"Батыс Қытай – Батыс Еуропа" көлiк дәлiзi: ЖОЛ САЛҒАНДАР МЕН ҚАРЖЫҒА ҚОЛ САЛҒАНДАР

"Батыс Қытай – Батыс Еуропа" көлiк дәлiзi: ЖОЛ САЛҒАНДАР МЕН ҚАРЖЫҒА ҚОЛ САЛҒАНДАР

"Батыс Қытай – Батыс Еуропа" көлiк дәлiзi: ЖОЛ САЛҒАНДАР МЕН ҚАРЖЫҒА ҚОЛ САЛҒАНДАР
ашық дереккөзі
265

Ел экономикасының негiзгi күретамыры болып саналатын жол сапасының сын көтермейтiндiгi туралы талайдан берi айтылып та, жазылып та жүр. Бұл мәселенi мемлекет "Жол картасы" бағдарламасымен де шешпекшi болып, бiраз қаржы да бөлдi. Әрине, ұлан-ғайыр жерiмiздiң шұрқ-тесiк жолын жамауға бiр ғана жобаның күш-қауқары жете қоймасы айдан анық.

"Жол азабын жүрген бiлер" демекшi, кеңестiк кезеңнен берi күрделi жөндеу көрмеген жолдардың жәйiн қарапайым көлiк жүргiзушiден артық бiлетiн ешкiм жоқ. Ортасы опырайып, ойылып қалған жолды бетке алған жүргiзушiнiң де мақсаты – дiттеген жерiне тезiрек жету. Бiрақ азапты да ауыр жол жүйкеңдi жұқартып, көлiгiңдi уақытынан бұрын тоздырып, әуре-сарсаңға салады. Дәл осындай күйдi әсiресе, Шығыс Қазақстан облысы аймағына сапар шексеңiз, бастан кешетiнiңiз сөзсiз.

Былтыр "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" көлiк дәлiзiнiң жобасы iске қосылғанда, әрi-берi қатынамай тұрмайтын қарапайым халық "бұл жолмен көлiктiң өзi-ақ заулайтын болады" деп қатты қуанған. Өйткенi аса ауқымды жобаны өз тiзгiнiне алған Көлiк және коммуникация министрлiгi де халықаралық көлiк дәлiзiнiң 2787 шақырымы Қазақстан арқылы өтетiндiгiн және жолдың әлемдiк стандарттарға сай салынатындығын айтқан едi. Ендi жұрт Ақтөбе облысынан басталып, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының үстiмен өтетiн күре жолдың пайдалануға берiлетiн күнiн зарыға әрi тағатсыздана күтуде.

Көлiк дәлiзiнiң жалпы қашықтығы – 8445 шақырым. Оның 2 мың 233 шақырымы Ресейдiң, 3 мың 425 шақырымы Қытайдың территориясымен өтедi. Ал сметалық құны 825 миллиард теңгеге бағаланған. Ал жолдың желiсiне келсек, Люньяньган-Чжэнчжу-Ланьчжоу-Үрiмшi-Қорғас-Алматы-Қордай-Тараз-Шымкент-Орынбор-Қазан-Төменгi Новгород-Мәскеу-Санкт Петербург маршрутымен өтедi. Жолдың 1 390 шақырымы 1-техникалық категория бойынша төрт жолақты, қалған 1 062 шақырымы екi жолақты, 2-техникалық категориямен төселедi. Жоба республикалық бюджет, сыртқы қарыздар және концессия негiзiндегi жеке капиталдың есебiнен қаржыландырылуда. Алдын ала болжам бойынша, "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" көлiк дәлiзiнiң құрылысы 2012 жылы тәмамдалса, толықтай пайдалануға 2013 жылы берiледi деп жоспарланған.

ОҢТҮСТIК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨРШIГЕН ДАУ

"Батыс Қытай – Батыс Еуропа" жобасының кестеден кешiгiп отырған жайы бар. Былтыр халықаралық көлiк дәлiзi Оңтүстiк Қазақстан облысының аумағына келгенде тоқтап қалған-тұғын. Бұл аймақта жұмыс 2010 жылдың маусым айында басталуы тиiс болса да, кейбiр жайттарға байланысты биылғы жылдың наурызына шегерiлген. Бұған жергiлiктi жер иелерiмен жүргiзiлген келiссөздердiң шикiлiгi себеп болғанға ұқсайды. Бүгiнде 900-дей жер иелерiнiң тек 150-i ғана өтемақы алған. Көбiнiң құжаттары әзiр емес. Олар мемлекет тарапынан берiлiп жатқан өтемақы көлемiне де қанағаттанбайтындығын бiлдiрiп, таудай талаптарын қойған-ды.

