СЕРГЕЛДЕҢГЕ ТҮСКЕН КЕНШIЛЕР

СЕРГЕЛДЕҢГЕ ТҮСКЕН КЕНШIЛЕР

СЕРГЕЛДЕҢГЕ ТҮСКЕН КЕНШIЛЕР
ашық дереккөзі
371

Кейiнгi кезде елiмiздiң әр өңiрiнде қарапайым жұмысшылар ереуiлге шығып, өз талаптарын батыл қоюға дағдыланып келедi. Әрине, жұмыс берушi еңбекақысын уақтылы төлеп, жан-жақты жағдай жасаса, қара халық себепсiзден себепсiз аштық жариялап, бастарын бәйгеге тiкпес едi.

Маңғыстау облысындағы "Қаражанбасмұнай" кеншiлерiнiң өзара бөлiнiп, бiр-бiрiнiң жағасынан алып жатқанына бiрнеше күннiң жүзi. Бұл дау билiк тiзгiнiне таласқан екi мүдделi топтың тартысынан туындаған сияқты. Ақпарат көздерiнiң мәлiмдеуiнше, "Қаражанбас жұмысшылар кәсiподағына" төрағалыққа сайланғанына көп бола қоймаған Ербосын Қосарханов пен осы ұйымның заңгерi Наталья Соколова екi жақтан жұмысшылардың берекесiн қашырған. Қарапайым жандарды көзiрiне айналдырмақшы болған Соколова ханым мұнайшы қауымның айлығын өсiрiп, денсаулыққа зардабы тиетiн жұмысты iстегендерге төленетiн салалық 1,7 және аймақтық 1,8 коэффициентiн енгiземiз деп сендiрiп бақса керек. Ол үшiн Соколова ханым төрағалық қызметке келген Қосархановтың қолындағы мөр мен негiзгi құжаттарды өз қармағына түсiру керектiгiн баса айтқан. Қолда бар ақпараттарға қарағанда, "Қаражанбас" АҚ-ның мамандар бөлiмiнен қызметтен босатылған Наталья Соколова ханымды заңгерлiк мiндетке Ербосын Қосархановтың өзi арнайы ұсыныспен шақыртқан көрiнедi. Дос дегенi дұшпан екенiн қайдан бiлсiн?! Талай уақыттан берi "Қаражанбас жұмысшылар кәсiподағы" төрағалығы орнына көзiн сүзiп жүрген заңгердiң айы оңынан туып, айла-әрекеттерiн мұнайшылар арқылы астыртын жүзеге асыра берген. Сөйтiп "айлықтарыңды 300 пайызға дейiн көтерiп берем" деп айды аспанға бiр-ақ шығарған Соколова ханымға сенген жұмысшылар абдырап қалды.

Мәселе өз бетiмен шешiмiн таппағандықтан, жұрт заңға жүгiнуге мәжбүр болды. Алайда Маңғыстау облысы, Түпқараған аудандық соты 17 мамырда мұнай компаниясы жұмысшыларының жаппай ереуiлiн заңсыз деп тапты. Соған қарамастан кеншiлер Наталья Соколованың айтуымен жұмысқа шықпай, аштық жариялап жатып алды. Бұл наразылық шарасы мамырдың 8-iнде басталған. Жұмысшыларға құқық жағынан қолдау жасап, айтқанын iстетiп отырған Соколова "Кәсiподақ ұйымына қатысты талаптар орындалмаса, жұмысшылар аштық акциясын жалғастыра бермек. Осы күнге дейiн мұнайшылардың наразылығын ескерген билiк өкiлдерi жоқ", – дептi баспасөзге берген сұхбатында. Ал компания басшылығынан жалақы төлеудегi айырмашылықты жоюды әрi еңбекақыны көтерiп, еңбек шартын қайта жасақтауды талап еткен мұнайшылар "отандық жұмысшыларға қарағанда шетелдiк жұмысшылар екi-үш есе жоғары айлық алады. Осы кемшiлiктi жою қажет", – дейдi.

Бұл шындық. Бұған дейiн де көтерiлiп келген мәселе бұл. Әсiресе шетелдiк компаниямен бiрлескен мекемеде көбiнесе сырттан арнайы шақыртылған мамандардың еңбекақысы айтарлықтай жоғары болады. Мұндайда компания басшылығы оларды бiздiң елде жоқ бiлiктi мамандар санатына жатқызуға шебер. Солай-ақ болсын делiк. Бiрақ осындай теңсiздiктi көзiмен көрген жергiлiктi мамандардың жанайқайының астарында ащы шындық жатқаны сөзсiз.

Мұнайшылардың ереуiлге шығып, аштық жариялап, басшылық алдына қажеттi талаптарды қойып жатқаны бiр бұл емес. Сан рет қайталанып жүрген жәйт. Алайда… Айрандай ұйыған мекеменiң берекесiн бұзып, жұмысшыларды өз мүддесi үшiн пайдаланатын Соколова ханым сияқтылардан сақтанған да жөн. Ондайлар "қайығы судан өткеннен" кейiн қолды бiр сiлтеуi де бек мүмкiн.

Серiк ОСПАНОВ, Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты:

– Бұл мәселе жұмысшылар мен жұмыс берушiнiң арасында өзара түсiнiспеушiлiк бар екенiн көрсетедi. Әйтпесе жұмысшылар бекерден-бекер аштық жарияламас едi ғой. "Қаражанбастағы" жағдайды сырттай бақылағанда мынаған көзiмiз жеттi. Менiңше, мұнайшылардың аштық жариялауына жергiлiктi кәсiподақтағы кикiлжiң түрткi болған сияқты. Жұмысшылар жалақысын екi есе көтерудi талап етiп отырған сияқты. Қазiр мұнайшылардың орташа еңбекақысын есептесек, 250-280 мың теңгеге дейiн барады екен. Ал жұмыс берушi ереуiлге шыққан кеншiлердiң әрекетiн заңсыз деп тауып, сотқа берiп отыр. Алайда сот мұны да, жұмысқа шықпай жатқан жұмысшылардың әрекетiн де заңсыз деп тауыпты. Әрине, мәселенiң заңды болғаны дұрыс. Кикiлжiңдi бейбiт жолмен шешудi қарастырған жөн. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң өкiлдерi барып, тексерiп жатқан көрiнедi. Ал шетелдiк жұмысшылардың жалақысын жоғары қойып, жергiлiктi жұмысшылардың айлығын төмен қою дұрыс емес. Мұндай жағдай болып жатса, реттеу керек.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары