БАТЫС ПЕН ШЫҒЫСТЫҢ АРАСЫ ... қазақтың дархан даласы

БАТЫС ПЕН ШЫҒЫСТЫҢ АРАСЫ ... қазақтың дархан даласы

БАТЫС ПЕН ШЫҒЫСТЫҢ АРАСЫ ... қазақтың дархан даласы
ашық дереккөзі
291

Астанада Ислам конференциясы ұйымы Сыртқы iстер министрлерi кеңесiнiң 38-сессиясы деген атаумен басталған жиын Ислам ынтымақтастық ұйымының басқосуы болып аяқталды. 57 мемлекеттiң басын қосқан iрi ұйымның Сыртқы iстер министрлерi кеңесiне төрағалық тiзгiнi Қазақстан сыртқы iстер министрi Ержан Қазыхановқа ауысты.

Қазақстанның бұл ұйымға төрағалығы «Бейбiтшiлiк, Ынтымақтастық және Даму» ұраны аясында өтедi.

«Бүгiн қазақ жерiнде Ұйымның жаңаша Ислам Ынтымақтастық Ұйымы деп атала бастауы – бiздiң жаңаруымыздың, бiрлiгiмiздiң және үмбеттiң бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң символы болады деп сенемiн», – дедi Нұрсұлтан Назарбаев.

Ислам ынтымақтастық ұйымы дiни сипаттағы ұйым емес, ол ғаламдық саясаттағы шиеленiскен мәселелердiң барлығын бейбiт түрде келiссөздер арқылы шешуге шақыратын беделдi халықаралық ұйымға айналды.

Қазақстанның бұл ұйым құрамындағы басты органдардың бiрiнде басшылықты уақытша өз қолына алуы – үлкен жауапкершiлiктi талап ететiн жұмыс. Өйткенi Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыстағы мұсылман мемлекеттерiндегi саяси-әлеуметтiк дағдарыс Ислам әлемiнен бұдан әрi дамудың бағыттары жайлы идеяларды салқынқанды сарапқа салуды талап етедi. Тунис пен Египеттегi билiктiң ауысуы, Ливиядағы бей-берекетсiздiк бұған дейiнгi шарттардың бұзылуынан хабар бердi. Ендi Араб – Израиль қақтығысының өршуi, Пәкiстан мен Үндiстан арасындағы территориялық дау, Армения мен Әзiрбайжан қақтығыстары, Ирак, Ауғанстан, Сомали, Ливия, Египет, Ливан, Тунис, Сирия, Алжир, Йемен, Бангладеш мемлекеттерiндегi iшкi тұрақсыздық, саяси-әлеуметтiк қақтығыстар алдағы бiр жылда Ақорданың жiтi назарында болмақ.

Бiр ай бұрын Астанада Жетiншi Бүкiләлемдiк Ислам экономикалық форумы өттi. Бұл – Ислам конференциясы ұйымының мүше мемлекеттерiнiң жыл сайын өткiзiлетiн басты экономикалық форумы. Ғаламдық экономикалық дамуға арналған басқосуға ұзын-саны 45 мемлекеттен 2000-ға тарта делегат келген едi.

Осы форумда Нұрсұлтан Назарбаев «Үлкен сегiздiк» құрамында бiр де бiр мұсылман мемлекетiнiң болмауы Ислам экономикасының ғаламдық экономикадағы салмағының аздығын аңғартады деп мәлiмдедi. Жалпы, Қазақстан Ислам экономикалық әлемiне өзгерiс енгiзуге мүдделi. Бiрақ өзгерiс дiн ретiндегi Исламның өз ұстындарына қатысты болмауы тиiс, тек мұсылман қоғамының технологиялық, ғылыми және экономикалық қағидаларын жаңғырту қажет.

«Бiз барлығымыз жұмыла отырып, Исламның бейбiтшiлiк, мейiрiм, төзiмдiлiк пен әдiлдiк дiнi екенiне қатысты жағымды бейнесiн қалыптастыруымыз керек. Ұлы iлiмдi қаралауға ғаламдық және аймақтық деңгейде қарсы тұру үшiн Ислам елдерiне ортақ ақпараттық жоба жасау жайлы ойланатын кез жеттi. Көптеген мамандар Ислам ХХI ғасырда жер бетiндегi басты дiнге айналады дегенге тоқайласады. Тек олардың болжаған мерзiмiнде ғана айырма бар. Бiрақ бiз мәселе тек сандар мен мерзiмдерде ғана емес, әңгiме ХХI ғасырда ислам мемлекеттерi қандай болуы керек деген мәселеге тiрелетiндiгiн түсiнуiмiз керек», – дедi Қазақстан Президентi.

Қазiргi таңда әлем халқының бестен бiрiн мұсылмандар құрайды екен.

Әртүрлi болжамдарға қарағанда, мұсылман қауымының саны 2030 жылы 2,2 млрд. адамға жетуi мүмкiн. Қазiргi таңда ИЫҰ мүше мемлекеттер – әлемдегi барлық энергетикалық қордың 70 пайызына және жер бетiндегi табиғи қазба байлықтың 40 пайызына ие. Ендi Ислам әлемi орасан адами, материалдық қордың игiлiгiн көруi тиiс.

Қазақстан бұл ұйымға 1995 жылдан берi мүше. ИЫҰ мүшелерiмен басқа да халықаралық ұйымдар аясында әрiптестiк жақсы дамып келедi. АӨСШК мүшелiгiне жақында Ирак пен Бахрейн мемлекеттерiнiң қосылуы осының белгiсi.

Қазақстан ИЫҰ төрағалығы кезiнде сауда-экономикалық байланысты күшейтудi қолға алмақ. Осы орайда, Қазақстан ТМД аясында алғашқылардың бiрi болып ислам қаржылық құрылымдарымен етене жұмыс iстеуде. Елбасының Ислам даму банкiн Қазақстан – Түркiменстан – Иран бағытындағы темiр жол құрылысына инвестиция салуға шақыруы тегiн емес. Мамандардың есептеуiнше, алдағы жылдары Қазақстанға келетiн ислам инвестицияларының көлемi 10 миллиард долларға дейiн жетуi мүмкiн.

Бұдан басқа ұйым аясында саяси, мәдени-гуманитарлық салалардағы әрiптестiктi жаңғыртуға бағытталған iс-жоспарлар бар. Астана алдағы бiр жылдың iшiнде ИЫҰ мүше мемлекеттерiнiң денсаулық сақтау министрлерiнiң 3-шi конференциясын, «ТМД елдерiндегi Исламның ролi» атты конференцияны, сондай-ақ су мәселелерi бойынша мамандар кездесуiн өткiзудi жоспарлап отыр.

ИЫҰ сыртқы iстер министрлерi кеңесiнiң 38-сессиясы қорытындысында Астана декларациясына қол қойылды. Сессия жұмысына 56 мүше мемлекеттен, 11 бақылаушы мемлекеттен және түрлi халықаралық ұйымдардан 1000-нан астам лауазымды өкiл келдi.

Қазақстан төраға ретiнде Ислам ынтымақтастық ұйымы мен ЕҚЫҰ әрiптестiгiне ұйытқы болуды да мойнына алып отыр. Қазақстан Президентiмен кездескеннен кейiн ИЫҰ Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноглу: «Биыл Қазақстан – Ұйым төрағасы. Бiз жемiстi ынтымақтастық болады деп үмiттенемiз. Бұл тарихи басқосудың жоғары деңгейдегi дайындығы бiздiң әрiптестiгiмiздiң жемiстi болатындығын көрсетiп бердi. Ендi бiзде жаңа идеялар бар, тiптi атымыз да, эмблемамыз да өзгердi. Бiз қазiр ИЫҰ жанында адам құқықтары жөнiндегi комиссия құру бағытында жұмыс iстеп жатырмыз, бұл да Астанадағы басқосудың айтарлықтай нәтижелерiнiң бiрi болмақ», – деп мәлiмдедi.

Бас хатшы Қазақстан Президентiнiң ИЫҰ – ЕҚЫҰ арнайы форумын шақыру туралы идеясына қолдау бiлдiрдi. Осы бастаманы ойдағыдай жүзеге асырса, бұл Қазақстанның Батыс пен Шығыс арасындағы дәнекерлiк жасағанын бiлдiрер едi.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары