"...БАЛАСЫ ҰРЫССА ӘКЕГЕ, ЖАРАСА МА?"

"...БАЛАСЫ ҰРЫССА ӘКЕГЕ, ЖАРАСА МА?"

"...БАЛАСЫ ҰРЫССА ӘКЕГЕ, ЖАРАСА МА?"
ашық дереккөзі

"…Тәлiмсiз өскен бозбала,

Өнерi шылым тартқаны. Аталы сөздi бiлмейдi, Алалай келер айтқаны. Мұның бәрiн ойласаң, Бағың қазақ қайтқаны…" Ғұмар ҚАРАШ
ӘКЕГЕ ӘКIРЕҢДЕП…
 

Бала тәрбиесiне бей-жай қарайтын қазақ емеспiз. "Баланы өскенше, немеренi өлгенше" тәлiм берiп, ұлағатты ұрпақ қалыптастыру – салтпен сiңген қазақы қасиет. Мемлекеттiң мерейiн асқақтатып, оны өркениет көшiне iлестiру секiлдi салауатты да сауапты iсте жас буынға артылар жүк те жеңiл емес. Мұхаңша (Мұхтар Әуезов) айтқанда, ел болуды бесiктен бастаған халықпыз. Баланы тәрбиелеудегi мақсат туралы Мағжан Жұмабаев "Педагогика" атты еңбегiнде былай баяндайды: "Бала тәрбиесi – бiр өнер, өнер болғанда, ауыр өнер, жеке бiр ғылым иесi болуды тiлейтiн өнер. Баланы дұрыс тәрбие қылу үшiн өз тәжiрибесi жетпейдi. Басқа адамдардың тәжiрибесiмен танысу керек. Бала зағип болса, баладан емес, тәрбиешiден, бала тар ойлы ақымақ болса, бала кiнәлi емес, тәрбиешi кiнәлi, бала сұлулықтан ләззат ала бiлмейтiн мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиешi жазалы. Қысқасын айтқанда, тәрбиеден мақсұт – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару". Иә, даналар айтып кеткендей, әкенiң балаға берер ең жақсы сыйы – тәрбие. Шығыс халқы айтатын: "Бала iстеген жауыздықтың жазасын тәрбиешi көтерсiн", – деген сөздiң мағынасы тым терең. Расында да, бала қымбат болса, баланың тәрбиесi одан да қымбат.

Өкiнiшке қарай, әкесiне әкiреңдеп, анасына ақырған кiшкентайларды көз көрiп жүр. Осындайда қолына қалам ұстаған тiлшi қауымның "Абай айтпақшы" деп бастап мақала жазатын жақсы әдетiне салсақ, данышпанның "…Әке ұрысса балаға, ол да – достық, баласы ұрысса әкеге, жараса ма?" деген дана сөзi ойға оралады. Абайдың айтқаны дәл бүгiнгi қоғамға сай келiп тұрғандай. Себебi баспасөз бетiнде ұлттық тәрбие жұмысы қағажу көрiп, балалардың әдебi тым нашарлап кеткенi туралы мәселе арагiдiк көтерiлiп жүр. Баланы бастан тәрбиелеудiң мәнiсi неде? Iзгiлiкке бастайтын жол қайсы? Осы сұрақтарға жауап iздеуге тырысқан едiк…
АЛДАСАҢ – АЛДАНАСЫҢ
 

Бiр нәрсенiң бетi ашық: бiреудi қорлаған адам өзi қорланады, алдаған алданады… Баласы өзiн алдап кетсе, оған долданады. Себебi "ұяда не көрсе, ұшқанда соны iлетiн" бала көргенiн айта-қатесiз қайталайды. Сосын "бұл бала бұзылыпты, бетiмен кетiптi…" деп жатқан жандар қаншама. Абайдың оныншы қара сөзiн оқып, осы жайтқа шындап қаныққандай болдық. Оқып көрелiк: "Әуелi балаңды өзiң алдайсың: "Әне, оны берем, мұны берем", – деп. Баста балаңды алдағаныңа бiр мәз боласың. Соңы… балаң алдамшы болса, кiмнен көресiң? "Боқта" деп бiреудi боқтатып, кәпiрқияңқы, осыған тимеңдершi деп, оны масаттандырып, әбден тентектiкке үйретiп қойып, сабаққа бергенде, молданың ең арзанын iздеп, хат таныса болады деп, қу, сұм бол деп, пәленшенiң баласы сенi сыртыңнан сатып кетедi", – деп тiрi жанға сендiрмей, жат мiнез қылып, осы ма берген тәлiмiң? Осы баладан қайыр күтесiң бе?!"

ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ, ЭКРАНЫҢДЫ ТҮЗЕ
 

Нарықты желеу етiп, нан табамыз деп нәрестенiң тәрбиесiн теледидарға тапсырып қойған жайымыз бар. Күнi бойы жұмыста болып, кешке сiлесi қатып келген ата-ана баласының атқан таңнан қара кешке дейiн не көрiп, не iстегiнен бейхабар. Ал "тележәшiктiң" "тәрбиесi" түсiнiктi: атыс-шабыс, кiсi өлтiру, зорлау, қарақшылық, тағысын тағы. Психолог Гүлден Батырованың айтуынша, бұл көрсетiлiмдер, әсiресе, баланың санасына көбiрек әсер етедi. Жас кезiнен ұрыс-төбелестi көрiп өскен балалардың есейе келе мейiрiмсiз, тасжүрек, қылмыс iстеуге бейiм келетiнi белгiлi.

Психологтың сөзiне қарағанда, баланың тәрбиесiне үш нәрсе әсер етедi: ата-анасы, ұстазы және жүрген ортасы. Қазiргi балалар жарты күнiн өз үйiнде өткiзсе, қалған уақытын мектептегi ұстаздары мен жолдастарының ортасында өткiзедi. Қала берсе, бос уақытында компьютерлiк клубқа барып, атыс-шабыс ойындарын ойнайды. Сәбидi кiшкентайынан бала күтушiнiң қолына берсек, одан кейiн балабақшаға тапсырамыз. Ата-ананың мейiрiмiнен мақұрым қалған балада өзгелерге деген мейiрiм қайтiп оянсын?
"СҮТПЕН СIҢГЕН МIНЕЗ, СҮЙЕКПЕН КЕТЕДI"
 

Баяғыда бiр кiсi ойшылға барып: "Балам бiр жасқа толды. Тәрбиесiн қай кезден бастаған дұрыс?" – дептi. Сонда әлгi ойшыл оған былай жауап қатқан екен: "Сiз тәрбиенi бiр жылға кешiктiрiпсiз ғой". Бұдан байқағанымыздай, сәбидi өмiрге келмей тұрып тәрбиелеу керек. Жақсы тәлiмдi жатырдан бастаған абзал. Оған жылы сөздер айту, кiтап оқу, тiптi онымен тiлдесу секiлдi әрекеттер баланы құрсақтан тәрбиелеудiң алғышарттары. Өйткенi жүктiлiктiң 17-20 аптасынан бастап бала анасының және сырттағы дауыстарды ести алады екен. Бұл туралы гинеколог Ақжан Бегманқызы былай дейдi: "Iште жатқан сәбидiң қимылдары анасының қуанғанына немесе қайғырғанына қарай өзгередi. Анасы мұңайғанда қимылсыз жатқан сәби анасы қуанғанда жыбырлап қозғала бастайды. Осылайша сәби жатырда жатқан кездiң өзiнде анасының психологиялық күйiне қарай көңiлдi, мұңды немесе томаға тұйық мiнездi бойына сiңiредi". Сондай-ақ ана осы кезеңдерден бастап барынша таза болғаны абзал. Себебi дәреттiң денсаулық үшiн пайдасы көп. Абайдың әжесi Зере Құнанбайды дәретсiз емiзбегенiн жақсы бiлемiз. Әрдайым басына орамалын тағып, Алла атымен бастап емiзген ананың сүтiнде береке болады. Басында орамалы жоқ, ұйпа-тұйпа шаштан бала да шошиды. Медицина мамандары бастағы қайызғақтың баланың аузына емшекпен бiрге кiрiп кететiнiн жиi ескертедi. Ондай бала әлбетте ашушаң, тұрақсыз болып өседi. "Сүтпен сiңген мiнез, сүйекпен кетедi" деген мақал осындайда айтылған деседi.

