АДАМЗАТТЫҢ АҚ КЕПТЕРI

АДАМЗАТТЫҢ АҚ КЕПТЕРI

АДАМЗАТТЫҢ АҚ КЕПТЕРI
ашық дереккөзі
374

Фетхуллах Гюленнiң есiмiн естiсем болды, әлемдi шарлап ұшып жүрген ақ кептерлер қосыны елестейдi. Ақ көгершiндер алысқа самғайды. Олар елдi, жердi, ұлтты, тiлдi талғамай, талмастан қияндарға қанат сiлтеп кете барады. Бiр кездегi бiр ғана түрiк халқының перзентi бүгiндерi бүкiл дүниеге ортақ ұл, азамат бола бастады. Барша әлеммен әдемi диалогке көштi. Ғалым, қоғам қайраткерi Фетхуллах Гюлен жүрегiмен бүкiл адамзатты сүйедi, ол – бүгiнде Түркияның ғана емес, барша әлем азаматы.

"Даңқ қуған адамның жүрегiн тәттi у жайлайды да, рухани күшiнен айырады" деген ойлы сөздер оны ешқашан бағыт алған жолынан тайдырып көрген емес. Ол мұсылманның баласы болып қана қоймай, дүниежүзiлiк өркениет дәрежесiне көтерiлiп, жұмыр жердi қалай тұтас көре бiлсе, бүкiл адамзатты бiр адамның баласындай сезiнедi. Ол дiндердi жатсынбайды, жақындастыратын, туыстыратын жағын iздейдi, соған талпынады. Дiндердiң дiлiн, тiлiн, жүрегiн ұғуға тырысады.

Фетхуллах Гюлендi мен ұлы ақындардың қатарына апарып қойған болар едiм. Себебi ол өмiр өзендерiнiң ағысы мен табиғат толқындарын тамаша түсiнедi. "Әрдайым күзгi жапырақтар құлап жатқан кезде қолдарымнан ажыратқандай ауырлық сеземiн" деп тек ақын ғана айта алады. Пушкинге әжесi Арина Родионовна қалай әсер етсе, Фетхуллах Гюленге де әжесiнiң ықпалы орасан болса керек. Әжесi бүткiл қыстаққа Құран оқып берiп отырған, әкесi де бiлiмдар кiсi болса керек. Кейiн дiни iлiмдерiмен қатар ғылымның басқа тарауларымен де танысып, бойлап барған, әсiресе, көркем әдебиет пен сопылық iлiмдермен айналысады. Ел, жер аралап, қарапайым халық алдында дәрiстер оқиды. Жас ұрпақты бiрлiкке, адалдыққа, достыққа, даналыққа баулиды.

Фетхуллах бұл жағынан маған Үндiстанның ұлы гуманист ақыны, Нобель сыйлығының лауреаты Рабиндранат Тагорды еске түсiредi. Ол да өзiнiң туған жерi Шантикиленде жас балғындар үшiн өнер мектебiн ашып, талай таланттарды тәрбиелеп шығарды ғой. Фетхуллах Гюлен де байлық, даңқ қумай жастарды өмiрге, өнерге, адамзат баласын сүюге шақырды. Бұл әрекетiнiң ешқандай бояма саясатпен қатысы жоқ едi.

Бүгiнгi аласапыран заманға, жаһандану заманына, ұлы өркениетке Фетхуллах Гюлендей таза, биiк, парасатты ғұламалар қажет-ақ, амал не жетiспейдi. Фетхуллах Гюлен – ұлы үмiтке апаратын әрекеттердi уағыздаушы, таратушы адам. "Үмiтсiздiк адамзаттың қолын байлайды, сондықтан өркениеттер бiр-бiрiнiң қолдарынан ұстап, алға жылжуы тиiс" дейдi ол. Бүгiнгi адам өзiнiң дүниеге не үшiн келгенiн бiлуi қажет. Алла Тағала бiзге дұрыс жол таңдауға көмектессiн дейдi данышпан.

Миды ғылым жарығы сәулелендiрiп, ал жүректi сенiм шырағы жарқыратып тұрса нұр үстiне нұр. Адамзаттың түпкi мән-мағынасы жамандықпен күресiп, жақсылық жасап өту. Бiз өмiр сүрiп отырған ХХI ғасырдың ағынан қара бояулары басым болып отыр. Осы басымдықты жеңiп, ақ бояуларды көбейту үшiн Фетхуллах Гюлен секiлдi iрi тұлғаларға зәрумiз, бiз оларсыз өмiр сүре алмаймыз. Бiз жүрiп келе жатқан жолдарда ғұламалар жағып жүретiн шамшырақтар болмаса, адасып кетуiмiз кәдiк. Бiр-бiрiмiзге деген сенiмiмiз, үмiтiмiз, iлтипатымыз болмаса, күйреу көпiрiнен бiр-ақ шығамыз. Бiз кейде өзiмiздi шыңырау құдықтың түбiне түсiп кеткендей сезiнемiз. Құтқарушыларды iздеп, жоғары қарап алаңдаймыз. Сол қиын сәттерде бiздерге қарай созылған қуатты қолдар болмаса, құдық түбiнде шiрiп құрып кетуiмiз мүмкiн. Сондықтан бiз пенделерге самал, сәуле iздеймiз, талпынамыз, iзденемiз, iздеймiз. Фетхуллах Гюлен дiндер арасындағы диалогтi бекерге алға тартып отырған жоқ. Материалдық пен рухани дүниенiң үйлесiмi, тұтастығы адамдар арасындағы татулық жоқ жерде белгiлi бiр нәтижеге жету мүмкiн еместiгiн дәлелдейдi. Махаббатты, тыныштықты, ағайын ауызбiрлiгiн, кешiрiмдi, iзгiлiктi, рухани кемелдiктi, мейiрiмдiлiктi жырлайды. Мұның бәрiн ол Құранға сүйенiп айтады. Ал ислам дiнi бұдан он төрт ғасыр бұрын диалогке шақырған едi.

Адам жүрегiне апаратын ең тiке, әрi қысқа жол махаббат бекетi арқылы өтедi. Фетхуллах Гюлен сондай иланымы, иманы мол жолды кешiп келе жатқан әлем азаматы, ол исламның дүниежүзiлiк дiндердiң алдына шығатынына сенедi. Гёте, Бернард Шоу, Толстой, Пушкин де сондай сенiммен өткен едi. Өйткенi исламда өшпендiлiк пен дұшпандыққа орын жоқ. Кiм өз қателiгiн мойындап, iзгiлiк iстерге ұмтылса, Алланың мейiрiмiне бөленедi. Ислам – шыдамдылық пен махаббат дiнi, ендеше мұсылмандар ешқашан терроршы болған жоқ, болмайды да. "Махаббат – шын мәнiнде бiздегi сенiмнiң солмайтын гүлi және жүрегiмiздегi мәңгi патшалық символы" дейдi Фетхуллах Гюлен бiр сұхбатында. "Сәтсiздiктердiң алдында бас имеңдер және анархистерге жол бермеңдер, қандай жағдай болмаса да үмiттi жоғалтпаңдар, үмiтсiздiк – мойынға түскен тұзақ, ол тұншықтырып өлтiрiп жiберуi мүмкiн", — дейдi данышпан.

Фетхуллах Гюленнiң "Мұхаммед Пайғамбар ғаламның рахым нұры" деп аталатын кiтабы ғалымның үлкен жүрегiнен өтiп барып, Алла Тағалланың ең iзгi, сүйiктi, таңдаулы ұлы, елшiсi Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) ислам дiнi жолындағы жанқиярлық еңбектерiн әлемге паш етедi.

"Үлгi тұтар көркем мiнез – Алла Тағаланың мiнезi. Ендеше, адамның көркем мiнездi болуы – Алланың мiнезiнен үлгi алуы, мiнезiне ұқсауы" деген осы кiтаптағы ұлағатты сөздер тiкелей Фетхуллах Гюленнiң гуманистiк әрекеттерiне, адамгершiлiгiне, адамзатқа деген сүйiспеншiлiгiне, көркем мiнезiне де қатысты айтылған сөздер екенi хақ. Бұл жүректерге жол тапқан бiрден бiр ұлы кiтап екенi шындық. Фетхуллах Гюленнiң өзi әртүрлi дiндердегi халықты жарастырумен, татуластырумен келедi, оның ғибратқа толы ғұмыры соны дәлелдеп бередi. Майкл Харттың "Адамзат тарихындағы ұлы жүздiк" кiтабында Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбардың есiмiнiң бiрiншi орын алуы таңғажайып құбылыс дер едiк. Олай болса, Фетхуллах Гюленнiң исламтануға қосып жүрген телегей теңiз еңбегi бүгiнгi өркениеттер мен мәдениеттер тоғысында орасан зор роль атқаратындығында шәк жоқ. Мыңдаған қазақ оқушыларының қуанышына арнаған "Ғаламның рақым нұры Мұхаммед Пайғамбар" кiтабы қазақ көркем ойының және бiр жайсаң биiкке көтерiлуiне керемет саты болып отыр.

Түрiктiң ғана ойшылы, ақылманы болып қана қоймай Шығыс пен Батысты деңгейлi, дарқан диалогке шақырып жүрген сүйiспеншiлiктiң, iзгiлiктiң, махаббаттың Елшiсi Фетхуллах Гюлен американдық Майкл Харттың "ұлы жүздiктiң" жүз бiрiншiсi болуға бiрден бiр лайықты данагөй адам деп бiлемiн.

Өтеген КҮМIСБАЕВ,

филология ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары