ИВАН БУНИН ЖӘНЕ ШЫҒЫС

ИВАН БУНИН ЖӘНЕ ШЫҒЫС

ИВАН БУНИН ЖӘНЕ ШЫҒЫС
ашық дереккөзі

А.Пушкиннен кейiн Шығыс поэзиясына, Құранға ден қойған орыс ақын-жазушыларының iшiнен Иван Бунин ерекше орын алады. Орыс оқығандары, ғалымдары, қаламгерлерi Шығысқа бет бұрады. Мұнда бiр мәнiс бар-ау. Батыстың философиясынан жалыққан орыстың қаламгерлерi жанды, тәндi жаңғыртатын жаңа нәрсенi Шығыстың шырайлы да шұрайлы бағынан iздей бастаған. Сондай сәулелi бақта асыл мұралардың барын бiлiп, Құраннан, Шығыстың айтулы поэзиясынан қорған iздеген Пушкин, Лермонтов, Толстой, Фет, Полонский iзденiстерi бекерге емес. 1824 жылы патша айдауында Михайловскiде болғанда Александр Пушкиннiң Құранға құштарлықпен қызығуы және табанда тоғыз өлең жазып тастауы да тегiн емес.

Иван Бунин: "Шығыстың шөбi де, суы да, күнi де, қары да ерекше бояулар кеңiнен тебiрентiп тұрады. Талтүсте күнi оттай жанып, айнадай сағымы бүткiл дүниенi ұлы ұйқымен орап, шетсiз, шексiз мұңлы жердiң жиегiне апарып, жәннаттың жасыл бақтарына жаныңды алып кетедi", – дейдi. "Өзендердiң өзенi көгiлдiр Кәусәр барша жерлерге, ұлыстарға, елдерге тыныштық дарытып, шыда, дұғаңды оқы, сен", – дейдi. XX ғасырдың бiрiншi ширегiндегi Буниннiң ориенталдық поэзиясы орыс сөз өнерiндегi өзгеше бiр құбылыс едi. Шығыс мәдениетiн, әдебиетiн сыйлаған орыс көркем сөз шеберi кең қазынаға жолығады. Бiр кезде Киплинг айтқан: "Восток есть Восток, Запад есть Запад" деген қағидасын "Батыс-Шығыс" синтезiне барған орыс ойшылдары терiске шығарады. Сөйтсек, Батыстың Шығыс алдында қарызы көп болып шықты.

Иван Бунин поэзиясындағы Шығыс сюжеттерi оның шығармашылық шекарасының арнасын кеңейтiп, үлкен бiр жаңа, бедерлi бағытқа апарып қосты. Бунин дiн атаулыны құрмет тұта отырып, ислам бастауларына, негiздерiне тәнтi едi, осы дiндi оқы деп оны ешкiм зорлаған жоқ едi. "Егер адамдарды бауырмалдыққа, тепе-теңдiкке шақырып тұрса бабизмдi де бар жаныммен жақын көрер едiм" деген Толстой емес пе едi?! Мiнеки, Бунин мырза да дiндер арасынан осындай өрелi көпiрдi iздедi, гуманизмдi, туыстықты iздедi. Буниннiң оң қолында Библия, ал сол қолында Құран хадистерiнiң ұқсас тұстарын бiрiктiрiп қарауға тырысты. Сол байқаған белгiлерiн шығыс елдерi, адамдары жайлы қолжазбаларында бедерлеп бердi. Орыс ақыны христиан бола отырып, мұсылман дiнiнiң дiңгектерiне көз тiктi, қызықты. Мұсылманшылықтан мiн iздемедi, мұң iздедi, iзгiлiк ойларының гүлдестесiн iздедi, табысты да, тапты да, өзiн қайран қалдырған Құранды зерттедi.

Мұсылман боп намаз оқымадың деп ешкiм Бунинге кiнә қоймайды, бiрақ қасиеттi Құранның iшiне кiрiп, көзiмен де, көкiрегiмен де тебiренткен кiсiнi қалайша мұсылманшылықтан қашық тұр дей аласың. Шығыс шайырларының шалқар шабытының алдында ең алдымен Құран тұрады. Әрбiр ақынның мейлi ол Батыстiкi, мейлi ол Шығыстiкi болсын өз Шығысы, өз Құраны болды. Пушкин, Лермонтов Шығысына қарағанда Бунин Шығысы бөлектеу, оқшаулау, қабылдауы қайталанбайды. Александр Блоктың сөзiмен айтқанда "Шығыстың аптап құпиясына енiп кеткен" Буниннiң осынау алған бағытынан бетi қайтқан жоқ. Шығыс адамының ұлттық мiнезiне бойлап барды. Шығыс елiн, уақытын, өткенiн, табиғатын тамырынан таныды. Бунин "өз Шығысын" алдыңғы сапқа бөлiп алып шығарды. Әйтеуiр бiр жырлай салайын, айта салайын деген ой Бунинде болған жоқ. Ақын ұлттардың, дiндердiң үндестiгiне, үйлесiмдiлiгiне, Батысты Шығыс жауhарларын түсiнуге, тануға, табысуға шақырады.

Бунин Батыс адамы бола тұрса да, Шығыс шырағымен жарықтанды, жүрегiнiң тамырларына Шығыс қанын құя бiлдi. Бертiн келе Брюсов те, Хлебников те "өз Шығысын" тауып, орыс поэзиясына тың сала қосты. Мұнан орыс поэзиясы ұтпаса ұтылған емес. Шығысқа шынайы, шын пейiлмен бұрылды. И.Бунин өзiнiң эстетикалык принциптерiне, ұстанымдарына берiк суреткер едi. Бунин поэзиясы Батыс, Шығысқа бөлiнген жоқ едi, тұтастық, гармониясымен тартымды едi, оның таңғажайып ақындық қуатында өзгенiң қазынасын, қасиетiн өгейсу, өзiмсiну, тәлiмсiну болған емес, қайта өзiне қорыту Бунин поэзиясының парасатты мақсаты едi.

Бiрқатар орыс ақындары Шығысты сырттай қызығып, экзотика ретiнде шолып, жалпылама жырлады. Шығыстың iшiне кiре алған жоқ, сыртқы күмбездерiне, сән-салтанат сарайларына, кызылды-жасылды базарларына, құлпырған тоты құстарына, көздiң жауын алатын алтын тастарына, сан алуан түрдегi сәндi кiлемдерiне құштарлықпен қалам тартты. Десек те көптеген ориенталдық өлеңдердiң көлеңкесiнде көмiлiп қалды. Жай бiр жаттығу ретiнде жарқ еттi де өте шықты. Ал Бунин – ориенталистiң бiрiншi Шығыс адамының ұлттық мiнез, сыпайы назарында едi. Шығыс тақырыбын толғаған Бунин құбылыстың, суреттiң iшiне кiре жырлады және онысына өте-мөте жауапты сезiммен қарады.

Содан шығар Шығыс циклдерiнде шалағай, жүрдiм-бардым, көрдiм сияқты жолдар ұшыраспайды.

Орыс ақыны Қадiр түнiне небәрi үш шумақ өлең арнайды. Әрбiр жолы сөзбен салынған сурет, артық деталь, көрiнiс жоқ. Қадiр түнiнiң құдiретiн керемет толғаныспен бере бiлген. Бунин бояуды артық жақпайды, баттастырмайды. Дарынды қылқалам шеберiндей шебер өрнек салып өтедi. Түпнұсқаға бiр сәт үңiлейiк:

Ночь Аль-Кадра

В эту ночь ангелы сходят

С небо. Коран, – дейдi де ақын әрi қарай көсiле жөнелдi:

Ночь Аль-Кадра.

Сошлись слились вершины,

И выше к небесам

воздвиглись их чалмы.

Пел муэззин.

Еще алеют льдины,

Но из теснин, с долин уж

дышит холод тьмы.

Ночъ Аль-Кадра.

По темным горным склонам

Еще спускаются,

слоятся облака.

Пел муэззин.

Перед великим Троном

Уже мечеть, дымясь,

Алмазная Река.

И Гавриил –

неслышно и незримо

Обходит спящий мир.

Господ благослови

Незримый путь

святого пилигрима

И дай земле твоей

ночь мира и любви!

Қадiр түнiнiң қасиетiн Бунин бiр мұсылмандай бiлген ғой, әйтпесе бұлай терең түсiнiп айта алмас едi. Көп түсiндiрiп, оқушыны мезi етпейдi, сөздi созбайды, кiрпiш тiзгендей қалап өте шығады. Бiр кiрпiшiн қозғай алмайсың. Алғашында Бунин "Құранмен" танысады, таңырқайды, тебiренiске түседi, сосын барып тереңiне бойлайды. Ақырында жолсерiк кiтаптарының бiрiне айналады. Наполеонның, Гетенiң, Пушкиннiң бар ынта-ықыласын аударған қасиеттi Құран Бунин тiлiмен қайта жырланып, орыстың ойлы ортасына жол тартады "Магомет в изгнании", "Бедуин", "Каир", "Могила в скале" және т.б. өлеңдерiнде мұсылмандық қоғамдағы мұңды, тепе-теңсiздiктi, араби мiнездiң нақыштарын, азаншының жанарындағы жасты, Сахараның құм қуырған ыстығын, көшпендi арабтардың көңiл-күйлерiн, таң сәрiде соғатын аптап желдiң арынын көре бiлген, сезе бiлген, тыңдай бiлген. Осындай суреткерлiгi, шыншылдығы, табандылығы тапқырлығы жағынан Бунин VII-Х ғасырларда ғұмыр кешкен Имрул Каис аль-Маари, аль-Мутанабби сынды араб шайырларын еске түсiредi.

Бунин – барынша бейнеткер ақын, бiр сөзiн босқа жiбермейдi, нысанаға дәл тигiзiп отыратын нағыз мерген. Шығыс сюжеттерiн қуған Д. Бальмонт, Г.Шенгели, И. Северянин, В.Брюсов, менiңше Бунин жеткен биiктерге жетпегендей.

Иван Буниннiң суреткерлiгiнiң сиқыры сонда – ол Шығыс циклдерiнде ешкiмге ұқсамайды, ешкiмдi қайталамайды, өзiндiк соқпағымен шығады. Бунин Шығыстың әлеуметтiк қайшылықтарына бара бермейдi, қазбалай бермейдi, ұлттық психологиялық ерекшелiктерiн тап басуға тырысады, ұлттың намысына тимейдi және оған қамшы салмайды. Бальмонт жазған бәдәуилерден гөрi Бунин бәдәуилерi орнықты, өз орнында, көпiрмесi жоқ, нық шегедей, өйткенi Бунин естiп, оқып емес, көргенiн, көңiлге түйгенiн келiстiрiп, кесек етiп суреттейдi.

Сондай-ақ Буниннiң Шығыс циклдерi де ХХ ғасыр басындағы орыс поэзиясына сергек, серпiндi сөз болып қосылды. Сол тұстағы орыс ориенталист ақындарының iшiнде Буниннiң алдына ешкiм түсе алмас едi. Оның мұсылман ақыны атануы да тектен-тек емес-тiн. "Құранның әмiрiне ермегендi қарғыс атар" деген сөздi айтқан Бунин едi ғой. Бұл – проваславтың аузынан шығып отырған сөз. Бунин "бедуиндердi" жырласа бәдәуилерге, "Долина Иосифатаны" айтса сахара жиһанкездерiне, "Потомки пророканы" тербесе пайғамбар үмметiнiң қатарына қосылып кетедi.

Мен ирантанушы ғалыммын, бiрақ араб поэзиясын да қадiр тұтамын. Иван Буниннен парсы әуендерiн iздеп едiм, қармағыма бiр өлең iлiктi, ол "Розы Шираза" деп аталады. Соған қарағанда Бунин Шираздан шыққан атышулы ғазалшы Хафизды жақсы бiлген болуы керек. Өлеңде Хафиз ғазалдарының әуендерi бар, небәрi төрт шумақтан құралған. Шираз гүлдерiнiң иiсi аңқып тұр. Бунин бұлбұл мен гүлдi, ай мен бақты керемет ойната бiлген.

Пой, соловей!

Томять желанья,

Цветы молчат – нет слов у них:

Их сладкий зов – благоуханья,

Алмазы слез –

покорность их – деп аяқтайды ақын.

Шираз раушандарын мұңмен, сырмен тербетiп, тыныштықты, сұлулықты, гүлдер мен бұлбұлдардың мәңгi үйлесiм, үндестiгiн паш етедi.

Шығыс поэзиясын жанына жақын тұтқан орыс ақыны кейбiр тұстарда араб ақындарымен жарыса жырлап кетедi. Египет пирамидалары мен фараондары, Сахараның сапырылып күнге күйген құмдары, ежелгi заманның ескерткiштерiндей қарашашты, қаракөздi, қабасақал арабтар, таңертеңнен кешке дейiн созылатын сазды дұғалары Бунин поэзиясына еркiн енiп кеткен едi. Ғасырлар шаңының арасынан ежелгi Шығысты тауып, барлық шырғалаң жолдарымен, табиғатымен, тауларымен, адамдарымен, бұлбұлдарымен, кешегi, бүгiнгi күндерiнiң күйлерiмен қосып өлеңге айналдырып жiбередi.

Отаннан алыс жат жерде отыз төрт жыл өмiр сүрiп, сексен үшiнде дүниеден өткен Иван Буниннiң бойын кесел мен кедейшiлiк билеп қинаса да соңғы сағатқа дейiн қаламын тастамапты. Отанын, Русiн, қыстағын, табиғатын, аңдарын, адамдарын, қуанышын, қайғысын сағынышпен тербетiптi. Буниннiң таңғажайып прозасы шетелде туды. "Захар Воровьев", "Митина любовь", "Жизнь Арсеньева" Россиядан тыс елде дүниеге келдi. "Айхай, мен өмiрдiң кеңдiгiн сүйем, өмiрдi сүйем, махаббатты сүйем және қалай сүйемiн десеңiзшi" деп жазды ол. Бунин махаббат жыршысы едi, оның табиғаты толықсып сөйлеп кетедi, ол жапырақтардың сыбдырын, найзағайдың гүрiлiн, түнгi судың сылдырын, таңғы құстардың әнiн, күзгi аспанның қоңыр бояуларын көрдi, тыңдады, жүрегiмен жырларына тiзе бiлдi. Бунин Батысты, Шығысты жырлады. Қай халықтың болмасын жүрегiне үңiле бiлдi. "Мен ең алдымен ақынмын, сосын барып прозаикпiн" деген едi ол. Бiздiң ұлы Абай атамыз Бунин поэзиясына бiрiншi назар аударған қазақ екен. "Қорқытпа менi дауылдан" деп аталатын тәржiмасы бүгiнде классика боп қалды.

Қорқытпайды қар мен мұз,

Өзге нәрсе қорқытты.

Ойсыз, доссыз, бақытсыз

Жыбырлақпен өмiр өттi.

Сондықтан қайғы қат-қабат,

Қарап тұрмын сендерге.

Атасы басқа өзi жат,

Жалғыз жанша жат жерде –

деген жолдар Абай ойларымен, армандарымен астарласып жатады. Эмиграцияда сағынышты ауырған Бунин жүрегiнiң тамырларын кернеген мұң соншалықты терең берiлген. Ендеше Буниннiң көк торғындай аспан көгi Фирдоуси, Хаям, Хафиз, Абай, аль-Мутанабби, Имрул-Кайс тауларымен мәңгi сырласа бередi.

Өтеген КҮМIСБАЕВ, филология ғылымдарының докторы