БЕНЗИННIҢ “ЖЫРЫ” БАСТАЛДЫ

БЕНЗИННIҢ “ЖЫРЫ” БАСТАЛДЫ

БЕНЗИННIҢ “ЖЫРЫ” БАСТАЛДЫ
ашық дереккөзі

Бензин дағдарысы Қазақстанды да шарпуда

Мамыр басталысымен Қазақстанда жанармай бағасы 5-6 теңгеге күрт қымбаттап кеттi. Мәселен Павлодарда ең өтiмдi АИ-92 маркалы бензин 92 теңгеден 99 теңгеге дейiн көтерiлсе, Жамбыл облысында 89 теңгеден 95 теңгеге, Алматыда "Гелиос" жанармай құю бекеттерiнен өзге станцияларда 87 теңгеден 94 теңгеге (әртүрлi бекеттерде әрқалай) дейiн көтерiлдi. Көптеген жанармай бекеттерi бензин тапшылығы салдарынан жабылып қалуда.

Қарапайым халық үшiн бензин бағасының аяқасты қымбаттауы түсiнiксiз. 1 мамырдан бастап Ресей жанармайды экспортқа шығаруға уақытша тыйым салды. Қазақстанның Мұнай және газ министрлiгiнiң мәлiметiне сүйенсек, Қазақстанда тұтынылатын мұнай өнiмдерiнiң 40 пайызға дейiнгiсiн Ресейден алады екенбiз.

Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев Кеден одағына мүше болғанымызға қарамастан, бензин бағасын тұрақты ұстап тұруға уәде берген едi. Ол бiздегi бензин бағасы Ресейден 13 пайызға арзан болады деген. Бiрақ таяуда: "Егер әлемдегi мұнайдың бағасы өсiп жатса, әрине, Ресейдегi баға өседi. Бiраз өседi. Бiз, өздерiңiз бiлесiздер, 30-40 пайыз жоғары октанды бензинге тапшымыз. Сондықтан, әрине, бiзге әсер етедi. Егер өсiп жатса, оған шара қолданамыз", – дедi Астанада бензин бағасына орай жасаған арнайы отырыста. Билiк Қазақстанның iшкi рыногын жанармаймен қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру үшiн барын салып отырғанымен, нарық өз тiзгiнiн ұстатар емес. Бензиндi сыртқа шығаруға тыйым салынғалы бiраз уақыт. 1 мамырда сол тыйымның уақыты аяқталуы тиiс болатын, бiрақ Үкiмет оның мерзiмiн тағы да 1 шiлдеге дейiн созды. Осыған қарамастан елiмiзде бензин бағасы 25%-ға қымбаттайды деген болжам айтады аталмыш министрлiк.

Қазiр елiмiзде Шымкент, Атырау және Павлодар қалаларында мұнай өңдеушi үш зауыт бар. Бiрақ бұл зауыттар жоғары октанды бензинмен Қазақстан нарығын қамтамасыз ете алмайды. Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы директорының орынбасары, экономист Қанат Берентаев елде бензин қымбаттауының алғышарттары жоқ дегендi айтады. "Қазақстан мен Ресей – мұнайлы мемлекет. Бiзге мұнай өнiмдерi жетпейдi деу қисынға келмейдi. Ал бензин мен дизель бағасының қымбаттауы – екiншi мәселе.

Көктемгi және күзгi егiс науқаны кезiнде жанар-жағармайды қымбаттату үрдiске айналды. Бағаны күрт көтеру – бiздiң баға қалыптастыру саясатындағы кемшiлiгiмiз. Стратегиялық тауарларға келгенде, оны басқаруға құлықсызбыз", – дейдi ол "Tengrinews" сайтына берген сұхбатында.

Қазақстандағы инвестицияның рентабельдiгiн зерттеу жөнiндегi агенттiктiң мәлiметтерiне орай, 2009 жылы Қазақстанда жоғары октанды (АИ-92-ден жоғары) бензиндi тұтыну 2,3 миллион тоннаны құраған. Ал өндiретiнiмiз – 1,3 миллион тонна. Павлодар мұнай өңдеу зауыты жоғары октанды бензиннiң – 21,37 пайызын, Шымкент зауыты – 11,45 пайызын, Атырау зауыты – 3,88 пайызын құраған. Ал өте жоғары октанды бензин бiзде өндiрiлмейдi. Биыл жыл басында баспасөз-мәслихатын өткiзген "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайыргелдi Қабылдин БЭК аясында Ресей мен Қазақстанның бензин бағасы теңестiрiлетiндiгiн айтқан едi. Сол кездегi "Росстаттың" мәлiметi бойынша Ресейде АИ-92 (АИ-93) маркалы бензиннiң орташа бағасы Ресейде 24,11 ресей рублi немесе 120,5 теңге болса, Қазақстанда бұл бензиннiң бағасы 90,3 теңге болған. Қазiргi Ресейдегi бензин бағасы Америкамен теңестiрiлген. Демек бiздегi баға мұнай өндiрушi мемлекеттiң емес, мұнайды импорттайтын елдiң бағасымен теңестiрiлмек.

Есенгүл Кәпқызы