Бақытжан АЛДИЯР: БIЗДЕР ОСЫ ПЕРIШТЕ ЕМЕС, ПЕРIМIЗ...

Бақытжан АЛДИЯР: БIЗДЕР ОСЫ ПЕРIШТЕ ЕМЕС, ПЕРIМIЗ...

Бақытжан  АЛДИЯР: БIЗДЕР ОСЫ ПЕРIШТЕ ЕМЕС, ПЕРIМIЗ...
ашық дереккөзі

ӨТКIРЛIК ПЕН МӨЛДIРЛIК

Бiрде… Шымкентте бильярд ойнап жатқан шақта Бақытжан күлiп: «Аға, мен мергенмiн ғой. Көздеген тасымды дәл түсiремiн!» – деп едi.

Ақынның сөзiн ақылмен ұғып, жүрекпен қорыту қажет. «Мергендiк – оның жалдамалы әскер құрамында жүрiп үйренген өнерi», – дейдi бiр досы. Ал өз басым Бақытжанның поэзиясындағы мергендiкке, өткiрлiкке, тапқырлыққа тәнтi боламын.

Бiрде… Қазығұрт тауының бөктерiнде екеумiз оңаша сырласып отырған кезде: «Аға, мен тас түрменi де көрдiм ғой!» – дедi. Сол сәтте ақын iнiмнiң жанарында жасын ойнап, жарқ етiп ұшқын шашып өттi. Ал сонсоң бiр тамшы мөп-мөлдiр жас iркiлдi.

Жасын мен тамшы – ақын тағдыры. Өткiрлiк пен мөлдiрлiк – Бақытжан ақынның бiтiм-болмысы, поэзиясы, әрi қарай ұзай берсеңiз, иманы, жаны сияқты…

Нұрғали ОРАЗ,

жазушы-драматург, Халықаралық «Алаш»

әдеби сыйлығының лауреаты

БЕЙТАНЫС ҚЫЗҒА БIРТҮРЛI ХАТ

"Ақын жайлы айтады қызықты аңыз,

Бiрақ сен қызықпа қыз, қызықпа қыз…"

(Мұқағали)

Нақсүйер де емессiң, көңiлдес те,

Керуенiмiз бiр емес өмiр-көште.

Сенiң жаның тәп-тәттi таң шуағы,

Менiң жаным ұқсайды қоңыр кешке.

Қоңыр кештей қоп-қою өлеңiмдi

Қол тигiзбей, санайсың неге құнды?!

Сөзi өткеннен сұрайсың саулығымды,

Газеттерден iздейсiң дерегiмдi.

Сонша неге қызықтың, қалқам маған?!

Қалқан болар мен емес тарпаң дараң.

Арғымақпын арына арқандаған,

Ақымақпын тағдырын талқандаған.

Аппақ жанын аяулы қорғаштаған,

Газеттегi мен емес…

Ол – басқа адам!

Оның қымбат мұңы бар шаң баспаған,

Оның жұмбақ сыры бар жанға ашпаған.

Газеттегi мен емес…

Ол – басқа адам!

Мына өлеңдi жазған да мен емеспiн,

Мендейлердi етпейдi керек ешкiм.

Құйттайымнан өзiммен ерегестiм,

Титтейiмнен өзiмнен бөлек өстiм.

Солай, қалқам!

Өзiңнiң өреңдегi

Өзге жанның жөн шығар еленгенi.

Сен бақытты болуға тиiстiсiң!

Сәлемменен – Бақытжан(өлеңдегi)!!!

ӨСКЕМЕН-2009

(ПОЭТИКАЛЫҚ РЕПОРТАЖ)

Өскеменнiң шақырып өскен елi,

Алатаудың бауырынан көш келедi…

… Бiр топ ақын аттандық ерттеп мiнiп,

Ислам* әкiм жалдаған бос кеменi.

Айқарған соң аспан жақ тағы құшақ,

Ауырсынып аттанды алып ұшақ.

Жердегiнiң барлығы титтей-дағы,

Бiзден басқа пенденiң бәрi де ұсақ.

Ислам ағам қарсы алып, Рүстем* келiп,

Мерейiмiз әп-сәтте үстемденiп,

Сыртқа шығып бiр шаттық, iштен де өнiп,

Жатқандаймыз жалпымыз түс тең көрiп.

Топ iшiнiң Әмiрхан* бар "бұзығы",

Көбiсiнiң Ұлағам* жалғыз ұлы.

Жан қыжылы түсiнде тым азының,

Бiразының iшiнде сәл қызуы.

Қара көздер – қызғалдақ Алтайдағы

Қарсы алды да бар көңiл марқайды әнi –

Орынына түсе қап ортайғаны,

Порымына түсе қап қартайғаны.

Бiр кемеге жинап ап бар әртiстi,

Жыр бөледi, ән тербеп Қара Ертiстi.

"Шөлiм қанбай шамалы… Күн ыстық" деп,

Тыныштықбек* кемеден әрең түстi.

Бiз де сонда бар болса сыра қайда,

Бiр ағайға қаламыз ұнамай да.

Әйдiктенiп, бәрiмiз ләйлiп келiп,

Жыр оқыдық қысылмай Ұлы Абайға.

Еске алғасын күндiзгi қыжылды ойға,

Кеш болғасын қу көңiл бұзылмай ма?!

Қанатымен желпiген қара түнде,

Қара Ертiс-ау, қаракөз қызың қайда?!

Көктi өбедi алыстан асқар Алтай,

Жетпегенi – жас күнгi мас Маралтай*…

… Сол түндегi қылығым бос па, қарғам,

Сол түндегi сыбырың рас па, қалқа-ай?!.

Қара Ертiстi тұмшалап орамалың,

Әсем ғой деп атыңды жобаладың.

Шаңбасты ғып отырып Қаскелеңдi,

Өскемендi есiме көп аламын.

Үш күн қонып, көзiңнен ұшқын көрiп,

Ұшпағымнан Жерге әрең түстiм қонып.

Ендi жүрмiн сол бiр кез өңiм бе деп,

Жорымаушы ем ешбiрiн түстiң де оңып.

Еске жиi түскенде Өскеменiң,

Өңшең сенiң орныңды бос көремiн.

Шiркiн, Бақыт, бұл сенiң қай қылғаның,

Шiркiн, Уақыт, бұл сенiң не iстегенiң?!

Куәгерi сол қала өткен iстiң,

Өздi өзiммен бармаймын деп келiстiм.

Жанымды өртеп жүр ендi жан қалқаның

Жанарынан мөлт етiп кеткен ұшқын.

Орнында жоқ бүгiнде Рүстем iнiм,

Ол да iштi ғой Абайдың iшкен уын.

Бауырым деп жүретiн балауса ұлдың

Бауырын жедi абайсыз түскен iрiң.

Қош, Өскемен, соқпаймын қайта саған,

Қошы жоқ деп көңiлдiң айта салам.

… Рүстем бауыр, Рүстем дос, Рүстем iнiм,

Реңдi қалқа ай қабақ, пiсте мұрын,

Шыға келер екенсiң қай тасадан?!.

*Ислам Әбiш – Өскемен қаласының әкiмi.

*Рүстем Есдәулет – ақын, марқұм.

*Әмiрхан Балқыбек – ақын.

*Ұлықбек Есдәулет – ақын.

*Тыныштықбек Әбдiкәкiмов – ақын.

*Маралтай Райымбекұлы – ақын.

ТҮСIНIКСIЗ ӨЛЕҢ

Жүрген жерiм күнде – айқай, күнде – шу…

Жалықтырды жалтақтаумен күн кешу.

Мөп-мөлдiр қыз, Өмiр жайлы Сiзбенен

Мүмкiн бе аздап тiлдесу?!

Өлiараның өлiмсiреп жарығы,

Бiлiнбейдi солығы не шалығы.

Маған олай қарамаңыз…

Жер бетiн

Қараңғы еткен мен емеспiн…

Тәңiрi…

Ескi нұсқа болмағанмен зат, үлгiм,

Есенинге ет бауырмын, жақынмын.

Қорқып тұрған жоқсыз ба осы?!

Мен бүгiн –

Содыр, сотқар, сотты болған ақынмын…

А-а-а, кеше ме?!

Кешегiнiң бәрi өткен…

Арылғанмын алшаң басар әдеттен…

Артым – бұлдыр…

Алдымда бар аз ғұмыр…

Дәметпен…

Алла ғана бiз бейбақты алқайды,

Алатаудай айбынымнан әр тайды.

Кемерiм де отыз аса ортайды,

Өлеңiм де қырыққа жетпей қартайды…

Ендi маған неғыл дейсiз?!.

Сыртымнан

Сөз айтады ел…

Неше түрлi сыр тұнған.

