ЕЛIМIЗДЕ 1200 АДАМҒА САУ ЖYРЕК КЕРЕК
ЕЛIМIЗДЕ 1200 АДАМҒА САУ ЖYРЕК КЕРЕК
Елiмiздiң медицинасында адамның iшкi ағзасын сау ағзамен ауыстыру там-тұмдап болса да жүзеге асып келедi. Бұған дейiн трансплантация бүйрек ауруына шалдыққандарға ғана жасалып келсе, бұдан былай жүрек пен бауырды орналастыру да бiртiндеп қолға алынбақшы.
Медицина да заман талабына сай жаңаша өзгерiстермен толығып отыратыны белгiлi. Осы тұрғыда бiзге, жалпы әлем елдерiне таңсық емес ағза ауыстыру (трансплантация) мәселесi күн тәртiбiнде тұр. Оған бүгiнгi медициналық әлеуетiмiз де, бiлiктi мамандарымыз да сақадай-сай көрiнедi. Биыл ғана 35 маман Белоруссиядан арнайы тәжiрибеден өтiп, бiлiктiлiгiн арттырып келiптi. Ал былтыр қиын да әрi жауапты операцияны жасайтын 41 маман медицинасы көш iлгерi Чехия, Оңтүстiк Корея, Италия сынды елдерде бiлiмiн шыңдаған. Олар жануардың жүрек, бауырын ауыстыру арқылы сынақ жасап, ойдағыдай нәтижеге қол жеткiзген. Бiр кемшiн жағы, қоғамдағы жұртшылықтың ағза ауыстыру дегенге үрке қарайтындығында болып отыр.
Әрине, қазақы ұғымда қайтыс болған адамның денесiн кескiлеп, оның ағзасын басқа бiреудiң денсаулығы үшiн пайдалану жат түсiнiк екенi анық. Кейбiр қара жамылған отбасы жақынын пышаққа түсiрмей, сол күйiнде жерлегендi парыз санайтынын тағы ескеру керек. Трансплантацияның даму тарихына қарасақ, кез-келген елде әу баста солай басталған. Науқасқа ем-дом, дәрi-дәрмек көмектеспеген жағдайда тек ағза ауыстыру арқылы ғана көмек бере алуымыз мүмкiн. Тәжiрибе көрсеткендей, ағзасына трансплантация жасатқан адам 20 жылдан астам уақыт өмiр сүредi екен. Ал оны қазақи менталитетiмiзге сай емес деп жатсынсақ, жыл сайын 4 мың адамның өмiрiне қауiп төнiп тұрғаны тағы бар.
Қазақстанда арнайы транспланталогия орталығын құру жөнiнде бастама Үкiмет тарапынан қолға алынған. Бүгiнгi таңда бүйректен бөлек, жүрек пен бауырды ауыстыру бойынша бастапқы шараларды ұйымдастыру А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында жүзеге асырылуда. Бұған орталықтың мүмкiншiлiгi жоғары. Орталықта трансплантация 30 жылдан берi жасалынып келедi. Егер заңнамалық, дiни, адамгершiлiк тұрғыдағы түйткiлдер шешiмiн тапса, бұл операцияның барлығы мемлекеттiк квота есебiнен жасалмақшы. А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының директоры Жеткерген Арзықұловтың айтуынша, ағза ауыстыру мәселесi бойынша үш дiн – Ислам, католик, православ өкiлдерiмен әңгiме өрбiп жатқанға ұқсайды. Олар ағза ауыстыруға дiн жағынан қарсылықтың жоқтығын айтыпты. Ендi олар дiни орындарда халыққа түсiндiру жұмыстарын жүргiзе бастайды. «Кез-келген адамның жаңа нәрсеге үрейлене қарайтыны белгiлi. Мәселенiң байыбына бармай әртүрлi әңгiме айтуы да мүмкiн. Шетелдiң тәжiрибесiне сүйенсек, бұл салада дiн, прокуратура (құқық) саласының мамандары бiрiгiп жұмыс iстейдi. Бiз де сол үрдiстi енгiзуiмiз керек. Қазiр бiзде заң жағынан мәселе туындап отырған жоқ. Бар кiлтипан – халық арасында үгiт-насихат жұмыстарының дұрыс жүргiзiлуiнде. Халықтың психологиясын өзгерту керек. Операция саны көбейiп, «мен трансплантацияның арқасында аман-сау жүрмiн» дейтiндердiң саны артса, халықтың көзқарасы да өзгере бастайды», – дейдi А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының директоры Жеткерген Арзықұлов мырза.
Негiзi трансплантация жасаудың 25-30 пайызы ғана медициналық тұрғыдан шешiлсе, қалғанының бәрi заңнамалық, адамгершiлiк-этика, сондай-ақ дiни мәселеге келiп тiреледi. Қазiргi кезде бұл салада бiлегiн сыбанып отырған мамандар аталмыш қоғамдық түйткiлдердiң едәуiр кедергi келтiретiндiгiн айтуда. Олар заң жағынан мәселе жоқ десе де, Денсаулық сақтау министрлiгiнiң №623-шi бұйрығына қосымша актiлер енгiзудiң аса қажеттiгiн ескертедi. Яғни, мамандар тиiстi ведомствоның арнайы бұйрығы шықса, адам өмiрiн сақтап қалу үшiн бәрiне дайын тұр.
Ал "Денсаулық сақтау туралы" Заңның 169-шы бабында: "Егер ағза мүшесiн алу кезiнде денсаулық сақтау ұйымына осы адамның тiрi кезiнде не оның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкiлдерiнiң ол өлгеннен кейiн оның тiндерiн және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөлiктерiн) репициентке транспланттау үшiн алуға келiспейтiнiн мәлiмдегенi туралы хабарланған болса, мәйiттен тiндердi және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлiктерiн) алуға жол берiлмейдi.
Егер консилиум тарапынан тiркелген өлiм фактiсiнiң даусыз дәлелдемесi болса, мәйiттен транспланттау үшiн тiндер және (немесе) ағзалар (ағза бөлiктерi) алынуы мүмкiн" делiнген. Бүгiнгi медицина осы талаппен жұмыс iстеп жатқандығын алға тартады.
1979 жылдан берi бүйректi ауыстыру бойынша елiмiзде 600-ге жуық операция жасалған. Оның 55-i туған-туыстарынан алынған. Ал былтыр орталықта 9 операция сәттi өткен. Әрине квота есебiнен. А.Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы директорының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Манас Рамазановтың сөзiне қарағанда, бұл операциялар арнайы донорлардың, туған-туыстарының ырқы негiзiнде ғана жүзеге асқан. Сол себептен операция саны аз. Ал бұрын бақилық сапарға аттанған адамның ағзасын алуда заң жағынан шикiлiк болса, қазiр бұған да өзгерiстер енiп, бiртiндеп шешiмiн таба бастаған. Мұны Әдiлет министрлiгi бекiтсе, онда операция саны да көбейетiн түрi бар. Манас Рамазановтың пiкiрiнше, қайтыс болған адамның жүрегiн науқасқа 3-4 сағат iшiнде, ал бауырды әрi кетсе 6-8 сағатта өңдеуден өткiзiп, отырғызбаса, бәрi кеш. Оның үстiне кез келген бақилық болған адамның ағза мүшелерi кәдеге жарай бермеуi мүмкiн. Тез арада анализдерiне талдау жасалып, созылмалы, жұқпалы ауруларынан таза екендiгi тексерiледi. Одан бөлек мәйiттiң тiнi науқасқа келе ме, жоқ па, бұл да маңызға ие. Осы тұрғыда мамандар он мәйiттiң бiреуiнiң ғана ағза мүшесi жарамды болатындығын айтады.
Қазақстанда тап қазiр 1200 адамға жүрек, 1200-1300 адамға бауыр, ал шамамен 2 мыңдай науқасқа бүйрек отырғызу керек. Бұл "жедел операция жасату керек" деген күту парақшасындағы ресми көрсеткiш. Ал мұндай операцияны шетелде жасату өте қымбат көрiнедi. Айталық, бауырды отырғызуға – 300 мың еуро, жүрекке – 200-250 мың еуро қажет. Бұл қаржы тек операция жасатуға ғана жұмсалады. Оның сыртындағы шығындары да шаш-етектен.
Жазылуы дүдәмал ауруға шалдыққан сырқат жандардың өмiрiн сақтап қалу үшiн трансплантация жасау керек-ақ. Алайда бұған шариғат рұқсат бере ме?
Кей жағдайда шариғат рұқсат етпеген үкiмдердiң зәрулiкке байланысты өзгеруi мүмкiн. Мысалы, аяғы ауыр әйел адам дүние салса, құрсағындағы тiрi шарананы ананың iшiн жарып алады. €йткенi анасы қайтыс болса да, тiрi бала құтқарылып, өмiр сүруi қажет (Ихтияр, 4:167; Раддул Мухтар, 1:602). Сондай-ақ осы үкiмге сүйенген шариғат ғалымдары ағзалардың ауыстырылуына да рұқсат беруде. Бұл жағдайда көбiне қайтыс болған адамның ағзасы (жүрек, бауыр, көз т.б.) алынып, науқас жандарға отырғызылуда. Ал, қайтыс болған адамның "мен қайтыс болғанда денеме тимеңдер" деген өсиетi болса, онда ешкiмнiң оған тиiсуге хақысы жоқ. Дене ағзасы тек қайтыс болған адамнан ғана алынады. Тiрi адамнан алынбайды. Тiптi өлiм аузында жатқан адамның да ағзасы алынбайды. Құранда кiмде-кiм жазықсыз адам өлтiрсе бүкiл адамды өлтiргенмен тең. Ал бiр адамды өлiмнен құтқару бүкiл адамды құтқарғанмен тең ("Маида", 32-аят) екенi айтылған.
Серiкжан Еншiбайұлы, Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлiмiнiң қызметкерi:
– Ислам бойынша адамның жаратылысы өзiне ұнамай, ағза мүшелерiн өзгертуiне тыйым салынған. Сол сияқты адам өз дене мүшесiн сатуға болмайды. Сондай-ақ бұл дүниеден қайтпаған адамның дене мүшесiн алуға рұқсат жоқ. Егер қайтыс болған адам жақын адамының өмiрiн сақтап қалу үшiн өсиет етiп кетсе, оның ағзасын алуға болады. Бiрақ ағза мүшесi донор ретiнде жарай ма, жарамай ма, оны алдын-ала тексеру керек. Дене мүшесiн саудаға салу – үлкен күнә. Әрине, медицинаның мүмкiншiлiгiн пайдалану керек. Десек те, адами құндылықтарды ескеру аса маңызды. Мәселен, жасанды ұрықтандыру кезiнде қанды бұзуға жол берiп келемiз. Тiптi өмiрге әкелген сәбиiнiң кiмнiң баласы екенiн бiлмей жатқандар да кездесуде. Салдарынан некесiз нәресте дүниеге келуде. Адамзат тұқымының жойылып кетуi, небiр аурулардың жер бетiне шығуы да медицина бәрiн iстей алады деген түсiнiк арқылы келiп отыр. Ислам дiнi барлық адамзат мәселесiне тиiстi сұрақтарға жауап бередi. Бұрын адам ағзасын ауыстыру туралы айтылмайтын. Қазiр заман өзгердi. Адам ағзасын өздерiнiң жаман пиғылына пайдаланса, ислам оған тыйым салынады. Адам ағзасы сiзге берiлген аманат. Оны қалай пайдалансам өз еркiм деу ағаттық. Исламда "Адам бiреуге зиян беруге де, өзi де зиянды алуға болмайды" деген қағида бар. Қазiр бiз осы сияқты сауалдарға интернет арқылы жауап берiп жатырмыз.
Нұртас Оразбаев, сау бүйрекке зәру науқас:
– Астанадан келдiм. Бүйрегiм жарамсыз екен. Осындай сырқатқа душар болам деп ойламап едiм. Қазiр операцияға дайындалып жатырмын. Гемодиалез аппаратымен өмiр сүру өте қиын. Осы үшiн аптасына үш мәрте келiп, төрт сағат ем аламын. Бiлуiмше, бұрын бүйрегiн ауыстырып, операция жасатқан адамдар тәуiр болып кетiп жатыр. Соларға қарап сауығып кететiн шығармын деген үмiтiм таудай. Кiм бiледi, сау бүйрек, жүрек, бауырды жазмыштан апатқа ұшыраған адамдардан алады дейдi ғой. Қалай болғанда да, оның ағза мүшесi науқас адамның өмiрiн сақтап қалады екен. Бiрақ та халық бұған үрке қарайды. Басына түсiп, қиындық көрмеген соң солай етедi де.
P.S. Осы мақсатта Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдумановтың басшылығымен үйлестiру кеңесi құрылып, оған қаладағы әлеуетi күштi емхана мен орталық мамандары жұмылдырылды. Ондағы мақсат — жүрек, бауыр отырғызу операциясын жасауды қолға алған кезде өзара ауызбiршiлiкте жұмыс iстеуге үндеу. Одан бөлек трансплантация жайын қоғам iшiнде кеңiнен түсiндiру және оң көзқарас қалыптастыру шаралары бойынша арнайы қор жұмыс iстемекшi. Медиажоспардың негiзiнде теле, радио, газет тiлшiлерiнiң тобы қоғамды дайындауға белсене атсалысса, Iшкi iстер саласының мамандары мен дiни өкiлдер заңнамалық, адамгершiлiң тұрғыда пiкiрлерiн ортаға салады.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