«ЫРЫС АЛДЫ — ЫНТЫМАҚ» форумы билiк пен қоғамды жақындастыра ма?

«ЫРЫС АЛДЫ — ЫНТЫМАҚ» форумы билiк пен қоғамды жақындастыра ма?

«ЫРЫС АЛДЫ — ЫНТЫМАҚ» форумы  билiк пен қоғамды жақындастыра ма?
ашық дереккөзі
680

Оңтүстiк Қазақстан облысында "Ырыс алды – ынтымақ" жиыны облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтiң бастамасымен бұған дейiн қасиеттi Түркiстан қаласында, Қазығұрт, Ордабасы аудандарында өткен болатын. Соңғы рет ол биыл Наурыз тойы қарсаңында Жетiсай қаласында ұйымдастырылған. Облыстағы зиялы қауым, қоғам қайраткерлерi, ұлттық мәдени орталық жетекшiлерi, ардагерлердiң қатысуымен өткен жиындарда елдiң жайы, қоғамдағы iндеттермен күрес мәселесi кеңiнен қозғалған-ды.

Жетiсайда өткен жиында облыс әкiмi Асқар Мырзахметов игi дәстүрдi одан әрi жандандыру үшiн "Ырыс алды — ынтымақ" қоғамдық форумын құруды ұсынған болатын. Бұл ұсыныс жиынға қатысушылар тарапынан қолдау тапты.

Асқар Исабекұлының айтуынша, форум екi бағытта жұмыс iстейдi. Бiрiншiден, жергiлiктi билiк өкiлдерi форум мүшелерiне бюджеттiң орындалуы, өндiрiстiң дамуы, әлеуметтiк мәселелердiң шешiлуi бойынша есеп берiп отырады. Екiншiден, форум қоғамдағы өзектi мәселелердi ортаға салып, оларды шешу бойынша нақты шешiмдер қабылдайды. Форумға облыс, аудан, қала әкiмдерi, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен ауыл билерi, зиялы қауым өкiлдерi мүшелiкке ендi. Яғни форум азаматтық қоғам мен билiк арасында диалог орнатудың тиiмдi тәсiлiне айналған болатын.

Жуырда "Ырыс алды — ынтымақ" форумы өзiнiң алғашқы отырысын өткiздi. Оған облыс әкiмi Асқар Мырзахметов, форум мүшелерi, құқық қорғау органдарының және зиялы қауым өкiлдерi мен ардагерлер қатысты. Форумдағы алғашқы сөз белгiлi жазушы Мархабат Байғұтқа берiлдi. Ол бұған дейiнгi "Ырыс алды – ынтымақ" жиындарында қоғамдағы ең өзектi мәселелер қозғалып, олардың шешу жолдары талқыланғанымен, одан нәтиже шықпай отырғанына тоқталды. Мәселен Қазығұрттағы басқосуда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу жайы сөз болған едi. Онда қиын балалармен және олардың ата-аналарымен жұмыс iстеу, бұған ауыл билерi мен ақсақалдарын да белсендi қатыстыру туралы құқық қорғау органдарына нақты мiндеттер жүктелдi. Алайда биылғы 5 айда облыста кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 30 пайызға артқан. Сонда келелi кеңестегi айтылған мәселелер, жүктелген мiндеттердiң жерде қалғаны ма?

Дегенмен жиында баяндама жасаған облыстық iшкi саясат басқармасының бастығы Батырбек Жалмұрзаев өткен басқосуларда айтылған бiрқатар мәселелердiң шешiмiн тапқанын жария еттi. Мәселен өткен кездесулерде ана мен бала денсаулығы, бүлдiршiндердi балабақшамен қамту мәселелерi қозғалған болатын. Бүгiнде облыс көлемiнде ана мен баланың медициналық көмекке қолжетiмдiлiгiн арттыру мақсатында 78 медициналық ғимарат салынды. Олардың барлығы дерлiк ауылдық жерлерде. Ал балабақшаға деген мұқтаждықты шешу үшiн "Балапан" бағдарламасы аясында 12 мыңнан астам балаға арналған 176 балабақша ашылған.

– "Ырыс алды — ынтымақ" жиынындағы қозғалған ең өзектi мәселелердiң бiрi – рушылдыққа, жүзшiлдiкке жол беретiн ас, той өткiзу жайттары әлi де жалғасып жатыр. Осындай дарақылықтан арыла алмаған ағайындар арасында әлi де көкесiнiң атын көшеге, атасының атын ауылға бергiсi келетiндер көп кездеседi. Сондықтан жұмысты ендi бастап отырған қоғамдық форумның атқарар жұмысы жетерлiк, – дедi басқарма бастығы.

Жиында сондай-ақ, жастарды терiс дiни ағымдардың қаупiнен сақтандыру үшiн ауылдық жерлерде имамдар, ақсақалдар және жергiлiктi әкiмдiктен жұмыс тобын құру, мал ұрлығын азайту үшiн атты полицейлер мен ерiктi азаматтардың кезекшiлiгiн ұйымдастыру мәселелерi сөз болды.

– Бiздiң бiлiм беру жүйесiндегi педагогикалық және психологиялық әдiстемелер кеңестiк кезеңнен берi өзгерген жоқ. Ұстаздар әлi күнге кеңес заманындағыдай тәрбие бередi. Жуас, момақан балалар тәрбиелегiмiз келедi. Бiрақ соңғы 15-20 жылда қоғам қатты өзгердi. Бүгiнде қайда барсаңыз да бәсекелестiк, талас-тартыс. Балалар жақсы өмiр сүрiп, жетiстiкке жетуi үшiн өжет, мықты болуы керек. Сондықтан тәрбие беруде қазiргi қоғамның осындай ерекшелiктерiн ескеру қажет деп ойлаймын. Алдағы "Ырыс алды — ынтымақ" форумында жастар тәрбиесiнiң талқыланғаны өте орынды. Бiз осындай алқалы жиындар арқылы жоғарыда айтылғандай мәселелердi Бiлiм және ғылым министрлiгiне, Ғылым Академиясына жеткiзумiз керек, – дедi Мархабат Байғұт.

–"Ырыс алды — ынтымақ"— облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтiң баянды бастамасы. Ол ел бiрлiгiн сөз етiп қана қойған жоқ, билiк пен азаматтық қоғам арасында байланыс орнатып, аға буын мен жастар арасындағы сабақтастықты дамытты. Ел ағаларының, тәжiрибелi ардагерлердiң қоғамдық өмiрге белсене араласуына, өңiр мен өмiрдiң өзектi мәселелерiн шешуге атсалысуына мүмкiндiк туғызды. Ұлттар мен түрлi сенiм иелерi арасындағы түсiнiстiктiң нығаюына үлес қосты. Алдағы форумда Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы мерекесiне орай ел ағалары мен белсендi қарияларды марапаттау ұмыт қалмаса. Түптеп келгенде олардың Тәуелсiздiк жолында, облыстың, елiмiздiң экономикасын дамыту жолында сiңiрген еңбектерi орасан. Сондықтан медальдар мен ордендер, басқа да марапаттар iс басында жүрген жас басшыларға ғана емес, ардақты ардагерлерiмiзге де берiлсе деймiн, — дедi Академиялық-инновациялық университеттiң тәрбие iсi жөнiндегi проректоры Сағынғали Әбубәкiров.

Жиынды қорытындылаған облыс әкiмi:

– Алдағы форумда жастар тәрбиесi, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мәселесiн басты тақырып ретiнде талқылауды ұсынамын. Себебi "Ырыс алды — ынтымақ" форумының басты мiндетi — елдегi бiрлiк пен тыныштықты сақтау. Ал ұрпақ тәрбиесi қашанда маңызы тақырып болып қала бермек, — дедi.

Жалпы, "Ырыс алды — ынтымақ" облыстық деңгейдегi алқалы жиыны жылына үш рет Наурыз, Конституция және Тәуелсiздiк мерекелерiне орай өткiзiлiп отырады. Келесi алқалы жиын тамызда, Конституция күнiне орай ұйымдастырылатын болады.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары