ҰЛЫТАУ – ҰЛТ ҰЯСЫ

ҰЛЫТАУ – ҰЛТ ҰЯСЫ

ҰЛЫТАУ – ҰЛТ ҰЯСЫ
ашық дереккөзі

1. "АБЫЛАЙ ХАН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ РУХЫ"

Қазақ халқы тарихында небiр қилы кезеңдердi бастан кештi. Қазақ хандығы алғашқы құрылғаннан жоңғар қалмақтары тұс-тұстан шабуыл жасап, екi жақты соғыс жүздеген жылға созылғаны тарихтан белгiлi. Солардың iшiнде он соғыс жойқын болған. Әсiресе "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның" орны бөлек. Сондай шайқастардың бiрiнде Әбiлмансұр жоңғардың белдi батыры Шарышпен жекпе-жекке шығып, жеңiске жеткен. Жауға қарсы "Абылайлап!" ұрандата шауып, сарбаздарды жiгерлендiрiп, үлкен ерлiк үлгiсiн танытты. Кейiн хан сайланып, ел басқарды. Iшкi және сыртқы саясатты кемеңгерлiкпен жүргiздi. Исi қазақты бiрiктiруде жан аянбай еңбек еткен тұлға. Алайда сол Абылайдың хандығы туралы тарихшылар арасында әрқалай пiкiрлер айтылып жүр. Оның қолбасшылығына, кемеңгерлiгiне күмән келтiретiндер де бар. Кейiнгi табылған тарихи деректер сол күмәндi сейiлтiп, қазақ халқының болашағы үшiн атқарған тарихи iстерiн дәлелдеуде. Мiне, биыл Абылай ханның туғанына үш жүз жыл толып отыр. Соған орай Жезқазған қаласы әкiмi Берiк Әбдiғалиұлының бастамасымен жуырда Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына орай қаланың төрiнен Абылай ханға еңселi ескерткiш орнатылып, "Нұр Отан" партиясының қолдауымен "Абылай хан және қазақ рухы" тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өткiзiлдi.

Серке Қожамқұлов атындағы драма театр ғимаратында Жезқазған қаласының әкiмi Берiк Әбдiғалиұлы сөз сөйлеп, конференцияны ашты. Конференция жұмысын "Нұр Отан" халықтық демократиялық партиясының хатшысы Ерлан Қарин мен Қазақстан халықтары Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов құттықтап, iзгi тiлектерiн бiлдiрдi.

"Мәңгiлiк билiк және Абылай хан" тақырыбында Гумилев атындағы ұлттық университеттiң профессоры, филология ғылымдарының докторы, жазушы-тарихшы Тұрсын Жұртбай баяндама жасады. Ол Абылай хан тұсындағы тарихи оқиғалардан мысалдар келтiре отырып, толайым мәндi әрi мағыналы сөз қозғады. "… Абылай ханның арманы үш жүздiң басын бiрiктiрiп, елiмнiң, жерiмнiң емшегiн емдiрсем деген едi. Кешегi қазақ ұлтының көсемi Әлихан Бөкейханов, Тынышбаев, Досмұхамедов, тағы басқаларының арманы Алаш мемлекетiн құру болды. Бұл Байтұрсыновтай әкемiздiң елдiк туралы тұжырымдаған бес ұлы нұсқасымен астасып жатыр", – деп аталмыш нұсқаларды жеке-жеке талдап шықты. "Абылайдың Жезқазған қаласына қойылған ескерткiшi бұл – бiздiң Тәуелсiздiгiмiзге қойылған ескерткiш! Бұл – қазақ халқының барлық хандарына қойылған ескерткiш! Абылай ұйытқан Алаш идеясы ендi ең соңғы қазақ жер бетiнде өмiр сүргенше жүрегiнде соғып тұрады деп ойлаймын",– дедi ол сөз соңында.

"Хандық дәуiрдегi жыраулар поэзиясы" тақырыбындағы баяндаманы Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiс депутаты Бекболат Тiлеухан жасады. Ол тарихтың тағылым үшiн, сабақ алу үшiн керектiгiн айта келiп, солардың негiзiнде бiрлiктiң, ынтымақтың жатқанын жеткiздi. Әлi де Қазақияның егемен ел болғанын көре алмайтындар барын, олардың iштен де, сырттан да шалғысы келiп жүргендерiн ескерте отырып, жалғыз бiр партияның шешiмiне ғана қарамай, хан да, қараша да, қоғамның кез келген мүшесi Тәуелсiздiгiмiздi жанымен, жүрегiмен қорғамаса, бiртұтас ел болу, бiртұтас мемлекет болу мүмкiн емесiн жеткiздi. "… Жыраулар Абылайдың арғы-бергi заманында да халықтың көзi, жүрегi, үнi болған, ұлттың санасы болған, сендiре бiлген, тiптен жырымен жұртты жiгерлендiрiп, соңдарынан ерте бiлген, ұстаздары болған. Солардың жалынды жырларының арқасында халық бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып, жоңғар, қалмақтармен шешушi шайқастарда жеңiске жете бiлдi". Шешен сөз арасында Доспанбет, Шалкиiз, Ақтамбердi, Бұқар, Дулаттың отты жырларынан үзiндiлердi жатқа айта келiп, олардың мәнi мен маңызын түсiндiрiп бердi.

Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының тарихшысы Бақыт Еженханұлының "Цин патшалық жазбаларындағы Қазақ елi туралы алғашқы тұжырымдамалардың қалыптасуы" тақырыбында жасаған баяндамасы тыңдарман көпшiлiктi бей-жай қалдырмады. Ол Қытай Халық Республикасы Бейжiң қаласындағы Бiрiншi тарихи мұрағатында Қазақ хандықтарына байланысты зерттеу жұмыстарын жүргiзген. Соның нәтижесiнде Абылай ханның 1757 жылы Цин патшасы Цяньлунға жолдаған хаттарының түпнұсқасымен танысудың сәтi түсiптi. Сондай-ақ, тарихшы жоңғар ханы Цеван-Рабтанның қазақтармен не үшiн жауласқаны туралы Цин патшасы Кансиге жолдаған хатын да сол мұрағаттан тапқан. Цеван-Рабтан былай деп жазған екен.

"Менiң қазақтармен жауласуым лажсыздығымнан туып отыр. Өз кезiнде, Галдан қазақтардың Тәуке ханының ұлын қолға түсiрген соң оны Далай Ламаға берген, сонда Тәуке хан маған елшi жiберiп, "арада жүрiп, ұлымды маған аман-есен қайтарғызып берсең" деп жалынған. Мен Далай Ламаға елшi жiберiп, Тәуке ханның ұлын сұрап алғам, сондай-ақ 500 адамымды қосып оны ауылына қорғап апарғызғам. Сөйтсем, Тәуке менiң әлгi 500 адамымды түгелдей қырып тастаған. Кейiн ол тағы маған қарасты Вуэрхэдэ-Батыр тайжыны өлтiрiп, оның халқын тонап әкеткен. Сонан соң ол тағы бiздiң уряңхайларымыздың 100-ден астам отбасын тонап әкеткен. Менiң қайын әкем Аюке қызын маған ұзатқанда, қайын ағам Санжыжабты қорғаушы ретiнде жiберiп, қалыңдығымды осылай әкелгiзген. Тәуке хан сол кезде де орта жолда соғыс ашпақ болған. Былтыр күзде менiң саудагерлерiм Орыс жерiнен қайтып келе жатқанда да Тәукенiң тонауына ұшыраған. Қазақтар қайта-қайта келiп маған тиiсiп, осыншалық зұлымдық жасады. Осы себептен мен әскер бастап, оларға жорыққа шықтым. Ұлы патша менi "мынау бiр соғысқұмар екен" деп ойлап қалмасын деген ниетпен мен осы түсiнiктемемдi жолдап отырмын".

Тарихшы Цеван-Рабданның осы хатынан соң Цин патшасының деректемелерiнде қазақ туралы мәлiметтер көбейе бастағанын келтiредi. Ол "Цин шилу" деректемесiнде Канси патшаның 1713 жылы өткiзген бiр әңгiме-кеңесiнде айтылған мынандай мәлiметтi де баяндамасында келтiре кеттi.

"Қазақ дегенiмiз – ежелгi Янгуань жерi. Адамдары табиғатынан жанжалдасуға құмар, ылғи да топтасып алып қырып-жою және тонаушылық iстерiмен айналысады, олардың ауызбiршiлiгi де күштi. Олардың әйел заты өзге бiреудiң барымталауына түссе, онда сол әйел сөзсiз әлгi тонаушы адамды өз қолымен бауыздап, сонан соң өз елiне оралады. Олардың жерi ыстық, шөптерi өте шүйгiн, жылқылары қанды тер ағатын болып келедi. Ондағы өсетiн алма, жүзiм және алмұрт сынды жемiстердiң барлығы дәу әрi дәмдi болып келедi. Бұлардан тыс, солтүстiк-батыста тағы көптеген мұсылман елдерi бар, олардың барлығы Юаньтацзу патшаның ұрпағы болып келедi. Олардың тағы бiр тармағы Кiшi Батыс мұхиты маңында, жан саны 100000 шамасында, барлығы киiз үйде тұрады".

Баяндамашы осы мәлiметтi талдай келiп, Кансидiң "Янгуань ди" деген сөзiн жалпы мағынада "Қытайдың батысындағы жер" сөзiнiң орынсыздау баламасы екенiн, Цин патшалығы өздерiнiң батысында Қазақ деген жауынгер ел бар екенiн түсiне бастағанын, екiншiден бұл дерек сол кездегi қазақтар тек қана даланы емес, Орта Азияның отырықшы жерлерiне де билiк жүргiзiп тұрғандығын бiлдiредi. Үшiншiден, Цин патшасы мұнда қазақ сынды көшпендiлердiң барлығы "Юань тайзудың ұрпағы", яғни "Шыңғыс ханның ұрпағы" деген сөздердi айтудың өзi оның Қазақ даласы сынды жерлердегi төрелiк билiк дәстүрiнiң жалғасып келгендiгiнен хабардар екендiгiн бiлдiретiнiн айтты.

Тарихшы Еженханұлы мұрағаттағы қытай жазбаларында "Абылайдың патшаға көтерген хаты" деп аталатын бiр құжаттың бар екенiн, оның қытай тiлiнде жазылған нұсқаларын "Пин ди чжунгаэр фан люе", "Цин Гаоцзун ши лу" және "Сиюй тучжи" сынды Цин патшасы Цяньлунның бұйрығымен құрастырылған еңбектерден көргенiн алға тартты.

"Пақырыңыз мен, қазақтың қораш ханы Абылай, Қытайдың ұлы патшасының тағына бас иiп, осы хатты көтеремiн. Ата-бабам Есiм хан мен Жәңгiр ханнан берi бiз ешқандай Қытай ағартуында бола алмай келгенбiз. Қазiр мiне ұлы патша шалғайдағы тайпа болып табылатын бiзге ендi ғана бұйрық түсiрiп, шапағатын көрсетiп жатыр. Пақырыңыз мен және менiң құзырымдағылардың барлығы шат-шадыман болып, патшаның мейiрбандығына ризашылықтарын бiлдiруде. Мен, пақырыңыз Абылай, барша қазақты бастап ұлы патшаға бойұсынып, Қытайдың мәңгi бодан-құлы болсам деген ниеттемiн, мұнымды мен құлшылық етiп тұрып ұлы Қытай патшасына бiлдiргiм келедi. Осы мақсатта мен 7 ел билеушiлерi мен олардың атқосшыларын қосқандағы 11 адамымды жiберiп, оларға менiң осы көтерген хатнамамды тапсырып, патша ағзамның есендiгiн тiлеп келулерiн ұйғардым, сонымен қатар, мен патшаға құрмет бiлдiру мақсатта жылқы тарту етiп отырмын. Сөйтiп, осы хат патшаға көтерiлдi".

Қытай тарихнамасында бұл хат цин-қазақ қарым-қатынас тарихындағы ең маңызды құжат ретiнде күнi бүгiнге дейiн қарастырылып келедi, – дейдi тарихшы. – Қандай болмасын, хаттағы "пақырыңыз мен, қазақтың қораш ханы", "қытай ағартуында бола алмай келгенбiз" және "ниетiмдi мен құлшылық етiп тұрып ұлы қытай патшасына бiлдiргiм келедi" деген аса бейшаралық мәнермен айтылған сөздер көшпелi жауынгер қазақ халқына жат екендiгi айдан анық. Екiншiден, жұртқа мәлiм, Цин армиясы Жоңғар мемлекетiнiң соңғы көсемдерiнiң бiрi Әмiрсананы қудалап, Қазақ даласына енгенде Абылай хан қазақтардың мүддесiн қорғау үшiн сол келiмсек әскери күшпен соғысқа дейiн барған. Дәл сол 1757 жылы Абылайдың өз бетiмен дегбiрсiздене барып айдаһардың тұяғына жығылып, "барша қазақты бастап патшаға бойұсынып, Қытайдың мәңгi бодан-құлы болсам" дейтiн сөздi айтқызатындай басына күн туған ешқандай себеп жоқ едi. Сонда оның Цин патшалығына жазған тұңғыш хаты, сiрә, қалай болған?

"Жоғары мәртебелi ұлы ханға: Менiң ата-бабам Есiм хан мен Жәңгiр ханнан берi, сiздiң әулетiңiздiң жарлығы бiзге жетiп көрмеген. Қазiр мiне, бiз сiздiң жарлығыңыздан хабардар болып өте қуаныштымыз. Мен, Абылай, менiң балаларым және қазаққа қарасты барша бұқара сiзден бiзге лауазым-титул силанса дегендi тiлейдi. (Мен) 7 бас елшi (және олардың атқосшыларын қосқандағы) жалпы 11 (адамды жiберiп отырмын)".

Еженханұлы бұл хаттың қытай тiлiндегi нұсқасымен салыстырғанда, осы бiр мұрағаттан жаңадан табылған тат-моңғол тiлiндегi нұсқасы әлдеқайда ортаазиялық көшпендi халықтардың сөз саптау дәстүрiне жақындау келетiнiн тiлге тиек етедi. Мәтiннен бiлгенiмiз, – дейдi ол.– Абылай ханның тұңғыш хаты ешқандай бағыныштылығын бiлдiру мақсатында көтерген феодалдық қытай-мәнжу құжат сипатындағы құжат емес, ол сол кездегi Орта Азия хандарының арасында да кездесетiн қарапайым әрi сыпайы мәнермен жазылатын дипломатиялық хатнама үлгiсiнде хатталған. Бұл жерде бiр нәрсе түсiнiксiз болып тұр. Мәтiнге қарағанда Абылай Цин патшалығымен тату-тәттi қатынас орнатуға ұмтылғанымен, Қазақ хандығының өзiндiк саяси-әлеуметтiк және иерархиялық жүйелерiн толық сақтап қалуын, олардың мәнжу-қытай ықпалынан неғұрлым аулақ болуын қалаған. Еркесары, Нұсан секiлдi мәнжу елшiлерi Абылайдың ордасына барып, одан Әмiрсананы қайтаруды сұрай отырып: "Үш жүздiң ел билеушiлерiнiң тiзiмiн берсең, бiз оны патшамызға жолдап, тiзiмдегiлерге патшалық лауазым-титулдарын тағайындатқызсақ" деген талап та қойған. Абылай Цин елшiлерiнiң бұл мәселенi көтергенiне қатты наразылығын бiлдiрiп, екi рет он күн бойына қабылдамай қойған. Соңында Абылай елшiлерге: "Генералдарыңыздың маған жеткiзген сөзi бар. Оның айтуы бойынша, патшаларыңыз бiздiң түзiм-жүйемiздi өзгертпек ниетi жоқ", – деп жауап қайтарған. Ал кейiндеу Цин патшасы өзiнiң Абылайға жолдаған жауап хатында: "Мен (билеушiлерiңнiң) киiмдерiн өзгертпеймiн, лауазым-титул тағайындамаймын, алым-салық алмаймын" деп жазған. Осыған қарап, Абылайдың тұңғыш хатының жаңадан табылған осы бiр нұсқасында да өзгертiлген жерлер бар ма деген күдiк туады. Сондықтан хаттың тағы бiр жаңадан табылған мәнжу тiлiндегi нұсқасына көңiл аудардық.

"Жоғары мәртебелi ұлы ханға көтерiлдi. Менiң ата-бабам Есiм хан мен Жәңгiр ханнан берi, Еженнiң жарлығы бiзге жетiп көрмеген. Қазiр, ұлы ханның бiздi ескергендiгiне бiз риза болдық. Мен, Абылай, ұлы ханның шапағаты маған, менiң балаларыма және қазақтың барша бұқарасына тисе деген тiлегiмдi бiлдiргiм келедi. (Мен) 7 бас елшi (және олардың атқосшыларын қосқандағы) жалпы 11 (адамды жiберiп отырмын).

Мұнда Абылайдың "Мен, Абылай, ұлы ханның шапағаты маған, менiң балаларыма және қазақтың барша бұқарасына тисе деген тiлегiмдi бiлдiргiм келедi" деп жазғаны тайға таңба басқандай көрiнiп тұр. Демек Чжаохуэй сияқты цин ұлықтарының патшасына жөнелткен "көшiрмесiндегi" осы сөйлемнiң бұрмаланған нұсқасы болар, сiрә. Сол бұрмаланған нұсқасына қарап Цин патшасы Цяньлун бұйрық берген. "Қазақтың ханы Абылайдың бағыну хаттамасы аударылып, барша әлемге жариялансын. Осы бұйрығым тиiстi жерлердiң барлығына жеткiзiлсiн" деген. Жоғарыдағы екi хаттың мазмұнын салыстырсақ, онда Цин патшасының барша әлемге жариялайтындай лепiрмесiне негiз жоқ. Қытайдың жағымпаз ұлықтарының Абылайға "Ата-бабамнан берi қытай ағартуында бола алмай келгенбiз" деп өкiнiшiн бiлдiрткенi, сол үшiн қазақ жұртын бастап "Қытайдың мәңгi бодан-құлы болсам" деп өз ниетiн бiлдiруi қолдан, ойдан жасаған жалған ақпараттары. Өкiнiштiсi сол, күнi бүгiнге дейiн дәстүрлi цин әдебиетiндегi сол қытай тiлiне аударылған "Абылайдың хатын" бұлжымас тарихи дәйек ретiнде қарастырып келген зерттеушiлер әлi де бар. Ал соңғы табылған екi хаттың әлгi қытайша аудармасында мазмұны өрескел бұрмаланғанын көрiнiп, құжаттың ресми-саяси мәнiне зор нұқсан келтiрiп, көкейiмiзге сенiмсiздiк ұялатып отыр.

Жезқазған қаласының құрметтi азаматы, тарихты зерттеушi Сағындық Қожамсейiтовтiң "Абылай хан және Ұлытау" атты баяндамасы да жұрт көкейiнен шықты. Ол өз сөзiнде осыдан 13 жыл бұрын этнографиялық тарихи экспедиция құрамында Қаратаудың бергi бетiндегi "Таңбалы тұраға" барғандарын, онда қазақ руларының барлығының таңбалары барын, Бұланты шайқасы болған жермен танысқандарын, Ұлытау жерi Абылайдың тағдырында үлкен роль атқарғанын, 1728 жылы Ақастау қыстағының жанындағы Балбұлақта қазақ ұлылары жиналып, алдағы Аңырақай шайқасын талқылау кезiнде Абылай да болғанын, сол соғыста ерлiгiмен танылып, Сабалақ деген атынан құтылып, батыр атанғанын, 1753 жылы исi қазақ Ұлытау баурайында жоңғар-қалмақтарды түпкiлiктi талқандау жөнiндегi үлкен кеңес өткiзгенiн, сонда Абылайдың аса маңызды пiкiр айтқанын, жалпы Абылайдың Ұлытау өңiрiнде сегiз рет болғанын дәлелдi мысалдармен тiзбектеп шықты.

Абылай ханның 300 жылдығы мен Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына Жезқазған қаласының тұрғындары айтарлықтай әлеуметтiк жетiстiктермен келiп отыр. Өткен жылдан берi Берiк Әбдiғалиұлы әкiм болып келгелi бұйығы жатқан қала тiршiлiгi жанданып шыға келдi. Жаңадан әлеуметтiк нысандар бой көтердi. Бiрнеше көшелерге ұлтқа еңбегi сiңген тұлғалар аттары берiлiп, көгерiш-гүлзарлармен абаттандырылды. Сол уақытқа дейiн тек сандық нөмiрлермен белгiленiп келген орта мектептер Ш.Уәлихановтың, А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың, М.Шоқайдың, М.Әуезовтiң, Д.Қонаевтың, Б.Момышұлының, Қ.Рысқұлбековтiң есiмдерiмен қайта аталынды. Бұрын қалада Абылай ханның ескерткiшi болған. Бiрақ сол ескерткiш тым тұрпайы талғамсыз тұрғызылғандықтан Берiк Әбдiғалиұлы сәулетшi-мүсiншiлер Шахибадан Сейiткенов пен Өмiрхан Жүнiсбековке қайта тастан қашатты. Жаңа ескерткiш жұрт көңiлiнен шықты.

2. ҰЛЫТАУ – ТАРИХ ШЕЖIРЕСI

Ұлытау – тұнып тұрған тарих. Жошы хан осы жердi таңдаған, Бату ханның балалық шағы осы өлкеде өттi. Орыс князьдерi кепiлдiкке берген Александр Невский бала кезiнде үш жыл Жошының ордасында тұрды. VII-VIII ғасырларда өмiр сүрген түркi руларының негiзiн қалаушылардың бiрi Алаша хан да осы жерден мәңгiлiкке орын тепкен. Алтын Орда әмiрi, әскери қолбасшы Едiге де осы жерде, халқының қамын жеген, Алтын Орда ханы Тоқтамысқа да осы Ұлытау топырағы бұйырды. Әйгiлi Ақсақ Темiр Ұлытаудың Алтыншоқысында болып, тасқа белгiсiн қалдырған. Арғы, бергi замандарда Кетбұғы, Керей, Жәнiбек, Қасым, Тәуке, Барақ, Көшiм, Абылай, Әбiлқайыр, Ақжол би, Қазбек би, Кенесары хан Ұлытаудың бұлақтарынан су iшiп, дамылдаған. Тiптен Кенесары хан ұлт-азаттық күресте сегiз жылдай осында тұрақтағаны тарихтан белгiлi. Академик Әлкей Марғұлан Тұранның ханы Афрасиаб өмiрiнiң соңғы кездерiн осы Ұлытауда өткiзген деп кеттi. Әулиетауда Асанқайғының бәйбiшесi Тана анамыз жетi әулиенiң бiрi болып жерленген. Академик Қаныш Сәтбаев: "Ұлытау – Қазақстанның қазынасы",– дептi. Мұнда Менделеев кестесi элементтерiнiң көбi бар. 1990 жылы "Ұлытау" ұлттық тарихи-мәдени және табиғат қорық мұражайы құрылды. 300-ден астам тарихи ескерткiштер қорғауға алынған. Бiз қаладан жүз алпыс шақырым жердегi Ұлытауға қарай жол тарттық.

Соңғы екi жылдың бедерiнде Ұлытаудың бұрынғы әкiмi Берiк Әбдiғалиұлының бастамасымен бiрқатар игi iстер атқарылғанынан жұрт құлағдар. Жазы қысқа, қысы ұзақ әрi суық ауданда әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайларды жақсартудың бес өзектi бағдарламасын жасап, жүйелi түрде жүзеге асыра бастады. Әуелi жұртты көптен қажытқан Ұлытау-Терiсаққан арасын жалғастыратын жолды күрделi жөндеуден өткiздi. Аудан орталығын бiр орталықтан жылыту мен ауыз су құбырларын, канализация тарту мәселелерiн шешу де жолға қойылды. Қазiр Астанадағы "Модерн Сити" фирмасы бұл жұмыстардың техникалық-экономикалық негiздемесiн жасауда. Ел аузында жүрген "Ұлытау – қазақтың Хан ордасы" атауына сай ауданға қарасты ауыл мектептерiне қазақ хандарының есiмдерi берiлдi. Тарихи ескерткiштердi жаңғырту жұмыстарын қолға алып, тау басындағы Едiге батырға алып баратын жолды ретке келтiрдi. Тау етегiнен Асан қайғы абыздың қос қолын жайып, Жаратушыдан елге ырыс-құт, береке тiлеп тұрған бейнесiн тұрғызуды бастаған. Қазiр оның биiк тұғыры тұрғызылып, баспалдақты жолы салынды. Жездi қаласынан Кенесары ханға ескерткiш орнатты. Орталықтан "Таңбалы тас" саябағын ашты. Жалпы ауданды туризм орталығына айналдыру басты бағыт болды. Алайда облыс әкiмi оның iскерлiгiн бағалап, Жезқазған қаласына әкiм етiп тағайындады. Ендi оның бастаған игi iстерiн ауданның өзi ұсынған әкiмi Әнуар Омаров жалғастыруда.

Бiз күре жолдың бойындағы Сәтбаев қаласын басып өтiп, қала типтегi Жездi елдiмекенiне ат басын тiредiк. Көк тастан қашалған Кенесары хан ескерткiшiне гүл шоқтарын қойып, кенттiң мұражайындағы жәдiгерлермен таныстық. Жездiнiң кенiшiн алғаш рет өткен ғасырдың басында ағылшындар қазған екен. Кейiн Кеңес үкiметi ағылшындарды елден қуып шыққан соң, кен қазу жұмыстары көп жылдарға дейiн тоқтап қалған. Геолог Сәтбаев өткен ғасырдың 1928 жылы Жезқазған кенiндегi марганец рудасын есептеп, құжатқа түсiредi де, Мәскеудегi Түстi металлдар министрi Ордженикидзеге барып, кендi игерудi ұсынады. Ордженикидзе қаражат тапшылығынан Жезқазған кенiн игере алмайтынын айтып, бас тартқан. Сәтбаев бар құжатты өзiнiң жұмыс кабинетiне сақтап қояды. 1941 жылы немiс фашистерi Украинадағы марганец кенi шығатын Мелитопольдi басып алған соң, Геббельс "Ендi Кеңестер өкiметiнiң соңғы танкiлерiн талқандау ғана қалды!" деп масаттана мәлiмдеме жасаған болатын. Сталин Орта Азия республика басшыларына марганец кенiн шұғыл түрде iздеп, табу жөнiнде телеграмма жiбередi. Қазақстан Компартиясы ОК бiрiншi хатшысы Скворцов геологтарды жинап, сол бұйрықты оқып бередi. Сонда Сәтбаев: "Марганец кенiн iздеп жатудың қажетi жоқ. Ұлытаудан екi жүздей шақырым жерде сол кеннiң әлденеше жылдарға жететiн мол қоры бар", – деп ертеңiне құжаттарды әкеп Скворцовқа көрсетедi. Мәскеу кен қазуға қажеттi техникалардың бәрiн жүк поезымен Қарағандыға аттандырады. Кен орнын Жезқазған деп атаған. Сталиннiң бұйрығынан кейiн, қырық бiр күннен соң кеннен шыққан марганецтi жүк таситын автокөлiктер Қарағанды темiр жолына жеткiзедi. Кеңес информбюросы бұл хабарды дүние жүзiне таратқан кезде Геббельс: "Жезқазған деген қайдан шықты тағы?!" – деп шошынған екен. Егер сонда Сәтпаев 1928 жылы марганец кенiн тауып, жер асты қорын анықтап қоймағанда, екiншi дүниежүзiлiк соғыс 1945 жылы емес, оның тiптен 1950 жылға дейiн созылып кетуi мүмкiн едi. Соғыс созылған сайын адам шығыны көбейiп, өркениеттiң қирайтыны бесенеден белгiлi жай.

Тәуелсiздiктiң бас кезiнде Республика Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Жездi кентiнде болып, аталарымыздың көне пешiмен мыс балқытып, өз қолымен балға құйғаны туралы кент мұрағатында фотосуретi сақталған. Қалдырған қолтаңбасы да бар. "Қазақ елiнiң өндiрiс атасы болып саналатын Жездi өңiрiнiң тарихы келер ұрпақтың есiнде сақталуы өте қажет. Осыған зор еңбек етiп, музей ұйымдастырған азаматтардың еңбегi зор. Оларға таудай рахметiмдi айтамын. Қазiргi егемен елiмiздiң мақтанышы металлдар болып саналады. Осы өндiрiстi өркендете беру бiздерге мiндет. Музей қызметкерлерiне, Жезқазған жездi өңiрiнiң халқына баянды бақыт, қуанышты болашақ тiлеймiн.

Н.Назарбаев 3 қараша, 1994 жыл".

Ұлытау аудан орталығындағы "Таңбалы тас" мәдени саябағындағы қазақ руларының таңбалары бiрлiкке, ынтымаққа, тұтастыққа шақырып тұр. Iргесiндегi Қыземшек тауының етегiне тұрғызылып жатқан Асан ата абыздың тас бейнесiнiң құрылысы бiткен кезде ел ұйтқысы болған Ұлытаудың тарихи-мәдени мәнiн бұрынғыдан да бетер аша түсерi хақ. Алаша хан, Жошы хан, Домбауылдың кесене мазарлары, Теректi әулиедегi петроглиф суреттi-жазбалар келешекте түркiлердi зерттеушi әлем ғалымдарының назарын аударып, Ұлытауға ағылары анық.

Алматы–Жезқазған–Ұлытау–Алматы