МАРЧЕНКО АЙТҚАНЫНАН ҚАЙТАР ЕМЕС
МАРЧЕНКО АЙТҚАНЫНАН ҚАЙТАР ЕМЕС
Бұған дейiн Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченкодан әбден көңiлi қалған Парламент сенатының депутаттары "теңге бағамын халық бас қаржыгердiң айтқанына емес, мұнай бағасының әлемдiк нарықта қалай өрбитiндiгiне қарап бағамдаған дұрыс" екендiгiн айтқан едi. Бұл пiкiрдiң астарында Сенат депутаттарының Ұлттық банк төрағасына деген үлкен қыжылы бар. Өйткенi халық қалаулылары төл теңгемiздiң болашағы туралы қордаланып қалған сұрақтарға бас қаржыгердiң Сенатқа келiп жауап бергенiн құптайды.
Сенаторлардың шақыруына үш жылдан берi құлақ аспай жүрген Григорий Марченко еш сасар емес. Ол ақпарат құралдарына берген қысқаша сұхбаттарында да Сенат қабырғасына қашан баратындығы туралы жарытып ештеңе айтпаған. Ал төл теңгемiз тұншығып, Ресей рублiнiң рөлi күшеюi ықтимал жағдайына бас қаржыгердiң немқұрайлы қарауы депутаттардың мазасын қашырып отыр. Әсiресе Кедендiк одаққа мүше мемлекеттерге қатысты валюталық саясат жөнiндегi заң жобасын талқылаған сенаторлар бұл мәселе бойынша Ұлттық банк төрағасының нақты сауалдарға жауап беруi керектiгiн тағы да қадап айтты. Бiрақ олар бұл жолы да Марченконың емес, оның орынбасары Данияр Ақышевтiң жауабын қанағат тұтты.
Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың үш жылдан берi төбе көрсетпей жүргендiгiне наразылығын бiлдiрген Сенат депутаты Светлана Жалмағамбетова: "Марченко неге Сенаттың отырысына қатыспайды? Ол бiздiң алдымызға қашан келедi? Мемлекеттiң мүддесiне қатысты маңызды мәселелер бар, соған қатысты Ұлттық банк төрағасының өз аузынан жауап алғымыз келедi" десе, депутат Ғани Қасымов: "Бiздiң теңгемiз қорғалмаған. Сiздер Кедендiк одақ аясында барлық операциялар тек теңгенiң негiзiнде жазылады деп заңға жаза аласыздар ма? Әйтпесе, күнi ертең төл теңгемiз рубльдiң тасасында жоғалып кетуi мүмкiн" деген үрейдiң бар екендiгiн жеткiздi.
Дегенмен Сенатқа жаңадан төраға болып тағайындалған Қайрат Мәми Марченкоға қатысты пiкiрiн жеткiзiп, әрiптестерiн сабырға шақырғандай болды. Бұған дейiн Сенаттың экс-төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: "Ұлттық банк төрағасының Сенатқа келуi керек болса, дереу шетелге iссапарға шыққалы жатыр деп менi жазбаша құлақтандырады да, өз орнына орынбасардың келуiн сұрайды. Бұл үрдiске айналып барады, осылайша, мiне, үш жыл өтiптi" дегенi де есте. Ал Сенаттың жаңа төрағасы Қайрат Мәми бас қаржыгердiң бұл еркелiгiн көтере ме, жоқ па, оны уақыт көрсетедi. Бiр айта кетерлiгi, көкейiндегi көп сұраққа жауап ала алмаған депутаттар Григорий Марченкоға тiсiн қанша рет қайраса да, Кедендiк одаққа мүше мемлекеттерге қатысты "Валюталық саясаттың келiсiлген қағидалары туралы" заң жобасын мақұлдап жiбердi.
Ал Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко депутаттардан гөрi тiлшi қауымымен жиi кездескендi қалайды. Сейсенбi күнi ол қаржы нарығындағы ахуалға байланысты сәуiр айының қорытындысын жария ету үшiн дәстүрлi баспасөз мәслихатын өткiздi. Бас қаржыгер алдымен Ұлттық банкте болған кадрлық ауыс-түйiс жайында сөз етiп, Елбасының жарлығымен Ұлттық банк төрағасының жаңа орынбасары болып тағайындалған Әбен Бектасовтың ақпараттық технологиялар мен телекоммуникациялар бойынша ең бiлiктi маманның бiрi екендiгiне тоқталды. "Төрағаның орынбасары болып тағайындалған осы маман Ұлттық банктегi төлем жүйелерi департаментi, автоматтандырылған банк жүйелерi басқармасының жұмысын өз қолына алады", – дедi Г.Марченко мырза.
Ол бұдан соң сәуiр айындағы қаржылық өзгерiстер жайында баян еттi. "Қаңтар мен ақпан айында инфляция деңгейi бiз күткен межеден жоғары болса, наурыз бен сәуiрде төмен болды. Сол себептi Ұлттық банк әзiрге қайта қаржыландыру ставкасының мөлшерiне өзгерiс енгiзудi жоспарлаған жоқ. Жыл басынан берi инфляция 4,2 пайызды құрады", – дедi. Сондай-ақ бас қаржыгер Г.Марченко төлем балансына қатысты алдын-ала болжанған қорытындыларға тоқталып, қуат көздерiнiң әлемдiк бағасының қолайлы болып отырғанын жеткiздi. Орта есеппен алғанда, 2010 жылы "brent" сұрыпты мұнайдың әлемдiк бағасының бiр баррелi 79,64 долларға өсiп, нәтижесiнде 2010 жылы тауар экспорты 38,5 пайызға ұлғайып, 60,8 миллиард долларды құраған көрiнедi.
Сонымен қатар жыл басынан берi Кеден одағына мүше мемлекеттерден келетiн импорт көлемi өскен. Сәуiр айында 1 миллиард доллар, ал жыл басынан берi шамамен 7 миллиард доллар сатып алынды. "Сөйтiп валюта нарығы өз қалпына түсiп, интервенциялар азайды. Алдағы уақытта теңге бағамы 144,6-144,7 аралығындағы жайлы бағамға келедi деген болжам бар. Ал отандық алтын валюталық қор 73 миллиард долларға жеттi", – дедi Г.Марченко.
Бас қаржыгер тiлшiлер тарапынан қойылған "Марченко Сенаттың отырысынан не себептi қашып жүр?" деген сұраққа: "Парламентке кез келген заң жобасы енгiзiлген кезде, Үкiметтiң хатымен сол заң жобасы бойынша баяндамашы анықталады. Ал осы мәселе бойынша әуел бастан менiң орынбасарым Ақышев мырза бекiтiлдi. Өйткенi Ұлттық банкте де бұл мәселеге осы орынбасарым жауапты. Егер баяндаушы өзiм болуым тиiс болып, орныма орынбасарымды жiбере салсам, онда менi айыптауға болар едi. Мына жағдай мен үшiн де, Ұлттық банк үшiн де тосын жаңалық болды. Депутаттар әуелде қаңтар айында шу ете қалды. Ол кезде Премьер-министрмен бiрге Давоста жүрген едiм. Ал кеше Азия даму банкiнiң Ханойда өткен жылдық жиналысына қатысып келдiм. Бұл да алдын-ала жоспарға iлiккен сапар едi. Сенат төрағасын, сенаторларды сыйлаймын. Жиынға қатысудан әдейi бас тартып жүрген жоқпын", – деп жауап бердi.
Бүгiнде Қытай юанiнiң тұрақты валютаға айналуы туралы мәселе көтерiлiп жүр. Яғни, юаньнiң АҚШ долларын алмастыруы әбден мүмкiн. Валюталар iшiнде қытай ақшасының ең тұрақты екендiгiн экономикалық сарапшылардың бәрi мойындайды. Осыған орай Вашингтонда өткен басқосуда екi елдiң өкiлдерi келiссөздердi аяқтап, тараптар дипломатиялық, экономикалық және саяси қарым-қатынастарды нығайту жөнiнде өзара пiкiр алмасты. Алайда америкалықтар аспан асты мемлекетiнiң қатаң шешiмдерiн де сынға алып, Бейжiңге iшкi сұранысты арттырып, юань бағамын жоғарылату үшiн көп күш жұмсау керектiгiн баса айтты. Демек алдағы жылы екi елдi саяси маңызды науқан күтiп тұрғаны да белгiлi. АҚШ-та президенттiк сайлау өтсе, Қытай Халық республикасының төрағасы Ху Цзиньтао өз орнын басатын iзбасарды белгiлемек. Мұның бәрi валюталық саясатқа қандай да бiр ықпалын тигiзуi бек мүмкiн.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