«МҰСТАФА ШОҚАЙ ЖОЛЫМЕН» деректi фильмi көрсетiлдi

«МҰСТАФА ШОҚАЙ ЖОЛЫМЕН» деректi фильмi көрсетiлдi

«МҰСТАФА ШОҚАЙ ЖОЛЫМЕН» деректi фильмi көрсетiлдi
ашық дереккөзі
353

Қазақстан Республикасы тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай, Алматы қаласының әкiмдiгiнiң Қасымхан Бегмановтың «Мұстафа Шоқай жолымен» атты деректi фильмi көпшiлiк назарына ұсынылды. 23 маусым күнi «Сinema Towers» кинотеатрында тұсауы кесiлген тарихи туындының сценарийiн жазған әрi режиссерi – Қазақстан Жастар одағы сыйлығы және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Қасымхан Бегманов. Музыкасын жазған жас композитор Арман Бексұлтан. Тұлға өмiрiнiң мәнiн ашатын деректi фильмнiң Бас кеңесшiсi тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдi.

Фильм «ТұранӘлемБанк» АҚ-ның қаржылық қолдауы арқасында Қасымхан Бегманов бастаған зиялы қауым өкiлдерiнен құралған экспедицияның Мұстафа Шоқайдың жүрiп өткен жолдарын басып өту арқылы дайындалған. Яғни экспедиция көрнектi қоғам қайраткерiнiң болған жерлерiн хронологиялық ретпен бағыт етiп, сол арқылы Мұстафа Шоқайдың өмiрiн зерттеп, бейнетаспаға жазған.

Олар алдымен түркiлiк идеяны өмiрлiк мақсат еткен қайраткердiң туып-өскен жерi Қызылорда облысы, Шиелi ауданындағы Наршоқы қыстауынан бастап, бiлiм алған, сан түрлi саяси оқиғаларға қатысқан Ташкент, Ферғана, Қоқан, Самарқан қалаларын, жоғары бiлiм алған, саяси қозғалыстарға қатысып, ұлт жанашыры ретiнде қалыптасқан Санкт Петербург, ежелгi Кавказ жерiндегi Баку, Тбилиси, Батуми қалаларын, алғашқы эммиграциялық өмiрi басталған Стамбұл, жиырма жылдан астам ғұмыр кешкен Францияның Париж, Ножан сюр Марн, Фонтенбло, жан жары Мәриям Шоқай жерленген Шель және ұлтым деп соққан жүрегi мәңгiлiк соғуын тоқтатқан Германияның Берлин қалаларын басып өттi.

Осынау сегiз мемлекеттiң мұрағатынан жиналған құжаттар деректi фильмнiң негiзгi дерек көзiне айналған.

Экспедиция мүшелерi түрлi елдiң зиялыларымен кезiгiп, дөңгелек үстелдер өткiзген. Атап айтар болсақ, Тбилисиде Грузияның бұрынғы президентi Шевернадземен кезiксе, Түркия сапарында Абдуақап Қара, Ахат Андижан, Ерол Майылжы секiлдi азаматтармен сұхбаттасады.

Фильмде Мұстафа тұрған үйлердiң, «Яш түркiстан» газетi шыққан ғимараттардың қазiргi көрiнiсi, не бұзылған орны көрсетiлген. Осылайша Уақыт пен Кеңiстiктiң шын дәлелi көрсетiледi.

Мәмбет Қойгелдi өз сөзiнде: «Мұстафа Шоқай Түркiстан халықтарының конфедерациясы болуын қалады. Барлық түркi елдерi бiрiгу керек деп бiлдi. Бiртұтастүркiлiк идеяға бiрiншiден, ортақ тiл ,ортақ дiл, ортақ салт – дәстүр, түркi халықтарының көп ғасырдан берi қалыптасқан құндылықтарын сақтап қалу жатуы тиiс. Екiншiден, осы құндылықтарды жаңа сұранысқа сай бейiмдеп, жаңа өрiс беру керек. Үшiншiден, түркi халықтары жан-жақты экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынаста болу қажет деп бiлдi», – дейдi.

Фильмде ұлт қайраткерi мәңгiлiкке көз жұмған «Виктория» ауруханасы көрсетiлген. Мұнда Мұстафа Шоқай ес-түссiз жетi күн жатқан. «Ұйқы, ұйқы, ұйқы» деп қайталаумен, талықсып қала берген. Осы сөзi арқылы ол қазақ елiнiң оянуын қалады ма екен бәлкiм.

Мұсафа Шоқайдың әрбiр жасаған iсiне Мәмбет Қойгелдi, Мақсат Тәж Мұрат, Әкiм Тарази, Дархан Қыдырәлi секiлдi ғалымдар мен жазушылардың пiкiрлерi арқылы түсiнiк берiлiп, тарихи негiздеме жасалынып отырады. Дайындалуы бiршама жылға созылған деректi фильмде тың деректер айтылып, боямасыз шындықтар көрсетiлген. Соның бiрi Польша үкiметiнiң «Яш Түркiстан» журналына, Мұстафа Шоқай қызметiне қолдау көрсетуiнiң басты себебi Польша елi Кеңес үкiметiнiң күшеюiн қаламады. Егер Кеңес империясы күшейсе, кейiн келе олар Польша елiнiң бостандығына қауiп төндiредi деп бiлдi», – дейдi.

Фильмнен соң сөз алған ақын Қасымхан Бегман, «Негiзi 80 сағаттық бейне бар едi. Бiз содан сығымдап, небары төрт сағаттық фильм дайындадық. Әсiресе Мұстафа Шоқайдың Кавказ жерiндегi өмiрi бұлыңғыр болатын. Бiз соны аштық. Көп құжаттар таптық. Үш сериядан тұратын теленұсқасы жасалды. Ол орыс және қазақ тiлдерiнде дайындалған едi. Бүгiн сiздерге ұсынылып отырған бiр сағаттық фильмiмiз сол үш сериялық фильмнiң презентациялық нұсқасы», – дедi.

Тарихшы Мәмбет Қойгелдi: «Кеңестiк империяның ең басты қылмысы – идеяны құрту едi. Азаттық идеясы, Алаш идеясы репрессияға ұшырады. Ал бұл фильм сол ұмытылған, аяқасты болған идеяға жан бiтiрмек. Алаш зиялыларының барлығы туралы бұдан да мықты фильмдер түсiрiлу керек. Олардың ұлттық идеясын тiрiлтiп, жаңа өмiр беру керек», – деп айтты.

Мұнымен қатар жазушы Қабдеш Жұмадiлов, өнертанушы Бақыт Нұрпейiс т.б кинотанушылар сөз сөйлеп, өз лебiздерiн бiлдiрдi.

Фильмнiң соңы Мұстафа Шоқайдың сол кезде Түркiстан жастарына айтқан үндеуiмен аяқталады. Ол: «…Түркi халқы – батыр халық, ер халық, дұшпанға мойынсұнбаған халық екенiн ұмытпауымыз керек. Бiрiксек, бiз мақсатымызға жетемiз» деп үндеу тастайды.

Қайраткердiң өз даусымен жазылған үндеуi алдағы уақытта әр қазаққа таныстырылуы қажет. Фильм аз ғана қауымға емес, жалпы қазақ жұртшылығына насихатталуы керек. Тұсаукесерге келген барша көрермендердiң ойы осы тiлекке келiп саяды.

Жәнiбек НҰРЫШ, ХҚТУ-дiң 3-курс студентi

Серіктес жаңалықтары