Алайда мердiгерлерi былтырғы жылдың маусымында анықталған құрылыстың осы уақытқа дейiн тұралап тұруына не себеп? "Оңтүстiктегi құрылыстың кешеуiлдеуiнiң басты түйткiлi – жер учаскелерiн сатып алу. Бүгiнгi күнi сатып алуға жататын 530 гектар жердiң 127-сi мемлекеттiк меншiкке алынды. Бұл бағытта бiрқатар проблемалар бар. Бiрiншiсi, жер учаскелерi кепiлде тұр. Екiншiсi, жер иелерi белгiлеген бағамен келiспей отыр. Үшiншiсi, жердiң меншiк құқықтарын белгiлейтiн құжаттардың болмауы. Бұл жобаның дәл Шымкентке келгенде тоқырауға ұшырауы жайында облыс әкiмi Асқар Мырзахметов: "Жол құрылысын бастауға жер кедергi болып отыр деген мәселе бұрын көтерiлген жоқ. Менiң бiлуiмше, құрылыстың басталмауының басты себебi – тендер өткiзiлмеген" – деген уәжiн жайып салғанда, халық кiмге сенерiн бiлмей дал болды.

Ал жақында Оңтүстiк Қазақстан облысындағы "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" халықаралық дәлiзi бойынан 311 жер телiмiнiң әлi сатып алынбағандығы жөнiнде ақпарат тарады. Бұл туралы Парламент сенатының жалпы отырысында "Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттiгi мен Қазақстан Республикасының Үкiметi арасындағы көлiк дәлiзiн (Жамбыл облысы) қайта жаңарту жобасы бойынша Қарыз туралы келiсiмдi ратификациялау туралы" заң жобасын талқылау барысында мәлiм болды. "Бүгiнгi күнi Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" халықаралық дәлiзi бойынан 311 жер телiмi жекеменшiк сектордан әлi сатып алынған жоқ. Бұған негiзгi себеп – бiр жағынан заңдық құжаттар толық болмай шықса, екiншi жағынан жер иелерiнiң бағамен келiспеушiлiгi орын алуда. Бұдан бөлек заңға енгiзiлген соңғы өзгерiстерге сәйкес, бұндай жер телiмдерiн сатып алу жергiлiктi әкiмдiктерге жүктеледi", – дедi Автомобиль жолдары комитетi төрағасының орынбасары Нұрланбек Өмiрбаев.

Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" дәлiзi 200 шақырым қашықтықты құрайды. Алайда бұл бiрқатар жерлерде әлi қолға алынбаған болып шықты. Сорақысы сол, бiр жылдың iшiнде әлi күнге жер телiмдерiн сатып алу мәселесi толықтай шешiмiн таппай келедi екен. Оның үстiне "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" халықаралық дәлiз құрылысына тартылған бас мердiгердiң бiрi "Аккорд Окан бiрлескен кәсiпорны" қосалқы мердiгермен жасасқан келiсiм-шарттағы мiндеттемелерiнен бас тартып, 30-ға жуық қазақстандық жұмысшының 9 миллион 743 мың теңге еңбекақысын бермей, әбiгерге салғаны жұрт есiнде.

Оңтүстiк Қазақстан облысының Сайрам ауданының бұрынғы әкiмi Мұхит Әлиге "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" көлiк дәлiзiнiң аумағынан жер бергенi үшiн қылмыстық iс қозғалды. Ол қызмет бабын асыра пайдаланып, сыбайлас жемқорлыққа жол берген. Тексеру нәтижелерiнiң алдын ала қорытындысына сәйкес, Сайрам аудандық әкiмшiлiгi шаруа қожалығын жүргiзу мен жеке шаруашылық және жеке меншiк тұрғын үй салу үшiн, сондай-ақ уақытша пайдалануға 14 тұлғаға жалпы ауданы 34,83 га болатын 17 жер телiмiн берiптi.

