ОҢТҮСТIК СУДАН ТӘУЕЛСIЗДIК АЛДЫ

ОҢТҮСТIК СУДАН ТӘУЕЛСIЗДIК АЛДЫ

ОҢТҮСТIК СУДАН ТӘУЕЛСIЗДIК АЛДЫ
ашық дереккөзі
382

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Жиырма жылдың iшiнде 2 млн.-нан астам адам жер жастанып, 4 млн. адам босқынға айналған Суданның оңтүстiк бөлiгiнен жаңа бiр мемлекеттiң iргетасы қаланды. Халықаралық қауымдастық тәуелсiз ел ретiнде танып үлгерген Оңтүстiк Судан солтүстiгiндегi көршiсiнен саяси тұрғыда ғана емес, экономикалық, психологиялық тұрғыда дербес пе? Мұнайдан түскен пайданы бөлiсуде сараңдық танытқан орталық үкiметтiң қоятын жаңа талаптары қандай?

КӨРШIНIҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫҚПАЛЫ БАСЫМ

Жер шарындағы 193 елге тағы бiр жаңа мемлекет – Оңтүстiк Судан қосылды. Үстiмiздегi жылдың 9 шiлдесiнде ресми астанасын Джуба қаласы деп бекiткен Африка картасындағы 54-ел болып табылады. Шығысында – Эфиопия, оңтүстiгiнде – Кения, Уганда, батысында – ОАР, солтүстiгiнде Суданмен шектесетiн Оңтүстiк Суданның жер ауқымы – 619 745 шақырымға тең. Қаңтардағы жалпыхалықтық референдум соңы тәуелсiздiк алуға жетелеген жаңа мемлекеттiң алғашқы президентi – Халықтық-бостандық қозғалысының көсемi Сальва Кир. 21 жылға созылған азаматтық соғыстың нәтижесiнде дүниеге келген Оңтүстiк Суданды Еуропалық Одақ мүшелерi, АҚШ, Қытай, Канада, Ресей, сондай-ақ бiрқатар африкалық елдер дербес мемлекет ретiнде таныды. Тәуелсiздiк күнiне орай өткiзген салтанатты кеште БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун: "Табиғи ресурстарға бай болуы, мұнай кенiштерi мен Нiлдiң құнарлы жерi – жарқын болашақтың үш негiзгi кепiлi. Мен Оңтүстiк Суданның әлемдегi табысты аймаққа айналатынына сенiмдiмiн және өте кең ауқымда қолдау көрсетуге дайынбыз", – дедi. Алайда саяси тұрғыда тәуелсiздiк күнiн тойлаған Оңтүстiк Судан халқына экономикалық тәуелсiздiк үшiн бiраз тер төгуге тура келедi. Ең маңыздысы, бүкiл халықты ортақ мүддеге жұмылдырып, имандай ұйытатын Конституция қажет. Оның үстiне, iргетасы жаңа қаланған елдiң қаражат көзiн қайдан алатыны да әзiр белгiсiз. Дербестiкке қол жеткiзгенге дейiн ауыл шаруашылығы саласына ден қойған мемлекеттегi мұнай қоры елдiң әлеуметтiк ахуалын түзеуге қауқарсыз. Осы себептi инфрақұрылымдарды қалыптастырып, көмiрсутегi шикiзатын өңдейтiн өндiрiс орындарын салу – аса маңызды мәселе. Тәулiгiне 800 мың баррель мұнай өндiрiлетiн Оңтүстiк Суданда бiр де бiр мұнай өңдеу зауыты жоқ. Заманауи құралдармен жабдықталған 4 iрi кәсiпорын Суданда орналасқан. Сондықтан бөлек отау көтеруге талпынған оңтүстiк бөлiкке жылы қабақ танытқан Судан кез-келген мезетте оларға ықпал ете алады. Шешiлмеген мәселелер арасында шекаралық шектеулер де бар. Мәселен мұнай қорына бай Абья ауданындағы шекара сызығын Судан өз территориясы ретiнде қарастырған картаны жариялаған. Бұл оңтүстiксудандықтардың Абья үшiн соғысудан тайынбайтындықтарын ашық мәлiмдеуге мәжбүрледi. Демек оңтүстiк пен солтүстiк көршiлердiң достық қарым-қатынасы туралы әңгiме қозғау әзiр ертерек секiлдi.

НЕГIЗГI МАҚСАТ – ИСЛАМДАНУ

Африканы отарлаған еуропалық елдердiң "ұртоқпағы" Оңтүстiк Суданды айналып өткен. Бұл орайда, тiптi ғасырлар бойы талай тарих, талай мәдениеттi түгiмен жұтқан арабтардың өзi қауқарсыздық танытыпты.

1820-1821 жылдары Осман империясының басқаруындағы Мысыр ғана бұл аймақты отарлауды жүзеге асыра бастаған. 1898-1955 жж. ағылшындық-мысырлық ықпалдағы Судан кезiнде Ұлыбритания Суданның солтүстiк және оңтүстiк бөлiгiн бiрдей басқаратын ортақ жүйенi енгiзе отырып, Оңтүстiк Суданға деген исламдық және арабтық ықпалды әлсiретуге бел шеше кiрiскен. Аймаққа христиан дiнiн күштеп енгiзу де сол кезеңнен басталады. 1956 жылы астанасын Хартум деп жариялаған оңтүстiк пен солтүстiк аймақтың ортақ мемлекетi – Суданның құрылғаны туралы ресми мәлiмдеме жасалады. Маңызды мәселе, осы тұста билiк басына Оңтүстiктi ислам дiнiне баулуды мақсат еткен солтүстiктiк саясаткерлер көптеп келедi. 1972 жылы аддис-абебтiк келiсiмге қол қоюдың арқасында 1955-1972 жж. аралығындағы 17 жылға созылған Бiрiншi азаматтық соғыс аяқталады. Арабтар шоғырланған солтүстiк аймақ пен қаранәсiлдiлер жиналған оңтүстiк бiтiмге келiп, Оңтүстiк Судан белгiлi бiр деңгейде сыртқы саясатта өзiндiк басқаруға ие болады. Алайда араға он жылдай уақыт салып, 1969 жылы әскери төңкерiстiң нәтижесiнде билiк басына келген Жафар Нимейри исламдану саясатын күшейтуге кiрiседi. Мысалы қылмыстық заңнамаға шариғат заңдарына тән тармақтар – таспен ату, қолды шабу, көпшiлiк алдында дарға асу т.б. енгiзедi. Мұның соңы Суданды азат ету халықтық армиясының қарулы қақтығыстарына әкеп соғады.

4 МЛН. БОСҚЫН – КЕДЕЙШIЛIК ҚҰРБАНЫ

Елдiң оңтүстiк аймағында басталған қарулы қақтығыстар кезiнде үкiметтiк әскер 2 млн.-ға жуық бейбiт тұрғынды өлтiрген. Елдегi белең алған қуаңшылық, аштық, жанар-жағар май тапшылығы, қарулы қақтығыстар ауқымының кеңейе түсуi 4 млн-нан астам оңтүстiксудандық көршiлес жатқан Эфиопия, Кения, Уганда, Мысырға жөңкiле көшуге мәжбүрледi. Осының кесiрiнен босқындар адамзат үшiн аса маңызды саналатын бiлiм алу, денсаулығын шыңдау, өсiп-өнуден шет қалып, аштық пен кедейшiлiктiң құрбанына айналды. Жылдар бойы елдi әбден титықтатқан азаматтық соғыс гуманитарлық апатқа ұласты. Соғыс өртi шарпыған аймақта 2003-2004 жж. көтерiлiсшiлер мен үкiмет арасындағы ауызекi келiсiмнiң нәтижесiнде 20 жылдан астам уақытқа созылған қанды қырғын толас табады. Әлбетте, қарулы қақтығыстар келiсiмнен кейiн сап тыйылмағаны анық. Өйткенi оңтүстiк бөлiктiң кейбiр аймақтарында адам өлiмiне әкеп соғатын қақтығыстар бiрнеше рет орын алған. 2005 жылдың 9 қаңтарында Кенияда Найваштық келiсiмде Оңтүстiк Суданға автономия берiлiп, оның көсемi Джон Гаранг Суданның вице-президенттiгiне тағайындалады. Мұның тиiмдi жағы: автономияның 6 жылынан кейiн тәуелсiздiк алуға қатысты жалпыхалықтық референдум өткiзуге құқылы болады. Ал мұнайдан түскен пайда ресми билiк пен оңтүстiк автономия арасында теңдей бөлiнедi. Осы жайт қана арадағы кикiлжiң мен ушығып тұрған ахуалды сәл бәсеңдетiп, қарулы қақтығыстар тоқтайды. Бiрақ 2005 жылдың жазында Гарангтың тiкұшақ апатынан қаза болуы елдегi саяси тұрақтылықтың бұзылуына себеп болады. 2007 жылы қақтығыстарға тосқауыл болу мақсатында, Оңтүстiк Суданға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун арнайы iссапармен келедi. Ал халықаралық қауымдастық жанжал өршiген осы аймаққа бiтiмгерлер тобы мен гуманитарлық көмек жөнелтедi. Келiсiмде көрсетiлген алты жыл iшiнде Оңтүстiк Суданның уақытша билiгi орталық билiкпен ынтымақтаса отырып, аймақтағы қарулы және әскери қақтығыстарды болдырмауға күш салады. Саяси ойын ережесiне сай ойнаған оңтүстiксудандықтарды қолдау мақсатында 2010 жылдың жазында АҚШ егер референдум қорытындысы тәуелсiздiктi жақтаса, Оңтүстiк Суданды дербес ел ретiнде мойындауға қарсы еместiгiн жеткiзедi. 2011 жылдың 4 қаңтарында Судан президентi Омар әл-Башир Еуропалық Одақ iспеттi одақтас мемлекет ретiнде өмiр сүруге және қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге уәде бердi. Жыл басында ұйымдастырылған референдум қорытындысында 3,8 млн. дауыс берушiнiң 98 пайызы тәуелсiз болуға құлшынып, оны тәуелсiз ел ретiнде алғаш Судан Республикасы таныды.

Серіктес жаңалықтары