ТIЛ – ТӘУЕЛСIЗДIК ТҰҒЫРЫ

ТIЛ – ТӘУЕЛСIЗДIК ТҰҒЫРЫ

ТIЛ – ТӘУЕЛСIЗДIК ТҰҒЫРЫ
ашық дереккөзі
269

Гүлбиғаш ОМАРОВА

Жиырма жылдық даму –тарих таразысына салғанда аз уақыт. Бiрақ осы уақыт iшiнде Қазақстан ортақ шаңырақты паналап қалған барша ұлт өкiлдерiне төл салт-дәстүрiн, туған тiлi мен тарихи санасын сақтап қалуға барынша жағдай жасады.

Бiр сөзiнде Елбасы Оңтүстiк Кореяның үкiмет басшысымен болған әңгiмеден мысал келтiрдi. Шетелдiк шенеунiк Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанда тұратын кәрiс ұлты өкiлдерiнiң мәдениетiн, тiлiн сақтап қалуға жағдай жасағаны үшiн алғыс бiлдiрген. Ал оған Нұрсұлтан Назарбаев: "Олар – бiздiң елдiң азаматтары, сондықтан да бұл үшiн рахмет айтудың қажетi шамалы", – деген мазмұнда жауап берiптi.

Шындығында да, Қазақстан мемлекетi өз азаматтарына, олардың этностық ерекшелiктерiне қарамастан, бәрiне бiрдей өмiр сүруге, дамуға, бiлiм алуға, жайлы тұрмыс құруға жағдай жасап отыр. Жиырма жыл бойы бұл идея бiрлiгi бекем, мүддесi ортақ ұлт қалыптастыруға арналып келедi.

Баршаға ортақ бiрлiгi берiк мемлекет құру – патриотизм сезiмiнсiз жүзеге асатын шаруа емес.

Патриотизмнiң түр-түрi бар: ұлттық, империялық, пафосты және мемлекеттiк. Қазiргi таңда бiзге осы мемлекеттiк патриотизмдi дамыту маңызды.

Елбасы көп жиындарда сөйлеген сөзiнде патриотизмдi мемлекеттiк тiлмен байланыстырып жүр. Елбасы Ассамблеяның ХIII сессиясында сөйлеген сөзiнде былай дедi: "Бiз барлық қазақстандықтарды бiрiктiрушi фактор – мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға күш саламыз. Барша қазақстандықтардың орыс тiлiн бiлу деңгейi жоғары деңгейде қалуы үшiн бар жағдайды жасаймыз. Барлық ұлттардың өз тiлдерiн үйренуге деген құлшынысын қолдаймыз".

Мемлекеттiк тiлдiң қоғамдағы көрiнiсi мемлекеттiк патриотизмнiң қаншалықты дамығандығының көрiнiсi болса керек. Өйткенi тiл – халықтың жүрегi. Тiл – мемлекеттiлiктiң басты нышандарының бiрi. Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХII сессиясында сөйлеген сөзiнде Нұрсұлтан Назарбаев: "Мемлекеттк тiл – Ту, Елтаңба, Әнұран сияқты Отанымызды құрайтын символдардың бiрi. Ол барлық азаматтарды бiрiктiруге арналады", – дедi.

Соңғы кезде мемлекеттiк тiлде қымсынбай таза сөйлейтiн өзге ұлт өкiлдерiнiң саны артты. Оның үстiне, бұл азаматтардың көпшiлiгiнiң мемлекеттiк тiл арқылы қызмет бабында тасы өрге домалап, тұрмысы жақсарып жүргенi де жасыратын жайт емес.

Ендеше, мемлекеттiк тiлдi үйренудiң әлеуметтiк тиiмдiлiгi артып келедi деген сөз.

Қазiргi таңда Қазақстанда орта мектепте бiлiм алып жатқан оқушылардың 70 пайызы қазақ мектептерiнде оқып жүр. Оның iшiнде өзге ұлт өкiлдерiнiң ұрпағы да жетерлiк. 1991 жылы олардың саны 30 пайызға жуық болатын. Ресми деректерге жүгiнсек, бүгiнде 25 мыңнан астам өзге ұлт өкiлдерi қазақ мектептерiнде бiлiм алуда. Осы деректiң өзi елдiң болашағы мемлекеттiк тiл тағдырына тiкелей тәуелдi екенiн аңғартатындай.

Елде 4000-ға жуық қазақ мектебi бар. 20 мың бүлдiршiн балабақшаларда қазақша тәлiм-тәрбие алуда. Сондай-ақ 3200-ге тарта жексенбiлiк мектептерде 7 мыңнан астам өзге ұлт балалары қазақ тiлiн үйренiп жүр.