ЖАҢА МИНИСТР ЖЕМҚОРЛАРДЫ АУЫЗДЫҚТАЙ АЛА МА?

Қолда бар мәлiметтерге қарағанда, 2010 жылы жобаны iске асыру барысында 417 шақырым жол асфальт-бетон жамылғысының астыңғы қабатына салынған. Оның iшiнде Ақтөбе облысында – 143 шақырым, Қызылорда облысында – 194 шақырым, Жамбыл облысында – 80 шақырым. Ағымдағы жылы шамамен 161,2 миллиард теңгенi игеру жоспарлануда. Қазiргi күнi құрылыс жұмыстары жолдың 1 615 шақырым бойында жүргiзiлуде. Осы жұмыстарды 19 бас мердiгерлiк компания (оның iшiнде 5 қазақстандық компания ("Каздорстрой" ЖШС, "АқмолаҚұрылыс материалдары" ЖШС, "К-Дорстрой" АҚ, "КСС/ЖамбылЖолҚұрылыс" (Корея/Қазақстан) БК, "Кпри/Сейсер" (Кувейт/Қазақстан)) және 98 отандық шағын мердiгерлiк ұйымдар атқаруда.

"Батыс Қытай – Батыс Еуропа" халықаралық көлiк дәлiзiнiң ендiгi болашағына жауапты тұлға, Көлiк және коммуникация министрi Берiк Камалиев жобаның iске асырылу барысы бойынша алғашқы жиын өткiздi. Мұнда тағы да заң бұзушылықтардың орын алғаны туралы мәлiметтер жария болды. "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" көлiк дәлiзiн салуға бөлiнген қаржының бiразы талан-таражға түскен. Сарапшылардың айтуынша, аталмыш министрлiкте жемқорлық 40 пайызға өсiп, сыбайластық жемқорлық бойынша мемлекеттiк органдар арасында 8-орынға шыққан. Алайда бұл пiкiрмен келiспеген Көлiк және коммуникация министрiнiң орынбасары Еркiн Дүйсенбаев "2006 жылмен салыстырғанда, жемқорлық екi есеге төмендедi" деп мiз бақпады. Мәселен Оңтүстiк Қазақстанда 36 га. жердiң 17 млн. 500 мыңға алынып, кейiн мемлекетке 44 млн.-ға сатылғаны анықталды. Қаржы полициясы жоба қаржысын жымқыру iсiне бұрынғы вице-министр Дулат Көтербековтiң де қатысы бар деп отыр. Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгi төрағасының орынбасары Андрей Лукин: "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" жобасының техникалық экономикалық негiздемесiн дайындау үшiн мемлекеттiк сатып алу жүргiзу кезiнде бөлiнген 307 млн. теңгенiң 126 млн. теңгесiн қалталарына басқан. Қазiр осы фактi бойынша тергеу аяқталып, iс сотқа жөнелтiлдi", – дедi. Бұл министрлiктегi жемқорлыққа қатысты жалғыз iс емес. Қаржы полициясы жыл басынан берi тағы 12 шенеунiктiң үстiнен қылмыстық iс қозғалғанын жайып салды.

Көлiк және коммуникация министрi Берiк Камалиев автомобиль жолдары комитетiне осы жоба бойынша ағымдағы жылғы жоспарланған барлық шараларды уақытында орындауды, сонымен қатар қаржыландыру, жер сатып алу және карьер орындарын рәсiмдеу мәселелерiн тез арада шешуге тапсырма жүктедi.

"Батыс Қытай – Батыс Еуропа" халықаралық көлiк дәлiзi дiттеген мезгiлiнде пайдалануға берiле ме, жоқ па, оны жаңа министр Берiк Камалиевтiң жұмыс iстеу тәжiрибесiнен бiлетiн боламыз. Әзiрге министрдiң алдындағы негiзгi мiндет – маңызы зор жобаға бөлiнген миллиардтаған ақшаның маңайында жүрген жемқорларды дер кезiнде жүгендей алу. Онсыз халықаралық көлiк дәлiзi межеленген уақытынан кешеуiлдеуi мүмкiн.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары