Нұрғайша БӨРИНОВА: Ресейде екi-ақ қазақ мектебi бар
Нұрғайша БӨРИНОВА: Ресейде екi-ақ қазақ мектебi бар
Оның өзi жабылу алдында
– Нұрғайша Қалиқызы, Ресейдегi қазақтардың басты мұңы ретiнде ненi атай аласыз?
– Ресей Федерациясында 1 миллионға жуық қазақ тұрады. Олар Астрахань, Орынбор, Түмен, Челябi, Волгоград, Самара, Новосiбiр, Барнаул, Сарытау, Алтай өлкесi, Алтай Республикасында тұрады. Ресейдiң 26 аймағында 39 қазақ мәдени орталығы, жергiлiктi және аймақтық автономия тәрiздi қоғамдық ұйымдар жұмыс iстейдi. Төрт жыл бұрын Самара қаласында Ресей қазақтарының ұлттық мәдени автономиясы құрылды. Бұл орталық түрлi деңгейдегi мәдени орталықтардың жұмыстарына көмектесудi, ұлттық дәстүр мен тiлiмiздi жаңғыртуды көздейдi. Федерацияның бiршама субъектiлерiнде мемлекеттiк заңнамаларға сәйкес қазақ мектептерi жұмыс iстеп тұр. Түрлi тiл үйрету курстары ашылды. Қоғамдық ұйымдар Мәскеуде «Қазақ тiлi», Самарада «Ақ жол» атты газеттер шығарады. Бүгiнде осы жетiстiктермен қатар, толғағы жетiп, проблемасы шешiлмей жатқан мәселелер де жеткiлiктi. Айталық Ресейде қазақ тiлiнде бiлiм беретiн мектеп екеу-ақ. Оның өзi де ауылдық жерде. Мен 25 жылдан берi Ресейдiң Алтай өлкесi, Құлынды ауданы, Керей ауылының Қаракөл орта мектебiнде директор болып қызмет етiп келемiн. Бұл мектептiң тарихы әрiде. Қазiр бiздiң Керей ауылында 80 түтiн бар. Осы 80 отбасының қырық баласы қазақ тiлiнде бiлiм алады. Соның нәтижесiнде олар мектептi бiтiргеннен кейiн Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыруда. Бiз өз атамекенiмiзде тұрмасақ та, қазақтың зiңгiттей жiгiттерi мен қыздарын нағыз қазақ етiп тәрбиелеп, Отанына жiберудемiз. Бiздi Ресейдегi кiшi Қазақстан дейдi. Осы мектеп жанынан «Балдырған» атты балабақша ашып едiк. Ол қазiр мектеп iшiне орналастырылды. Ендiгi айтарым, Ресейдегi қазақ мектептерi бiз секiлдi 80 үйлiк Керей ауылында емес, 100 мың, 80 мың қазақ тұратын Ресейдiң өзге өңiрлерiнде ашылса деймiз. Ол үшiн екi елдiң бiлiм министрлерiнiң арасында арнайы келiсiм болуы тиiс. Бiрақ сол келiсiмдi жасау жайында ұсынысымыз талай мiнбелерден айтылғанымен, оның шешiлуi екiталай көрiнедi. Сол келiсiмнiң жоқтығы салдарынан Құлынды ауданындағы Байқамит және Қаракөл мектептерiнiң өзi жабылудың аз-ақ алдында тұр.
– Екi қазақ мектебi бар дедiңiз ғой. Екiншiсiн атай аласыз ба?
– Ол да Алтай өлкесiнiң Құлынды ауданында, Байқамит ауылында. Бiзден 60 шақырым жерде. Онда 19 бала оқиды. Ресейдiң саясаты бойынша «өз тiлдерiңiзде оқытыңыз, бiрақ орыс тiлiн жетiк меңгерсiн» деген талап қояды. Қазiр 9 класта бiр ғана бала оқиды. Оған тыйым жоқ. 105 жылдық тарихы бар Керей ауылының тұрғындарын ұстап отырған да – осы қазақ мектебi. Егер мектеп жабылса, жабыла көшемiз дейдi олар.
– Ресейдегi қазақтардың тiлден өзге қандай мұңы бар?
– Әрине, биiк мiнбеден негiзiнен тiл мәселесiн сөз еттiк. Бiрақ одан өзге де толып жатқан проблемалар жеткiлiктi. Бiз сол аумалы-төкпелi заманда құрып кетпеудiң амалын iздеп, Керей ауылында қазақтардың «Болашақ» атты мәдени орталығын құрған едiк. Осы толғақты мәселелердi бүгiнгi Дүниежүзi қазақтарының құрылтайы шеше алады деп ойлаймыз. Құрылтай шақырудағы басты мақсатымыз да осы ғой. Сол себептi де осы мектеп мәселесiн басты мәселе ретiнде айтып отырмыз. Бiрақ мұның ары қарай орындалуы тек Президентке немесе министрге ғана байланысты емес. Ол үшiн өзiмiз әлi талай бас қосып, талай сүзгiден өткiзуiмiз керек.
– Сiздердiң мектептерiңiз Ресейдiң оқу бағдарламасымен бiлiм бере ме?
– Жоқ. Қазақстанның оқыту бағдарламасы бойынша бiлiм бередi. Баяғыда, Кеңестер Одағы тарамай тұрғанда рұқсат алған едiк. Содан берi соны уысымыздан шығармай келемiз. Қазақстанның оқу стандартымен оқытылғаннан кейiн Павлодар облысының бiлiм департаментiнен оқу-құралдарын алып келемiн.
– Сонда «Қазақстан тарихы» да үйретiле ме?
– Әрине, менiң өзiм де «Қазақстан тарихынан» сабақ берген кезiм болған, қазiр ұлым осы пәннен сабақ бередi.