Манас елi мемлекеттiк тiлдi дамытпакшы

Манас елi мемлекеттiк тiлдi дамытпакшы

Манас елi мемлекеттiк тiлдi дамытпакшы
ашық дереккөзі
210

Ыстықкөлдiк қырғыздар iлгерiде бiр ауыз сөзiмен тыңдаушысын ұйытып, елге ақылшы болған, бойында ерекше көрегендiк қасиетi бар адамдарға "аке" деген титулдық дәреже берген. Олардың алғашқысы XVII ғасырдың 30-жылдары – XVIII ғасырдың бiрiншi жартысында Шығыс Түркiстан, Жетiсу және Тәңiртау (Тянь-Шань) аймағын мекендеген қырғыздарға жол көрсеткен Қарға аке болса, одан кейiнгiлерi – XIX ғасырда өмiр сүрген Мойт аке, Сарт аке, Тилекмат аке (Ресейге барған елшi), Садыр аке, Карач аке және Кыдыр аке.

18 маусымда Бiшкекте өткен Қырғызстан халық Ассамблеясының кезексiз VII Құрылтайында негiзгi баяндама жасаған Қырғыз Республикасының президентi Роза Отынбаева сол акелердiң бiрi – Мойт акенiң:

Ырыс алды – ынтымақ,

Ынтымағы бар елде,

Айсыз қара түнде де,

Аспанында күн тұрар.

Ынтымағы жоқ елдiң,

Балалары иттей ырылдап,

Ашық, жарық күнде де,

Аспанында түн тұрар, —

деген өсиетiн мысалға келтiрдi. Өйткенi маусым айында былтыр елдiң оңтүстiгiнде ұлтаралық қақтығыста құрбан болғандарды еске алудың бiр жылдығы республика бойынша аталып өткен. Президент жалпы елдiң қабырғасын қайыстырған оқиғаға сол халықтық революцияның игiлiгiн жоққа шығаруға тырысқан ескi билiк жетекшiлерi мен олардың жақтастары сыбайлас қылмыстық топтардың қиянатшыл әрекеттерi түрткi болды деп баға бердi. Мемлекет басшысы Қырғызстан халық Ассамблеясының соңғы он шақты жылда, оның iшiнде кейiнгi бiр жылда өз мiндетiн лайықты орындай алмай отырғанын қатты сынға алды. Елдiң ынтымағын шыңдауда белсендi әрекет көрсете алатын осы мекеменiң iсiн жандандыру үшiн "Мекенiм – Қырғызстан" атты Этностық саясат және Қырғыз Республикасы халқын ынтымақтандыру тұжырымдамасы және 2015 жылға дейiнгi iс жоспары әзiрленгенiн, оның жобасы Құрылтайдың қатысушыларына алдын ала таратылып берiлгенiн мәлiмдедi. Тұжырымдаманың негiзгi тұстарына қысқаша тоқталған президент Р.Отынбаева республикадағы тiл саясаты қоғамның басын бiрiктiрудiң негiзгi дiңгегi екендiгiне өзгеше назар аударды. Бұл орайда Роза Исақовна Қазақстанның Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттiк тiлдi дамыту бағытындағы бастамалары Қырғызстан үшiн жарқын үлгi боларын баса айтты.

Мемлекеттiк тiл туралы мәселе көтере келе Президент Р. Отынбаева бұл бағытта Қырғызстан үшiн жаңа жолды – ұлтаралық қарым-қатынас тiлi мемлекеттiк тiл – қырғыз тiлi болуы керектiгiн меңзедi. Бұл тұрғыдан алғанда Құрылтай мемлекеттiк тiлдi дамытудың бетбұрыс кезеңiн бастап бергенi күмәнсiз.

"Бiздiң мемлекетiмiзге 20 жыл болды. Екi онжылдықта ешкiм орыстандыруды жүргiзiп жатқан жоқ. Жаңа қырғыз азаматтары өсiп шықты. Бiз неге негiзгi мәселеге, бiлiм беру жүйесi арқылы қырғыз тiлiн игеруге жетiсе алмадық. Бұған өзiмiзден басқа кiм кiнәлi? Сондықтан бiлiм беруiмiздiң тiлдiк құрамдас бөлiгiн түп-тамырымен өзгерту керек деп есептеймiн. Барлық ұлттың балалары бастауыш мектептi бiтiргенде қырғыз тiлiн меңгеруi қажет. Иә, жай ғана емтихан тапсырып, баға алып қоймай, меңгеруi қажет", – дедi Роза Отынбаева.

Мемлекет басшысынан кейiн сөз сөйлеген Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңешiнiң төрағасы Ақматбек Келдiбеков бұл Құрылтайды былтырғы маусым оқиғасынан кейiн дереу шақыру керек едi деп ескертiп, "Ақырғы жылдары сепаратистiк рәуiштегi ұлтшылдар тобының ұйығына айналған Ош және Жалалабад ұлттық орталықтарының, оның жанжалға араласқан жетекшiлерiнiң iсiне баға берiлмегенiн, соңын күту ұстанымы жақсылықтың нышаны еместiгiн" айтып, маусым қайғылы оқиғасының шығу себептерiн және оның кесапатын зерттеу бойынша жасақталған депутаттық комиссия бес ай iстеп, жұмысын аяқтағанын, нәтижесi парламентте екi күн талқыланып, арнайы тоқтам қабыл алынғанын, жақында комиссияның баяндамасы жұртшылыққа жарияланатынын бiлдiрдi.

Осыған дейiн өлкенiң оңтүстiгiндегi қайғылы оқиғаның себептерiн анықтау бойынша құрамы республиканың қоғамдық қайраткерлерiнен жасақталған Ұлттық комиссия осы жылдың ақпан айында және фин парламентiнiң депутаты, ЕҚЫҰ-ның Орта Азия бойынша арнайы өкiлi Киммо Кильюнен басқарған халықаралық комиссия мамыр айында өздерiнiң есептерiн жариялаған едi. Халықаралық комиссия қорытындысының Қырғызстан үшiн ең маңызды жағы – онда өзбек ұлтына қарсы тұқымқұрттық (геноцид) болған емес деп мәлiмденген едi, бiрақ Жоғарғы Кеңеш халықаралық комиссия қайғылы оқиғаға дұрыс баға берiлген жоқ, ұлтаралық араздықтың қайта тууына түрткi болуы мүмкiн деп тауып, Киммо Кильюненнiң республика аймағына кiруiне тыйым салып отыр.

Ақматбек Келдiбеков:"Ең бастысы – ахуалдың тұрақтылығы. Егер де өлкеде тұрақты жағдай орнамаса, халық iшiнде ынтымақ пен бiрлiк болмаса, экономика ешқашан көтерiлмейдi, ел тұрмысы оңалмайды, саяси және әлеуметтiк ахуал жақсармайды" – деп Қырғызстандағы бүгiнгi күннiң шындығын ашық айтып, барлық ұлт өкiлдерiн өздерiнiң Отаны – Қырғызстанның өркендеуi үшiн адал қызмет етуге шақырды.

Өзбек мәдени орталығының атынан пiкiрiн айтқан делегат Маккамжан Абдулқадыров өткен iстен жеткiлiктi сабақ алынбай жатқандығына қынжылысын бiлдiрдi. Ол республиканың оңтүстiгiнде милиция және органдар тарабынан заңсыз әрекеттер – негiзсiз қамақта ұстау, қоқан-лоққы жасау, қызметтен негiзсiз босату және өзге де әрекеттер әлi күнге дейiн жалғасып келе жатқанын, қарапайым адамдардың құқық қорғау органдарынан жәрдем сұрауға қайрылуға қорқатынын ашына айтты.

Құрылтайда Қырғызстан халық Ассамблеясының құрамына кiрген 29 ұлттық қоғамның өкiлдерiнiң он екiсi мiнберге көтерiлiп, өз мұң-мұқтаждықтарын айтты, сонымен бiрге республиканың әр тарабынан келген қырғыз ұлтының өкiлдерiне де сөз берiлдi. Нарын облысынан келген делегат Қалыбек Арабаев Парламент депутаттарының осы қасиеттi мекемеде ара-тұра жанжалдасып қала беретiнiн, бұл ылаң ендi әйел депутаттарға да жұғып бара жатқанын нысанаға алды.

Қырғызстан қазақтары қауымдастығының атынан сөйлеген қауымдастықтың төрағасы Серiкұл Қосақов республиканың Этностық саясат және Қырғыз Республикасының қауымын бас қостыру тұжырымдамасы бойынша түсiндiрме бердi. Өйткенi бұл кiсi тұжырымдаманы жасау бойынша жұмысшы топтың жетекшiсi болатын. Серiкұл Қосақұлының тұжырымдаманы жасауға белсене араласып, оны басқаруы қандастарымыздың мәртебесiн басқа ұлттарға салыстырмалы бiр топ биiктiкке көтерiп отыр.

Құрылтайдың соңында Қырғызстан халық Ассамблеясының жаңа жарғысы қабыл алынып, Ассамблеяның 65 адамнан тұрған Кеңесi және Ассамблея Кеңесiнiң жаңа төрағасын сайлады. Бұл қызметке белгiлi ғылым қайраткерi, академик Бектемiр Мурзубраимов бекiдi. Ассамблеяның құрметтi төрағалығына Қырғыз Республикасының президентi Роза Отынбаева сайланды.

Жарғы бойынша мекеме "Қырғызстан халық Ассамблеясы" қауымдастығының заңды тұлғалары бiрлестiгi деп аталатын болды. Ол – Қырғыз Республикасының президентiнiң жанындағы кеңесушi орган.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi

Серіктес жаңалықтары