ОЛИМПИАДАЛАРДА ШЫРҚАЛҒАН ӘНҰРАН

ОЛИМПИАДАЛАРДА ШЫРҚАЛҒАН ӘНҰРАН

ОЛИМПИАДАЛАРДА ШЫРҚАЛҒАН ӘНҰРАН
ашық дереккөзі

Олимпиада ойындары ертеде қасиеттi деп саналған. Ойындар жүрiп жатқанда соғыстар да тоқталған. Бiздiң заманымызда ойындарды қайта тiрiлткен – француз Пьер де Кубертен. Ол Олимпиадалық қозғалысты жандандыруға қырық жылдай уақытын жұмсады. 1892 жылы 25 қарашада Сорбоннаның салтанат залында Пьер де Кубертен "Олимпиаданы жаңғырту" тақырыбында дәрiс оқыды. Ол осы жерде алғаш рет " Спортты жандандыру және оны халықаралық дәрежеге жеткiзу керек" деген өзiнiң әйгiлi сөзiн айтады. Кубертен әлемнiң көптеген елдерiнде өзiнiң достарының көмегiмен олимпизм жақтастарының дүниежүзiлiк кездесуiн ұйымдастырады.

Құрылтайшылар конгресi Сорбоннада 1894 жылы 24 маусымда өтедi. Он екi елден келген екi мың делегат Олимпиада ойындарының халықаралық Олимпиада Комитетiн (ХОК) құру туралы бiр ауыздан шешiм қабылдайды. Екi өркениеттi, яғни элин мен жаңа заман арасын байланыстырушы ретiнде алғаш рет Олимпиада ойындарын өткiзу үшiн Афины жерi таңдалды. Сөйтiп 1896 жыл – жаңа заманғы алғашқы Олимпиада ойындары өткен жыл ретiнде тарихта қалды.

Алғашқы он үш Олимпиадалық ойындар ежелгi көне Элладада тек бiр ғана спорт түрiнде – жүгiру бойынша өткiзiлген болатын. Алғашқыда ойынға тек екi қала – Элис пен Писы ғана қатысқан. Алайда ойынның танымал болғандығы соншалық, кейiн грек қалаларының барлығы түгелдей дерлiк қатыса бастады. Олимпиада ойыны жақындаған сайын Элиадада, сондай-ақ Грекияның барлық түкпiр-түкпiрiнен “қасиеттi татуласуды” хабарлайтын, желаяқтар жiберiп отырған. Бұл жүгiрушiлер соғыстарды өз ерiктерiмен тоқтатуға зор ықпал жасады. Барлық жерде оларды триумфтермен қарсы алды. Тек Грекияда ғана емес, сонымен қатар, эллиндердi құрайтын барлық жерде – Қырымда, Египетте, Испанияда осылайша қарсы алатын. Бес шеңберден құралған Олимпиада ойындарының эмблемасы 1913 жылы жасалған. Бес шеңбер – бес құрлықты бейнелейдi. Олимпиадалық ойындардың ресми туы ақ матаға салынған олимпиада логотипi. Ақ түс – ойын кезiндегi бейбiтшiлiктi бейнелейдi. Ол 1916 жылғы жоспарланғанымен, тек 1920 жылы ғана Бельгияда алғаш рет қолданылды. Жабылу салтанаты кезiнде Ойындар өткен қаланың әкiмiне тапсырады. Төрт жыл бойы ту дайындық үстiндегi қаланың әкiмдiгiнде сақталады.
АТЛАНТАДА АТОЙ САЛУ

Елiмiз егемендiк алып, дербес мемлекет ретiнде жазғы Олимпиада ойындарына алғаш 1996 жылы қатысқан едi. Сол жылы алауы тұтанған Атланта Олимпиадасында өнер көрсетуге аттанғалы жатқан сайыпқырандарымызды арнайы қабылдаған Елбасымыз мемлекеттiк туды данқты балуан Дәулет Тұрлыхановқа тапсырған-ды. Ал Сидней төрiнде көк байрағымызды Ермахан Ыбрайымов алып жүрсе, Афиныда ел байрағын алып жүру мәртебесi Асхат Житкеевке бұйырған. Бейжiңге аттанарда да спортшыларымызды Елбасымыз қабылдап, мемлекеттiк туымызды боксшы Серiк Сәпиевке тапсырды. Алайда Серiк Олимпиада ашылу салтанатынан кейiн-ақ жарыс жолына шығатындықтан, бапкерлер өзара келiсiп, туды ауыр атлетiмiз Бақыт Ахметовке тапсырды. Бақыт көк байрағымызды абыроймен алып жүрдi.

Олимпиаданың ашылу салтанатында ел байрағын ұстау – аса жауапты мiндет. Ертесi күнi өзi жарыс жолына шығатындықтан, 1996 жылы Дәулет Тұрлыханов туды талантты боксшы Ермахан Ыбрайымовқа табыстады. Ол кезде Ермаханның есiмi әлi елге танылып үлгермеген. Алайда жас жiгiт өзiне зор жауапкершiлiк жүктелгенiн жан-тәнiмен сезiне бiлiп, Атланта рингiнде атой салды. АҚШ-тағы жарыста алғашқы медальдiң сыңғырын естiрткен – Юрий Мельниченко. Грек-рим күресi шеберi ақтық сында айбынды Американың атышулы балуаны Денис Халды кеудесiнен асыра лақтырып, алтын медальдi мойнына iлдi. Негiзiнде спорт саласының төңiрегiнде жүрген адамдарды Мельниченконың бұл табысы таңдандыра қоймады. Өйткенi Юра – талай сынақтан мүдiрмей өткен, әлем чемпионаттарында жеңiстiң дәмiн сезiнiп үлгерген жас жолбарыс. Оның мықтылығын көпшiлiк мойындайтын, небiр айбарлы балуандар жерлесiмiзге мойынсұнатын. Ал бес сайысшы Александр Парыгин алтыннан алқа тағынғанда көпшiлiк бұл нәтиженi, керiсiнше тосын оқиға деп бағалады. Неге десеңiз, Парыгин бұрындары ортаңқол спортшы ретiнде ғана танымал болды. Олимпиадада ол жүлдеге iлiгедi деп ешкiм ойламаған едi. Ал Парыгин болса, барлық қарсыластарын қапыда қалдырып, алтын тұғырдан қол бұлғады. Үшiншi алтынды қоманда қоржынына салған – Василий Жиров. “Балқаштың барысы” атанған боксшының өрлеу кезеңi Атланта Олимпиадасымен тұспа-тұс келдi. 81 келi салмақта жұдырықтасқан Жиров алтын медальмен қоса, ең үздiк боксшыға берiлетiн Вэл Баркер кубогын олжалады. Осы үш отандасымыздың қатарында бiздiң де бiр қандасымыздың тұруы керек едi. Шаршы алаңның шынарына айналған Болат Жұмадiловтiң өнерiне сол кездерi қол соқпаған, сүй сiнбеген жанкүйер кемде-кем. Бокстасу мәнерi, рингте өз-өзiн ұстауы, қимыл-қозғалысы, соққы сiлтесi өзгелерден өзгешелеу жiгiттiң бойында бiр бұла күштiң бұғып жатқанын бапкерлерi де, басқалары да бiлдi. Финалға дейiн қарсыластары Болаттың тегеурiнiне шыдай алмаған. Финалда ол кубалық Майкро Ромероны жеңген секiлдi едi. Бiрақ “қара маржанның” ығына жығылған төрешiлер қайсар қазақтың бағын байлады. Болат Жұмадiлов Америка сапарынан күмiс медальмен оралды. Атлантада кұралайды көзге атқан мерген Сергей Беляев қос күмiс медаль алып, өз көрермендерiн қуантса, атақты ауыр атлет Анатолий Храпатый да бiр күмiске иелiк еттi. Ал қола медаль алғандар қатарында боксшы Ермахан Ыбрайымов пен Болат Ниязымбетов, еркiн күрес шеберi Мәулен Мамыров және нысана көздеушi Владимир Вохмянин бар. 1996 жылғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 3 алтын, 4 күмiс және 4 қола медаль алып, командалық есепте 24 тұғырға табан тiреген болатын.
СИДНЕЙДЕГI САҢЛАҚТАР

2000 жылы Қазақстан құрамасы өзiнiң екiншi Олимпиадасына сапар шектi. Бұл жолғы бағыт – Австралия едi. Сиднейде шымылдығы ашылған ойындарда алғашқы медаль жарыс басталған соң екi аптаға жуықтағаннан кейiн барып қана уысымызға түстi. Көңiлдерi құлазып жүрген жанкүйерлерге бiрiншi болып қуаныш сыйлаған – Ольга Шишигина мен Александр Винокуров. Желаяқ қызымыз 100 метрге кедергiлерден жүгiруде шашасына шаң жұқтырмай, бас жүлденi олжаласа, велошабандозымыз күмiске қол созды. Араға санаулы күндер салып, қоржынымыз бiраз қомпиды. Бұл ретте жуан жұдырықты жiгiттерiмiз ерледi. Бiр ғажабы, Қазақстанның төрт бiрдей боксшысы ақтық сында өнер көрсету құрметiне ие болды. Асқан талант иесi Бекзат Саттарханов 20 жасында Олимпиада чемпионы деген мәңгiлiк атаққа қол жеткiзсе, гүрзi жұдырықты Ермахан Ыбрайымов Атлантадағы қоланы Сиднейдiң алтынына айырбастады. Оған еркiн күрес шеберi Ислам Байрамуков олжалаған күмiс медальдi қосыңыз. Сөйтiп, ғасырлар тоғысында Сиднейде өткен Олимпиаданы Қазақстан құрамасы 22-орынмен қорытындылады. Отандастарымыздың еншiсiнде – 3 алтын және 4 қола медаль. 2004 жылы алауы тұтанған Афины Олимпиадасында медальдар саны бiршама болғанымен, оның сапасы сын көтермедi. Ежелгi Эллада елiнде Алаштың абыройын аспандатуға тек Бақтияр Артаевтың күш-қуаты жеттi. Грекияға баратын ұшаққа ең соңғы болып билет алған Бақтияр қарсыласының барлығын қоғадай жапырып, елге алтын медальмен қоса, Баркер кубогын да арқалап қайтты.

Жарыстың финалдық бөлiгiне дейiн жеткен төрт бiрдей жерлесiмiзге күмiс медаль бұйырды. Олар – еркiн күрес шеберi Геннадий Лалиев, грек-рим күресiнiң өкiлi Георгий Цурцумия, боксшы Геннадий Головкин және ауыр атлет Сергей Филимонов. Ал қола медаль алғандар қатарын боксшы Серiк Елеуов, онсайысшы Дмитрий Карпов және балуан Мкхитар Манукян толықтырды. Өкiнiшке қарай, жалғыз алтынның аздығы сезiлiп, қорытынды есепте Қазақстан құрамасы 41-шi орынға сырғып түстi. Сонымен, Қазақстан тәуелсiздiк алғалы берi Олимпиадада әнұранымыз жетi мәрте шырқалды. Жалпы жетi саны – қасиеттi сан.
БЕЙЖIҢДЕ БАҒЫНДЫРЫЛҒАН БИIКТЕР

Бейжiңде өткен Олимпиада ойындарында қазақ әнұраны екi мәрте шырқалып, көк байрағымыз екi мәрте желбiредi. Спорттың 41 түрiнен 302 медаль тiгiлген Бейжiң Олимпиадасында қазақстандық спортшылар спорттың 22 түрi бойынша жарысқа түстi. Бұл Олимпиадаға қазақ елiнен 131 сайдың тасындай сайыпқырандарымыз аттанса, жаһандық жарысқа 203 елден 10 500-ден астам спортшы қатысқан-ды. Сондықтан “жүзден-жүйрiк, мыңнан тұлпар” шығу, оңай бола қоймасы анық. Дегенмен де ел үмiтiн арқалап, Қытай елiне аттанған саңлақтарымыз толағай табыспен оралды. Қоржынымызға 2 алтын, 4 күмiс, 7 қола медаль түстi. Алғашқы алтынды Сыр өңiрiнiң саңлағы – атақты ауыр атлет Илья Ильин қоржынымызға салды. Бұндай жетiстiк ауыр атлетика тарихында жиырма жыл бұрын Сеул Олимпиадасында орын алып, 1988 жылы Анатолий Храпатый алтыннан алқа таққан едi. Сол жылы Илья Ильин өмiрге келдi. Содан берi бiздiң елiмiзде зiлтемiршiлер арасынан Олимпиада жүлдегерлерi болғанмен, чемпион шықпаған. Ендi мiне, Бейжiңде зарыға күткен алтын қолға тидi. Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан жарыс басталатын күндi күллi Қазақстан халқы тағатсыздана күттi десек асыра айтқандық емес. Ильин өнерiн тамашалау әркiм үшiн қуанышты сәт едi. Алғашқы болып шыққан ауыр атлет қыздарымыз күмiстi де, қоланы да қоржынға басты. Ерлер арасындағы басты үмiтiмiз Илья Ильин шығатын күн, яғни 17 тамыз да келiп жеттi. Жарыс алаңына жерлесiмiз шыққанда теледидар алдында жанымызды қоярға жер таппадық. Тiлеуiн тiледiк.

Қашанғы байсалды, салмақты әдетiмен зiлтемiршiмiз де шықты-ау. “Ә” дегеннен 180 келiге тапсырыс берген Сыр саңлағы бұл салмақты бағындыра алмады. Әлi алда екi мүмкiндiк бар, жанкүйерлерге сабыр сақтаңдар деген ишарат бiлдiрген Ильин, екiншi мүмкiндiгiнде аталмыш батпантасты тiк көтерiп әкеттi. Төрешiлер есепке алды. Дегенмен осы жолы Ильин сол жақ шынтағын ауыртып алды. Онысын көк сандыққа телмiрген көрермен де бiрден байқады. Үшiншi мүмкiндiкке саңлағымыз шығудан бас тартқанда шыны керек, не ойларымызды бiлмедiк. Жарақат алған қолына ем-дом жасап жатқанда экранға қарап, Ильин бәрiбiр алтын менiкi дегендей ишара бiлдiрiп, жанкүйерлерiнiң, жерлестерiнiң көңiлiн орнына түсiргендей болды. Келесi кезек те келiп жеттi. Жұлқи көтеру сайысында баһадүрiмiз бiрден 215 келiге тапсырыс бердi. Шықты, көтердi. Үшiншi мүмкiндiкте 226 келi батпантасты бағындырып, жалпы есепте 406 келi салмақты мойындатты. Сөйтiп Илья Ильин Олимпиада чемпионы атанды! Жиырма жылдан кейiн, жиырма жастағы Сыр саңлағы Қазақстан қоржынына Олимпиада алтынын салды. Кезектi алтынды қазақ елiне сыйлаған атақты былғары қолғап шеберi Бақыт Сәрсекбаев болды. Негiзi Қытай елiнде қазақ боксшыларына қандай қиянат жасалғанына барлығымыз да куә болдық. Iштей тындық. Қолдан не келмек!? Осындайда ерiксiз еске түседi екен, сонау жылдары АИБА төрiнде Бекет Махмұтовтай қазаққа жаны ашитын жан отырғанда ол ағамыздың талай шапағатын көрген едiк. Алақанымызға алтынды салып берiп отырмаса да, дәл Бейжiңдегiндей қазақ боксшыларына қиянат жасауларына жол бермес едi. Дегенмен кiмнiң кiм екенiн күллi көзi ашық халық бiледi. Ел үмiтiн арқалап аттанған боксшыларымыз шетiнен елге ерте орала бастады. Кейбiреулерiнiң бабы келiспесе, бәзбiреулерi қолдан жасалған қиянаттың құрбаны болды. Қанша аяқтан шалып, жолын кескестегенмен бiздiң Бақыт қазаққа тән қайсарлығының арқасында, қарсыластарын қоғадай жапырып, алтын алқаны иемдендi. Ересектер арасында сынға түсiп жүргенiне көп болмаған, дегенмен болашағынан көп үмiт күттiретiн жас боксшымыз Еркебұлан Шыналиев те Бейжiңнен олжамен оралды. Төрешiлердiң бұра тартып жатқанын көзi көрген Еркебұлан барын салып бақты. Қарсыластарына дес берген жоқ. Осылайша ширек финалға да шықты. Бұл кездесуде Еркебұланның жолы тағы тәжiк боксшысы Жахон Құрбановпен түйiстi. Негiзi Құрбановтың жаман бiр әдетi бар, ол ретiн тауып қарсыласып тiстеп алу. Осы әдетiне қарап тәжiк боксшысының “кумирi” Тайсон ба деп қаласың. Олай деуiмiздiң себебiн күллi халық көрдi, жерлесiмiздiң жойқын соққыларына шыдамаған Құрбанов мойынға жармасып қыршып алды. Бiрақ бiр айта кетерлiгi Тайсон “ағасы” қарсыласын құлақтан тiстесе, “iнiсi” мойыннан тiстейдi екен. Осылай Шынәлиев жартылай финалға аттанды. Алайда Еркебұлан қытай боксшысын қалай соқса да, ұпайларын төрешiлер “ұрлап” алып отырды. Екеуара кездесу “тең” аяқталысымен, қытай боксшысының қуанышында шек болған жоқ. Қуанбай қайтсiн, жерлестерi қолдап тұрғанда жеңiс өз уысында екенiне еш күмәнi жоқ. Қалай айтсақ та қытайлықтар әдiлдiктi белден басты. Ал Еркебұландiкi нағыз алтынға татырлық айқас болды. Ауыр атлет Ирина Некрасованың Бейжiңдегi дүбiрлi додада бағы жанды десек қателеспегенiмiз. Әлем чемпионында тоғызыншы орын иеленген келiншек Бейжiнде күмiске қол жеткiздi. Бiр қызығы, Иринаны бапкерлер Бейжiңде 69 келi салмақта бақ сынайды деп апарған едi. Ал 63 келi салмақта бақ сынайды деп күтiлген Мая Манеза Бейжiңдегi дүбiрлi додаға бес күн қалғанда жарақат алып жарысқа қатыса алмай қалды. Бұл жағдай бапкерлердi бiраз әуре-сарсаңға салды. Ақылдаса келе олар 69 келiдегi Иринаны 63 келiге ауыстыру керек деп шешiм қабылдайды. Бар болғаны бес күн қалғанда Иринаның амалсыз салмақ қууына тура келедi. Бес күнде алты келi салмақ түсiру оңай шаруа емес. Қажырлы еңбектi талап етедi, iшiп-жемдi де азайтады. Жарысқа тура бiр тәулiк қалғанда салмақ өлшейтiн ереже бар. Бiр ғажабы Иринаның сол мезеттегi салмағы талапқа сай келе кеттi. Содан 63 келiде бақ сынап күмiске қол жеткiздi. Солтүстiк Корея аруынан бiр-ақ келi төмен болған Некрасованың алтын алуға толық мүмкiндiгi бар едi. Алайда қапаланудың еш ретi жоқ, төрт жылда бiр өтетiн Олимпиада ойындарындағы күмiстiң орны ерекше. Қысқаша айтсақ, қазақ спортшылары Олимпиада ойындарына егемендiк алғалы төрт мәрте қатысып, 9 мәрте әнұранымыз өзге елдерде шарықтап, көк байрағымыз желбiреген екен. Алла қаласа, алдағы Лондон Олимпиадасында қазақ елiнiң әнұраны бұдан гөрi жиi шырқалып, көк байрағымыз көкте жиi қалқысын деп тiлейiк, ағайын!
Бақтияр ҚАБАСОВ