Жаһан жаңалықтары
Жаһан жаңалықтары
Түркияда өткен Парламент сайлауында билiк басындағы Әдiлет пен Даму партиясы жеңiске жеттi. Сайлауда берiлген дауыстың 99 пайызға жуығы есептелiп бiткенде бұл партияның 50,1 пайыз дауыс алғаны белгiлi болды.
Премьер-министр Режеп Тайып Эрдоғанның партиясы Түркияның 550 орындық парламентiнде 326 орынды иеленетiн болады. Әрине, бұл Эрдоғанның билiкте қалуына және партияның үкiмет құруына жол ашады. Дегенмен билiк басындағы партия Түркияның конституциясын өз ырқымен өзгерту мақсатында қажет межеге, яғни барлық дауыстың 3/2-сiн алуға қол жеткiзе алмады. Осылайша, Әдiлет пен Даму партиясы елдiң негiзгi заңын өзгерту үшiн басқа партиялардың қолдауына сүйенуi керек. Егер олар ұсынысты қолдап шықса, онда конституциялық референдум белгiленуi мүмкiн. Эрдоған Түркияда демократияны дамыту үшiн 1980 жылдары әскерилердiң билiгi кезiнде қабылданған конституцияны өзгерту қажеттiгiн алға тартуда. Ал екiншi орын — Түркияның Халықтық партиясына бұйырып отыр. Сайлауда 25,8 пайыз дауыс алған бұл партия парламентке өзiнiң 135 мүшесiн жiбермек. Ұлттық қимыл партиясы 13 пайыз дауыс алып, үшiншi орынға шықты. Ал күрдiлерге жақтас Бейбiтшiлiк пен Демократия партиясы 5,8 пайыз дауысқа ие болған. Дегенмен олар Парламентке өту үшiн қажеттi 10 пайыздық межеден аса алмады. Түркияда 50 миллион халық дауыс беру хұқына ие. Бұлардың 87 пайызы азаматтық мiндеттерiн орындап, осы Парламент сайлауына атсалысқан.
Қазiр әлем жұртын iшек инфекциясы жұқпалы дертi алаңдатып отыр. E-коли бактериясы тудырған iшек ауруынан Еуропада 31 адам қайтыс болып, 3100 жуық адам ауырған.
Алғашында бұл iндет Испаниядан әкелiнген қиярлардан тараған деген ақпарат тарап, кейiн ол соя өркендерiнен шыққаны жарияланды. Осыған байланысты үрейi қашқан жұрт көкөнiстердi
алмайтын болды. Еуропалық фермерлердiң мәлiмдеуiнше, тек соңғы аптада олар 611 миллион еуро шығынға ұшыраған. Қыруар мөлшердегi көкөнiс қоймаларда шiрiп кеткен. Жақында Еуроодақ басшылығы шаруаларға 210 миллион евро мөлшерiнде өтемақы төлеу туралы шешiм қабылдады. Алайда фермерлер бұл қаражат олардың шығындарын өтемейтiнiн алға тартуда. Соған байланысты Германияның санитарлық басқармасы қияр, қызанақ және салатты тағамға пайдалану денсаулыққа қауiптi екенi туралы ескертудi алып тастағаннан кейiн, халық көкөнiстi қайта сатып ала бастаған. Германиядан таралған iшек iндетi Азияға да жеттi. Бұл жолы қатерлi вирус Таиландқа Испаниядан әкелiнген авокадодан табылып отыр. Қазiр күдiк тудырған өсiмдiктер тәркiленiп, арнайы зертханаға жiберiлдi. Мамандар түпкiлiктi сараптама жасап жатыр. Сондай-ақ, iшек инфекциясының жаңа бактериясы Нидерландыдағы жергiлiктi шаруалар өсiрген қызылша сабағынан да анықталды. Бiр таңданарлығы, әлем халықтарының үрейiн ұшырған бұл қауiптiң бiзге еш қатысы жоқтай, Қазақстан үкiметi бүлк етер емес. Қауiпсiздiк шаралардың қатаң қолға алынғаны байқалмайды.
Ливияның Мисрата қаласы маңында үкiмет әскерi мен оппозициялық көтерiлiсшiлер арасындағы шайқас толастар емес. Бұл күндерi Мисратадан 30 шақырым батысқа қарай орналасқан Дафния қаласы майдан алаңына айналды.
Ливия армиясы Дафнияны зеңбiректерден атқылаған болатын. Каддафи әскерi көтерiлiсшiлердiң Мисратадан Триполиге қарай алға басуын тоқтатуға күш салуда. Көтерiлiсшiлердiң шабуылы сенбi күнi басталған болатын. Содан берi олардың 30 жасақшысы қаза тауып, 20-дан астамы жараланды. Ал Ливия әскерi Триполидiң батысындағы әз-Завия қаласынан көтерiлiсшiлердi шегiндiрген. Бұл туралы Ливия үкiметiнiң өкiлi Мусса Ибрагим хабарлады. Оның айтуынша, бүгiнде Адждабия қаласынан Тунис шекарасына дейiнгi аймақ үкiмет әскерiнiң бақылауында. Ал Ливия басшысы Муаммар Каддафи өзi елiнен кетпейтiнiн Халықаралық шахмат Федерациясының президентi, ресейлiк Кирсан Илюмжиновпен кездесуiнде тағы бiр рет қайталаған. Ал Ливия үкiметiнiң өкiлi Мусса Ибрагим Ливия көсемi Муаммар Каддафиге қысым көрсетiп жатқан шетелдiктердi сынға алды. Мусса Ибрагим: «Ливияның қайсыбiр азаматына, әсiресе осы елдiң құрметтi басшысына өз елiнен кетсiн деп талап қоюға ешкiмнiң қақысы жоқ. Бұл ливиялықтардың өз құқы болуы тиiс. Бәзбiреудiң елден кетуiн немесе қалуын тек ливиялықтар ғана талап ете алады. Сондықтан шетелдiк дипломаттар немесе басқа елдердiң басшылары бiздiң басшымыздан елден кетуiн сұрауының өзi – әдепсiздiк пен заңсыздық. Бiз бұған мойынсұна алмаймыз», – дедi.
Испания астанасында үкiметтiң қатаң үнемдеу шараларына қарсы наразылық акциясы өтуде. Мадрид көшелерiне шыққан мыңдаған адам әкiмдiк пен Конгресс ғимараттарының алдына жиналды. Соның салдарынан қаланың басты жолдарындағы көлiк қатынасы уақытша тоқтап қалған.
Ашынған халық Мадрид мэрi Альберто Руис Галлардонаның отставкаға кетуiн талап еттi. Манифестанттар оны жемқор деп айыптауда. Сондай-ақ, олар елдегi жұмыссыздық деңгейiнiң өсуiне де наразы. Айта кету керек, Испаниядағы наразылық акциясы мамырдың 25-i күнi басталған болатын. Билiктен қандай да бiр кесiмдi жауап ала алмаған жұрт ереуiлдi әлi де жалғастыра беретiндiгiн бiлдiрдi.
Дайындаған Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