Харун ТОКАК, жазушы : ...ЖӘНЕ СОЛ ЖҮРЕК АЗИЯДА ҚАЛДЫ

Харун ТОКАК, жазушы : ...ЖӘНЕ СОЛ ЖҮРЕК АЗИЯДА ҚАЛДЫ

Харун  ТОКАК, жазушы : ...ЖӘНЕ СОЛ ЖҮРЕК АЗИЯДА  ҚАЛДЫ
ашық дереккөзі
327

"УА РАББЫМ! – ДЕДI, МЫНА ЗЫНДАН МЕНI ШАҚЫРҒАН ӘЙЕЛДЕРДIҢ БҰЛ IСТЕРIНЕН ӘЛДЕҚАЙДА ЖАҚСЫ." Жүсiп сүресi 12:33

"Әлi ерте" деп едi түн ұйқысын төрт бөлiп өсiрген сүйiктi анасына. "Келiнiңдi асыға көргiң келедi ғой, бiлемiн, бiрақ үйленетiн кез келмеген болар, анашым-ау!" – деп жұбатқандай болды кезектi бiр өтiнiшiне орай.

Өмiрiндегi ең аяулы жаны анасы ғана едi. Әкесi мына жалғанға аманаттап о дүниеге аттанып кеткенде, ол он бiр жаста болатын. Содан анасы көзiнiң қарашығындай тәрбиелеп өсiрдi. Шәкiрттiк шағында аяулы анасы нәпақа жеткiзе алмай қатты қиналды. Бағып-қаққан жалғыз шешесiн тастап кетуге қимады, бiрақ амалсыз көндi. Бауырмалдық борышын өтеуге бел байлады. Оқуын тәмамдап, Ұлы Азия жерiне аттануға бекiндi.

***

Бабаларымыздың әлгi алғашқы "нұрмен" қауышқан Ұлы Азия мекенi…

Асыл анасын көрмегелi төрт ай болды. Ең алғашқы келген кезiн есiне алды жас мұғалiм Iсмет. Әуелi өкпем осы жердiң ауасына үйренсiн деп, бар демiн iшiне тартты. Жан-жағына ылғи да күлiм қағып қарайтын. Туыс, бауырлас ағайындарды мұқият тыңдайтын. Тiлiн толық түсiнбесе де, шама-шарқысы келгенше көмектесетiн. Ешкiмнiң көңiлi қалмасын деп, күндiз-түнi бүкпесiз қызмет ететiн. Ұлы Азияның киелi топырағына, қасиеттi жерiне тез үйренiп алды. Тiптi бiрнеше айдың iшiнде жергiлiктi тұрғынға айналып үлгердi.

Тiлдi де азғантай уақытта түсiнiсе алатын дәрежеде меңгерiп алды. Ешкiмге ұқсай бермейтiн осы ерекшелiгi арқылы көпшiлiктiң көзiне түсiп жүрдi. Қылықтары қалай өнегелi болса, өзi де сондай сым батты едi. Жақын достары "Жүсiп жүздi" дейтiн оған. Қара шашы ақ маңдайына төгiлiп түсетiн. Киген киiмi iшкi жан әлемiнен хабар берiп тұрғандай. Әп-әдемi жымиысы жүзiнен ешуақытта кетпейтiн. Бiрдеңе сұрап келген кiсiнi соңына дейiн тыңдап болып, сыпайы түрде жауап беретiн. Анасы жалғыз ұлының Ұлы Азияға аттанарын алғаш естiгенде қатты уайымдап: "Балапаным, қайда жүрсең де ешкiмнiң ар-намысына қол сұқпа! Алла амандығын берсiн!" – деп ескертiп-ақ батасын берген болатын.

Азия, мектептiң ең сұлу мұғалимасының бiрi едi. Министрдiң қызы болғандықтан әр айтқаны мiндеттi түрде орындалатын. Сұлу десе – сұлу, бiлiмдi десе – бiлiмдi едi. Қара көзiнiң қиығын сап қарағанда, жүрекке жебе қадағандай ауыртатын. Мектептiң ашылғанына бiраз жыл болғанмен, Азия ендi ғана жұмысқа орналасты. Оқу орнының жетiстiгi мен онда қызмет етiп отырған мұғалiмдер туралы хабар алысымен, әкесiнен осы бiлiм ошағында жұмыс iстеуге рұқсат алған болатын. Қызының жұмыс орнына бiрнеше мәрте келiп кеткен министр Азияның тағдырына қатты алаңдайтын.

Азия екi жыл бұрын өз қалауынсыз тұрмысқа шығып едi. Күн өткен сайын тұрмыстық жағдайы нашарлай бердi. Алайда әкесiнiң лауазымына зиян тигiзбес үшiн қалай болса да, тынышсыз тұрмысын жалғастыруға бекем бел байлап едi.

Азия мектепке келген ең алғашқы күннен бастап, Iсметке қайран қалды. Онымен жүздесу сәтiн iздеп ұмтылған Азияның iшкi күйiн әрiптестерi де байқады. Iсмет те Азияның хал-күйiне қарап риза болатын. Баста министрдiң қызын риза қылу керек деп жүрген Iсметтiң өзi сұлу қыздың жай ғана кiрпiк қаққанына дейiн ұната бастайды. Жамыраған жұлдызды таң атқанша талмай тамашалайтын көздер ендi жұмыла қоймас. Көкiректi кернеген әлгi отты сезiм оп-оңай өше қоймас…

Жан әлемiн орап алған от-жалынға ар, намыс iспеттi сезiмдерiмен қарсы тұрып, iштей арпалысып жатқан Iсмет: "Жоқ, бұлай болмас. Адалдыққа жатпас. Ол тұрмыс құрған әйел ғой. Мына бауырлас елiм, жұртым құшақ жайып төс түйiстiрдi, балаларын бiздерге аманат етiп бердi. Жо-жоқ, мен қиянат жасай алмаймын" – деп, ар-намысын қорғау жолында шайқасқан жауынгердей таң арайлап атқанша көз шырымын алмады.

Адамзат тарихында бiр-бiрiне қылаусыз ғашық болған қаншама жандар өткен. Ғашықтықтың шырқау биiгiне қарай өрмелеп шыққанда, тырнақтары кiрге толып мұқалмай, тiптi көбесiнен сөгiлмей жетпейтiн. Осы жолы оның күн сайын өрмелеп-түсiп шыққан жабырқау сезiмiнiң биiгiнде сөгiлген де, шаршаған да әлгi имани жүрегi едi. Ол жүректiң талып түскенi соншалық, "мектептер демалысқа тездетiп шықса екен, мен де бұл жерден алыстап кетсем екен…" деп ойлады.

Азия көптен аңсаған арманына жеткендей сезiндi. Жан дүниесiнде дауыл көтерген сезiмдерi жай табар емес. Өзiмен өзi арпалысып, қанаты отқа күйген пәруанадай әлсiз екенiн ұқты. Көңiл түбiн қопсытумен болған әлгi сырға толы сезiмiн жайып салу үшiн сағат санап, сәт қуалап жүргендей болды. Аяқ астынан бетпе-бет кездесiп қалған сәтте отты шеңберден желпiлдеп шыға алмай қалғандары мұқият қараған көзге бiрден түсетiн. Iсмет ой әлемiнде болып жатқан төңкерiлiстi жан-тәнiмен сезiндi. Азия – ол үшiн отты жейде, киiп көретiн болса, күйедi; әрi отты дария, түсер болса, арнасында жанады.

Мектептегi қызмет, күнделiктi сабақ, шуылдасқан оқушылар…

Сәтiн тауып, жылыстап қалай болса да Азияның көзiне көрiнбей жүрген Iсмет түн ұйқысынан айрылғандай болды. Маза бермеген күйкi күйiнен бiр мезгiл алыстап, тәттi түс әлемiнде кезiп жүргенде, өзiне қарай отты өзен iспеттi толқындата ағылып құйылған Азияның есiмiн қайталап, ерiндерi кезерiп сандырақтап, онан сайын борша-борша болып терлеп жатты.

Аптаның аяғы тақалып, мектеп демалысқа дайындық жасап жатқанда, Iсмет келесi аптаның тапсырмасын орындап, сабақ кестесiн даярлап қою керек едi. Мектепте ешкiм қалмады. Iсмет кабинеттiң бiр бұрышында жұмысына кiрiсiп кеттi. Бiрден ашылған есiкке жалт қарап, жүрегi дүрсiлдей бастады. Iшке кiрген Азия есiктi тастай жауып алады. Арқасын есiкке берiп, танадай қара көздерiмен Iсметке тесiле қарады. Табандылық танытқан Азияның жан тебiренiсi әрбiр қимылынан байқалды. Содан бұлқынып жатқан сезiмiн жасырмай Азия:

– Iсмет! Менiң саған деген iшкi сезiмiмдi түсiнген боларсың. Шыдамым таусылды. Менi түсiншi, сенсiз күнiм күн емес. Бiлесiң әкем… Осы күнге дейiн жайма шуақ күндерге куә болдық. Ендеше зұлмат қараңғылықтың қажетi қанша? Мына құтты мекендерiң зынданға айналып кетпесiн. Мен де қалап тұрғаным жоқ. Алайда сен менi түсiнесiң деп ойлаймын, – дедi.

Iсмет шарасыздықтан не iстерiн бiлмей дал. Ыстық леп бетiн бiрден ұрғандай болды. Жұтынып алды. Ұялғаннан қызарып кеттi. Хазiрет Жүсiп пайғамбардың: "О, Жаратқан Ием! Мына зындан менi шақырған әйелдердiң бұл iстерiнен әлдеқайда жақсы," – деп жалынып жалбарынғаны да, Мәриям анамыздың әртүрлi өсекке қарап, "Әттең, өлiп кеткенiмде, содан соң мәңгiлiкке ұмыт болғанымда," – деп күйзелгенi де, осы болса керек деп ойлады.

Санасын күнә жаулай бергенде, саусағын шамның отына күйдiрiп, "Азапқа төзе бiлгенше күнә жаса!" – деп, күнә атаулыдан аулақ ұстаған әлгi тақуа шәкiрттi еске алды.

Азияға бас көтерiп қарай алмады. Әйел баласының ең қымбатты да қасиеттiсi оның ар-намысы ғой, бiрақ мынау әйел естен айрылған көрiнедi деп ойға батты. Бар батылдығын көкiрегiне жиып алып, бiрдеңе дегiсi келiп едi, қапелiмде есiк соғылды. Iсметтiң жүрегi жарыла жаздады. Бiр бөлмеде екеуi ғана едi. Олар туралы сыбыр-сыпсың әңгiмелер үдеп, дауыстап айтыла бастағалы қашан. Есiктi қаққан мектептiң қызметкерi едi. Iсмет демiн тартып, "Иә, бiз де шығып барамыз. Азия ханымға рахмет. Қажеттi керек-жарағымның бар-жоғын бiлу үшiн келiптi," – дедi де тез арада кiтаптарын жинастыра бастады. "Бұл жолы да құтылдық-ау," – дедi iштей. Кабинетiнен шыға бергенде, Азияның ақырын ғана сыбырлап "Өкiнесiң!" – дегенi құлағында жаңғырды.

Өтiп жатты тағы ұзақ бiр күн. Соңғы сабаққа кiруге шамасы жоқ-тұғын. Үйiне асыға жөнелгенде бiрдеңеден қашып бара жатқандай едi. Әбден шаршаған, талған күйде төсегiне жетiп құлады. "Ақыр-аяғы зындан болса да, мына отты шеңберден аттап өтуiм керек" дедi. Өтiп жатқан азапты күндерi зынданнан кем емес-тi. Азияның қолынан бәрi келедi. Бәлкiм Ұлы Омар Фаруктың кезiнде жасап кеткен жас жiгiттей жан тәсiлiм ету керек пе едi, бiрақ адалдықтың ақ жалауы бұл жерде де желбiреу керек едi.

Адам баласы сана-сезiмi арқылы жан-жақта көшiп-қонып жүредi, алайда барған жерiнде көркем мiнезiмен iзгiлiктiң өшпес iзiн қалдырып кетедi. Сенiмсiздiк белең алған мына киелi топырақта сенiмдiлiк пен имандылықтың өкiлi болуға тиiспiз деп ойлады.

Сонау шәкiрттiк шағында, Конияға келген атақты Әлi Ұлви Куружу ұстазды достарымен бiрге көруге барған шуақты күндерiн еске алды. Ұлы Нәбидiң көршiсi болып, күллi мұсылман жұртының қасиет тұтатын жерiнде қызмет еткен ұстаз жүздеген жас жiгiттердiң келгенiн көргенде, көзiне жас алып, кемсеңдеп жылап отырып, сөз сөйлеп едi.

"Сүйiктi бауырларым!

Мәдинада араб әлемiнiң мәшһүр әдебиетшiлердiң бiрi Мұстафа Садық қасына келген жастар туралы "Алау iшiнде жүредi, бiрақ жанбайды," – деп едi. О, Алла Тағалам! Елiмде дәл осындай адал, иманды жастар болсын деп тiлеушi едiм. Қазiр сiздерге қарап отырып, тiлегiмнiң қабыл болғанына көз жеткiзiп отырмын және Раббыма шүкiршiлiк етемiн!"

Iсмет туған елiндегi хабарды интернет арқылы алып отыратын. Соңғы кезде оқыған хабарларға сенбедi. Арсыздықтың көрiнiстерi едi. Ұяттан соншалықты безiп кетуге бола ма? Балалар үйiндегi кiшкентай қыздарға қатысты хабарды оқығанда жүрегi шаншып ауырды. "Қыз дегенiң аманат емес пе? Жауыздыққа қалай жол берiп жүр?" деп, түнiмен азаптанып ұйықтай алмады.

Нұх қауымының азғындары, Ахқаф қауымының есуастары, Сәмүд арсыздары, Содом мен Гоморра байғұстары мен Помпей ұятсыздарының тартқан азабы ойына орала бердi. Содан соң, Мехмет Акифтiң:

Ұят кеттi, ар жоғалды: жалаңдық жайылды әр жерге…

Қандай сүйкiмсiз жүздердi жабады жiп-жiңiшке перде! – деген өлең жолдарын оқыды. Әсiлiнде, "Адалдықтың аясы рақаттыққа жетерлiк" деп айтылмап едi. Өз ар-намысын ойламаған адамдар елдiң ар-абыройы мен намысын қалай ойлайды?

Азияға деген ғашықтық сезiмiн ешкiмге сыр етiп айтпады. Түнi бойы Азияны ойлап, қоздағы қып-қызыл шоқтай жанып жатқанын бiр де бiр жанға сездiрмедi. Әрбiр iс-қимылына мән берiп отырды. "Жел тұрмаса, шөптiң басы қимылдамаушы едi ғой, Азия қайбiр қылығыма қызығып, үмiттенiп қалды?" деп тағы ойланды.

Көшедегi аспалы шамдар түнерген даланы жарықтандыру үшiн қайтадан сарғая бастады. Қала ақшамның көлеңкесiн жамылды. Ертеңгi дәрiске дайындық жасау керек едi, бiрақ Азия ойдан кетпей қойды. "Мәжнүндi шөл далада қаңғытқан Ләйлi осы болса керек," – деп күрсiне сөйледi.

Әлгi маһшар күнiнде Күн көзi адамның миын қайнатып тұрған сәтiнде, сұлу және бай әйелдiң шақыруына мән бермей, "Мен Алладан қорқамын!" дей алатындардың салқын көлеңке түскен жерде тұратындығын неше рет оқып шықты.

Намыс – оның бау-бақшасының ең әдемi гүлi едi. Гүлiн солдырмауға тиiс-тi. Азияның өшпес алауы оның көңiлiн кәуаптай күйдiрсе де, гүлiн күйдiрмеу керек. Гүлдер де жанбау керек. Гүлдер Ұлы Азияның кең байтақ даласында қурап кетпеу керек. Ал бiр тал гүл жанатын болса, барлық гүлдер иiледi. Барлық гүл бақшалары зиян шегедi. Бұл – бақшаға да, бағбанға да әдiлетсiздiк.

Тас қараңғы бөлмесiнiң шымылдығын ашып қалып едi, айдың жарығы бөлменiң iшiн жарқыратып жiбердi. Алайда түсiнiксiз зұлмат қараңғылық жан әлемiн буып алғандай қылқындырып отырды. Бұлдыр сезiмнiң көк тұманында жоғалып кеткендей едi. Аяулы анасының бiр ғана қалауы Азия сынды тектi қызға үйлену болатын, бiрақ қалай болар екен Азия басыбос емес-тi. Азия – тұрмыстағы әйел едi. Айдың жарығына тесiле көз тiгiп диванда жатты. "Құдайым-ау, құрбан болып кетейiн, әлсiз құлыңа көмектесе көр, әйтпесе сүрiнiп құлап кетермiн!" – деп кезерген ерiндерi жыбырлады.

Таң арайлап атқанда, нұрлы жүзi күлiм қағып, әлденеге риза болғандай едi. Оны көрер көрместен таныды. "Сен Жүсiп емессiң бе?" – деп сұрады. Ол болса: "Сен де Азияға бас имеген адал Iсметiмiз емессiң бе?" – дедi.

Iсмет бұл жолы мектепке мүлде басқа адам болып барды. Қуанышқа кенелгенi көз жанарынан байқалып тұрды. Жүзi сәуле шашқандай едi. Бiрiншi сабағы болмағандықтан бiраз кешiгiп барды мектепке. Мектеп қызметкерлерi жұмыстарына кiрiсiп кеткелi қашан. Тiкесiнен директордың кабинетiне қарай беттедi. Кабинет есiгiн қағып, iшке кiрдi. Директор ләм-мим деместен, орындықты нұсқады. Түсiнiксiз салқындық байқалды мектеп басшысының әрбiр қимылында.

– Мен сiздi бұл мәселеде абай болайық деп ескертiп едiм ғой, Iсмет мырза! Ендi қалай болады? Не iстеймiз? – деп ашуын әрең басты директор.

Iсмет директордың сөзiн түсiнбедi. "Не болып қалды?" деп сұрауға мүмкiндiгi болмады. Директор: "Өткендегi сұмдық жағдайды Азия бәрiне айтып берiптi. Сенiң үстiңнен шағым түсiрген екен, тiптi мектеп қызметкерiнiң де бұл iске араласқанын жеткiзiптi. Өте күрделi жағдай. Ендi министр қоймай жауапқа тартады, мұндай қателiкке қалай ұрынып жүрсiң? Бiздiң бар байлығымыз… өзiң де жақсы бiлесiң," – дедi қалтыраған дауысымен.

Осы күнi Iсмет сабаққа кiре алмады. Тiкесiнен үйге қарай беттедi. Бiрнеше күнге рұқсат алды. Ауызына ештеңе татып алмады. Есiнен айрыла жаздады. Азияның мұндай әрекетке баратынын күтпеп едi. Ұжданы кiршiксiз таза-тұғын. Нәпсiнiң жетегiне кетпедi, бiрақ әрiптес достары мен мектептi қиын жағдайға ұрындырды. Әттең дедi, әттең, өлiп кеткенiмде, мәңгiлiкке ұмытылғанымда.

Азия өз мақсатына жете алмады. Iсмет қателiгiмдi бiлемiн деп, бұл жердi тәрк етiп кеткiсi келдi. Мұны естiген Азия есiнен айрылғандай болды. Мектептегi төтенше жағдай жалғасып жатты, бiрақ Iсметтiң жалаға ұрынып, кеткiсi келгендiгi Азияның жүйкесiне аяусыз тидi. Iсметтiң кiнәсi неде, ненi мойындап отыр деп ойлады Азия. Тiсiнен бiр ауыз сөз шықса екен, кiм бiледi, ешкiмдi әбiгерге түсiрмей, шешiп жiберер едi ғой. Азия қатты өкiнiп отырды. Не iстерiн бiлмей дал. Елi үшiн жан-тәнiмен берiлiп, жарқын болашақтың дәнiн егуге бар күш-жiгерiн салған әрiптесiн мәңгiлiкке жоғалтып отыр.

Айрылысудың уақыты да келiп қалды. Iсмет бiр жағынан көз жасын сүрте жүрiп, бiр жағынан алғаш келген күннен бастап орын-орнына орналастырып қойған өз бөлмесiндегi заттарын жинастырды. Заттарын көтерiп алып үйiнен шығып кеттi. Бiрнеше қадам жүргеннен кейiн артына бұрылып, соңғы мәрте қарады тұрған үйiне. Достарының ол туралы күдiгi оған тағы бiр салмақ салғандай болды. Туған жерiне оралатындығы белгiлi, бiрақ ол жердегi туған-туысқа, дос-жаранға не айтатынын да ойлағысы келмедi. Әуежайға келiп тоқтағанда екi ғана досы күтiп тұрды. Ұшақтың ұшуына әлi үш сағат бар. Үнсiз күтiп отырды. Бiрдеңе дегiсi келгендей болып едi, бiрақ ешкiм аузын ашпады. Ауыздарына құм құйылғандай үнсiз қала бердi.

Бiрден әуежайдың алдына бiрнеше мәшина келiп, жолаушылар асыға түсiп, берi қарай келе жатқан сияқты болды. Көзiн тiгiп қараса, директор, Азия және достары. Не болғанын ұқпады. Iсметтi қайтадан уайым басты. Азия Iсметтiң қасына жүгiрiп келiп:

– Iсмет, мен бар шындығымды айтып бердiм. Шынында не болғанын бәрi бiледi. Өтiнем, менi кешiршi, мен сенi түсiнбеген екенмiн. Бiздердi, оқушыларыңды тастап қайда барасың? Мен саған қол жеткiземiн деп, сенi бәрiнен ажыратып жiбердiм. Осы жолы менi түсiншi, кешiр! – дедi көз жасын орамалымен сүртiп.

– Сенi жақсы түсiнемiн, шындықтың шарықтап шыққаны мектеп пен достарымның атынан менi қатты қуантты. Ендеше артқа алаңдамаймын. Достарымның, мына киелi жерге қаншалықты қажет екенiмдi түсiне бiлген шаңырақ иелерiнiң бар екенiне көзiм жетiп отыр, бiрақ өтiнемiн, сен де менi түсiнiп ал, кетуiм керек! – дедi Iсмет.

Ұшақтың ұшу уақыты таяп қалды. Табандап қарысқаннан ешнәрсе шықпайтынын аңғарған достары көз жасын ағызып тұрды. Әсiлiнде Азия оның қайтып келмейтiндiгiн бiлiп отыр. Оның қаншалықты адал жан екенiне және адалдығына күмән келтiргенiне көз жеткiздi. Қоштасарда, Iсметке: "Мынаны ұшаққа мiнгенiңде оқы," – деп жазған хатын бердi:

"Сүйiктi Iсмет!

Сенiң арқаңда арам ғашықтықтың оты күллi гүл бақшасын жағып жiберетiндiгiн түсiндiм. Сен сияқты адалдықты ту еткен салт аттылар адал гүлдердi таптап кетпейдi. Себебi сен адалдықтың ақ гүлiн солдыруға келген жоқсың, керiсiнше, өсiруге келдiң. Бiз шоқты жолдардан өтiп жанамыз, кiм бiледi, бiрақ алаңдама, гүлдер бұдан былай жанбайды. Гүлдер жанбайды, сүйiктi Iсметiм…"

Түрiк тiлiнен тәржiмалаған Мәлiк ОТАРБАЕВ

Серіктес жаңалықтары