СYЙГЕН ЖАР
СYЙГЕН ЖАР
Бейiмбет Майлин 1937 жылы 6 қазан күнi тұтқындалып, 1938 жылғы 26 ақпанда атылған. Бала кезден байдың қолында жұмыс iстеген, әкеден де, шешеден де ерте айрылып, жетiмдiктiң тауқыметiн тартқан, етi тiрiлiгiмен ер жетiп, әртүрлi қызметтер iстеп, жазуының арқасында беделi өсiп, ел құрметiне бөленген оның үш ұйықтаса ойына келмеген жағдай бұл. Барлық жағдайда 19 жыл адал жар, сенiмдi серiк бола бiлген Гүлжамалдың да көрген тауқыметi жетерлiк едi.
Екеуiнiң отбасылық өмiрiне назар аудара кетейiн. Алдымен "Ғалия" медресесiнде оқыған Бейiмбет денсаулығының нашарлауына байланысты елiне оралып мұғалiм болып iстеп, әрi емделiп жүрген кезi екен.
Аласапыраннан ес жия алмай жүргенде уақыт өте бередi. Қалыңдығы оң жақта әлi отыр. Көңiлi алабұртып, серттескен жiгiтiн күтедi. Ауылды өсек-аяң жайлап барады. "Сорлатқан екен, алдаған екен, әйтпесе үш жылдың қарасы өттi, неге алып кетпейдi?", деген сыпсың сөздер Гүлжамалдың да құлағына тиiп, iшi-бауыры елжiреп, езiледi. Бiрақ ол сенген, бәрiне көнген, шыдаған, тағатсыз күткен. Қызының жүдеу көңiлiн байқаған әке-шешесi ендi күтiп отырудың жөнi жоқ деп түсiнiп, Бейiмбетке: "Малы құрысын, қалыңдығын келiп алып кетсiн", – деген хабар жiбередi. Бұл 1919 жылдың жаз айларының iшiнде болған.
Қайын жұртынан келген хабарды бiлгенмен, Бейiмбет қарбалас жұмыстардан шыға алмайды. Ақжiгiттегi мектепке орналасып, жайланған соң, қыстың қыраулы күндерiнiң бiрiнде қалыңдығына келедi. Сол кезге дейiн алып-қашпа сөз толастай қоймаған. Гүлжамалдың сiңлiсi Жамал: "Күйеудiң бетi қаралау, аяғында биiк өкшелi етiк, мойнына бiрдеме салған, басында қалпағы бар, шоқынды екен…", – деп жаратпапты. Ал кейiн Гүлжамал сол кездi есiне түсiрiп, былай дейдi: "Күн батып бара жатқанда "Күйеу келдi!" деп бәрi абыржи қалысты. Мен жүрегiм алқымыма тығылғандай болып, қалтырап кеттiм. Бейiмбет әкемнiң iнiсiнiң отауының жанында тұр екен. Тура қарауға дәтiм шыдамады… Бойы ортадан гөрi жоғары, сұңғақтау, жүзi қарақошқылдау, қорасанның iзi бар секiлдi".
Бейiмбет қалыңдығын алып кетуге келгенмен, тоғыз бере алмайды. Тiптi көрiмдiкке ақшасы болмаған. Содан да шығар қайын жұрты басқа ырым-сырыммен оны қинамаған. Жұтаң тұратын Мұсабай, оның iнiлерi Мәуленбек, Қорғанбек бiр қара сойып, шағын той-томалақ жасап, құдайы тамақ берген.
Гүлжамалдың әкесi Мұсабай Қайдауыл руынан екен. Троицкi жанындағы Қаратақыр деген жерде отырған бiр орыс байының малын баққан. Өмiрi малайлықта өткен ол бар тапқан-таянғанын берiп, қырық жасында Сайым болыстың елiндегi он үш жасар Мәлике деген қызға үйленедi. Бұл кез – солардан туған Гүлжамалдың толысқан шағы. Арғы тегi Жиделiбайсындағы Қоңырат болғанымен, кiрме, жалғыз үй кедейдiң күнiн кешкен Мұсабай қызының бетiн қақпай өсiредi.
Бейiмбеттiң ағайындары құда түсiп келгенде Гүлжамал толықсып туған айдай он алты жастағы қыз едi. Оның әке-шешесi кергiп, қыңыр тартпайды, келiсiмiн бередi.
Гүлжамал оған лайықты жар бола бiлдi. Киiмi жұпыны болғанмен, тығыршықтай жұмыр денелi, домалақ бет, жазық маңдай, қою қара шашты осы бiр қызды Бейiмбет ұнатты, құлай сүйдi. Өзi де кедейлiктiң қамытынан құтыла алмай, басын тауға да, тасқа да соғып жүрген Бейiмбеттiң өмiрi жұпыны едi. Оның үстiне әрi кiшiпейiл, әрi момын жан қолының қысқалығынан үйлене алмай, үш жыл жүрiп қалады.
Бәрi жиналып кереге, киiз табады. Екi жеңгесi төсек-орын сыйлайды. Сонда Гүлжамалға берiлген көзге түсер нәрсе – бiр әдемi түктi кiлем ғана. Күйеу үш күн жатқаннан кейiн заттарын пар өгiз жеккен көлiкке салып, қайын жұрты екеуiн жөнелткен.
Сүйгенiне солай қосылған Бейiмбет Мұқамжар байдың малын бағып, күн көрiп жүрген ағалары Бақберген мен Байжандардың (әкесi Жармағамбет өлгеннен кейiн шешесi Күлғизар әмеңгерлiк жолымен тиген Аманның бәйбiшесiнен туған балалар) қолына келiн қып түсiредi. Шешесi осы байдың отымен кiрiп, күлiмен шығып жұмыс iстеп жүрген кезiнде, Бейiмбет "Ғалиядан" әлi кетпей тұрғанда қайтыс болған едi. Сол себептi қалыңдығын ағаларының табалдырығынан аттатады. Аман мен Күлғизардан туған iнiсi Биқонды да осында болатын. Әуел баста қайдағы бiр кiрме қоңыраттың қызы деп ағайындары қомсыныңқырап жақтыра қоймайды. Бiрақ Гүлжамал да Мұқамжар байда кызмет iстейдi, еңбекшiл, қарапайым келiншек көп ұзамай ұнай бастайды. Бейiмбет десе жаны қалмай, қандай iстен болса да тартынбай, тындырымды iстеген. Бұл қылығы Бейiмбетке де қатты ұнап, мұғалiмдiк қызметiмен алаңсыз шұғылданған.
1920 жыл да келдi. Б.Майлин мұғалiмдiгiмен қоса Қостанай уездiк халық ағарту бөлiмiнiң аз ұлттар жөнiндегi нұсқаушылық қызметiн атқарады. Сол жылғы 3–9 қазан күндерi Қостанайда аз ұлттар бөлiмi нұсқаушыларының бiрiншi мәслихаты (конференциясы) өткен. Соның төралқасына сайланған Б.Майлинге хатшылығы жүктелген. Сол жиынның барлық құжат-қағаздарын әзiрлеген – Бейiмбет. Конференция еңбек, эстетика, дене шынықтыру тәрбиесiне үлкен көңiл бөлген. Осыдан кейiн мектептерде ән-күй, музыка, сурет, көркемсөз оқу сияқты пәндердi оқыту енгiзiлген. 20 қазанда Қостанайда тағы бiр басқосу болған. Ол – мұсылман дiнiндегi халықтардың оқу-ағарту қызметкерлерiнiң бiрiншi съезi. Оған делегат болып сайланған Б.Майлин оның жұмысына да белсене қатысқан. Мұнда көтерiлген негiзгi мәселелер – жергiлiктi халықтар арасында сауатсыздықты жою, еңбек мектептерiн ашу, балалардың панасыздығын жою. Б.Майлиннiң iске берiлгендiгi соншама, үй-жайының қамын Гүлжамалға түгел аударады. Бiрақ ренжiп қабақ шытып жатқан ол жоқ, тек ойлайтыны – Бейiмбетке қалай да өз жәрдемiн беру.
Келесi 1921 жылы Бейiмбет Дамбар болыстық халық ағарту бөлiмiнiң меңгерушiлiгiне тағайындалады. Жұмыс көбейедi. Жауапкершiлiк артады. Жұмысбастылығына қарамай, өлеңдерiн, мақалаларын жазып, газеттерге жiберiп тұрады. 1922 жылдың 26-27 маусым күндерiнде Денисов аудандық 11-қырғыз (қазақ– Т.Б) бипартиялық конференциясына қатысып, Б.Майлин төралқада отырды, Қостанайда өтетiн губернелiк қырғыз бипартиялық конференциясына делегат болып сайланып, 7 шiлдеде соның жұмысына қатысыпты. Үйде аз болатын Бейiмбетке Гүлжамал тiс жарып, сөзге келiп жатпаған, керiсiнше оның абырой-беделiнiң өсiп келе жатқанына сүйсiне қарап, ұятқа қалдырмауға тырысқан.
Сөйтiп тату-тәттi тұрып жатқанда, тамыз айында Б.Майлин "Еңбекшi қазақ" газетiне қызметке шақырылады. Содан бастап екеуiнiң жұбы жазылмай, Бейiмбет атылғанға дейiн сыйластықта өмiр сүрдi. Өмiрiнiң ащысын да, тәттiсiн де бiрге бөлiстi.
Орынборға келген Б.Майлин салт басты, сабау қамшылы күйде бiр жылға жуық iстейдi. 1923 жылы "Ауыл" газетi редакторының орынбасары болып Қостанайға барған ол әйелiн алдырып, бiр үйде тұрады. Екi жас шамасына келген бiр баласы бар. Өте көп жазып, қаламы төселген Бейiмбеттi 1925 жылғы сәуiрде Қазақстан өлкелiк партия комитетiнiң шешiмiмен "Еңбекшi қазақ" газетiне ауыстырады. Мұнда әуелi жауапты хатшы, содан соң редактордың орынбасары қызметтерiн атқарады. Республика астанасы Қызылордаға ауысып жатқан кез. Бейiмбет үй-iшiн алдырады.
Қарапайымдылықтан ба, әлде шын көңiлiмен ұнатқан Гүлжамалына сенгендiктен бе, Бейiмбет үй шаруасының тiзгiнiн оның қолына толық берген ғой. Оған Гүлжамалдың да мiнезiн құдай сай келтiрген. Оны көрген, қолынан дәм татқан Сәбит Мұқанов: "Ауылда туып-өскен, газет оқырлық қана сауатты, мiнезi ақжарқын, қазақы жеңге ретiнде ойын-күлкiге жақсы, дастарханы да кең, асы да мол, – деп сипаттай келiп, – сондықтан Бейiмбет тұратын пәтер қонақтан арылмайды… Қызылорданың бағасы арзан қойынан (үш сомнан бес сомға дейiн) Бейiмбеттiң үйiне күн ара бiреуiн сояды деуге болады. Күн сайынғы мол қонақ ол қойдың етiн бiр асқаннан қалмайды", – деп жазған. Келетiндердi атасақ, үлкен тiзiм болар едi. Достары С.Сейфуллин, I.Жансүгiровтен бастап М.Хакiмжановаға дейiнгi аралықтағы өнер майталмандары, өкiмет қызметкерлерi келiп жүрген. Олар келген кезде үйiнiң iшi мерекеге айналып, өлең оқылып, ән-күй кернеп кететiн болған. Әсiресе Иса Байзақов әнге басқанда көңiлдi көкке көтерiп-ақ тастайды екен. Ән десе, күй десе iшкен асын жерге қоятын Бейiмбет берiлiп, ұйып тыңдаған. Осы қызықтан Гүлжамал оны қалай айырсын? Өйтпек түгiл қонақтардың барлық жағдайын таба бiлген ол жарының дәрежесiн онан сайын асыра түскен.
Ұлы жазушының дүниеге қызықпағаны туралы мына жайды еске түсiре кетейiк. 1926 жылы Бейiмбет пен Гүлжамал елге барып демалмақшы болады. Гүлжамал екi баласымен ертерек кетедi. Күйеуiн қуантайын деп жүрiп Бейiмбеттi ренжiтiп алады. Бұл жөнiнде белгiлi, бiлiктi ғалым Темiрғали Нұртазиннiң "Бейiмбет Майлин творчествосы" атты кiтабындағы мына жолдарға көңiл тоқтатсақ, түсiне аламыз: "Гүлжамал… солқылдақ, күймелi пәуеске арба, екi жақсы ат, бес құлынды бие, бiрнеше сиыр, бiр қора қой, бiрнеше кiлем, үй iшiне жиһаздар сатып алады. Гүлжамал таңдап алған болат бiлектi екi көк арба мен шөп шабатын машина да үйдiң төңiрегiн көрiктендiредi. Iстегендерiнiң бәрiн игiлiк деп ұғынған ақкөңiл Гүлжамал Бейiмбетке мақтанып хат жазады".
Мiне, Гүлжамалдың осы iсiне Бейiмбет тас-талқан боп ашуланады. Әншейiнде тау құлап жатса да мыңқ етпейтiн, қатты сөзге келмейтiн Бейiмбет: "Менi саудагер дейсiң бе, масқара ұят жасапсың, бәрiн сат, жұртқа тарат" деген мағынада қайыра хат жазады. Ашуының келгенi сондай, Гүлжамалды көрмей кетудi де ойлайды. Бiр ашуланса бетiнен қайтпайтын мiнезi оның елге барып, сатып алынған дүниенiң бәрiн жұртқа таратып беруiмен тарқайды. Гүлжамал бұған да шыдап, өз қатесiн түсiнiп, әйел адамға тән өкпеге бой алдырмаған.
Гүлжамал қарапайым, ақкөңiл, жылы, жұмсақ болса да, кейде Бейiмбеттiң көп сөйлемейтiн, көп күлмейтiн, жазудан басқаны бiлмейтiн мiнез-қылығына ызасы келiп, өзiмсiнiп ұрсып тастайтын да болған. Алайда артынша тез тарқап, жылы ұшырайтын сәттерi адам қызығарлық. Зiл, асқан күйiну жоқ, iшi-бауыры майдай ерiп қоя бередi-ау, шамасы. Ондай кезде Бейiмбет: "Саған не деп болады, өзiң бастадың, өзiң қойдың, ендi маған неге ұрыспайсың? Осындай да ұрыс бола ма екен, Гүлжамал-ау", – деп күлiп қарағанында қанша ашуым болса да тарқап кететiн", – деп кейiн есiне алған ғой Гүлжамал. Сол сәтте ол да еркелiгi жеңiп, жүзi жылып сала беретiн. Бейiмбеттiң ашуды да, еркелiктi де көтеретiнiн жақсы бiлетiн Гүлжамал күйзелген кезде дүрсе қоя беретiн болған.
Осы тұста Гүлжамалдың естелiгiнен мына бiр жайды келтiрейiк. Бiрде соғым сатып алмақ болып базарға барады. Онда С.Сейфуллин кездесiп қалады. Ол Гүлжамалдың неге келгенiн бiлген соң: "Неге базарға Бейiмбеттi жiбермейсiң, шаршап қалады деп жүрсiң бе, үйiнде еркегi жоқ адам құсап", – деп шымбайына батыра ұрсады. Бiр жылқы сатып алып, әлем-жәлем күйге түсiп қайтқан Гүлжамал келе Бейiмбетке тиiседi. Қой аузынан шөп алмайтын Бейiмбет бұл жолы үнсiз отыра бермей, салғыласа кетедi. Жөнсiз айыптар тағып, босқа кiнәлап, әйелiн одан сайын қыздырып, ащы-ащы сөздер айтқызады. Ұрыс әбден қызған кезде Бейiмбет: "Болды, болды, ар жағының керегi жоқ", – деп iшек-сiлесi қата күлiп, жұбатып алған. Оның ұрысына аң-таң қалған Гүлжамал бiраз жерге барған екен. Соған қарамай Бейiмбет түк болмағандай жазуға кiрiсiп кеткен. Гүлжамал сонда ғана түсiнiптi. Сөйтсе шығармасының бiр жерiне ұрысқан әйелдiң сөзi керек болып, Бейiмбет соны таба алмай, мазаланып отыр екен. Гүлжамалдың ашуын соған пайдаланған ғой.
Амал қанша, айрандай ұйып, сүттей ақ, таза ғұмыр кешiп жүрген екеуiнiң отбасына 1937–1938 жылдардағы зұлмат ойран сала келдi. Халқына да, өзi араласқан отбасына да, жанұясына да аяулы Б.Майлин 1937 жылғы 6-қазан күнi "халық жауы" деген жалған жаламен тұтқынға алынды. Ол әлi қырық төртке де толмаған, ал қаламы әбден ұшталып, қызықты шығармалар тудыра бастаған, толысқан шағы едi, Гүлжамал болса отыз жетiнiң үстiнде ғана. Сол сойқанның басында тұрған бұрынғы НКВД бастығы Ежовтың кiнәсi шаш-етектен. Әбден күйiнген ақын, Б.Майлиннiң қамқорлығын көп көрген М.Хакiмжанова қырғын-сүргiннiң ыстық-суығы әлi басылмай тұрған 1938 жылдың өзiнде батыл мiнез көрсетiп:
Жаны ашыр, мұны көрер жан бар ма екен,
Жарқырап алдан атар таң бар ма екен?
Алаяқ Ежов сынды қан құмарлар,
Сорлатып сонша жанды жалмар ма екен? – деп ашына өлең жазған.
М.Хакiмжанова "Өшпес өнеге" деген естелiгiнде Б.Майлиннiң үйiне жиi баратынын, жақсы адамдармен табысып, әсерлi әңгiмелерiн тыңдап, ой-өрiсiн өсiрiп жүретiнiн жазады. Бейiмбеттiң үйiнде кездескен адамдардың аттарын атаған. Олар: М.Сералин, Е.Алдаоңғаров, С.Нұрпейiсов, С.Сейфуллин, Ә.Жангелдин, Ғ.Мүсiрепов, Е.Өмiрзақов, С.Қожамқұлов, А.Сегiзбаев, Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Ж.Сұлтанбеков, Қ.Әбдiқадыров, Т.Арыстанбеков т.б.
Гүлжамал түрмеге күнде барады. Бейiмбеттi көрсем деген үмiтi тасқа тигендей шағыла бередi. Түрме басшылары әне-мiне деп сағыздай созып, әбден титығына тиедi. Гүлжамалда – iштей күңiрену, сырттай сарылу. Тiптi сағыну, бiр-бiрiне емiрене қарау, ұрсу, жар құшағы ұмыт қалғандай. Есiл-дертi – Бейiмбеттi көру, түрме қызметкерлерiне оның кiнәсi жоқ екенiн айту. Осы оймен сандалып сан барып, табанын тоздырады.
Екi айға жуық уақыт өткенде оларды кездестiрдi-ау, әйтеуiр. Шешiлiп, әңгiмелеспек болған Гүлжамалды көп сөйлестiрмейдi. Бейiмбеттiң үстi-басын, бет-жүзiн көрiп, шошып кетедi. Киiмiнiң өңi кеткен, алқа-салқа, түрi жүдеу, сынық, шашын тақырлап алып тастаған, тiстерiн сындырған. Әжептәуiр киiнетiн, жүзiнен жылылық есетiн Бейiмбет емес. Гүлжамал салған жерден аңқылдаған көңiлмен: "Ойбай-ау, саусағыңмен шиырып отыратын шашыңа дейiн қалдырмапты-ау, ендi неңдi бұрайсың?" – деген ғой көз жасына ерiк берiп. "Сұмдық-ай, тiстерiңдi де сындырыпты, кiм сонша?"
Келесi кездесу бiр айдан кейiн болуы керек едi. Бiрақ қанша келсе де ендi Бейiмбеттiң жүзiн көрiп, үнiн ести алмай-ақ қойды. Көргенi – сол бiр-ақ рет. Еш хабар бiле алмады. Тұрмыс-жағдай ауырлады. Азып-тозуға айналды. Бейiмбеттiң: "Ауылға бар, ол жақта жеңiлдеу болады", – деген сөзiн бiлсе де, кетпедi. Абақтыда азап шегiп жатқан қосағын, жиырма шақты жыл отасқан, жалған дүниенiң ащы-тұщысын бiрге бөлiскен Бейiмбетiн қимады.
Жамандық аяқ астынан шығады, ойламаған жерден келедi деген рас-ау, сiрә. Б.Майлиннен еш хабар болмай, дел-сал жағдайда жүрген Гүлжамалды да тұтқындайды. Кеш бата үйiне келген әскери киiмдi екi адам, бiрi еркек, бiрi әйел, бүк түсiп жатқан жерiнен басын көтерген Гүлжамалға: "Сiз тұтқындалдыңыз", – дейдi. Үйдiң iшi у-шу, азан-қазан болады. Балалар әуелi сұңқылдап, одан кейiн боздап жiбередi. Оған қарасын ба аналар, берiлген тапсырма-бұйрықты орындауға кiрiседi. Балаларды машинаға отырғызып әкетуге кiрiскенде бұрынғы кездерде үнемi жайраң қағып жүретiн, көпшiл, қонақжай, мейiрiмдi Гүлжамал түтiгiп, қарсы айбат көрсетедi. Одан ештеңе шықпайды. Тұтқындаушылар дөрекiлiк көрсетiп, "бол-болдың" астына алып, асықтыра берген. Шыдай алмаған Гүлжамал: "Сендер бұнымен Бейiмбеттi өлтiре алмайсыңдар. Оның орнына ертең тағы бес Майлин ер жетедi", – деген бұлқан-талқан болып. Ашу үстiнде бұрқылдаған мiнез көрсеткен оны екеуi сүйрей-мүйрей алып шыққан соң, "қара құзғынға" тықпалап кiргiзiп, жүрiп кетедi. Ал зар еңiреп қалған балаларды басқа мәшинеге тиеп әкетедi. Қай жаққа әкеткенiн ешкiм бiлмейдi. Сөйтiп, Бейiмбеттiң балалары әкеден өлiдей, шешеден тiрiдей айрылып, қаңғып қала берген. Кейiнiрек белгiлi болғанындай, үшеуiн панасыз балаларды қабылдау үйiне, ал Гүлсiмдi бөбектер үйiне өткiзiптi. Әукен далада қалған. Үйлерiне мөр басылып, құлып салынған.
Л.Мирзоян бiздiң республиканың партия басшылығына келгенде жақсы iстер атқарып, "Мырзажан" деп құрметпен аталғаны туралы деректердi көп кездестiрдiк. 1937 жылғы маусым айында өткен Қазақстан Компартиясының I-съезiнде сөйлеп, "Қазақ елiне келгенiме төрт жыл. Қазақтар маған сендi, қолдады, көп табысқа жеттiк", – деп жалақорларға тойтарыс бердi. Сол тұста ушыға бастаған айыптау науқаны өрши түстi де бара-бара оның қарсылығына қарамай НКВД қуғын-сүргiндi үдете бердi. Ақыры Л.Мирзоянда дәрмен қалмады. Қазақ азаматтары, олардың жұбайлары тауқымет таразысына түстi.
Ал бұдан бұрын, яғни 1933 жылғы қаңтарда келгенде "Мен сендердiң "Алашорда" немесе Рысқұлов жағында болғандарыңды сұрамаймын. Өткендерiңдi қазбаламаймын. Маған дәл бүгiнгi күнi iске адал берiлетiн азаматтар керек. Өзiм армянмын. Мұнда уақытша келген адаммын. Еншiлеп алып кететiн ештеңем жоқ. Кетермiн. Бәлкiм, сыйып тұрып қалсам, тұрып қалармын. Әйтеуiр ешкiмдi алаламаймын. Өздi-өздерiң жау болып, тартысып жатсаңдар – өздерiң бiлесiңдер. Менiң бiлетiнiм, қашанда ауызбiршiлiк жақсы" – деген сөзiн бiзге жеткiзген Бекболат Мұстафин Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнде түрлi қызметтер iстеген, Мирзоянның досы саналған адам екен. Ол да ұзақ жыл түрмеде отырды, бiрақ аман қалды. Қазақстанның "15 жылдығы" тойланғанын, мал саны өсiп, егiн шығымды болғанын, елiмiзде 500-ге тарта МТС ашылғанын көзiмен көрдi. 1938 жылғы 18 мамырда Л.Мирзоян Мәскеуге шақырылғанда шығарып салған екен оны. Бұл кезге дейiн қанды қырғын шектен шығып, аяулы аналар да түрмеге тоғытылып жатты. Анықталған деректерге қарағанда Алматыда ақпанның 25-нен наурыздың 13-не дейiн 631 адам атылған. Бұл науқан iшкi iстер мекемелерiне жүктелiп, олар партия бақылауынан шығып кеткен. "Халық жауының әйелi" деп қаматып жатқанда Л.Мирзоянның қорғауға шамасының келмеуi содан.
Зобалаң жылдары қанша кәрi-жас, ақ жаулықты ана, желегi желкiлдеген қыз-келiншек, бала-шағаның жетiм-жесiр қалғанын, отбасылары ойрандалып, үйлерiнен қуылғанын, жер аударылғанын, түрмеге отырғызылғанын, балалар үйлерiне жiберiлгенiн, бiрсыпыра жанның көшеде қаңғып қалғанын көрген, бiлген адамдардың әңгiмелерiне құлақ түрсеңiз, төбе құйқаңыз шымырлайды. Сол дәуiрде қазақтың маңдайына бiткен бiрегей перзентi Бейiмбет Майлиннiң үй-iшi де осындай күйге ұшырады.
Екi адам түн жамылып келiп, Бейiмбеттiң қолын артына қайырып, "қара құзғын" мәшинесiне тығып, алып кеткен күннен бастап, отбасы шексiз қасiретке душар болды.
Алғашында отбасын қорқыныш, үрей, дәрменi жоқ күй жайлады. Сол күнi аза тұтты. Бордай егiлiп, ботадай боздайды. Көрер таңды көзiмен атырды. Гүлжамал түрменi жағалады.
Ешқандай хабар ести алмай қамығып Гүлжамал жүредi. Тұрмыс-жағдай ауырлады. Iшерге тамақ, киерге киiм тапшы. Азып-тозуға айналды. Ағайын-туғандардан, дос-жарандардан қайыр жоқ. Сатып күн көретiн жиһаз құралмаған. Биаға дүниеге қызыққан адам емес, байлық жинамаған.
Гүлжамал ауыр күрсiнiп, түрмеге тағы бет алды. Қақпа алдында: "А, Құдай, Бейiмбетпен кездестiре гөр!" деген тiлеу тiлеп тұрғанында есiктi сықырлатып шыққан түрменiң конвойы бiр құшақ киiм-кешек әкелiп бередi.
– Бұл не? – деп сұрайды Гүлжамал.
– Күйеуiңiздiң киiмдерi, – дейдi конвой.
– Ау, қарағым-ау, сонда ол не киедi? – деп аң-таң болып қарайды.
Конвой мысқылдап:
– Ол ендi мемлекеттiң киiмiн киедi – деген екен шiмiрiкпестен. Өзi басқа сөзге келмей сып етiп кiрiп кетедi. Бейiмбеттiң атылғанынан бейхабар Гүлжамал сұрағына тұщымды жауап алмаған соң, бүйрегi бүлк етiп сезiктенедi. Кездесуге рұқсат бермедi. Бұрын да жолықтырмай жүрген, ендi атылып кеткеннен кейiн қалай кезiктiредi. Ол күнi Гүлжамал жұбайының атылғанын бiлген жоқ. Бейiмбеттiң түрмеде өзi түгiл, сүйегi де жоқ екенiн ешкiм тiс жарып айтпайды. Әйтсе де, секем алған Гүлжамал бода-бодасы шығып, аңырап келе жатып, көптен таныс Әмина Еленованың үйiне соғады. Ең бiрiншi кездескен Әминаға шерiн төге отырып, құшақтап алып қайтқан Бейiмбеттiң киiмдерiн көрсетедi. Сол киiмiнiң iшiнде түрмеде түсiрген фотосуреттегi тозығы жеткен пальтосы да бар екен.
Азаматтарды атып болғаннан кейiн әйелдерiне қырғидай тидi. "Қатындарын да отырғызады екен, балаларын балалар үйiне алады екен" деген хабар тарады. Бұл сөз шынға айналды, сәуiр iшiнде "жаулардың" әйелдерiн отырғызу етек алды. Зәресi кеткен Фатима, Iлияс Жансүгiровтiң әйелi ертерек қамданып қалды. Ол үш баласын өзi туып-өскен жерi Қапалға нағашы апасы Хұппимен бiрге жiбередi. Ал Гүлжамалдың туған жерi алыс әрi жанашыр ешкiмi болмады да, қам-қарекет iстей алмады. Гүлжамалдың құр сүлдерi қалды, жылаудан көз ашпайды. Бейiмбеттiң айтқаны шынға айналды. "Халық жауларының" әйелдерiн де ұстап, темiр торлы бөлмелерге тығу басталды.
Сонымен Гүлжамалдың тұтқындалған күнi – 1938 жылғы 13 сәуiр, яғни Бейiмбеттiң түрмеге түскенiне 189, атылғанына 46 күн өткен кез. Аздаған сауаты бар, ауылдан шыққан көнтерiлi қарапайым, орысшаға да шорқақ әйелдi осылай түрмеге жабады. Гүлжамал жұбайы аманат еткен екi тапсырмасын орындай алмады. Бiрi – қолжазбаларымды сақта, екiншiсi – балаларға ие бол деп едi. "Байтал түгiл, бас қайғы" күн туып, өзi де Бейiмбеттiң артынан кеткен Гүлжамал ол аманаттарды қалай орындайды ендi? Алдында не күтiп тұр, қандай қасiретке тап болады? Оның анық-қанығын Гүлжамал бiлмейдi әлi. Темiр құрсауға түстi, одан құтылып шыға ма, жоқ па?
Тергеушiге Гүлжамал:
"Мен Бейiмбетпен бiрге боламын. Он жетi жасымда оған қосылып, жиырма жыл бiрге тұрмыс құрдық. Менi Бейiмбеттiң қасына жiберiңдер", дегендей сөз айтқан көрiнедi. Бейiмбеттiң тiрi емес екенiн, атылып кеткенiн бiлмеген ғой. Тiлек-өтiнiшi шырқырап өзiмен бiрге кеттi. Сот процесi өтiп, Гүлжамал Майлина РСФСР Қылмыстық кодексiнiң 58-бабы бойынша сегiз жылға кесiлдi. Көп ұзамай Қарағанды лагерiне "АЛЖИР"-ге этаппен аттандырылды. Онымен бiрге бұл лагерьдiң азабы мен ауыртпалығын, қайғысы мен қасiретiн тартқан А.Байтұрсыновтың жұбайы Бадрисафа, Т.Рысқұловтың – Әзиза, С.Меңдешевтiң – Рәзия, С.Асфендияровтың – Рәбиға ханым, Т.Жүргеновтiң – Дәмеш, Ұ.Құлымбетовтiң – Әйiш, С.Есқараевтың – Мәрия, Қ.Тәтiшевтiң – Сағадат, С.Қожановтың – Күләндам, I.Қабыловтың – Айша, С.Сәдуақасовтың – Елизавета, М.Жұмабаевтың – Зылиха сияқты жарлары, әзиз аналар.
Сол уақыттағы халқының ардақты азаматтарының әйелдерi лагерьде адам төзгiсiз жағдайда өмiр сүрген. Олар қара жұмыс жасады, киiм тiктi, қой бақты, әйтеуiр оларға iстетпегенi жоқ. Жататын жерлерi нардың үстi, иiс-қоңысы мүңкiген барақ үйлер, астыларынан сыз, үстiлерiнен суық өтедi. Өлген қой-қозы болса, жасырын қуырып жеп, талшық еткен. Iшкендерi дәм-сөлi, жылтыраған майы да жоқ тамақ. Бәрiн де тұманды ой басады, күйеулерiнiң қайда екенiн бiле алмай бастары қатады, балаларының бар-жоғын ойлап күңiренедi.
Гүлжамал АЛЖИР-дың Купко деген жерiнде "жазасын" өтеп, арып-ашып, азып-тозып, құдайға мұң-зарын шағып, күн өткiзiп жүредi.
Әуелде "кiм қой бағады?" дегенде "мен бағамын" деп келiскен оның алдына бес жүз қой салып берiлген. Қолымнан келетiнi осы жұмыс деп бiлген ол. Басқа iске икемi келе қоймайды. Қысы-жазы қойдың соңында жүрген.
Қостанай елi жағына бiрнеше рет барғанымда, Гүлжамалдың өмiрi жайында көп нәрселердi естiдiм.
Жан түршiгерлiк қайғы-қасiрет тартқызған, адамдарды тамұқта ұстаған неше түрлi түрмелер мен азапты лагерьлер Қазақстан даласына көп орналастырылған екен. "Осы аралықта елiмiздiң аспанында торлап тұрған қара бұлтты лагерьлердiң бас басқармасы одан әрi қоюлата түсiп едi, – дейдi академик М.Қозыбаев бұл туралы. – Олардың қазақ жерiнде 27 лагерi болды. Оның iшiндегi ең үлкенi КарЛАГ-тан 1930–1960-жылдар арасында 1 миллионға жуық адам өтсе, Жезқазғандағы СтепЛАГ-та, Қарсақпайдағы Песчанный ЛАГ-та, АЛЖИР-да 16-17 мың адам қамалған кездерi болған. Бұларға 70-ке жуық лагерi болған ГУЛАГ-ты қоссақ, онда Қазақстанда сол кездерi 100-ге жуық лагерь болғанын байқар едiк". (Рухани тазару тарихтан сабақ алудан басталады. "Алматы ақшамы", 1997 жылы 30 мамыр).
КарЛАГ-тың құрамына кiрген әрбiр бөлiмше бiрнеше шаруашылық топтарға бөлiнiп, олар учаске және фермалар деп аталған. Лагерьдiң бүкiл территориясы 19 бөлiмшеден құралған. Қарағанды лагерiне 106 мал шаруашылық фермасы, 7 бақша учаскесi және жерi жыртуға келетiн 10 учаске болған. Лагерь пункттерi Қаражал, Бұрма, Көктiң көлi, Ортау, Қызылтау, Посторный, Красная Поляна, Бидайық, Атасу, Жарық, Өспен, Спасск, Батық, Қарсақпай, Байқоңыр, Жездi, Ақтатау сияқты мекендер мен кәсiпорын шоғырланған жерлерге орналасыпты. КарЛАГ-та отызыншы жылдардың басында 37 мың адам болса, соғыс қарсаңында лагерьдегi тұтқындардың саны 50 мыңға жеткен көрiнедi. Бұл деректердi алға тартқан профессор Тiлеген Садықұлы 1998 жылы жазған "СтепЛАГ және Үлкен Жезқазған құрылысының тарихи шындығы" атты мақаласында: "Қарағанды лагерiнiң шаруашылық қызмет аумағының өзi ғана Франция елiнiң көлемiмен тең түстi", – деген түйiн жасайды.
Гүлжамал төрт жыл бойы малдан бiрде-бiр тұяқ шығын шығармай, аман бағып жүр едi, бiр күнi елу қойды жоғалтып алып сорлағанын айтсаңшы.
Қаңтар айының қақаған аязында қалай, қайтiп айырылып қалғанын бiлмейдi. Ертемен мал өргiзген Гүлжамал күн райынан бұзыла қоятындай белгiсiн байқамап едi. Бiр кезде айнала қоюланып, аспан тұлданып кеттi. Арты түтеген боранға ұласты. Отардың бас-аяғын жинап, айдап қайтқанында бәрi аман сияқты көрiнедi. Боран кезiнде бiр жаққа ығып кеттi ме, әйтеуiр бiр топ қой жоқ болып шықты.
Сор маңдайға тағы бiр соққы тидi. Ендi не iстейдi? Әсiресе, лагерь бастығының әкiреңдегенi iшi-бауырын езiп, жанын одан әрмен күйзелттi. "Сенiң күйеуiң жау, сен де жаулық iстедiң. Мүләйiмсiп, момақан болуын қара өзiнiң. Өтiрiгiңдi тыңдағым келмейдi. Үш күн берем, елу қойды тауып отарға қосасың, әйтпесе өз обалың өзiңе. Бұрынғы жазаңа тағы сегiз жыл қосылады!" деген сияқты сөз айтып қуып жiбердi. "Апырау, кесiмдi мерзiмнiң жартысын өтеп-ақ едiм, аз шыдасам, босап шығамын, балаларымды тауып алам" деп дәмеленiп жүр едi, тағы сегiз жыл жамалса, бiр жерде сүйегiм қурап қалатын шығар деп ойлады. Осы ой күш бердi ме, серпiлттi ме, әйтеуiр бор кемiктiк жасамай, сойылын сүйретiп, малды iздеуге шықты. Жоса боп аққан жастан көзi бұлдырлайды. "Өлсем өлiп-ақ кетейiн, Бейiмбеттен жаным артық па, қайтсем де табуым керек". Өзiн осылай қайрап, iлгерi жүредi. Қойлары ұшты-күйдi жоқ, қарасы көрiнбейдi.
Өлiп-талып, бiр ауылдың үстiнен түседi. Сонда келiп бар қайғы-қасiретiн айтып бередi. Ауыл жұрты инабатты, мейiрiмдi екен, жiгiттерi атқа қонып, малды тауып, Гүлжамалдың алдына елу қойын салып бередi.
Гүлжамалдың жағдайы жоғарыдағыдай болғанда, балалары не күйде екен? "Шешемiздi алып кеткеннен кейiн 15 күн өткен соң менi, Мереке мен Едiлдi Семей қаласындағы балалар үйiне жiбердi, – деп еске алады қызы Рәзия. – …1940 жылы екеумiздi балалар үйiнен қуып жiбердi. Айтатындары сол баяғы "Сендер халық жауының баласысыңдар, бұл жерде сендейлерге орын жоқ" деген зiркiлдеу. Бiз "басар жерiмiз жоқ, ең болмаса бiр жылға қалдырыңыздар" деп қанша жалынғанымызбен директор (орыс әйелi едi) оған тiптi құлақ асқан да жоқ. Содан Мереке екеумiз "Главмука" фабрика-завод училищесi мектебiн сағаладық. Д.Бедный көшесiндегi 16-үйге орналасқан осы оқу орнында (директоры Пименюк) бiр жыл оқып, тиiстi мамандық алып шықтық. Көп ұзамай Ұлы Отан соғысы басталды. Бiз жұмысқа Қарағандыдағы №4 ұн комбинатына жiберу туралы өтiнiш жаздық. Себебi ол Карлагқа жақын едi". (Әкемдi ойлап толғанам. "Қостанай таңы" газетi, 1994 жыл, 9 шiлде).
Гүлжамал 1937 жылы құрылған "АЛЖИР" лагерiнде мерзiмiн өтеп жүргенде майданға кеткен үлкен ұлы Әукеннен хат келген. "Халық жауының баласы" атанып, көрiнгенге көз түрткi болғанша, тым құрыса өз басымды арашалап алайын деп, "айыптылар батальонына" жазылдым. Жақында соғысқа аттанамын", – деп жазыпты. ("АЛЖИР" – Акмолинский лагерь жен изменников Родины. Мұнда он мың тұтқын ұсталған, соның бiр мыңы – қазақ. "Жығылғанға жұдырық" демекшi, Әукенi майданда қаза болғаны жайында қаралы қағаз алды. Жауды қуып, Днепр өзенiнен өту кезiнде ерлiкпен қаза болған. Бұл да – үлкен соққы.
2010 жылғы 29 мамыр күнгi "Егемен Қазақстан" газетiнiң санының бiр бетi тұтасымен "АЛЖИР" азабын тартқандарға арналыпты. Негiзiнен лагерьдiң тауқыметiн көрген әйелдерге. 40 әйелдiң құжаттық көлемдегi фотосуреттерi беттiң екi жағына орналастырылған. Маған таныс Гүлжамал Майлина, Гүлбарам Сейфуллина, Әзиза Рысқұлова, Бадрисафа Байтұрсынова, Лидия Русланова, Фатима Ғабитовалардың жүздерiн көрiп толқып кетiп, "Қайран, аналар-ай!" деген сөз аузымнан шығып кеттi. Ең бiрiншi көрiнiп тұрғаны Гүлжамалдың суретi. Сондай-ақ әртүрлi естелiктерден, мақалалардан олар туралы үзiндiлер берiптi. "Жас алаш" газетiнiң 2009 жылғы 2 маусым күнгi санында академик Т.Көлбайдың "АЛЖИР"-де азап шеккен аналар" атты мақаласы бойынша бiрнеше әйелдiң суретi орналастырылыпты. Олардың iшiнде Майлина да бар. Атын Гүлжамал деп жазыпты. Дұрыс аты осы екенiн мен де бiлемiн. Бұл кiсiнiң атын әр кезде әрқалай атап жүрген. Бiрi Күнжамал, ендi бiрi Күлжамал, тағы бiрi Гүлжамал дейтiн. Нұржамал деп те шатастырды. Б.Майлин жөнiнде зерттеу жүргiзiп, мақалаларымды жариялатқан кездерiмде осы есiмдер көзге ұшырай беретiн. Бейiмбеттiң қызы Гүлсiмнiң тiрi кезiнде кездесiп әңгiмелесетiнмiн. Бiрде осы аттардың қайсысы дұрыс деп сұрадым. "Дұрысы Гүлжамал" деп нық жауап бердi. Содан кейiн осы атын жазатын болдым.
Олардың Карлагқа жақындамақ болуының мәнiсi – қайткенде шешелерiн тауып, барып жолығу. Өйткенi бұл кезде балалар Гүлжамалдың қай жерде екенiн бiлетiн. Балаларының қайда кеткенiн сұрастырып жүрiп, бiлiп алған Гүлжамал 1939 жылдың соңында Семейдегi үшеуiне тiлдей хат жiбередi. Бiреуге жаздырған хатта небәрi олардың бiр жерде екенiне қуанғанын, өзiнiң сегiз жылға кесiлгенiн, Батық мекенiне жақын Купко деген жерде өтеп жатқанын айтыпты. Мiне, мұндай хабарға қуанған балалар шешелерiне жетудiң сәттi кездерiн iздеген.
Сонымен Рәзия мен Мереке Қарағандыға келiп, ұн комбинатына жұмысқа орналасады. Ал Едiл Аягөздегi балалар үйiне жiберiледi. Ол одан қашып шығып, Қарағандыға келедi. Туыстарына қосылады. Көп ұзамай Мереке майданға аттанады.
Алматыдағы сәбилер үйiне апарылған Гүлсiммен мен әлденеше рет әңгiмелестiм. Апыл-тапыл басқан, тiлi шыға қоймаған баланың есiнде не қалсын. Бейiмбет те, Гүлжамал да жаладан ақталған соң оған не болып, не қойғанын айтып берген екен.
Семейге аттандырылған балалардың соңынан көп ұзамай Гүлсiмдi Сарқандағы (Алматы облысы) балалар үйiне ауыстырады. Алматыдан төрт жүз шақырымдай жер. Алысқа апарып тастайды. Әке-шеше қайда, бауырлары қайда, оны Гүлсiм бiлiп жатыр ма? Бiр жылдан кейiн ұмытып та кеттi. Анда-санда шешесi ойына түсетiнi бар. Бiрақ оның да бейнесi сәбилiк санадан өшiрiле бастады. Тәрбиешiлер де ұрса бередi. "Халық жауының сүмелегi" деп таяқ астына алатын, қуып жүрiп ұратын кездер де болатын. Осының бәрi не үшiн екенiн Гүлсiм түсiнiп жатқан жоқ ол кезде.
Күндер соңынан күндер өте бердi. Ана мен балалардың қосылатын сәтi де туды. Олар бiрiн-бiрi iздедi.
Соғыс аяқталды. Жау жеңiлдi. Халықтың қуанышында шек жоқ. Сол жылдың желтоқсан айында ғана Гүлжамал босанып шықты. Кесiктi жылдарын толығымен өтедi. Ешқандай жеңiлдiк, кешiрiм жасалмады. Сегiз жыл бойы арып-ашып лагерьде жүру әйел адамға оңай ма? Шынында, соның бәрiне шыдап, жеңiске жеткен Гүлжамал мықты екен, ер ана екен! Шыққан бойда Гүлжамал Қарағандыға Рәзияға келедi. Олар Едiлдi балалар үйiнен шығарып, М.Горький атындағы №2 шахтаға слесарь етiп орналастырады. 1946 жылдың басында майданнан оралған Мереке шахтаға маркшейдер болып жұмысқа кiредi. Сөйтiп, он шақты жылға жуық уақыттан кейiн ғана бастары құралады. Рәзия болса тұрмыс құрған бұл кезде.
Бұл кезде Гүлсiм 12-13 жасқа келдi. Өскен сайын әке-шешем жоқ па, бар болса, қайда деген ой мазалайды. Оларға деген бiр ыстық сезiм ұшқыны көкiрегiнде маздап тұратын сияқты. Сонымен әркiмдердiң көмегiмен шешесiн iздеп жолға шығады. Күн жүрiп, шырғалаң жолдарды басып, Қарағандыға келедi. "Iздесең Мысырды да табасың" дегендей, сұрай-сұрай екiншi шахтаны тауып, оның директорына кiредi. Ол бiр адамды қастарына қосып, бiр үйге ертiп алып бар деп тапсырады. Ол үйге келгенде бiр жас әйел қарсы алады. Ол Гүлсiмдi құшақтап алып, көзден жас шығарып, көрiседi. Оған түсiнбей бұл кiм дегендей таңғалады Гүлсiм. Бiр кезде бiр бала кiредi. Оны әлгi жас әйел "Мынау сенiң қарындасың, ал мынау сенiң Едiл деген ағаң" деп екеуiн таныстырады. Таныстырған, көрiскен адам Рәзия әпкесi екен.
"Гүлсiм қызың табылды" дегендi естiген Гүлжамал құстай ұшып келсе, бүлдiршiндей ақсары қыз екi баласының қасында отыр. Сүрiне-қабына, есiктен дауыс салып ұмтылған Гүлжамал:
– Күнiм-
Серіктес жаңалықтары