Тек жақсылық тiлеп едiм жұртыма,

Тек жақсылық күтiп едiм жұртымнан…

Өне бойым өртендi…

Аздап ашып қойыңызшы көрпемдi…

Кеше елiмнiң еркесi едiм…

Қойыңыз…

Еркем, ешкiм болжай алмас ертеңдi…

Келтiрмеңiз күлкiмдi…

Мен ешқашан даттамаймын жұртымды!

Ол тек жәлеп-жалған едi…

Айтпақшы…

Сол Жалғанға ұқсайсыз Сiз бiртүрлi…

Қара тастан аумай қалған күйiмiз,

Қатыгез боп кеттiк пе екен жиi бiз?!Аздап берi жатыңызшы…

Аулақтап

Кетер ме екен миды шаққан бүйi-күз?!

Құйыңыз…

СОТ ЗАЛЫНАН РЕПОРТАЖ

Менде де жау бар екенiн кiм бiлген?!

Сот залында сотқар ұл боп тұрдым мен.

Өз шешiмiн оқып жатты Сот мырза,

Мантиясы күле қарап күлгiн рең.

Әншейiнде көлеңкемдей расында

Ерiп жүрген…

Дос қалмады қасымда.

Айыптаушы жиырма үштегi жас бала,

Қарасынан ағы көптеу шашында.

Асау атқа тiршiлiкте тiзгiн қас,

Жем болам деп ойлап па едiм құзғынға аш?!

Соғыстан да сау қалып ем, ендi кеп…

Сотты болған бiздiң бас…

Күллi Қазақ қауымының күнәсiн

Мен арқалап жүрген екем… Расым!

Ол аз десең жемқор екем, жөйт екем…

Сенбегендер Сот ағайдан сұрасын…

Менiң өзiм көп емеспiн, аз-ақпын,

Шешiмдi де тез шығарды ғажап тым…

Сот ағатай дәл сол мезет менi емес,

Соттап тұрды Қара Өлеңiн Қазақтың…

Күллi Қазақ сол шешiмге күлдi-ай бiр,

Көрмеппiз деп көрсеткенiн мұндай қыр…

Сот ағамыз сонша әурелеп бiздердi,

Сондағысы жаман-жәутiк мiндi айғыр…

Бiреу күлдi, бәлкiм бiреу жылады…

Көкейiнде қалды көптiң сұрағы.

… Осы күнi форма киген жан көрсем

Өзiмнiң де күлкiм келiп тұрады…

Бастан солай бiраз дәурен өттi ырза,

Одан берi жардан ұшты көп құлжа…

… Сiздерге де бiр сот болар, сол кезде

Айыптаушы мен боламын, Сот мырза!!!

КЕГЕН МЕН ӨГЕМ

(Жанарбек Әшiмжанға)

Жанарбекжан!

Жалаңтөс жан досым-ай,

Жалған көшпей ме екен-ей мәңгi осылай?!

Жата берсек қайтiп ед… Жалаңашта,

Жаймен айтқан әуенге ән қосып Ай?!

Жалаңаш көл құшағын жайған кезде,

Жаңғыртып бiр салсақ-шы

"Айнамкөзге".

… Жағалаудан бiр күнi алыстармыз,

Жайғасып ап қос құлаш қайран бөзге?!

Сен – Көлсаймен қоштасып, мен – Өгеммен,

Сергелдең бiр топқа ерiп өлең өрген,

Неге келдiк тасбауыр қалаға осы,

Ниеттерi нанпұлға шегеленген?!

Жақсы едi ғой Көлсайда жата берген,

Жырақтадық неге осы баталы елден?!

… Нарқымыздан парқымыз айырмасыз,

Артымыздан неше бiр атақ ерген…

Жалған деген Жалғанның аты бiрақ,

Жалғанға бұл жалтақтар жақынырақ.

Жатпадық па… Қақсатып Қанағатты,

Жарас пенен Бақытты шақырып ап?!

Датталмай-ақ, мен құсап сотталмай-ақ,

Жүрмедiк пе жерден де, көктен де ой ап?!

Алматыңды бiлмедiм… Оңтүстiкте

Ақын көп-ау…

Ешкiм жоқ жатқан да аяп…

Мен – Өгемнен алыстап, сен – Кегеннен,

Келген кезде Бақ кәне емге көрген?!

Мұңымызды қайтемiз аспанға ұшқан,

Жырымызды қайтемiз шерге көмген?!

Жатпадық па ел жақта жыр жастана?!

Мұңды Алматы не керек, Нұрлы Астана?!

… Жә, жарайды, азғана тыңдайықшы,

Жырымызды оқып тұр бiр жас бала…