Ендi қазақша бiлiм алатын балдырғандар санын кемiнде 80 пайызға жеткiзу керек. Бұл жөнiнде Президенттiң биылғы Жолдауында анық айтылған. "Бүгiнде мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген ересек тұрғындардың үлесi басым көпшiлiктi құрайды. Бұл – Тәуелсiздiктiң орасан зор жетiстiгi. Бiздiң мiндетiмiз – 2017 жылға қарай мемлекеттiк тiлдi бiлетiн қазақстандықтар санын 80 пайызға дейiн жеткiзу. Ал 2020 жылға қарай олар кемiнде 95 пайызды құрауы тиiс. Ендi он жылдан кейiн мектеп бiтiрушiлердiң 100 пайызы мемлекеттiк тiлдi бiлiп шығатын болады. Ол үшiн бiз барлық жағдайды жасап жатырмыз".

Президенттiң осы тапсырмасын орындау үшiн Үкiмет "2011-2020 жылдарға арналған "Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы" аясында нақты шараларды қолға алды. Бұл бағдарлама мемлекеттiк тiлдi бiлетiн қазақстандықтар санын кемiнде 95 пайызға жеткiзудi көздейдi.

"2011-2020 жылдарға арналған "Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы" туралы Үкiмет басшысы: "Халқымыз ел мәдениетi тiлден басталады дейдi. Өткен жылы тiлдердi дамытудың жаңа мемлекеттiк бағдарламасы жасалды. Биыл – бұл бағдарламаны iске асырудың алғашқы жылы. Осы орайда министрлiк (Мәдениет мин. – ред.) мемлекеттiк тiлдi дамытуға айырықша мән беруi тиiс", – дедi.

Мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн арттыру мақсатында бiрталай шаралар жасалды. Осындай iзгi бастамалардың бiрi – қазақ тiлiнде 15 томдық түсiндiрме сөздiгiн шығару қолға алынды.

Мемлекеттiк тiл беделiн көтеру үшiн бұқаралық ақпарат құралдарының тиiмдiлiгiн пайдалану керек. Байланыс және ақпарат министрлiгi 2015 жылы телевидениеде мемлекеттiк тiлде хабар тарату көлемiн 50 пайызға дейiн жеткiзудi ұсынып отыр. "Балапан", "Мәдениет" тележобалары – осы саладағы "алғашқы қарлығаштар".

Жақында ғана Президенттiң жанындағы Мемлекеттiк тiлдi дамыту жөнiндегi қор балаларға арналған қазақша сайтты көзайым еттi. www.balbulaq.kz деп аталған сайтты жасауға "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы сеп болған. 6-10 жас аралығындағы бастауыш сынып оқушыларына арналған оқу-әдiстемелiк материалдарын, халық ертегiлерi мен аңыздарын, мультфильмдердi, басқа да ақпараттық-танымдық материалдарды оқуға болады. Интернеттi қазақ балаларының мұқтаждығына бейiмдеуге арналған шара бұдан кейiн де жалғасын табуы тиiс.

"Ұлттың қуаты – тiлiнде" деген қанатты сөз бар. Ендеше, Қазақстан деген жас мемлекеттiң болашағы мемлекеттiк тiлдiң өркендеуiмен тығыз байланысты. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов мемлекеттiк тiлге қатысты бiр жиында былай деген едi: "Өзге тiлдерге құрметпен қарап, ана тiлiмiздiң дәрежесiн көтеру үшiн елiмiздiң барлық азаматтары қазақ тiлiнде сөйлеуi керек".

Бүгiнгi таңдағы мемлекеттiк саясат мемлекеттiк тiлдi дамытуға, оның 100-ден астам этносты бiрiктiрiп, ұйыстырушы ролiн күшейтуге бағытталған.

Биылғы халыққа Жолдауда "Түпкi мақсатымыз – елiмiздiң тәуелсiздiгiн баянды ету. Қазақтың ұлт болып өркендеуiне жол ашу. Тiлi мен мәдениетiнiң кең құлаш жаюына мүмкiндiк туғызу" делiнген. Елбасы Тәуелсiздiктi баянды етудiң бiрден-бiр жолы осы екенiн көрсетiп берген жоқ па?!

Мемлекеттiк тiлдi бiлмеген ұрпақ осы жердi ғасырлар бойы мекендеген, бостандығы үшiн өмiрiн қиған жауынгер халықтың кешегiсiн бiлмейдi. Қонақжайлылықпен, дархандықпен астасқан салты мен дәстүрiне ұйымайды. Мемлекеттiк тiлдiң қажеттiлiгiн түсiнбеген ұрпақ осы мемлекеттi құрап отырған қазақ деген халықтың да қадiрiн бiлмейдi.

Нұрсұлтан Назарбаев тағы бiр сөзiнде "Қазақстанның болашағы – қазақ тiлiнде" деген едi. Мемлекеттiк тiлдi бiлу – өзiн Қазақстан Республикасының азаматымын деп есептейтiн әрбiр адамның парызы.

Ахмет Байтұрсынов "Тiлi жоғалған жұрттың өзi де жоғалады" деген сөзi әлi өзектi. Қазақстанды мекендеген 16 миллионнан астам халықтан құралған, тәуелсiз мемлекеттi құрған ұлттың мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi екенi мойындалып келедi. Мемлекеттiк тiлдiң мүддесiн барлық ұлт өкiлдерi қорғағанда, мемлекеттiк патриотизмнiң нақ көрiнiсi сол болмақ.

Серіктес жаңалықтары