өмiр сүру ұзақтығы жағынан 29-орында келемiз. Алайда АҚШ-та тұратын балалар денсаулығы ең мықты тұрғындардың қатарында көрiнiп келедi. Ал тұрғындардың басқа бөлiгiне қарағанда, балаларға арналған медициналық қызмет түрi аз. Егер әйел босанып қалса, қажеттi дәрi-дәрмектiң түрiмен, екпемен, т.б. қамтамасыз ету керек. Бiрақ оған мемлекет ақша төлемейдi. Оған тек жекеменшiк компания немесе өз қалтаңыздан төлейсiз. Қазiр менде балалар денсаулығы жөнiнде ауқымды статистика болмай тұр.

– АҚШ президентi Барак Обама әлеуметтiк сақтандыруға байланысты реформаны қолға алып, бiраз сынға ұшыраған едi. Бұл мәселенiң соңы неге тiрелдi?

– Бұл сол күйi шешiлген жоқ. Әрi қарай не болатынын уақыт көрсетедi. Барак Обама федералды заңның 2 мың беттен тұратын бағдарламасын жасақтады. Жүздеген, мыңдаған беттен тұратын заңнамалық акттiң бюджетi – 980 миллиард АҚШ долларына бағаланыпты. Бұл Заңға АҚШ президентi Барак Обама қол қойғаннан кейiнгi 15 минуттың iшiнде оны АҚШ-тың үкiмет мүшелерiнiң жартысына жуығы сотқа бердi. Қазiр iс сот жүйесiнде қаралып жатыр. Тiптi iс Жоғарғы сотқа дейiн барды. Менiңше, бұл iс келесi жылдың сол мерзiмiнде ғана шешiлетiн шығар. Ал республикандықтар: "Барак Обаманың әрбiр АҚШ азаматы медициналық сақтандыруды сатып алуы керек деп талап қоюы заңды емес. Бұл үкiметтiң өкiлеттiк шеңберiнен шығып кетуiн аңғартады. АҚШ-тың тарихында алғаш рет федералды мемлекет өз азаматтарына коммерциялық өнiмдi сатып алуға мәжбүрлеп отыр", – дедi. Ал тұрғындар болса, "Жақсы, егер мемлекет бiзге медициналық сақтандыруды сатып алуға мәжбүрлесе, мемлекет сол сияқты жемiс-жидек сатып алуға, спорт залына баруға мәжбүрлей ала ма?" деп сұрайды. Олар тағы да Заңның күшiн жоюға талпынып отыр. Қандай жағдай болмасын, Заң 2014 жылға дейiн күшiне енбейдi. Алайда адамдар бұл Заңда не жазылғанын бiлгiсi кеп, танысқысы кеп, оқып жатыр. Бұл заң өмiр сүре ме, жоқ па, оны Жоғарғы сот қандай да бiр шешiм шығарған кезде бiлетiн боламыз.

– АҚШ үкiметi адамдардың денсаулығын сақтау үшiн қажеттi әлеуметтiк жағдайдың бәрiн жасап отыр ма?

– Жоқ. АҚШ-тағы мемлекеттiк органдар тарапынан жауапкершiлiк те жоқ. Бiрақ АҚШ үкiметi тұрғындардың кедей тапта өмiр сүретiн топтарын, қарт адамдарды, әскери қызметшiлер мен соғысқа қатысқан ардагерлердi өмiрдiң соңына дейiн медициналық көмекпен қамтамасыз етедi. Бiрақ адамдардың төрт тобынан тыс, медициналық сақтандыруды сатып алам ба, жоқ па, өзiм шешуге тиiспiн. "Мен жаспын. 25 жастамын. Денсаулығым өте мықты. Егер медициналық сақтандыруды ешқашан пайдаланбасам, оған не үшiн әр ай сайын сыйақы төлеп отыруым керек?" деп айтуыңыз мүмкiн. Әрине, бұл кезде демократтар: "Егер адам ұшақта қайғылы жағдайға ұшыраса немесе бiр iндетке шалдыққан кезде қызмет көрсетуi өте қымбат реанимациялық бөлiмге түсуi бек мүмкiн. Бұл, әрине, шығынның өсуiне, жүйенiң басқа да қатысушыларына шығын әкеледi", – дейдi.

Қазiргi кезде АҚШ тұрғындарының үштен бiрi семiздiктен қасiрет шегуде. Бұл не деген сұмдық? Американдықтар "не жегiмiз, не iшкiмiз келсе де, өз құқымыз" деп ойлайды. Олар қажет болса, жұмыс iстеуге, темекi тартуға, көше кезiп жүруге құқымыз бар дейдi. Егер менде қатерлi iсiк пайда болса, "Медициналық дәрi-дәрмек қабылдаймын ба, жоқ па, өзiм шешемiн" деймiн. Сондықтан бұл мәселенi талқылаған кезде тұрғындардың осы пiкiрiне нақты бiрдеңе айту қиын. Жалпы алғанда, мемлекеттiк жүйенiң кез-келген саласында индивидуализмге қарама-қарсы қою бар.

– Өзiңiз жаңа семiздiк туралы айтып өттiңiз. Бұл генномодифицирлiк тағамдардың салдарынан емес пе? Жалпы, бұл ұлттың генофондына әсер етпей ме?

– Алдағы уақытта баскетбол добының көлемi секiлдi құлпынай да сатып алуға болатын шығар (Күледi). Бiрақ әзiр мұндай жоқ десек те, технология жасақтап жатыр. Менi дұрыс түсiнiңiз, бұл – парадокс. Шын мәнiнде, Еуропаның көптеген елдерiнде әр түрлi жануардың (қой, сиыр, т.б.) етiн клондаған технология бекiтiлген болатын. Әрине, бұл сауал бiздi де мазалап отыр. Семiздiк – "Макдональдстiң" кесiрiнен пайда болуда. Бұл ауру американдықтардың не болса соны аузына тыға беретiн талғамсыздығынан көбейiп кетуде. Олар тәттi, түрлi-түстi сусындар iшедi де, есесiне, денесiн шынықтырмайды. Менiңше, әлемнiң кез-келген қарқынды экономикасы, яғни, индустриалды-индивидуалды экономикасының негiзгi бөлiгi сервистiк секторға көшедi. Бiз көбiне-көп сервистiк экономикаға жақындап келемiз. Яғни жұмысшылар зауытта, фабрикада жұмыс iстесе де компьютер алдында отырады. Былайша айтқанда, олар үнемi бiр орнында отырады. Олар қимылдамайды, қозғалмайды. Көлiк айдайды, теледидар көредi, компьютермен жұмыс iстейдi. Осының бәрiн жинақтай келгенде, адамдар "не жегiм келсе, өзiм бiлем, маған не iстеудiң, ненi жеу керек екенiн айтудың керегi жоқ" дейдi. Мұның бәрi семiздiк ауруына әкелiп отыр.

Ашығын айтқанда, Флорида штатындағы "Disney World"-тегi сырғанайтын бiр секцияның бәрi семiз адамдарға арналған. Яғни олар үшiн үлкен орындықтар, пойыздарда кең орындар бар. Бұл медициналық қызметақысының өсуiне де әсерiн тигiзуде. Егер жедел-жәрдем шақырса, онда мiндеттi түрде әдеттегiден үлкенiрек зембiлмен, кереуетпен келуi керек. Әрине, пациент дәрiгердiң жазып берген диеталық дәрiлерiн iшiп, қадағалауы керек екенiн айтып отырғаным жоқ. Оны орындап отырған ешкiмдi де көрмейсiң.

– АҚШ-қа сапар шегiп барған шетелдiктер әлдеқандай жағдайға ұшырап, ауруханаға түсiп қалса, екiқабат әйел босанып қалса, АҚШ үкiметi қандай көмек бере алады?

– АҚШ-тың федералды заңы бар. Онда: "Егер сiз реанимациялық бөлiмi бар ауруханаға жатсаңыз, онда сiздiң денсаулығыңыздың тұрақтануы мен ем алуыңызды толық қамтамасыз етедi" делiнген. Жедел-жәрдем шақырған адамға да солай. Ол науқас АҚШ азаматы бола ма, жоқ па, мигрант бола ма, турист бола ма, бәрiне адамдық тұрғыдан қажеттi көмек бередi. Бiрақ мұның бәрi тегiн емес. Сiз емделiп болған соң, есеп айыру қағазын аласыз. Сондықтан да шетелден келген екiқабат азаматша перзентхана бөлiмiнде босанып қалса, ол өз баласына АҚШ азаматтығын алғанымен қоса, медициналық көмектiң ақысын төлеуi керек. Яғни бұл шығынның бәрi сiз тұратын мемлекеттiң медициналық сақтандыру жүйесi есебiнен жабылуы керек. Егер сiздiң ақша төлейтiн мүмкiндiгiңiз болмаса, онда бұл iс Қарыз жинау агенттiгiне жiберiледi. Айналып келгенде, бұл сiздiң несиелiк позицияңызға керi әсерiн тигiзедi. Яғни, сiз бұдан кейiн несиеге баспана, ақша, көлiк алу мүмкiндiгiнен қағыласыз. Тағы да дұрыс түсiнгенiңiздi қалаймын, АҚШ-та өз тұрғындарының далада қалып, ажал құшуына мүмкiндiк бередi екен, шетелдiктер ешқандай көмек ала алмайды дейтiн ой болмауы керек. Олай емес. Бiлесiз бе, бiзде жоғары медициналық қызмет өте қымбат.

– Ал АҚШ-та ана мен балаға берiлетiн қандай әлеуметтiк жеңiлдiктер қарастырылған? Мәселен Ресейде "Ана капиталы" бар, бiздiң елде де жәрдемақыны жылдан жылға өсiрiп жатыр.

– Қазақстанға келген әрбiр iссапарымда, пiкiрталастарда менен мiндеттi түрде балалар туралы сұрайды. Құдды бiз балаларға қамқорлық жасамайтын сияқты көрiнемiз. Олай емес. Бiзде әлеуметтiк жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған "Медикэйд" бағдарламасы бар. Бағдарлама әлгiндей отбасының 21 жасқа дейiнгi балаларына дейiн қамтамасыз етедi. Сол сияқты ардагерлерге, әскери қызметкерлерге арналған бағдарлама жұмыс iстейдi. Сосын жекеменшiк сақтандыру нарығы да бар. Бiрақ сiз өзiңiздi қорғайтын ата-анаңыздың медициналық сақтандырудағы жоспарына тәуелдi боласыз. Мәселен сiз қазiр "Менде бала болып, бiрақ сақтандыру құжатым жоқ болса, онда баламды кiм қорғайды?" деп сұрап тұрсыз ғой. Оған былай жауап берер едiм. АҚШ-тың әрбiр штатында балаларды қорғайтын арнайы ведомствалар жұмыс iстейдi. Егер олар сiздiң өз балаңызға қажеттi көмектi бермегенiңiздi, дұрыс қарай алмағаныңызды бiлсе, мәселен, балаңыз қолын сындырып алғанда сiз оны ауруханаға әкелмеген болсаңыз, есiгiңiздi қағады да, балаңызды алып кетедi. Оны мақсатты мемлекеттiк қамқорлық қызметi қандай жолмен екенi белгiсiз, әйтеуiр бiлiп алады. Не болмаса көршiлерi хабарласады. Олар баланың ауырып жүргенiн көредi де, дереу телефонға жармасып айтады. Сол күнi-ақ баланы әкетедi. Бұл дегенiңiз – әр балада мемлекеттiк тарапынан төленген медициналық сақтандыру бағдарламасы бар деген сөз емес. Ал "Мэдикэйд" бағдарламасына сәйкес, мемлекет балаңызға барлық медициналық қызметтi көрсете алады.

Бүгiнде АҚШ-тың кез-келген отбасында бала саны көп. Айта кеткiм келетiнi, егер баланы асырай алмасаң, оған бiлiм бере алмасаң, жарық өмiрге әкелудiң керегi не? Бiзде қазiрдiң өзiнде әрбiр мың тұрғынға дәрiгерлердiң жетiспеушiлiгi қатты сезiлуде. Сондықтан бұл – күн тәртiбiндегi мәселе.

– Демек демографиялық жағынан мәселе жоқ қой…

– Әдетте мемлекет тек өзiнiң салықтық базасын сақтап қалу кезiнде ғана демографиялық мәселеге көңiл аударады. Яғни мемлекет салық төлейтiн адамдар жетiспей жатқанда ғана алаңдайды. Бiзде мұндай мәселе жоқ. Керiсiнше бiздi өмiрге келiп жатқан сәбилердiң көптiгi, адамдардың саны мазалауда. Сондықтан да Ресейдегi, Қазақстандағы секiлдi демографиялық мәселе жоқ. Мәселен АҚШ-та тұратын әйел бiр мезетте 8 сәбидi өмiрге әкелдi. Оның күйеуi де, жұмысы да жоқ. Әрине, жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы бiр сәтте 8 баланың анасы болуын қалаған әйел телевизиялық реалити-шоуларға қатысып, ақша алуды көздеген екен.

– Ал Қазақстанда бiр жылда 175 мың аборт жасалады екен. Бұл – ресми көрсеткiш қана. АҚШ-та бұл адам өлтiрумен бiрдей ғой.

– Мен аборттың қандай деңгейде екенiн бiлмеймiн. Бiрақ бiлетiнiм, аборт мәселесiн саясаттың үшiншi қозғалыс күшi деуге болады. Демек аборт жасатсаңыз сiз – адам өлтiрушiсiз. Ал абортқа қарсылар баланы көтерудi жоспарлау керек екенiн айтады. Менiңше, бiзде аборт жасауды жүзеге асыратын қызмет түрi көп емес. Өйткенi клиникалар аборт жасау қызметiн ұсынуға қорқады. Олар түптiң түбiнде бұл тексеру шараларына әкеп соғуы мүмкiн деп ойлайды.

– Денсаулық сақтау саласында коррупция бар ма? Мәселен гүл, конфет беру секiлдi жасырын коррупция дегендей…

– Иә, бұл мәселе бiзде де бар, бiрақ сiз ойлағандай емес. Мәселен дәрiгер пациентке дәрi-дәрмек өнiмiн өндiрушi компанияның дәрiсiн ғана алуды нұсқауы мүмкiн. "Неге дәрiгер басқа емес, осы компанияның өнiмiн сатып алуымды құптады?" дейтiндер бар. Ал дәрiгер мен науқастың арасындағы сыбайлас жемқорлық тек сол дәрi-дәрмектi сататын фармацевтикалық компаниялардың өнiмiн өткiзу кезiнде ғана байқалады.

– Қазақстанның Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесiне көшкенiне бiр жыл. Бiрақ елiмiздiң медициналық жабдықталуы бұл жүйеге дайын емес екендiгiн көрсеткен сияқты.

– Қазақстанның жаңа жүйе аясында дәрiгерлерге 500 АҚШ доллар жалақы төлеп жатқандығын естiдiм. Егер дәрiгер дұрыс жалақы алып, жұмыс iстемесе, онда оның сапалы медициналық қызмет көрсетуге деген стимулы болмайды ғой. Олай етпесек, олар керiсiнше өз жұмысына салғырт қарап, сапалы қызмет көрсетпеуi мүмкiн. Бәлкiм дәрiгерлер айына небәрi 500 АҚШ доллар жалақы алатындықтан ғана жұмысын сапалы орындамайтын шығар.

– Оның үстiне бiзде бiлiктi дәрiгерлер де жетiспейдi…

– Қазақстанда қанша медициналық оқу орны бар?

– Көп емес, төрт-бесеу ғана…

– АҚШ-та медициналық оқу орындары үлкен бизнестiң көзi. Орташа есеппен алғанда, әрбiр студент оқу ақысына жүз мыңдаған АҚШ долларын құяды. Соған сай, бiлiмдi, бiлiктi маман болып шығады.

– Әңгiмеңiзге көп рахмет!

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары