KazSat-2: ШАБАТЫН — БАП ПА, БАҚ ПА?

KazSat-2: ШАБАТЫН — БАП ПА, БАҚ ПА?

KazSat-2: ШАБАТЫН — БАП ПА, БАҚ ПА?
ашық дереккөзі
226

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Осыдан үш жыл бұрын халықтың қалтасынан шыққан 65 млн. долларды желге ұшырған қазақстандық алғашқы жер серiгi аспан әлемiнде iз-түзсiз жоғалып кеткенi белгiлi. Жауапты органдар мұның себебiн техникалық ақаулармен түсiндiрдi. Атүстi жасалған, иi қандырылмаған жобаның жолы болмады. Ал араға жылдар салып барып құрастырылған және өзгертулер мен толықтыруларға толы KazSat-2-нiң тағдыры қалай болмақ?

Ұлттық ғарыш агенттiгiнiң хабарлауынша, қазақстандық екiншi жер серiгi – KazSat-2-нi ұшыру үстiмiздегi жылдың 16 шiлдесiне жоспарланып отыр. Бастапқыда Хруничев атындағы Ресейлiк ғарыштық ғылыми-техникалық орталық мамандары құрастырған жер серiгiнiң құрылымына бiрқатар өзгертулер енгiзiлуiне байланысты оны iске қосу 1 жылға кешiктiрiлсе, қазақстандық тараптың қосымша талаптарына байланысты ұшыру уақыты 2 айға, яғни 2011 жылдың наурызына ауыстырылған. Арада сәл уақыт өткенде бұл мерзiм 2011 жылдың маусымына өзгертiлдi. Алайда құрылғыдағы ақауларды дер кезiнде жөндеп үлгермегендiктен, KazSat-2-нiң көкке самғауы 1 айға, яғни 10 шiлдеге қарай ойысты. Мұның себебiн Республикалық ғарыштық байланыс орталығының басшысы Виктор Лефтер былайша түсiндiрдi: "Терең талдау жасау барысында құралдарды электромагниттiк ықпалдардан қосымша қорғау мақсатында, қосымша құрылғы орнатуға шешiм қабылданды. Осыған байланысты жер серiгiн ұшыру мерзiмi 15 шiлдеге ауыстырылды". Лефтердiң айтуынша, уақытты бiрнеше рет көп жылдарға керi ысырғаны үшiн ресейлiк мамандардан Қазақстан өтемақы талап етпедi. Есесiне, "Қауiп-қатерге бас тiгуге болмайды. Жерде кепiлдiкке қол жеткiзу қажет" (В.Лефтер).

Қазақстан тарапынан KazSat-2 құрылымына байланысты талаптардың күшейтiлуi тегiн емес. Өйткенi 2008 жылдың 26 қарашасында қазақтардың алғашқы жер серiгi – KazSat-1 жұмыс iстеу қабiлетiнен толық айрылған болатын. Жалпы құны 65 млн. долларға бағаланған KazSat-ты қазақстандық мамандар Ақмола облысынан құрылған ғарыштық құрал-жабдықтарды жерден басқару кешенi арқылы бақылайтын. Жоспар бойынша, 12 жарым жыл Қазақстанға қызмет етуi тиiс жер серiгiнiң пәрменi бiр жарым жылдан кейiн-ақ сыр берген. Сол кезде ҚР Ұлттық ғарыш агенттiгiнiң төрағасы Талғат Мұсабаев: "KazSat-1 мәселесi дұрыс бағытта шешiлмеген. Ол тiптi ҚР Конституциясына сәйкес емес. Қазiргi заманға лайықты, сенiмдi ғарыштық техника дайындайтын халықаралық деңгейдегi беделдi компаниялар көп. Солардың арасында тендер өткiзу керек едi. Өкiнiшке қарай, бiздiң KazSat-1-дiң сапасы туралы сөз қозғау артық. Ұлттық инновациялық қордың аса күрделi ғарыш жүйесiне қандай қатысы барын мен әлi күнге дейiн түсiне алмаймын. Қазiргi таңда Қазақстан тарапынан тапсырыс берiлген KazSat-2 дайын боп қалды. Бұл жер серiгi де бiзге дейiн ұшырылған KazSat-1 сияқты. Төленген ақының 65 пайызы KazSat-1-ден аумайтын KazSat-2-нi дайындауға жұмсалған. Оны кейiн қайтара алмайсың. Бiрақ бiз жер серiгiнiң құрылымын өзгертуге және кейбiр құрамдас бөлiктерiн анағұрлым сенiмдi бөлiктермен ауыстыруға қатысты ұсыныстарымызды берiп үлгердiк", – деп мәлiмдеген едi. Осылайша, тиiстi органдардың немқұрайдылығы салдарынан 65 млн. доллар желге ұшты. Олқылық қайталанбас үшiн екiншi жер серiгiнiң құрылымын өзгертумен әлек болған ресейлiк мамандардың кәсiби тұрғыда қаншалықты шебер екендiгiн KazSat-2 анықтап бермек. Сонымен қатар Мұсабаев мырза "Байқоңырдан" ұшырылатын "Зенит", "Днепр" зымыран тасығыштарын ақылы түрде қолдану шараларына белсене қатысуға ұсыныс бiлдiрiп отыр. Өйткенi бүгiнде Ресей Қиыр Шығыстан тұрғызылатын "Шығыс" ғарыш айлағының құрылысы аяқталысымен, ғарыштық тапсырыстар "Байқоңырдан" "Шығысқа" қарай ысырылатыны белгiлi. Бүгiнгi таңда отандық мамандарды толғандырған басты қиындық – ғарыш саласындағы ұлттық мамандардың тапшылығы. Осының салдарынан, Жер шарындағы мүмкiндiгi шексiз ғарыш айлағы саналатын "Байқоңырдың" барлық мүмкiндiгi мен қызығын жатжұрттықтар көруде. Ал "аузы күйген үрiп iшедiнiң" кебiн киген қазақстандық тарап ендi үшiншi жер серiгi – KazSat-3-тi құрастыру мiндетiн Ресейдегi Решетнев атындағы "Ақпараттық ғарыштық жүйе" компаниясына жүктегелi отыр.

Тылсым күш – ғарыш әлемiн игеруде Қазақстан алыс шет мемлекеттермен де серiктестiк орнатуға мүдделi. Мәселен үстiмiздегi жылдың 20 маусымында Париждегi Ле-Бурже әуе-ғарыштық салонында ұйымдастырылған көрмеге қазақстандық делегацияны бастап барған Ұлттық ғарыш агенттiгiнiң төрағасы Талғат Мұсабаев шетелдiк ғарышкерлермен, оның iшiнде француздар әрiптестерiмен ғарыш саласындағы қазақ-француз ынтымақтастығына да қатысты мәселелердi талқыға салып қайтты. Осыдан үш жыл бұрын екi ел арасында мемлекеттiк деңгейде қол қойылған ғарышты игеруге қатысты стратегиялық серiктестiк орнату туралы келiсiмге сәйкес, "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы мен француздардың EADS Astrium компаниясы екi iрi жобаны жүзеге асыру барысында тер төгуде. Бұл ғарышты игеруде ресейлiк шекарамен шектелiп қалмай, еуропалық елдерге қарай құлаш ұруда маңызды рөл атқармақ.

Серіктес жаңалықтары