Сондай-ақ құрсақтағы бала мен ананың өмiрiн бiр-бiрiнен бөлiп қарауға әсте болмайды. Ана өз бойындағы қуатты, рухани құндылықты болашақ сәбиiне сiңiредi. Сонымен қатар ананың iшiп-жейтiн тағамы халалдан болуы тиiс. Бала дүниеге келгенде оған жақсы ат қою да өте маңызды. Ғалымдар адамға қойылған аттың кейiнгi өмiрiне оң әсерi болатынын айтқан. Халқымыз осы себептi нәрестеге ат қойғанда "атына заты сай болсын" деген тiлектерiн бiлдiрген. Есiмдi Ислам дiнiнiң шарттарына сәйкес, азан шақырып қою – бiздiң салтымызға сiңiп кеткен жақсы қасиет.
ТӘРБИЕ ТIРЕКТЕРI
 

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманында мынадай оқиға болған екен. Бiр кiсi бақшасында өсiп тұрған құрмасына тас лақтырған балаға ашуланып, сүйреген қалпы Алла Елшiсiне (с.ғ.с) әкеледi. Сонда пайғамбар (с.ғ.с) сабырлы кейiппен баладан сұрайды: "Балапаным, құрма ағашына неге тас лақтырдың?" Сонда бала: "Қарным қатты ашты. Құрма жегiм келдi", – дейдi. Сонда оған: "Жерге түскенiн жесең, же, бiрақ ендiгәрi құрмаларға тас лақтырма", – дейдi. Осы оқиғадан байқағанымыздай, баланың кiнәлi екенiн сезсек те ашу үстiмен оған ұрыспай, iстiң дұрыс-бұрыстығын даналықпен жеткiзген өте пайдалы. Бұл оқиғаның астарында педагогикалық тәлiм-тәрбие жатыр. Алдына ашумен алып келген балаға, оның кiнәлi екенiн бiле тұра пайғамбарымыз (с.ғ.с) зекiп, ұрыспады. Өйткенi балаға ұрысқаннан гөрi оған жақсы көретiнiңдi бiлдiру аса маңызды. Психология ғылымында бұл дәлелденген.

Қазiргi кезде "баланың тәрбиесiне бiрiншi ата-ана, онан соң мектептегi мұғалiм жауапты" деген түсiнiк бар. Бұлай болуы заңды да шығар. Бiрақ бұл жерде ең басты болып саналатын әке жауапкершiлiгiн де ұмытып бара жатқан сыңайлымыз. Жас бала жас шыбық секiлдi қалай қарай исең, солай өседi. "Исламдағы бала тәрбиесi" кiтабының авторы Құдайбердi Бағашармен тiлдескенiмiзде, бiзге бүлдiршiнге тәлiм-тәрбие берудiң мынадай тәсiлдерiн тәптiштеп айтып бердi: Бiрiншiден, баланың таным деңгейiн дұрыс анықтау. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Әрбiр адаммен өз дәрежесiне сай қарым-қатынас жасаңдар", – дей келе: "Әркiмнiң санасына қарай шара қолданыңдар", – деп адамды тәртiпке салуда оның жағдайын басты назарға алуды ескерткен. Екiншiден, байыптылық пен жұмсақтық. Ислам дiнiнде баланы әдептi, көргендi етiп тәрбиелеу – ата-ананың ең негiзгi мiндеттерiнiң бiрi. Тәрбиеде жұмсақтық пен жылылықты негiзге алу керек. Үшiншiден, жақсы көру мен қорқыту. Бала тәрбиесiнде, әрине ең негiзгi ұстаным – сүйiспеншiлiк. Бiрақ мамандар жақсы көруде де артық кетпей, тепе-теңдiктi сақтау қажеттiгiн айтады. Төртiншiден, жақсы сөз – жарым ырыс. Тәрбие барысында ата-ананың сөзге абай болғаны жөн. Себебi әрбiр жаман сөздi бала естiп, оны қайталайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Мұсылман кiсi бiреудi жамандап, лағынет айтып қарғамайды, ұятсыз жаман сөздер айтпайды", – деген. Бесiншiден, кемшiлiктерiн бетiне баспау. Жасалған қателiктi жағдайға қарай толықтай кешiру не көрмеген сыңай таныту немесе жанама жолдар арқылы ескерту жасаған жөн. Жөнге салудағы басты ұстанымдардың бiрi – кемшiлiктi бетке баспау. Алтыншы, баламен ақылдасу. Жеткiншектiң өзiне қатысты мәселелерде үнемi пiкiрiмен санасып, бiрге ақылдасып шешу – баланы болашақ өмiрге дайындаудың ең оңтайлы тәсiлi. Жетiншi, бүлдiршiннiң бiр тәулiктiк күн тәртiбiн енгiзу. Яғни оның өз-өзiне есеп беруiне итермелеу. Сегiзiншi, балалардың арасын алаламау. Өзiн жанұяда артық адам секiлдi сезiнуi – баланың психологиясына керi әсерiн тигiзедi. Осының салдарынан оның бойында қызғаныш, дұшпандық, бойкүйездiк, т.б. жағымсыз сезiмдер пайда болады. Бүгiнгi көтерiп отырған тақырыбымызға қатысты бiрқатар мамандардың пiкiрiн бiлген едiк. Совет-Хан ҒАББАСОВ, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
ЖАСТАРЫМЫЗДЫ ЖАТЫРДАН ТӘРБИЕЛЕЙIК
 

– Адам тәрбиесi тәрiздi өте күрделi құбылыстың бастауы болып саналатын ұрық тазалығы мен ана құрсағындағы жетiлудiң сырына терең үңiлмей, ұрпақ тәрбиесiнiң iргелi мәселесiн дұрыс шешу дұрыс емес. Әсiресе бүгiнгi молекулалық биология мен генетика ғылымдарының қол жеткен табыстары осы ойымызды тапжылтпай дәлелдеп отыр. Себебi адам жаратылысындағы тек түйсiк ақыл мен iшкi сезiмдi былай қойғанда, онда тума қабiлеттерi мен мiнез-құлқы, психикалық жiгерi мен тектiлiк қасиеттерiнiң iштен туатындығы ғылыми әбден дәлелденген құбылыстар екенiн ескерген жөн.

Шынын айтсақ, соңғы жылдардағы ұрпағымыздың маңдайына тиiп жүрген күйелi көсеу де осы екенiн несiне жасырамыз. Оның жауапкершiлiгi тiкелей ата-ананың мойнында екенiн ашып айтқан жөн. Олай болса, келер ұрпақтың бақыты мен саулығы тiкелей алдыңғы буынның ұрық тазалығы мен ана құрсағындағы тәрбиенi түсiнуiне байланысты. Қалай десек те, бұл мәселенi ары қарай назардан тыс қалдыра беру бүкiл адамзат қауымын апатқа ұшыратуы да мүмкiн. Ұрық тазалығы – еркектiң аталық парызы болғанда, ана құрсағындағы тәрбие – әйелдiң аналық парасаты екенiн тiршiлiктiң бұлжымайтын заңындай етiп өмiрге енгiзу қажет. Сондықтан да ананы да, атаны да, өзiнiң мiнәжат етер қағбасына бетiн түзеп, бұл кезеңдегi тәрбие тәсiлдерiнiң қыры мен сырына саналы түрде үйретудiң мiндетi мен қажеттiлiгi ұлттық идеологиямыздың негiзгi арқауы болуға тиiс. Ана атаулы жүктi кездерiнде құрсағындағы жан иесiне тәрбиенi жеткiзу тәсiлдерiн бiлмейтiндiктен, осы кезеңнiң өзiне ғана тән тәрбиесi тас қараңғы қалпында қалып отыр. Соның салдарынан қазiргi нәрестелер түгелге жуық жүрек тәрбиесi оянбай, былайша айтқанда, жан дүниелерiнiң арналары ашылмаған күйде өмiрге келiп жатыр. Сондықтан да олар зердесi таяз, жiгерлерi құм, мiнездерi дөкiр, ұяттан безген, ешкiмдi де сүймейтiн, қабiлетi әлсiз, түйсiгi жоқ, көкiрек көздерi оянбаған, денсаулығының да ақаулары мол адамдар тобырын көбейтiп отыр. Осының барлығы да бұған дейiн ескерiлмей келген адам тәрбиесiндегi аса ауыр қателiктер болып есептелiнедi. Нәзира ЖҰМАНАЗАРОВА, психология ғылымдарының кандидаты:
КIНӘ ӨЗГЕДЕ ЕМЕС, ӨЗIМIЗДЕ
 

– Психология ғылымы бойынша баланың ақыл-есiнiң, таным-түсiнiгiнiң қалыптасуы екi кезеңнен тұрады. Бiрiншi кезең – бүлдiршiн үш жасқа толғанда үлкен адамдармен қарым-қатынаста дағдарысқа тап болады. Осы кезеңде ата-ана оның сөйлеген сөзiн мұқият тыңдап, сұрағына байыппен, қанағаттанарлықтай жауап қатуы тиiс. Оны түсiнгiсi келетiн нәрселерден тыйып тастау әсте әбестiк болар едi. Себебi сәбидiң өз ойын ашық айта алмай, тұйықталып қалуы осыдан басталады. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа қаяу түседi. Бiз өкiнiшке қарай, нәрестенi "болды, ендi көп сөйлеме, әйтпесе анау ата қазiр құлағыңды кесiп алады" деп қорқытып-үркiтемiз, сұрағына жауап беруден жалтарамыз. Бұл дұрыс емес.

Екiншi кезең – ойын қуған жетi жастағы баланың оқуға, ойлауға бейiмделуi. Баланың жамандық атаулыдан бойын аулақ ұстауы, көп жағдайда өскен ортасына байланысты. "Ұяда не көрсе, ұшқанда соны iледi". Бiзде бала бiр нәрсенi бүлдiрiп қойса, "сен адам болмайсың" деген қасаң көзқарас қалыптасқан. Ал жөйттер (еврейлер) баласына үнемi "сен академик, президент боласың" деп оның жiгерiн, ынта-ықыласын оятып, соған талпынуға деген ұмтылысына дем берiп отырады. Бiз болсақ, керi тартамыз. Оны ынжық қылып өсiремiз. Содан кейiн өзiмiзге емес, өзгеге ренжимiз. "Жұрттың баласы мал тапқыш, бiлiмдар, бiздiкiнiң қолынан түк келмейдi", – деймiз. Кейбiр ата-аналар жұмысты желеулетiп бала тәрбиесiне жүрдiм-бардым қарайды. Бұл – үлкен қателiк. Бала тәрбиесi қашан да бiрiншi орында тұруы тиiс. Бибiгүл ТӘШЕНОВА, ата-ана:
ҮЛГI БОЛУ – ҮЛКЕН IС
 

– Әрбiр дүниеге сәби әкелген ана өзiне жүктелген жауапкершiлiктiң аса маңызды екенiн сезiнуi керек. Баланың болашақта қандай адам болатыны тәрбиеге байланысты. Әуелi ол өзiнiң денсаулығын күтiп, адал тамақ жесе, өтiрiк айтпай, күнә iстемесе, бұл баланың денсаулығына да, рухани жан-дүниесiне де үлкен әсерiн тигiзедi. Жүктiлiктiң 17-20 аптасынан бастап, бала анасының және сырттағы дауысды ести бастайды. Сондықтан ананың жақсы сөз айтуы, бiреудi жамандамауы, өсек сөзге ерiп кетпеуi, бәрi-бәрi iштегi балаға әсер етедi.

Қазақтың салты мен дәстүрi тәрбие мен адамгершiлiкке негiзделген. Сондықтан баланы имандылық жолында тәрбиелеудiң маңызы ерекше. Қазiр техниканың дамыған заманы ғой, таңдау көп. Iзгiлiкке бастайтын, үлкенге құрмет, кiшiге iзет етуге үндейтiн үнтаспаларды тыңдау яки көру – iштегi балаға тiкелей әстер етедi. Тәрбие берудiң негiзгi мәйегi – мейiрiм мен сүйiспеншiлiкте. Әсiресе, кiшкентайлар үшiн мейiрiм мен сүйiспеншiлiктiң орны ерекше. Олар мейiрiм мен махаббатқа мұқтаж. Бала кiмнен мейiрiм көрсе, соны ең жақын адамына балайды, көрген сайын iшi жылып, ерекше қадiр тұтады. Әрдайым соны iздеп тұрады. Айтқандарын орындауға тырысады. Жалпы адамның табиғатына тән құбылыс қой, кiшкентайлар өзiнiң жақсы көрген адамына елiктегiш келедi. Ендеше, бiз оларға сөзiмiзбен де, iсiмiзбен де үлгi бола бiлуiмiз керек. Баланың қатесiн түзетiп, жөнге салу, шектен шығып жатса, есiн кiргiзiп қоюдың орны ерекше. Бiрақ қателердi түзетуде ең әуелi мейiрiм мен насихаттың әсерi мол екенiн ескергенiмiз жөн. Себебi, балалар көбiне жасаған қателiктерiнiң парқына бара бермейдi. Мұндай жағдайда оларға ұрсып-зекудiң пайдасынан зияны басым болуы кәдiк. Кей кезде баланы тыңдай да бiлу керек. Ойын ашық айтуға мүмкiндiк берсек, бiздiң де сөзiмiздi тыңдауға дағдыланады. Себебiн бiлмей, жөн-жосықсыз ұрса беру – балаға керi әсер етедi. Балалықпен қате жасайды. Ал үлкендер болса, олардан үлкен кiсiнiң iстейтiн iсiн күтедi. Бала өз iсiнiң қателiгiн түсiнбегендiктен, ата-анасының яки үлкендердiң не үшiн ұрысқанын түсiнбей дал болады. Сөйтiп, ата-анам менi жақсы көрмейдi деген ойға қалады. Гүлзағира АРЫН, мұғалiм:
БАЛАНЫ ЕРТЕ ЕСЕЙТУ КЕРЕК
 

– Мектеп – баланың екiншi үйi. Ал мұғалiм – екiншi анасы. Менiң ойымша, бұл ретте мектеп мұғалiмдерiне де артылар жүк жеңiл емес. Дейтұрғанмен, бала тәрбиесiн бiржақты ысырып қоюға болмайды. Әркiм өзiне қатысты мiндеттi жауапкершiлiкпен атқарса, сонда ғана iс насырға шаппайды. Мәселен, мен мектепте 30 балаға жетекшiлiк етемiн. Әрқайсысының мiнезi әртүрлi. Бiлiм деңгейi де бiр-бiрiне ұқсамайды. Тәрбиесi де сондай. Кейбiр балалар үйдегi болған оқиғалардың бәрiн достарына, мұғалiмдерге ашық айта бередi. Бiрде бiр оқушының: "Кеше анам мен әкем жанжалдасып қалды. Сосын екеуi бiр-бiрiмен сөйлеспей қойды. Әкем бiраздан соң үйге гүл әкелiп, анама бердi. Сөйтiп екеуi бiр-бiрiмен сөйлесiп кеттi", – деп бiр күлдiрiп алғаны бар. "Балалы үйде ұрлық жатпайды" деген осы. Алайда кейбiр кiшкентайлар үйдегi сөздi мектепке, мектептегi сөздi үйге тасымайды. "Әкем "сыр сақтаған бала – жақсы бала, артық сөйлеме, сұрақ қойса, жауап бер, салмақты, сабырлы бол" деп үйреттi", – дейдi. Көрдiңiз бе, бұл да тәрбиеге байланысты. Мен ол баланың ата-анасын танимын. Имандылық жолында жүрген жандар. Ал ұл-қыздарының ата-анасынан тәлiм алғанын бiрден байқайсың. Жүрiс-тұрысы, киiм киiсi, сөйлеген сөзi үлкен кiсiлерге ұқсайды. Киiмiн таза ұстайды. Сабаққа кешiкпей келедi. Сабақ айтқанда, қысылуды бiлмейдi. Ойын ашық айта бiледi. Соған қарағанда, ата-анасы оны бала демей, үлкен кiсi ретiнде сөйлесетiн секiлдi. Не айтқың келiп тұрғаныңды сезiп қояды.

Сондықтан бiз баламен күнделiктi әңгiме-дүкен құруды әдетке айналдырғанымыз абзал. Әйтпесе ол ынжық, жасық болып өседi. Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ, исламтанушы:
БАЛАҒА БАЛАМА ЖОЛДЫ ҰСЫНАЙЫҚ
 

– Ата-аналардағы қателiктердiң бiрi – баланы не болса содан тыйып, iс-әрекетiн шектей беруi. Баланың қате қылығын тыйған кезде, орнына басқа бiр дұрыс нәрсенi көрсету керек. Олай болмағанда бала баяғы iстеген қателiктерiне қайта басуы я болмаса қырсық мiнездiлiкке бейiмделуi мүмкiн. Мысалы бала ыдыс-аяқпен ойнағысы келгенде, дереу қолынан ыдысты жұлып алғаннан гөрi "ойнасаң, мә, мына сынбайтын ыдыспен ойна" деп оған басқа ыдыс беру керек. Үйдiң керегелерiн сызғыштап ойнаған баланың қолына дереу басқа бiр дәптер яки қағаз ұстатып: "Сызсаң мынаған сыз, "жүгiрсең, мұнда емес ана жерде жүгiр, көрсең, бұл фильмдi емес, ана фильмдi көр", – деген секiлдi баламаларды көрсетуiмiз қажет.

Қазiргi кездегi қалада балалар баратын ойын залдары мен кинотеатрларда көрсетiлетiн фильмдер бала тәрбиесiне, мiнез-құлқына залалды болуы мүмкiн. Сондықтан балаларға ана жерге, мына жерге барма дегеннен гөрi, оларға басқа жағдай жасау керек. Үйге компьютер алып, зияны жоқ ойындар мен фильмдердiң дискiлерiн дайындап, ойын ойнап, кино көретiн уақыттарын белгiлеу дұрыс. Ата-ана қашанда баласының тiлегiн Құдайдан сұрауы жөн. Бұл педагогтар үшiн де маңызды. Көптеген хадистерде баласының тiлеуiн тiлеген ата-ана дұғаларының қабыл болатындығы айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) балаға дұға ету арқылы оның маңыздылығын бiлдiрген. Қолынан келер тәлiм-тәрбие берген педагогтар да бұдан кейiн балалар үшiн үнемi Жаратқаннан тiлек тiлеп жүргендерi дұрыс. Қорыта келгенде, адамға әр жасқа сай тәлiм-тәрбие беруде ұлағаты мол тамаша ұстаз, ақиық Пайғамбардан (с.ғ.с) алар үлгiмiз көп. Оның бала тәрбиесiне қатысты көрегендiгiн көптеген оқиғалар дәлелдейдi. Кезiнде тұтастай бiр қоғамды жамандықтан тыйып, жақсылыққа тәрбиелеген хазiретi Мұхаммедтiң (с.ғ.с) өмiрi мұқият зерттелуi тиiс. Ол – бала тәрбиесiнде қиындық көрiп жүрген ата-аналар мен педагогтар үшiн таптырмас үлгi.
Гүлжан СЫДЫҚОВА